ЖҮРЕК ТЕРБЕГЕН ТУЫНДЫ Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Біздің ауыл тау жақта» атты кітабы жайлы

d0bdd0b0d293d0b0d188d18bd0b1d0b0d0b9-d29bd0b0d0bfd0b0d0bbd0b1d0b5d0bad2b1d0bbd18b-d184d0bed182d0be          

Оншақты прозалық кітаптың авторы бола тұрса да, мұнан бұрын Нағашыбек Қапалбекұлының ешбір шығармасы әдеби талқыға түспеген ( өзі ұсынбаған).

          Нағашыбек Қапалбекұлының «Біздің ауыл тау жақта» атты кітабының кез келген шығармасы – құнды, бір леппен оқылады. Жазушының «Таудан түскен тұман» повесін оқығанда ерекше күйде боласың. Аталмыш хикаятының желі – арқауы күні кеше кеңес дәуірі тұсындағы кейбір қасқыр ауыз, түлкі құйрық, кесапат басшылар мен тек өздерінің бас амандықтарын олжа көретін, әр нәрсеге мұқтаж қарапайым, момын отбасы арасындағы ымырасыздыққа құрылған. Адам баласы қорланған жерде - бітім жоқ.

           Совхоз директоры Смағұл Кенжалин өз тұсындағы қансыз, зұлым басшының бірі. Ал, таразының екінші басында азуын айға білеген асқақ Кенжалиннің қарсыласы - қаршадай «Тілші бала». Ол оқушы – Ыдырыс Қалиев. Шығарманы оқи бастағаннан – ақ мұң мен зарға тоғытылған Ыдырыстың мүшкілдігін өз мұқтаждығыңдай көресің. Қалиевтер отбасындағы ауыр тағдырдың оқырманды баурап алатындығы сонша, кітапты беттен бет ашқан сайын сол отбасымен бірге қынжылып, бірге күйзелмеске шараң қалмайды. Осындағы айтып бітпес, өлшеп бітпес ауыр тауқымет сенің өзіңнің әлдебір қимас, жан ауыртарлық жақын жандарыңның басынан өтіп жатқандай сезінесің. Алтыншы сыныптан бастап «Тілші бала» атанған Ыдырыс Қалиевтің үй іші, отбасы ойран болды. Жазушы оқырманды оқиғаның уы мен зәріне белшеден батырып әкетеді. Тілші балаға ауылдың кем – кетік, олқылық, кемшіліктерін газетке жазғаны үшін уыттана жек көріп ерегіскен қаны сұйық Кенжалин қайтпас, қайсар бала Ыдырыстың әкесін соттатып, үйелмелі – сүйелмелі, шиеттей үш – қыз баласымен өзі ауыраяқ, жүкті қалпында қалған шеше тағдыры кімнің де болсын қабырғасын қайыстырғандай. Шығарма қуаты қай – қай оқырманды да өз сиқырымен, оқиға үйірімімен шым батырып бойлатып кетеді. Алпауыт Смағұл Кенжалиннің жетім қозы іспетті, кішкентай қарсыласы көзін ашпай жатып аяусыз өмір тауқыметіне ұшырайды. Бұл шығарма күнделікті күйкі тірлік тілегімен, әмірлі өмір әлегімен алданып жүрген сіздің момақан көңіліңізге от тастап, басқа бір дүниеге жетелеп әкетеді. Жан әлеміңнің тереңінде бұғып жатқан тыныш жігеріңді қайрап, намысыңды қайнатады. Кенжалинге деген амалың құрып, бас кейіпкер Ыдырыс Қалиевпен бірге қамығып, бірге қайғырасыз. Осы шығарма салмағынан өз басыңа іс түскендей болып, өз өміріңде әлдекімдерден көрген кейбір жәбір қиянаттарың есіңе түсіп хикаяттағы оқиға барысымен қосарланып отырады. Шығарма сені соған жеткізеді. Еріксіз күрсініп отырып оқисың. Егер Кенжалин тағдыры сенің қолыңа тие қалса, оны аямастай күйге жетесің. Екінші сөзбен асырыңқырап айтқандай жазушы оқырманға Кенжалинді жекпе – жекке шақырардай күйге жеткізеді. «Таудан түскен тұман» повесін соншалық ашынып оқисың. Кітаптағы өзге шығарманы оқымағанның өзінде осы бір ғана тылсым сыры бар хикаятқа қарап-ақ автордың жүрек нәрін, жан – күйін, қалам қуатын тану қиын емес. Көкірегіңе пікір толтырып жібереді. Өз жүрегіңмен өзіңді сырластырып, іштей өксітіп отырады. Қалиевтер отбасымен бірге тарығып, зарығасың. Жазушының жалпы жаралыс болмысын да осы маңайдан іздеуге болады. Өйткені әр жазушы өзінен хабар береді. Шығармасы қай – қай автордың да өз жан дүниесінің бейнесі.Өзінің көрінісі. Айна – қатесіз параллель символы – шығармашылығы. Оған қолына қалам ұстаған ешкім көз жұмбақ емес. Оқырманның жанына жақын қиялшыл, зерек бала Ыдырыс өмірінің сорға батар алдындағы мына бір эпизодқа назар аударыңыз! «Қыстыгүні жып - жылы класта артқы парталардың біріне отырып ап, анау сырттағы алай – түлей ұйтқыған боранға қарап қойып тәтті қиялға берілу қандай рақат! Бойыңа жылы ағын жүгіріп, оймен шартарапты шарлап кетесің. Шіркін, ақын болсам! Ақын болғанда да ел – жұрт гүл іздеген арадай тамсана, іздеп жүрер, ірісі болсам... Жүрегіме бал тамызып жібергендей күй кешіп, елжірей балқып отырғанымда:

