ТӨРАҒА ДА ПАРА БЕРЕДІ

           d0bad0bed180d180d183d0bfd186d0b8d18f-1-2Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөндірістік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменовтің өз қызметін асыра пайдаланғандығы анықталды. Бұл іс Қаржы полициясының тексеруі барысында анықталды.

          С.Сүлейменовтың Павлодар облысындағы Қашыр дән қабылдау кәсіпорнына заңсыз үш рет уақытша басқару енгізуінің салдарынан «Зерновой интервенционный пул»   жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тиесілі 68,2 млн теңге сомасындағы 5200 тонна бидай пайдалануға жарамсыз болып қалған. Демек, құны 168 миллион болатын 7 мың тонна астық жоқ болып шыққан.

              Істі жылы жауып қойғысы келген комитет төрағасы Серік Сүлейменов осы фактілерді анықтаған қаржы полициясының қызметкеріне пара ұсынған. Ол бұл мәселе туралы қаржы полициясының офицерімен 15 мамырда әңгімелеседі. Араға бір апта салып С.Сүлейменов қаржы полициясы офицеріне 50 мың доллар пара беру үстінде қолға түсті. Оның үстінен қылмыстық іс те қозғалды.

             Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі М.Жұманбай С.Сүлейменовтың қызмет кабинетін тінту кезінде оның жеке сейфінен 123,4 мың доллар және 5,4 млн теңге тәркіленгендігін мәлімдеді. Қаржы полициясы қызметкеріне берген ақшалардың сериялық нөмірлері сейфте жатқан ақшалардың нөмірлерімен жалғасатын болып шықты. Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы Серік Сүлейменов қамауға алынды. Пара беру арқылы құтылып кеткісі келген С.Сүлейменовке қандай шара қолданылатыны тергеуден кейін анықталатын болады.