Жанұзақ ӘКІМ : Мемлекетқұрушы қазақ ұлтының мәселесі – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕСІ!..

d0b6d0b0d0bdd183d0b7d0b0d0ba-d0b0d0bad0b8d0bcd0bed0b2-d184d0bed182d0be-12

Билік пен оппозицияның бұны түсінетін кезі жетті!..

 

Қоғамдағы барлық күштеросы мемлекеттік мәселені  шешуде бірігуі керек

 

Осыған дейін бірнеше құрылтай өтті. Сонда бұл неге бірінші Қазақ құрылтайы деп аталады? Ол өзінің алдына қойған мақсатын орындады ма?

– Бұл, тәуелсіздік кезінде қазақтың  ұлтшылдары ұйымдастырған алғашқы құрылтайы болғандықтан солай аталады. Негізі ресми билік жанынан құрылған әлем қазақтары қауымдастығы осы жазда тәуелсіздік кезіндегі 3-ші, не 4-інші құрылтайын өткізетіні белгілі. Негізі дұрыстап өткізетін болса қазаққа бөлініп тоқсан құрылтай өткізгеннен гөрі бір құрылтайын дұрыстап өткізгені жөн болатын еді. Бірақ, қауымдастық өткізіп жатқан құрылтайлар шеттегі қазақтар мен оралмандар, жалпы қазақ мәселелерінен гөрі жалаң саясатты қуып кеткендіктен, бұл өз мәселесін өзі шешуге бел буған қазақ ұлтшылдары шақырған құрылтай болды.

            Бұл құрылтайда негізінен мемлекеттік тіл мен жер, ауыл тұрғындары мен жастар, кедендік одақ мәселелері, жалпы ұлттың тағдыры сияқты осы кезге дейін қоғамда шешімі табылмаған көкейкесті мәселелер қаралып, Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтарудағы атқарылып жатқан істер баяндалды. 

           Көпшілігінің бұл құрылтай бір бөлігі қалғып отыратын парламенттің кезекті жиналысы сияқты өтіп, баяндамаларды барлығын мақұлдап тарайды деп ойлағаны болмады. Ресми жарияланған 5 баяндама да мазмұнды болғанымен, делегаттар олардың көпшілігін аяғына дейін тыңдамады. Себебі, олар баяндама тыңдау үшін емес, іс бітіреміз деп келген еді, және құрылтайды ұйымдастырушылар бірнеше жылдан бері айтылып, жазылғанымен шешімі табылмаған күрделі мәселелерді шешудің нақты жолдарын көрсетуге дайын болмады. Бірақ, ол мәселе шешілмейді деген сөз емес. Құрылтайға қатысушылар бұл мәселелер жайшылықта болмаса, қайшылықта шешуге дайын екендерін көрсетті. Ол Жаңаөзенде ме, Шаңырақта ма ... әйтеуір бір жерде шешіледі. Еліміздің барлық облыстарынан делегаттар қатысқан Құрылтай жоғарыдағы мәселелерді қоғам мен биліктің алдына қойды. Кейбір жағдайда дұрыс мәселе қою, оны шешуден де күрделі екені белгілі. Қоғамдағы бүгінгі күннің негізгі мәселесі – осы қойылған талаптарды көшеге ереуілдерге шығармай, өркениетті жолмен шеше білуде. Ол үшін билік, оппозиция, зиялылар ... барлығына мемлекетқұрушы қазақ ұлтының мәселесі – ол мемлекеттің негізгі мәселесі екенін түсінетін және сол мемлекеттік мәселені шешуде қоғамдағы барлық күштердің бірігетін кезі келді.

Осы құрылтайға қатысушылар,  әсіресе жастар оның жұмысы туралы көп сын айтуда. Оның себебі неде?

– Бұл түсініспестік көп жағдайда саяси тәжірибенің жетіспеуінен және жастарға тән максимализмнен, мүмкін «көсемсымақтардың» көбейіп кеткенінен болар. Өз отаныңның жақсы-жаманы болмайтыны сияқты бұл алғашқы құрылтайдың өзіне тән кемшіліктері болатынын, бірақ ол Қазақ Құрылтайы болғандықтан жаман болмайтынын түсіну керек. Содан кейін, үш ғасырдан бері қордаланған қазақтың мәселесі бір құрылтаймен шешілмейтіні де белгілі.

