Қойшы көп болса, қой арам өлмей ме?..

d0b0d181d0bad0b0d180-d0b6d183d0bcd0b0d0b3d0b0d0bbd0b8d0b5d0b2           

Жақында ғана Премьер-министр Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен қайта құрылған министрліктер ұжымына олардың жаңадан тағайындалған басшыларын таныстырып өтті.

           Үкімет басшысы К.Мәсімов қайта құруға байланысты таратылған Индустрия және сауда министрлігінің сауда саласындағы функциялары мен өкілеттіктерінің Экономикалық даму және сауда министрлігінің құзырына берілетіндігіне тоқталып өтті.

            Сонымен қатар Үкімет басшысы өз сөзінде: «Индустриялық саясатты жүзеге асыру үшін өзекті мәселелердің барлығы уақыт оздырмай шешілу керек», -деді.

           К.Мәсімов Премьер-министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке барлық ұйымдастыру мәселелерін қысқа мерзімде ретке келтіру керектігін ескертті.

           Жиын барысында К.Мәсімов Мұнай және газ министрі Ссауат Мыңбаевты да таныстырды.

            Елбасы елдің негізгі байлықтарының бірі – мұнай мен газға қатысты нақты міндеттер қоя отырып, мұнай-газ секторын дамыту саясатын жүргізу барысында көмірсутегі саласындағы жобаларда мемлекеттік мүдделердің сақталуын қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударды. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін министрлікке қажетті өкілеттіктер де берілген.

           Сол сияқты Премьер-министр Экономикалық даму және сауда министрлігі ұжымына оның жаңа басшысы Жанар Аайтжанованы таныстырды.

             Ол министрге алдына экономика саласындағы стратегиялық жоспарлауда, Кеден одағы қызметін ескере отырып, ішкі және сыртқы сауданы дамытуды қолға алу қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, БСҰ-ға өтуде нақты міндеттер де қойды.

             Премьер-министр қайта құрылған Мәдениет министрлігінің басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедке азаматтардың діни еркіндігін және діни бірлестіктермен қарым-қатынастарын қамтамасыз ету жөніндегі функциялардың Әділет министрлігінен Мәдениет министрлігіне ауысқандығын хабардар етті.

            Үкімет басшысы Мәдениет министрлігі атқаруға тиіс бірқатар мәселелерді ашып көрсете отырып, мемлекеттік тілді дамыту мәселесіндегі тапсырмаларға кеңірек тоқталды.

          Осы отырыста Ақпараттандыру және байланыс агенттігі мен ақпарат комитеті базасында құрылған Байланыс және ақпарат министрлігінің жаңа басшысы болып Асқар Жұмағалиев тағайындалғаны айтылды. Жаңа басшыға Премьер-министр ақпараттар, ақпараттандыру салаларындағы реттеулерге, жаңа ақпараттық технологияларды, сондай-ақ сандық және спутниктік хабар таратуды енгізуге қатысты нақты міндеттер жүктелді.

             Иә, билік басында басшылар қатары көбейді. Ендігі жерде атқарылуға тиіс ауқымды істер шешімін таба білсе игі еді. Тек «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кебін киіп жүрмесек болғаны.

 

Гүлмира САДЫҚОВА