КӨЗ НҰРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК Тұрсынкүл Көпжасарқызының тұлғасын ажарландыра түседі

img_20661

«Дәрігерде қыранның қырағылығы, арудың нәзік саусағы, арыстанның жүрегі болу керек»

Әбу Әли Ибн Сина

Қолынан қаламы түспейтін қаламгер болмасам да, ілуде бір жүрегімнен ерекше бір жәйттер орын алғанда қағаз қаламмен сырласатыным бар еді. Мен жан құрбым бүгін Тұрсынкүл турасында әңгіме өрбітсем деймін.

Республикалық көз аурулары Қазақ ғылыми институтының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынкүл Ботабекова турасында ғана емес, аяулы ана, ардақты апа, асыл дос Тұрсынкүл турасында сыр ақтарсам ба деймін.

 

«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді»

 

Көз ауруы деген ең нәзік те, ең қауіпті дерт екені белгілі. Бұл жарық дүниені көре алмасаң, нағыз бақытсыздық сол емес пе?.. Ал, қаншама жандардың шырағын жағып, бақытты ету – «Алла разы болсын» деген алтыннан қымбат шынайы алғысын есту адамды одан сайын нұрландыра түсетіні рас екенін мен Тұрсынкүл құрбыма қарап білемін.  Көз нұрындағы көркемдіктен көмек қолын созған шипагерге деген шексіз ризашылықты көресіз. Былтыр мыңдаған науқастардың көру бақытынан жиналған алғыстарды өтеуі ретінде еңбегін ел мен Елбасы бағалаған Тұрсынкүл Ботабековадай парасат иесі «Парасат» орденін омырауына тақты.

 

 

Тұрсынкүл! Тұрсынкүлдің сырт­қы келбеті қандай әдемі болса, ішкі дүниесі де сондай әсем.

Ол - алдына қойған мақ­сатына мұқалмай жете білетін қазақтың қайсар да қажырлы қызы. Ақ сүт берген аяулы ана мен асқар тау әкенің тәлім-тәрбиесімен өсіп, олар­дың өмір жолынан өнеге үйренді. Қазақ халқының да­налық философиялық ой-тұжырымдарын ұғынып, ұлттың ұлы қасиеттерінен ұлағат ала білді.

Жанындағы жандарға әрдайым жылу шашқан көңілі дариядай кең, осы бір ізгі жанмен тілдесудің өзі бір ғанибет. Қайсібір істі болмасын ұршықтай иіріп әкететіндігінің өзі оның рухани жан дүниесінің бай екендігін көрсетсе керек. 

Көз ауруларды ҚазҒЗИ бас директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офтальмологы Тұрсынкүл Көпжасарқызы күнделікті республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қаншама  адамға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Мұның өзі Тұрсынкүл сынды Гиппократ антына адал, ақ халатты абзал жанға артылған сенім екені даусыз. 

Тұрсынкүл Көпжасарқызы болса жауапты мамандықтың жүгін арқалауының сырын былайша түсіндіреді: «Әлі есімде... жасым небәрі тоғызда еді. Анам менен кейінгі төртінші қызды дүниеге әкелгенде қос жанарынан айрылды. Бұл біздің отбасымызға ауыр соққы болды. Көзіне түрлі операциялар жасау үшін әкем анамды Одесса, Ташкент, Мәскеу қалаларына апарып, үздіксіз емдетумен болды. Ойлап отырсам, әу баста көз ауруымен ауыратын анама өздігінен бала тууға болмайтын еді. Осылайша босанған кезде көздің көру торшалары ыдырап кеткен. Осы уақытта әлі бала болсам да, анамның басына түскен қасіретке жүрегім қатты сыздады. «Көз дәрігері болсам ғой...» деген бала қиял сол кезде алғаш жүрегіме ұялады. Аз жылдардан соң, көз ауруының глаукома түріне әкем шалдықты. Міне, осы кезде бұл мамандықтың иесі болатыныма нық сеніммен шешім қабылдадым. Бүкілодақтық Көз аурулары институтында бір емес, бірнеше рет, көз операцияларын жасатқан әкемнің көзін емдеп жазатындығымды айтып, уәде бердім. Мектепті бітірген соң, өз таңдауымда тұрып, медицина институтына оқуға түстім. Әлі күнге дейін глаукомадан зардап шеккендерге қолымнан келгенше көмегімді аямауға тырысып келемін», - дейді.