            Жастар, Әйтеке бабамыздың: «Сөз қуған бәлеге қалады» дегенін ескеріп, сөзден аулақ, іске жақын болса, қоғамға пайдасы көбірек тиетінін ұмытпаулары керек. Бір мысал келтірейін. 1991 жылдың 11 қыркүйегінде Оралда казачествоның құрылғанының 400 жылдығын өткізуге Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен казактардың 80 атаманы келетін болды. Крючков, Громов т.б. барлығы 6 маршал қолдаған Орал казактары оған дейін шегарасы Жайық бойымен Орынбордан Атырауға дейін созылған, Днестрдегі сияқты автономиялық “мемлекеттерін” құрып, министрлерін сайлап қойған еді. Ол кезде Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған жоқ. Осы хабарды естігесін мамырдың 27 күні “Азат” қозғалысының тең төрағасы Сәбетқазы Ақатаев Оралда қозғалыстың бөлімін ашып, оның төрағалығына Аманжол Зейнуллинді сайлады. Тамыздың басында А.Зейнуллин қоңырау шалып жағдайдың мәз емес екендігін айтып, шақырған ұйымдастыру жиналысына барсақ облыс әкімдігі бір жаққа, қазақ тілі қоғамы екінші жаққа, азаттықтар үшінші жаққа тартып осы Құрылтайдағыдай бір-бірін түсінісе алмай жатқан болатын. Бір шешімге келу үшін Алматыға келіп республикалық штаб құру керек деп ұйғарылды да, 7 тамызда құрылған штабтың басшылығымен Оралдағы акция табысты өтті. Сол акцияны өткізген 30-бен 40-тың арасындағы жастардың, бірін-бірі кіналау, артық сөз деген түстеріне де кірмеп еді. Басында ортақ тіл табыса алмай, соңынан түсініскеннен кейін олар үлкен күш болып, ақын  А.Қадырбаеваның өлеңдері ұранға айналды.

                Оралдағы осы ұлт-азаттық қозғалыс, XV ғасырдың ортасында, қарға бойлы Қазтуғанның кезінен басталған: Еділ үшін егесу, Жайық үшін жандасу, Қиғаш үшін қырылу … дұрыс шешімін табу үшін бір жағадан бас шығарудың қажеттігін көрсетті.

 

 

ЕЛ  БАСҚАРЫП   ОТЫРҒАНДАРДА   ҰЛТТЫҚ  САНАНЫҢ  БОЛМАУЫ   ЕЛДІҢ ТРАГЕДИЯСЫ

 

Ресми биліктегілер, мысалы, Көші-қон комитеті төрағасы Қабылсаят Әбішев Монғолияда тұратын қазақтардың 98 пайызы надандар, олар келгеннен елге пайда жоқ дегенді айтса, Құрылтайға қатысушылар шеттегі қазақтарды елге әкелу керектігін айтады. Осының қайсысы дұрыс?

– Адамның адамдық қасиеті оның дипломында емес, тегінде, яғни ана тіл мен дініне беріктігінде. Ресейден басқа жердегі, оның ішінде Монғолиядағы қазақтардың тілін ұмытып, басқа дінге ауысып жатыр дегенін естімедім. Сондықтан, осындай сөзді айтатындардың өздерінің тегі дұрыс болмаса керек. Төлқұжатқа қазақ деп жазбауды және «ұлтын қазақ емес, қазақстандық» дегенді абырой санайтындар, «қазақтар жалқау» дейтіндер, тілін ұмытып, басқа дінді қабылдап жатқандар т.б. осы қатардағы азғандар ғой. Бала кезімізде әкеміз малға тексіз деп ұрысатын еді. Енді осыны адамға айтатын жағдайға жеттік. Тексіздік адамды аздырады, тек адамды ғана емес, малды да аздырады екен.