- Қалиев! – деген мұғалімнің дауысы селк еткізді. – Сені әкең шақырады»... Бұл ертең соты болмақ әкесі Қалидың аудан орталығындағы абақтыдан сот боларға дейінгі аз ғана аралықта уақытша босап келіп тұрған нағыз сорлылық сәті.Ыдырыс үшін дүниедегі ең аяулы, ең ғазиз жан екені мына сорлылық күйінде білінген, тұтқын әкесі өз мойнына пенделік өмірдің итшілік қамытып кие тұрып жас қалып бара жатқан жалғыз ұлына:

- Балам, Ыдырысжан! Мен сотталатын болдым! ... Құрыдым. Ендігі естияр өзіңсің ... Сорлап қалдық қой, сендерге сор болдым ғой. Көзінің жасы алты тарам боп басын иығыма сүйей, еңкілдеп ап жөнелді. Тамағыма лықсып кеп ащы өксік тірелді.Кептеле қалған түйін ары да, бері де кетер емес.

- Сорладым ғой! ... Құйрық – жалы  тұттай жалғыз едім! ... Саған қиын болды– ау балам! Кімге жалтақтарсың?! Шешең сорлы қайтер екен?! Әкем екеуміз бір – бірімізді сүйеген күйі мектептен ұзай бердік. Ол әлденелерді маған түсіндіріп айтқысы келеді, бірақ көзінен жасы бырт – бырт үзіліп, ойын құрастыра алмай, қайғы азабы жанын күйзелтіп, шөге түскендей. Өкініш, күйік, нала бәрі- бәрін тұңғышына айтқысы келген – ау, шамасы. Қайтсін енді, сұм өмірде түлкі боп жүре алмағанына; біздерді ел қатарына жеткізе алмағанына; басына қара бұлт төнгенде қолтығына демеу болар жан табылмағанына күңіренгені болар. Жалғыз ұлын көріп, мұңын шағып, көкірегінде сартап болған қасіретін ақтарғысы келген – ау. Жүрегі тілкем – тілкем боп, барар жер, басар тауы қалмаған соң қамалқа іздеп маған жеткенін айтсаңшы. Арқа тұтар тұңғышының да бордай үгіліп тұрысы мынау.

           Әкемді дәл сол жолы ғана мына ғұмырда маған ең жақын жан екенін алғаш рет ұғынғандаймын. ... Әкем аһылап – үһілеп зарлап, болған жайды толық түсіндіре де алмады. Өзі әрең тұрған оның жүрегін қансырата берем бе деп, мен де терең қазбаламадым. Біраз күн аудандағы түрмеде қамалып, шыққаны бүгін ғана екен».

