БАУКЕҢ

d0b1d0b0d183d18bd180d0b6d0b0d0bd-d0bcd0bed0bcd18bd188d2b1d0bbd18b

1. «ЧАСОВОЙ ЕМЕССІҢ..!

           1967 жылдың көкек айы-ау деймін. «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясында жауапты хатшының орынбасары кезім. Жауапты хатшы - Ізағаң.

           Ақын Ізтай Мәмбетов. Күнде жұмысқа сағат онда келетін Ізағаң ойда жоқта кешікті. Сағат 11 болып қалды. Редактордың кабылдау бөлмесіндегі хатшы Рая апай кіріп келді де, Ізағаңның бос үстелін иегімен мегзеп: Ізтай  қайда? деді  маған.

           Әлі  келген жоқ, дедім.

           Ендеше  Ниғметке сен жүр, шақырып отыр, деп Рая апай шығып кетті.

           Бас редактордың бөлмесіне кірсем... Бауыржан Момышұлы! Дәл өзі!.. Нығаңның үстелінің алдыңғы жағындағы қысқа үстелшенің оң капталындағы креслода тіп-тік отыр! Тірі Баукенді алғаш рет көруім. Атағы аспандап тұрған қаһарман ағаны ойда жоқта ұшыратқаным маған оңай тимеді. Қалайда біртүрлі сасыңкырап қалдым да, редакторға қарап баяу сөйлеп отырған Баукеңе ақырын жақындай бастадым. Бір сәт ол маған жалт қарады — түйіліңкі қабақ астынан қыран көзі жалт етті. «Мінезі шәлкес, ожар деуші еді, рас екен ғой!» деген ой миымның қатпарын қақырата орғып-орғып кеткендей күй кешіп үлгірдім. Бірақ сескеніңкірегенімді сездірмеуге тырысып, ақырын жылжыған қалпымда қарсы алдына барып, оң қолымды жүрек тұсыма басып: Ассалаумағалейкүм! дедім.

             Баукең көзін алмай түксиген күйінде оң қолын самай тұсына қанжарша калт көтеріп: Приветствую  Вас! деді  де, «қанжар» қолын редактордың үстеліне «құлата» салып, Нығаңа шапшаң қарап: Бұл  жігітің кім? деді, жекігенге бергісіз дауыспен.

             Редакторға қарасам, ол, неге екенін қайдан білейін, жымың-жымың  етеді.

             Бауке,  бұл жігітіміз Сіздің мына әңгімеңізді машинкадан шыққан соң оқып, макетке салатын қызметкеріміз, Қабышев Ғаббас деген ініңіз, деді Нығаң, алдында жатқан машинкаланған бес-алты парақты жиыстырып, маған ұсына бере. Баукең орнынан шапшаң тұрды да, Нығаңа түксие қарап, қоюлау мұртын оң қолының сұқ саусағымен бір-екі  түртіп:  Это  усы!  С ними шутки плохи! деп, содан   соң маған ажырая қарап: Бара  бергін! деді  қатқыл үнмен.

             Мен ләм деместен есікке беттедім. Сол әредікте редактордың: Вас понял, товарищ полковник!  деген  ойнақылау үнді жауабын  естідім.  Гвардии  полковник! деп Баукең саңқ етті.

               Вас понял, товарищ гвардии полковник! деді Нығаң, неге екені белгісіз, еркеленген дауыспен.  Жүдә дұрыс болды, деген Баукең күркірей күлді. «Шынында қызық кісі екен-ау!» деп мен де күліп, әрине, іштей күліп, шығып кеттім.

* * *

        1978 жылдың жазы. КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры кезім. Түскі үзілістен келіп жайлана бергенім сол еді, телефонным шылдыр етті. Тұтқасын көтердім. Арғы жақтан: Директор   жолдассың ба? деген  нығыз дауыс естілді. Баукеңнің дауысы!

Ассалаумағалейкүм!  дедім, елп етіп.

Уағалейкүміссалам!

Қарағым, маған «Алатау» санаториіне ертеңгі числодан екі путевка керек, жеңгең екеуімізге. Мақұл ма?  Қазір  іздестірем, сонсоң өзім хабарласам, дедім.

Рахмет!  До свидания! деп  доғара салды Баукең.