            Жалпы, осы мәселелер, және осыдан 2-3 жыл бұрынғы оралмандарды жергілікті молаға  жерлеуге  және шеттегі қандастардың елге келуіне қарсы болу т.б. бізде төменнен бастап жоғарыдағы билікке дейін ұлттық сана-сезімнің төмендігін, яғни біртұтас ұлттың толық қалыптаспағанын көрсетеді. Ел басқарып отырғандарда ұлттық сананың болмауы – ол елдің трагедиясы.Біз оны Қызылағаштағы жағдайдан көреміз. Баспанасыз қалған сол ауылдың тұрғындарына көп болып жабылып үйлерін салыпберіп жатқанымен елге келгенненбері құжаттарын түгел жинап үлгермеген оралмандар үйсіз және жерсіз қалатын түрлері бар. Бұрын әртүрлі бюрократиялық сылтаулар болғанның өзінде, соңғы екі айданбері төлқұжат істеуге болмады ма?  Бұл  жердегі мәселе жергілікті билік пен облыстағы басшылардың жауапкершіліктерінің жоқтығы мен немқұрайлылығы. Осы уақытқа дейін оралмандар жері бар жергілікті тұрғындарға жалданып келген. Ол қазақтың бірін-бірі қанауының, құлдықтың бір түрі емес пе? Олардың өздеріне жер осы уақытқа дейін неге бөлінбеген? Осындай жағдайлардан кейін сол ауылдан 60 семья Қытайға қайта көшіп кеткен. Осындай жағдай елдің барлық аймақтарында да болғандықтан қазіргі жағдайда 150-170 мың семьядай жерсіз қалған және қазіргі Жер кодексі шетелдіктерге жерді жалға беруге және сатуға кедергі қоя алмайтындықтан Құрылтайға келгендер жердің осындай түрінде ала-құла етіп жекешелендіргенше мемлекетке қайтаруды қолдады. Бұл, әрине мәселенің түпкілікті шешімі болмағанымен, түбінде әділетті шешімге апаратын жол. Жер мәселесі әділетті шешілмей ауылда, жалпыелде береке болмайды.

           Шеттегі қазақтарды елге жинау – ол ұлтты қалыптастырып, ұлттық мемлекетті бекітудің бірегей жолы, маңызды шара.

 

 

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ КЕНОРНЫ   ҚАРАШЫҒАНАҚ   МҰНАЙЫН   ШЕТЕЛГЕ 47 ЖЫЛҒА БЕРУ -  ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕДЕ КЕЗДЕСПЕЙТІН МАСҚАРА КЕЛІСІМШАРТ…

 

Құрылтайдың осы уақытта  жиналуына Қырғызстандағы жағдай да әсер еткен сияқты.  Оған  қалай қарайсыз?

– Қырғыздағы жағдай көп нәрсеге, оның ішінде Қазақстанға тікелей әсер ететіні белгілі. Себебі, қазақ пен қырғыз тектері яғни ділдері (менталитет) бір, ең жақын туысқан халықтар. Жақында, бір газетте Бакиевтің бұрынғы кабинетінде қолдарына автомат ұстаған көтерілісшілердің суретін көргенде осындай жағдай барлық жерде болуы мүмкін деп ойладық. Табиғи байлықты шетке талан-тараж қылып, қоғамда сыбайлас жемқорлық қаптаған және әлеуметтік мәселелер шешімін таппай булығып жатқан елде қырғыздағы жағдайдың қайталануы әбден мүмкін. «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы   мен билік бірігіп істеген соңғы Доктринасы осындай жағдайды болдырмаудағы алғашқы бастама екенін алдымен билік түсінетін кез келді. Біздің халықтың, әсіресе ауылдағылардың жағдайының сол қырғыздардан асып тұрғаны шамалы.

         Мысалы, әлемдегі ең ірі кенорнының бірі Қарашығанақ (зерттелгенқоры 1 триллион 300 млрд куб метр газ, 840 млрд тонна конденсат, 820 млрд тонна) мұнайы шетелдік компанияларға түгелдей 47 жылға берілген. Бұл әлемдік тәжірибеде кездеспейтін, елге тиімсіз, масқара келісімшарт. Тәуелді емес, тәуелсіз елдердің өздері ондай келісімге бармайды.  Ол жерде Қазақстанның үлесі емес, иісі жоқ десе де болады. Әрбір 3-4 жыл сайын олардың жүздеген миллиардұрлықтары ашылады да, біраз уақыттан кейін нәтижесіз жабылады. Салық полициясы ел байлығын тонап жатқанын ашты ма, енді істі аяғына дейін жеткізу керек. Ооған ешкім араласпауыкерек. Осы кенорнындағы келісімшартты қайта қарайтын кез келді. Ондағы Қазақстанның үлесі кем дегенде 26 пайыздан кем болмағанда ғана, құзырлы органдар оның ішкі жұмысына араласып ел мүддесін қорғай алады. ТШО мен Ақтөбемұнайгаздағы жағдай да осындай. Бұл қорлықты халық көрмей отырған жоқ. Бүкіл елді соқыр деп ойлап, ақымақ санауға болмайды. Ел экономикасына пайда келтіретін ғана компаниялар бұл елде жұмыс істеулері керек.

