“Бәйменов Кеден одағын әшкерелегені үшін “Көкпар” хабары жабылды...” («Жас қазақ үні», №14-15, 02.04.2010)

“Мемлекеттік органдар БАҚ-тың  ішкі қызметіне араласа алмайды”

 

Газетіміздің №14-15 санында (02.04.2010) “Байменов Кеден одағын әшкерелегені үшін “Көкпар” хабары жабылды...” атты мақалаға Қазақстан телерадиокорпорациясы басқармасы төрағасы Жанай Омаровтың жауабы жарияланғаны белгілі. Енді міне, елдің назарын аударған бұл мәселеге Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев өз блогында жауап беріпті.

 

Құрметті Қазыбек Исаұлы!

               Сіздің хатыңызда көрсетілген мәселелер бойынша «Қазақстан» РТРК» АҚ арнайы хат жолданды. Телеарна басшылығы 22 наурыздан бастап жаңа телевизиялық маусым басталғанын, осы орайда ұлттық телеарнаның Көркемдік кеңесі эфирдегі бағдарламаларға талдау мен сараптау жүргізгендігін хабарлап отыр. Нәтижесінде бірнеше жылдан бері көрсетіліп келген, форматы ескірген бірқатар бағдарламалар – «Бизнес ақпарат», «Тау тұлға», «Мирас» және «Көкпар» хабарлары қысқарған.

           Бірақ, ұлттық телеарна басшылығы бұл бағдарламалардың орнына заман талабына және күн тәртібіне сәйкес жаңа жобаларды жүзеге асыратынын айтады.

           Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 6 бабында «ақпарат құралының меншікті иесі телеарнаның немесе газет-журналдың басқару, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асырады» делінген. Телеарналардағы көрсетілімдер мен бағдарламалардың эфирде шығу мерзімін және онда жүргізілетін кадрлық саясатты телеарна редакциясы ғана белгілейді. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар БАҚ-тың ішкі қызметіне араласа алмайды.

 

28.04.2010