          Ардақты ағамен сонау алғашқы жүздесуден беріде бірнеше рет кездескенмін. Кездесудің себепшісі өзім болмасам  да, басқа қаламдас үлкен-кішімен бас қосуларына қатысып, әңгімелерін тындағанмын, табақтас та болғанмын.

         Баукеңнің тапсырмасын орындауға кірістім. Министрлер Кеңесінің құзырындағы 4-ші  Бас басқарманың төрағасы Петр Романович  Чекуровка телефон соқтым. Өзіміздегі: «Алматы», «Алатау», «Оқжетпес», өзге жақтағы: «Ессентуки», «Кисловодск» және басқа санаторийлерге жолдама беретін ие сол Бас басқарма еді. Біз жазушыларға қажет жолдамаларды бір ай шамасы бұрын жазбаша тапсырыс жасаумен содан алатынбыз. Баукең болса, «ертеңгі числодан»» деп дығыртып койды. «Күнібұрын айтпадыңыз» деп Баукеңе наразылық білдіруге дәт жоқ. Чекуров та қиналып: «Ах, Бауыржан, Бауыржан... жолдама аяқастынан табыла ма?» деп сұрағын «құшақтап» отырып қалды. Баукенді силайтынын түсіндім. Әйгілі Бас басқарманың төрағасы әрі Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болу аз мәртебе ме, «жоқ!» деп қитықтана салу сөз бе оған. Ондай морттау мінезін бұрын бірер көргенмін. Басқа жазушыларға жолдама керек боп қалғанда.

        Петр  Романович, сәлден соң хабарласайын ба? деп    тақымдадым.  Біреу де табылмайтын шығар, бәрі де бөлініп қойылған! Деп ол да кірісті тулауға. Кім біледі, табылып қалар, деймін   .«Кім біледі». Мен білемін! Бөлетін мен!  дейді.

         Басқа жазушыға бүйтіп сұрамас та едім, Бауыржан Момышұлы ғой, деймін.

         Баукеңнен артық кімің бар дегенім.

         Ертең  сағат онда хабарласыңыз, деді  ол. «Ертең»?!.

         Ертеңінде жұмысқа жеткенше  мазасыздандым. Жолдама бола қалса, әрине, онда құдайдың бергені, ал болмай қалса мені құдайдың «ұрғаны», Баукеңе мен не деймін, Баукең маған не дейді?.. Мәшинеден түсе бере: Тырп етпей отыр, қазір не ұл табамыз, не қыз табамыз, дедім шофер жігітке. Ол ештеңе түсінбей, бағжиып қала берді.

         Сағат онға бес минут қалғанда Чекуровка телефон соқтым. Құдай беріп, «ұл таптық!». Бауыржанның жолы болды, жолдамаларын келіп алыңыздар, деді Чекуров, көңілді үнмен. Әдеби қордың бас бухгалтері Фарида Әбдірахманқызы Миникеева ол жолдамаларды сатып алып келуге 4-ші Бас басқармаға жөнелді...

           Қос жолдама қолыма тиген соң шоқтықтанып, Баукеңнің тапсырмасын орындағаныма масаттанып (пенде емеспін бе?!), Баукеңнің үйіне дереу телефон шалдым. Жауап қатқан әйел: «Ол кісілер ертең кешке келеді, Талғар жаққа қонаққа кеткен», деді.   «Ертеңгі числодан» деген адамның қыдырып кете барғанына іштей таңдансам да, әлгі әйелге мән-жайды айтып, жолдамаларды шофердан беріп жібердім.

          Ертеңінде түске жақын мені Қалаубек телефонмен шақырды. Қалаубек Тұрсынқұлов. Әрі Жазушылар одағы басқармасының үшінші хатшысы, әрі Әдеби қор басқармасының төрағасы менің ақылшым, қамқоршым. «Құдекең берген жалғыз бастығым» деп қалжындап жүремін. Қалекеңнің әкесінің аты Құдайберген. Қалжыңымды әркім арқалай түсінген шығар, оны анықтап берген емеспін.

          Қалекеңнің бөлмесіне кіріп барсам үстелін шынтақтап Баукең отыр. Жүзі жарқын адам емеспін бе, тым-тым көңілдене түсіп: Ассалаумағалейкүм! Тапсырмаңызды орындадым, жолдамаларды беріп жібергенмін! дедім, аяғымды жебей баса жақындап. Баукең маған жалт қарады. Өңі сұп-суық екен. Шапанының қойын қалтасынан екі жолдаманы алды да, маған қарай лақтырып кеп жіберді. Қалт тоқтадым. Екі жолдама екі жерде шашылып жатты.