          Осыдан былайғы – кішкене ғана бөлмеде жүрдім – бардым сұрақтар қойылып өте шыққан сот процесі, Қалиды жер қаптыра жамандайтын Кенжалин жазған мінездеме, соғысқа қатысып қан төгіп қайтқан әкесіне немкетті әрі жазғыра оқыла салған үкім «жан әкесін» екі қолтығынан іліп ала жөнелген өң түстері сұрқылтай милициялар, олардың соңынан жанұшыра, жылап ұмтылған Ыдырыс бала көріністерін жайбарақат бейтарап отырып оқу мүмкін емес. Жалған дүние бір басына жыпырып құлап түскендей боп, әкесін осынау пақырлық сапарға жалғыз өзі боз дап шығарып салғанда Ыдырыс қандай күйде еді. Ел кеткен иен дала, жапан түзде жападан – жалғыз аласталып қалғандай жаны өртене құлазулы күй кешкен; іздер – сұрары жоқ тірі жетім қандай.

            Атақты шопан Дәуітәлі сұрқия Кенжалинмен тіл табысып, Қалидың қырық шақты қойын машинаға бастырып ұрлатып әкеткеннің үстіне әкесін соттатқаны аздай, бастарына қара күн туған бұлардың бағып отырған малын совхозға өткізіп алып, шиеттей бала – шағалы отбасын жұмыссыз қалдырады. Өзімен сөз тірестірген Ыдырысқа деген қыс астығын әлі де қоймаған ішмерез Кенжалин бала – шағаның таңдайын ағартып отырған жалғыз сауын сиырына дейін жоғалған мал есебіне, совхоз пайдасына айдатып алдырады. Ыдырыс аяғы ауыр, аурушаң шешесі екеуі бір күні таң азаннан барып Дәутәлінің қорасын қарап өздерінің екі қойын жазбай танып алады. Озат шопан «аяқты мал өзі келіп қосылған ғой» деп зыр қағып, кісі нанбас қансыздығын аша түседі. Қысқасы автор бұл шығармасында өмірде ұшырайтын ең соқталы тетіктерді таңдап алып, оқырман талқысында бітім таппас, айықпас күрес жүргізіп қояды. Осы тартылған желі – арқауды жеріне жеткізе, ширықтыра керіп, сізді соның өн бойын бозда ұстайды.Өз дегенін орындау жолында қиянаттың қандайынан болсын тайынбайтын Кенжалин кеңестік тоталитарлық түзім егіп шығарған, бетін тілсең қан шықпайтын бірегей образ болып сомдалған. Өмір ешкімнің ақысын жемейтіні тағы бар. Аяғында шешесі де тірлік азабынан қайтыс болып, журналистикада оқи жүріп Ыдырыс жетім қарындастарын Есік қаласындағы интернат үйіне апарып, қайтып жүргендегі тауқыметке жан төзбестей. Айтсаң таусылмайтын оқиғасы бар «Таудан түскен тұман» хикаятының басты кейіпкері ең соңында мықты журналист болып шығады. Зомбылықпен көркейген, қарғыстан күйрейтін зауал тағы бар. Баяғы бас шопан қу басы жалғыз қалып, маскүнемдікке салынып жүргенде Ыдырысқа ұшырасып қалады. Өзінің нағыз қара қасқа иттігін мойындап кешірім сұрап жалбарынады.Кенжалин де Ыдырысқа ісі түсіп, байырғы сайқалдығына салады. Негізінде бұл хикаят романның жүгін көтеріп тұрған ірі шығарма, десек те артық емес.

* * *

Жазушының еңбегіндегі повестің бірі - «Өрік ерте гүлдеген жыл». Хикаятын оқып отырып тіпті ерекше күйде боласың. Хикаяттың желісі интернатта оқыған балалар өмірі туралы. Солардың ата – анасынан, бауырларынан, жақын туыстарынан айырылғаны. Ондағы себеп соғыс азабының кесірі. Бірінің әкесі соғысқа аттанып, шешесінен айырылып қала берсе, енді бірі көкесін соғысқа жіберіп, жақсы көретін жеңгесінен айырылып қала берді. Осындай балалардың соғыстың кесірінен жақындарынан айырылып,  ботадай боздап қалғандары, сол заманның қиын қыстау өмірін жазушының оқырмандарына түсінікті қылып жеткізуінен асқан жазушының шеберлігі аңғарылады. Хикаят бұл қиындықпен ғана бітпейді. «Бір қайғының артында бір қуанышы бар» демекші соғыстың да аяқталып, жеңісті күндерге де жеткендігі. Енді сол соғыста қыршыннан қиылған азаматтарды естеріне алып, көздеріне жас толтыра толқыған түрлі көріністер көз алдыңнан кетпейді. Адамдардың тіршілігі мен іс-әрекеттері бөлек болғанымен, олардың көрген қиыншылықтары бір. Ата – бабаларымыздың, бауырларымыздың, кешкен тауқыметін, соғысты көріп өскен буынның қасіретін, осы хикаяда діттеген жерінен жеткізе білгенін жазушының кемелденген стильдік ерекшелігі деуге болады.

