АДАМ ӨЛМЕСЕ, АПАТ ЕМЕС ПЕ?.. Шығыс шырғалаңына шынайы көмек керек !

«Қызылағаштағы» қайғылы оқиғалар қай-қайсымыздың да қабырғамызды қайыстырып, сай-сүйегімізді сырқыратып жүргенін екі-үш адам бас қоса қалған әңгіменің өзегі болатынынан анық аңғарып жүрміз. «Басқа түссе, баспақшыл». Ел болып, жұрт болып, қолдан келер жәрдемнің бәрі жасалып жатыр. Бүкіл елдің ауаны осы жаққа ауған. Ауыл қирады, адам өлімі бар, мал қырылып қалған. Бәрін біліп отырмыз.

           Бірақ... осы мәселе неге бір жақты науқанға айналуы тиіс. Бүкіл Қазақстан халқының назары қайғы орнаған мекенге аударылғаны дұрыс, бірақ өзге жұрттың қабырғасына бататын қайғы-қасіретінен бейқам қалуы керек пе? Әлде, адам өлімі болмаған өлкенің қаперге алынбауы әдетке айналған ба?

            Ауылға хабарлассаң, бұқаралық жедел ақпарат құралдарынан (газет, радио, теледидар) беріліп жатқан хабар-ошар осыдан бір-екі апта бұрын болған жағдайларды баяндайды екен. Бұқаралық ақпарат құралдары «қар жауып, аяз болып, су ағып жатыр» десе, ол жерде бәленбай үй қисайып, құлап қалған. Қорадағы қой-сиыр ғана емес, даладағы табын топалаң. Мектептердің жертөлесін су алып, ауыл жұрты ағайын-туғанды жағалап, су алмаған көршілес елді мекендерге үдере көшіп кеткен.

             Кісі өлімі болмағанмен, мал қырылып, кәдімгі жұт болып жатыр. Жол қатынасы әлі күнге қалпына келтірілмей, елдегі ағайын азық-түлігі таусылып, аш пен ашқұрсақтың арасында күн кешіп отыр. Бұл енді, таза шындық!

            Біз сонда апат болған әр аймақта «адам кашан қырылады» деп қарап отыра береміз бе?

          Егеменді ел екеніміз рас болса, біздің адамдарымыз қайда, азаматтарымыз қайда? Олардың бәрі де бар. Өкім-жаза, кілтипан-кінәні жергілікті билік басындағылардың бастарына үйіп-төккенмен, ол байғұстардың қолдарынан келетін не шара?! Солардың бәрінің ынта-жігеріне дем беретін, ашса — алақандарында, жұмса — жұдырықтарында биліктері мен қаражат көздері бар ел ағалары, үкімет басшылары, халық қалаулылары қайда?

            Жол жоқ болса, XXI ғасырда өмір сүріп отыр емеспіз бе? Жәй ұшақ, тік ұшақ, әскери техника, өзге де құрал-сайман — бәрін неге жұмылдырмаймыз?! Ауылдарда азық-түлік таусылған. Үй-жай, дүние-мүліктен жұрдай болған жұртқа өтемақы да тағайындалуы қажет. Киім-кешек, азық-түлікпен қоса қаржылай гуманитарлық жәрдем беруге бұқаралық ақпарат құралдарын да сергек пайдалану керек. Осындай мәселелер қай жерде апат бастала салысымен неге бірден қолға алынбайды?

            Әлде, бізге қырылып қалған халықтың қалған-құтқанына өтемақы төлеу оңайға түсетін болып отыр ма?

            Мен бұл мәселенің барлығынөзіме етене таныс, туған жерім Шығыс Қазақстан облысындағы Ақсуаттан күн сайын алып отырған хабарларға сүйеніп айтып отырмын.

           Ал, жалпы алғанда, бұл күйік менің ғана күрсінісім болмауға тиіс. Менің ойымша, бұл бүкіл халқымыздың басына  үйірілген қара бұлт. Табиғат апаты, ойға келмейтін ойран.

           Құдайым, қасіреттен сақтасын. Ойдан дөңге шығып, бұрыш-бұрышты сағалап жүрген әрбір ауылдасымның тағдырын ойлағанда, түн ұйқым төрт бөлініп, аза бойым — қаза болады. Қиыншылықта қорғанышы жоқ екенін көрген өрімтал ұрпақтың көкейлеріне қандай үміт ұялатамыз, осындай бейқамдығымызбен?

            Шығыс өлкеде дәл осы сәт қар еріп, жер бусанар мезгіл әлі жеткен жоқ. Су тасып, өзен арнасынан  шығар кез алдымызда.

           Көресінің көкесін сонда көріп жүрмейік.

            Ал, ағайын, Сіз не ойлайсыз?

           Әлде, ұрандатып  жәрдем беретін уақытты күтеміз бе?

Қанат ҚАЙЫМ,

«Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті,

 «Ол-Жас» баспасы директоры