         Мне твои эти путевки не нужны! Депь Баукең зірк етті. Дәл ондай қылықты күтпегенім шығар, қаным бұрқ-сарқ қайнап    жөнелген сияқты бір түсініксіз жәйтке тап болдым. Менің де аздаған «жын-шайтаным» бар еді, соларым жинала қалды. Екі жолдаманы төртке бөліп, шығып кете бергім келді. Бірақ, әжем айтатындай, оң иығымдағы періште: «сабыр сақта», деп сыбырлады маған. Жолдамаларды жинап алып, Баукеңе барлай қарадым. Я  хочу в санаторий «Алма-Ата», а не в «Алатау», понятно?! деді  Баукең, жүзін Қалаубекке бұрып әкетіп. Қалекең әлдебір қағазына үңіліп, үнсіз отыр.

Бауке- ау,  «Алатауға» керек деген өзіңіз ғой, кеше ғана? дедім. Ол  кеше! Вчера! Ал бүгін это  сегодня! Нам надо в «Алма-Ата», в двухместный номер-люск, понятно?! деді Баукең, бізге желкесін бере терезе жаққа бұрылып кетіп. Қалтасынан «Беломор» темекі қорабын алды. Неге екенін білмеймін, «бұл кісіге құндыз бөрік пен шапан жарасады екен» деп ойлағаным. Бұрын әскери киіммен немесе жәй ғана костюммен жүргенін көргенмін. Бөрік пен жеңіл шапан кигенін көрмегенмін.

           Чекуровқа тағы да құда түсетін болдым, деп күңкілдеп, есікке карай аяңдадым.

           Сөйлесіп көр, мүмкін тауып берер, деді  Қалаубек.  Мен  Чекуров-мекуровты  білмеймін и знать не хочу, понятно?! Деді Баукең, отырысын бұзбай....

          Ал Чекуров қойнына шоқ түсіп кеткендей бажылдады. Оның халін түсіндім. Егер оның орнында өзім болсам, жата қалып жер тепкілер едім. Алдын ала сұрайтын жолдаманы дәл керек күні тауып бер   деу, тауып бергенінді енді дереу басқа жаққа айырбастап бер деп талап ету сұмдық қой! «Жоқ!» деп телефон тұтқасын тастай салса, Чекуровты шауып алар кім бар?

           Петр Романович біраз тулап-тулап, ақырында сабасына түсіңкіреп: Қазір бөлімдермен хабарласамын, тұтқаны қоймай тоса тұрыңыз. Ах, Бауыржан Момышұлы! Ах, гвардии полковник! Қырсықсың-ау, қырсықсың! Деп Баукеңді сырттай жазғырды да, ішкі телефонымен бөлімдеріне сұрау сала бастады. Сөйлескені маған еміс-еміс естіледі. «Құдай-ау, табылса екен!» деген тілеумен іштен тынып отырмын. Әлдезаманда Чекуров:

Ах, Бауыржан, Бауыржан! Жолы болғыш-ақ,  табылды, табылды, бір министр алған жолдамаларын  жаңа ғана әкеліп тапсырыпты, бара алмайтын болыпты, соны алыңыздар, деп  күрсініп салды.  Рахмет,  Петр Романович, көп жасаңыз! дедім, шыға алмай тұрған есігім кенет айқара ашылғандай қуанып.

            Сіздердің «арқаларыңызда» көп жасамау мүмкін емес, деп іліп түсті. Ертең де хабарласып қалуым мүмкін, дедім, ұпайымды түгендеп.

           Құдай  сақтасын! деп күлді   ол.  Әумин!  дедім.  Сол әредікте есігім ашылып, Баукең кіре берді, бунақталған сарыкүрең таяғын тоқылдатып. Орнымнан ұшып тұрып:

Бауке,  жоғары... — дегенімше ол: Молчать!  деді.  Иегін көтеріңкіреп, көзін сығырайтыңқырай қарап, қасыма келді. Жүзі жылыпты. «Есть молчать!» деп іштей жауаптасып, қаздиып тұра қалғанмын. Баукең төс түйістерердей тақалып тоқтады да: Часовой емессің, сорайма, еңкей, маңдайыңды әкелгін! деді, көзін енді жорта алартып, жұмсақ үнмен. Баукең өзі де бойшаң еді ғой, мен сәл ғана иілдім. Баукең мандайымнан ақырын сүйді де: Отырғын,  деді.