Шынында да, Тұрсынкүл Ботабекова іскер адам. Ол қазіргі таңда бүгінгі заман талабына сай әлемдік деңгейдегі аса күрделі операцияларды жасауды меңгеріп, институт қабырғасында шет елдің көз ауруларының білікті мамандары мен зерттеушілерінің қатысуымен халықаралық дәре­жедегі конференциялар өт­кізді. Осындай басқосуларда өзге елден келген мамандардың институттың халыққа көрсетіп жатқан қызметіне таңдай қағып кетуінің өзі білікті басшы Тұрсынкүл Ботабекованың іскерлігімен тікелей байланысты екендігі айтпаса түсінікті.  

Тұрсынкүл Көпжасарқызы 30 жылдан астам өмірін офтальмология саласына арнаған адам.  Бүгінде ол басқаратын ҚазҒЗИ офтальмологияны зерттейтін жалғыз ғылыми орталық ретінде жұмыс жасап келеді.

Тұрсынкүл жұртышылққа жан жылуын арнаған жан. Өзінің көмегіне сүйеніп келген әрбір науқасты жылы шыраймен қарсы алып, ауруынан айығуына бар күш жігерін жұмсап келеді.

Әріптестерімен қарым-қатынасының өзі өзгеше. Қызметкерлерін құрметтеуді жолға қойғандығы болса керек, ұжымына сыйлы, да қадірменді жан ол. Белгілі бір талап қойып, жүйелі жұмыс жүргізу арқылы институттың жеткен жетістіктері де жетерлік. 

Көз ауруы деген ең нәзік те, ең қауіпті дерт екені белгілі. Бұл жарық дүниені көре алмасаң, нағыз бақытсыздық сол емес пе?.. Ал, қаншама жандардың шырағын жағып, бақытты ету – «Алла разы болсын» деген алтыннан қымбат шынайы алғысын есту адамды одан сайын нұрландыра түсетіні рас екенін мен Тұрсынкүл құрбыма қарап білемін.  Көз нұрындағы көркемдіктен көмек қолын созған шипагерге деген шексіз ризашылықты көресіз. Былтыр мыңдаған науқастардың көру бақытынан жиналған алғыстарды өтеуі ретінде еңбегін ел мен Елбасы бағалаған Тұрсынкүл Ботабековадай парасат иесі «Парасат» орденін омырауына тақты.

Атақты ғалым  Әбу Әли Ибн Синаның «Дәрігерде қыранның қырағылығы, арудың нәзік саусағы, арыстанның жүрегі болу керек» - деген болса, осы қасиеттің барлығы да Тұрсынкүлдің бойынан табылатыны сөзсіз.

Өмірді сүйетін және дүниенің әрбір қуанышты сәтіне шын жүрегімен қуана білетін, осы бір жанның аппақ қардай кіршіксіз ақ пейілін ешқашан кір шалмайтынын білемін мен.

Жабырқаған сәтіңде жа­ның­нан табылатын жайсаң жанмен дос болудың өзі бір бақыт. Әріптестік байланыстан басталған таныстығымыз шынайы достыққа ұласып кет­кендігін де байқамай қалдық.

«Досыңмын» деп, бетіңе күле қарайтын жандар да кездеседі бұл өмірде. Ал, Тұрсынкүлдей ер азаматқа бергісіз, бойында ержүректілігі бар, достыққа адал жанмен жүздескен әрбір сәт маған қуаныш сыйлайды.

Мен Тұрсынкүлді осы уақытқа дейін іскер басшы, аяулы ана, асыл жар, жан сырыңды ұғынатын дос ретінде танысам, жақында ғана мен оның апа атанған бақытты сәтінің куәгері болдым.

Оның ең алғашқы немересі дүние есігін ашқандағы қуанышты сәті әлі есімнен кетпейді. Өз келінімен бірге толғатып, қобалжығаны, неме­ресін қолына алып, мейірлене қараған жүзін көргенде қайсыбір адам болмасын тебіреніп кетері анық. Мен Тұрсынкүл құрбыма тұңғыш немересінің бауы берік болып, жұлдызы жарқырап жана берсін деймін.

«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» деген даналық сөз тегін айтылмағанына мен жан құрбым, жан-жағына жарығын шашқан жайсаң жан, жарқын жетістіктері мол ғалым, жақсы басшы Тұрсынкүлді көрген сайын көзім жетеді. Әйел бақыты деген сөзге барлық жақсылықтар сыйып кетеді емес пе?! Мен құрбыма әйел бақытын тілеймін. 

 

Зәуреш АМАНЖОЛОВА,

Алматы қаласы

Бостандық ауданының әкім