           Құрылтайда көтерілген үш елдің Кеден Одағы мен солардың арасындағы ортақ экономикалық аймақ мәселесі де Қазақстан үшін экономикалық тиімділігі күмәнді болғанымен, бұрынғы отарлық қамытты қайта киюдің бір түрі болудан аса алмай отырғаны белгілі. Ресей, Беларусь, Украина сияқты  үш славян елдерінің арасына барып Қазақстан килігуі міндетті емес. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы мұсылман-түркілер, елдегі қазақтың өзі 64%. Біздің жолымыз да жөніміз де басқа. Қазақстан көршілерінің қай-қайсысымен де тату, ел қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтін, өзара экономикалық тиімді интеграцияны қалайды. Қытайдағы ұйғырлардың, Ресейдің Шешенстан мен Дағыстанындағы жағдайларды және осы елдермен кез-келген келісімшарттарда сол елдердегі қазақтардың жағдайлары ескеріліп, ШОС, ТМД одағы, ЕвраЗЭС т.б. ұйымдарда ашық қаралуы қажет.

          Алдымен, жалпы өзімізге бұл елдің де, жердің де иесі бар екенін түсінетін кез келді. Осындай мәселелердің шешілмеуі халық пен билік арасындағы түсініспестік, қоғамның ашу-ызасын туғызуда.

 

ҚОҒАМ   ҚҰЛДЫҚ  САНАНЫ ҰЛТТЫҚ  САНАҒА АЙЫРБАСТАУ ҚАЖЕТ…

 

Атын дардай қылып Қазақ Құрылтайы дегенмен, оған биліктен ешкім қатысқан жоқ... Әншейінде орыстілділер рухындағы немесе шетелдіктер бас қосқан жиынға шақырмай жатып жетіп барып, отырып алатын Президенттің идеологиялық кеңесшісі Ертісбаев та жоқ. Оппозицияның көпшілігінің де көрінбеуінің  себебі неде...

-Ұйымдастырушылар барлығын шақырған. Құрылтайға құрамында 50-ден астам қозғалыс, партиялар, мемлекеттік емес ұйымдар, редакциялар және зиялыларды біріктірген халықтық-демократиялық «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы, «Ұлт тағдыры», «Руханият» т.б., парламент өкілдері қатысты. Жалпы, өзін қазақпын дейтін, ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын адам осындай құрылтайға шақыруды күтпей, оны ұйымдастыруға өздері атсалыспайды ма? Бұл, бір-біріне өкпе айтып таласатын бас емес, жамбас емес, төртеуді түгендеуге талпынған қасиетті жиын.

           Құрылтай кезінде Президент Алматыда болды. Бірақ, ол кісіге Қызылағашқа барып, Құрылтайға қатысу керектігі туралы айтатын ақылшы табылмаған сияқты. Қазақ еліне Қазақ Құрылтайынан мәртебелі жиын болмауы керек. Оның шоқтығы осы елдегі барлық жиыннанда жоғары екенін 1917 жылғы алашордашылар жинаған алғаш Қазақ Құрылтайының тарихтағыорнынан көреміз. Өкінішке орай, кейде, осы құрылтайға қатысқан бір ағамыздың: «Біздің билік осындай жиынға өздері келгеннен гөрі тыңшыларды жібергенді дұрыс санайды» дегені болып тұрады. Қоғам құлдық сананы ұлттық санаға айырбастағанда одан да құтылармыз. Қалай болғанда да биліктің осындай ел тағдырын шешетін маңызды шараларға қатысып, Президенттің халыққа жақын болғаны дұрыс.

 

5. Хан Кененің бас сүйегін елге қайтарудың соншама қанша маңызы бар?

Бұл бағытта белгілі жұмыс істеліп жатыр. Мәселе жақын уақытта шешіліп қалар. Бұл мәселенің маңызын ақын Қонысбай Әбілдің,

Осылардың салмақта

артық-кемін,

Жөнің бар ма шалқақтар

шалқып сенің.

Жоғалтып ап,

ел болып таппай жүрген,

Хан кененің басынан артық па едің? – дегенінен көреміз. «Аруақ риза болмай, ел байымайды» дейді халқымыз.

 

Қ.СЕЙХУНИ