          Өзі қарсыдағы диванға жайғасты. Менің көзіме марқұм әкем елестеп, кеңсірігім аши қалды. Баукең бөлмемді жайлап шолып алды да: Ұзындығы бес метр, көлденеңі үш метр кабинет, да? Қуықгай дейді мұндайды. Директорға жараспайды! Деп маған көз тастады.

           Бауке, «байға тай мінсе де жарасады» демей ме? Дұрыс. Қарағым, мен сені шаршаттым білем. Ренжіме. Солай болды. Енді путевканы қашан берсең де еркің. Берген күніңнен барамыз. Но только в «Алма-Ата!».

         Путевкаларыңыз дайын, қазір алдырамын, «Алматыға», номер-люск! Деп қуана баяндадым. Баукең орнынан түрды да: Молодец! Деп оң қолын сәл    көтере қанжарша қаздитты да, есікке беттеді. Шығарып салуға ұмтылып едім, бұрылмастан:

-Ты на рабочем месте. До свидания! деп кете барды. Мен бөрік-шапанды мығым мүсініне қызыға қарап қала бердім...

 

2. ХИЗМЕТ-АКАНЫҢ «МЕДАЛІ»

           Баукеңе көркем әдебиеттегі ұланғайыр еңбегі үшін Казақстанның Абай атындағы мемлекеттік әдеби силығы беріліп, баршамыз мол қуанышқа кенелдік. Сыйлық «Өскен ұя» деп аталған кітабын да, бүкіл шығармашылығын да бағалау еді. Жауынгерлік жорық жолындағы ерліктері Баукеңнің өзі барда елеп-ескерілмесе де, қаламгерлігі сөйтіп лайықты аталып өтті. Сол құрметке сүйінген Қаһарман аға ағынан ақтарыла той жасады. Мен де шақыру хат алдым: Уважаемый ҒАББАС! Приглашаю Вас на дастархан по случаю присуждения мне Государственной премии им. Абая. Кафе «Қаламгер,, в 14-00 часов, 17 января 1977 года. Баурджан  МОМЫШ-УЛЫ.

        Әрине, Баукеңнің көңіл күйі жақсы. Үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп, өмірінен қызықты әңгіме айтып отырды. Ағаны қошеметтеп сөйлегендер де аянып қалған жоқ.

         Ет пен шәй арасындағы үзіліс жарияланды. Көпшілік дем алуға дәлізге, далаға шыға бастады. Сол әредікте қаптап жүрген фотографтардың бірі: «Ағайындар, жолдастар, Баукеңмен суретке түсіп алсақ қайтеді?» деп қалды. Ондай жәйттен кім құр қалсын, қиқулап кеттік. Баукеңді ортаға алып, жанына жақын тұруға ұмтылыстық. Іс иесі фотограф кімнің қалай тұруы керектігін тәртіптей бастады.

         Баукең мен бірер ағаларды орындыққа қатар отырғызды. Үш-төрт жігіт олардың алдыңғы жағына, төсеулі паласқа жайғасты. Фотограф: «Сіздер ұзынсыздар ғой, Баукеңнің тусыртына тұрыныздаршы!» деп Хизмет-ака  (ұйғырдың көрнекті каламгері Хизмет Абдуллин) екеумізді қатар тұрғызды. Басқаларды да о жақ, бұ жаққа орналастырып, ақырында алдымызға әрірек шығып, аппаратымен көздеп, біздің қатарларды тағы дұрыстап, тағы барып көздеп, бір кезде: «Енді жақсы болды, объектив бәріңізді алады. Қазір түсіремін, кәне, бері қараңыздар, жымиып, көңілденіп тұрыңыздар. Ал түсіремін!» дей бергенде бүйірдегі есік жақтан: «Әй, жолдастар! Тоқтай тұрыңдаршы! Мен де түсейінші» деген дауыс шықты. Жазушы Қалмұқан Исабаев екен. Құлдырандап жүгіріп келеді. Фотограф еріксіз бөгелді. Қалмұқан жүгіре басып келе қалғанда Хизмет-ака: «Әй, Қалмұқан, бері кел, менің алдыма, мына сол жағыма тұра қал, ертең фотоны көргендер сенің басыңды менің медалім екен деп қалсын!» дегені. Біз ду күлдік. Баукең Хизмет-акаға жалт бұрылып қарады да: «Молодец!» деп қол соғып, рахаттана қарқылдап күлді. Шағын денелі Қалекең жалтыр басын сипалап, бізге қосыла күлді.