* * *

Бұл кітаптың екінші бөлімінде жазушының бір топ әңгімелері берілген. «Махаббатсыз өмір жоқ» атты әңгімесі оқырманды ә дегеннен ішке тартып, оқиға қатпарына кіргізіп әкетеді.

Бұл әңгіме бірінші жақтан баяндалып, Жомарт деген ақынжанды жігіт пен Гүлжан қыздың ортасындағы қасіретті тағдырға құрылған.Оқиға барысының шынайылығы сондай, әңгімені баяндаушы бұндағы оқиғаны өз басынан бірге өткізген автордың өзі ме деп те қаласыз. Бұл оқырман жүрегін сыздатарлық ауыр әңгіме. Қаралы да, жаралы сүйіспеншілік. Әттеген – ай, дейсің. Адам жанының өрмекші торындай нәзік пернесін зақымдап кететін өксулі тұстар айла – лажыңызды тауысып, діңкелетіп отырады.

         Н.Қапалбекұлының қаламынан туған күңіреністер кей тұста сенің де көңіліңді ойраңдап отырады. Іштей кеңкілдетіп, кірпігіңе шық тұрғызады. Автор әңгіме аяқтай келе «Бәрі кеш. Әсіресе шуақты сәтті өткізіп алсаң, уақыттан қымбат ештеңе жоқ. Өкініш уытына қанатын күйдіргеннен не түседі? Өкінбес үшін махаббатпен ойнамау керек, тәлкекке айналдырмау керек» деп қорытады. Мұндай теорияны жайшылықта әркім білгенімен дәл мына әңгімемен үйлестіріп келгенде қарапайым ғана сөз құдіреті өз - өзінен билік құрады. Бұны жазушының шеберлігі деп қарау ізгі ниетті әріптестеріміздің қай – қайсысы үшін болсын парыз деп білер едік. Нағашыбек әсіресе шығарма аяқталып Жомарттың өлгеніне Гүлжанмен қосыла жылаған сіңлісімен Торғын деген қыздың көзімен берілетін үркер шоқ жұлдызын яғни табиғатты қайғылы оқиғамен жымдастырып өретін тұста сен енді өзіңнің мұнан былайғы өміріңді алқара көк аспаннан үркер көрсең «Махаббатсыз өмір жоқ» аталатын осы бір мұңлы әңгіме барысы көкірек көзіңнен кино лентасындай тізбектеліп өтер еді. Осының өзі онсыз да жақсы әңгімені тот баспас күміс шегемен шегелегендей көркем бекітілген. Әңгімені сонымен әдіптеп, оқырман есінен кетпестей, сәулелендірген.

            Жалпы алғанда бұл кітаптың кез келген шығармаларында жазушының кемелдегенін, өзіндік стилінің қалыптасқанын, тілдік қорының мол екендігін анық аңғарасыз. Кітапта халықтың басынан өткен кешегі ауыр кезеңдердің адам болмысының нәзік қырларына әсер ететін кесек оқиғалары мен аянышты тағдырлары суреттелген. Сондай қиын шақта да адамгершілік туын биік ұстаған азаматтардың жарқын бейнесі нанымды да табиғи күйінде өрнектелген. Повестері мен әңгімелерінде тек қиыншылықтарды көрсете бермеген, оған қоса адам жанын тебірентетін махаббат, сүйіспеншілік, адам жанының нәзік сезімін қозғайтын тұстары да жетерлік. Сондықтан да «Өнер» баспасы шығарған бұл кітапты бүгінгі қазақ әдебиетінің бет бейнесі, қазақ прозасындағы жетістіктердің бірі деп бағалауымыз керек.

           Кітап – қарым-қатынастың, еңбектің, күрестің құдіретті құралы. Ол адамды өмір және күреске баулып ой өрісін кеңейтеді, оған түйсік сана дарытады, тәрбиелейді. Сондықтан да қазақ әдебиетімізде бұл кітаптың өзіндік алар орны бар.

 

Жанат АХМАДИ,

Халықаралық Алаш сыйлығының иегері