 

3. КӨҢІЛІМ ҚҰЛАЗЫП...

...Баукең көз жұмған күні Қалаубектің сілтеуімен барып, Министрлер Кеңесінің шаруашылық басқармасы қоймасынан табытты тыстайтын қызыл пүліш, көмкеретін кара барқыт алдым. Оларды Тәшкент көшесіндегі тұрмыстық комбинатқа апардым да, табытты тыстатып, көмкертіп, мәшинеге салып алып, Баукеңнің үйіне жеткіздім. Көңілім құлазып, көзіме жас іркіле берген сол сәттерім әлі есімде.

        Кейін, Баукең тұрған үйдің сыртқы қабырғасына орнатылар ескерткіш тақта жасалып жатқан шеберханаға барғанымызда іштей қатты бір қынжылғанымды да ұмытқан жоқпын. Баукеңнің мәрмәр тақтаға көшірілер портреті маған ұнамады. Аяулы ағаның ұлы Бақытжан інім екеуіміз барғанбыз: Бақытжан- ау,  қайдағы бір солғын суретін беріпсіндер ғой? Халқымыз білетін Баукеңнің батыр  бейнесі жоқ қой мына суретте? Өзі жорта ажырайып айтатын «гвардии полковник Бауыржан Момышұлының» портреті қайда? дедім.

          Жас шешейдің өзі ғана біліп бергені осы болыпты. Бізбен ақылдасқан жоқ, қайтейік, деді.

...Қаһарман Бауке! Халқың сені: «Батырым!» деді. Халық бағасы ең жоғары, қасиетті баға! Халқың сені мәпеледі, сен халқыңа еркеледің. Мінез-құлқыңдағы өзім көрген, тіпті естіген «кедір-бұдырдың» бәрі сенің  сол еркелігіңнің елес-көріністері. Ешбір оғаштығы жоқ болатын. «Бар еді» десе, ол баяғы алыпқашты бос сөз. Иә, Баукеңді кейбір қазекеңдер кемсітіп отырады: Әй, ол ожар, ашушаң, дөрекі еді, дейді. Ондайын кезінде көріп-біліп, көзіне айтқанына қасында куәсі болса бірсәрі, ал марқұмның соңынан, пәлен жылдан кейін өйтіп «сипаттау» мұсылманшылықка жат ғайбатқұмарлық.Ал тіпті сондай қылығына куә бола қалған күннің өзінде оның сонда неліктен ашу шақырғанын, сол жерде нақты кінәлі кім болғанын ар-ұятыңа жүгіне адал айтуың қажет емес пе? Жоқ, өйтпейміз. Білгішсініп бағамыз. Баукеңмен төрт мәрте әңгімелестім. «Басы катты, аяғы тәтті» жағдайда. Батыр ағамыздың жаратылысын түсіндім деп білем. Ол адами адалдықты, әділдікті ту ететін. Жөнсіздікке, жалғандыққа, екіжүзділікке төзбейтін. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» – деген ол оны әлдекімше алыстан айтқан жоқ, өзі сол отқа сан түскен, күймей шықкан шын мәніндегі Жауынгер, Қаһарман болды. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында, өмір мен өлім шайқасы сәттерінде жоғары әскери лауазымды кейбіреулердің көлгірлік, әділетсіздік, екіжүзділік, шенқүмарлық арсыздық істегендерін көрді, көріп қана қоймай, оларға сол сәтте ашық қарсы тұрды. Көрсоқыр әскери шенеуніктер сол үшін кектеніп, Баукеңнің батырлық ғажап ерліктерін, қолбасшыға тән тапқырлықтарын әдейі елемеді, бағаламады. Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше рет әділ ұсынылса да, бергізбей қойды. Баукең туралы әдеби, әскери-ғылыми еңбек жазған қаламгерлердің, тарихшы-зерттеушілердің ақпарларына сүйенсем, мысалы, Кеңес Одағының Маршалдары И. Конев,А. Гречко, т. б. сөйткен. Баукең оны білді, көрді, ширықты, шамырқанды. Әлбетте, атақты көксегендіктен өйткен жоқ, Отан тағдыры неғайбыл күндердің өзінде адамгершіліктің аяқасты етілгеніне күйінді. Әділетсіздікке тап бола беру кімнің болсын мінез-қүлқына кері әсер етеді, жүйкесін шабақтайды. Яғни, меніңше, соғыстан соңғы Бауыржань  соғысқа дейінге Бауыржаннан басқашалау болса (әлбетте, «басқа» емес, «басқашалау»), оны айыбы деп айдар тақпау керек, уақыттың, отқа ораған ортаның теріс әсері деу керек. Мен білген Баукең дойыр, дөрекі болған жоқ, адамгершілікке, қазақы ар-намысқа кереғар қылық атаулыға төзбес тікқанжар мінезін таза сақтап өтті...

             Қайран қазаққа Баукендей ұл енді қашан бұйырарын бір Алла білер

 

4. ІШТАРЛЫҚ

         1991 жылдың көктемінде болар, бір күні Соғыс ардагерлерінің Алматы қалалық комитетінен бізге, Жазушылар одағына, телефон соғылып, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов туралы құжаттарды жеткізіп берсеңіздер екен, Республикалық комитеттің мәжілісінде жұртшылықтың ұсыныстары қаралмақ делініпті. Басшыларымыз ол істі атқаруды маған тапсырды. Қалалық комитеттің төрағасы Шәңгерей Жәнібеков ақсақалды телефонмен іздеп тауып, оған Баукең мен Қаскеңнің құжаттарын жинап жібере алатынымды, жазушы болмағандықтан Рахаңның құжаттары бізде жоқтығын айттым. Шәкең: «Жарайды», деді.

         Мен қиналған жоқпын, өйткені қажетті құжаттар менде жинақтаулы еді. Соның алдында бірнеше облыста, Алматының бірқатар мектептері мен жоғары оқу орындарында ұжым жиналыстары өткізіліп, Баукеңе, Рахаң мен Қаскеңе Кеңес Одағының Батыры атағы берілуін сұраған қаулылар қабылданып, ол туралы баспасөзде, телерадиода хабарламалар болған. Қалалық комитетке қозғау салған да сол болса керек. Әлгі қаулылардың көшірмелері Жазушылар одағына келіп түскен... Сонымен, қысқасы, мен құжаттарды бір шабаданға әрең сыйғызып, Шәкеңнің кабинетіне алып бардым.

         Сол жерде ашып, Шәкең бар, тағы бірер кісі бар (оларды танымадым), құжаттармен танысты. «Бізге қалдырыңыз, мәжілістен кейін апарғызып беремін!» деді Шәкең.

        Жұртшылығымыздың  тілегі қабыл болғай! дедім. Шәкең үндемеді. Сөзге сараң адам болса  керек. Бұрын істес болған емеспін-ді.

          Соның ертеңінде, түс әлетінде бөлмемнің есігі қағылып, «рұқсат па?» деп бір сұңғақтау бойлы қараторы өңді жігіт келіп кірді. Қолында кешегі шабаданым. Аты-жөнімізді  атап таныстық.

          Иә, не жақсылықтарыңыз бар? дедім, қуанышты хабардан үміттеніп.

          Ғабеке, айтпаңыз, құрысын! деп жігітім жақын тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Сөйтсе: олар шабадан толы құжатты қарап, тәртіпке келтіріп, республикалық комитетке  алып барған, мәжіліске қысқаша баян еткен. Сол-ақ екен, Соғыс ардагерлері республикалық комитетінің төрағасы (кім екенін атап беруге қолымда ресми мәжілісхаттан көшірме жоқ) орнынан ұшып тұрып, айқай-сүрең сала сөйлеп кеткен. «Өліп қалған Момышұлы мен Қошқарбаевқа ол атақ неге керек?! Ал Қайсенов өзін насихаттатып жүрген біреу!» деп, Баукең мен Рахаңның аруағынан аттап кеткен, Қаскеңнің абыройын жоққа шығарған. Кабинетте отырған генералы бар, генерал емесі бар жұрттың – комиссия мүшелерінің бірде-бірі оны тежей алмаған... Әй, бишаралық-ай, іштарлық-ай!..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