«ҚАЗАҚФИЛЬМ» „МАЗАҚФИЛЬМГЕ” айналмаса игі еді...

kelin-s 

Киностудиямыз бар біздің- «Қазақфильм»,

Аталып кетпей әсте «Мазақфильм».

Ұлтымызды ұлықтар кино қойып,

Ие болса атаққа «Озатфильм».

Автор 

 

«Президент сондай-ақ Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына барып, оның шығармашылық ұжымының алдында сөз сөйледі. Қаржылық дағдарысқа қарамай біз «Қазақфильмнің» жұмысы жақсаруы үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Енді одан мол қаржының қайтарымы ретінде сәтті туындылар күтеміз. Әсіресе, бүгінгі, тәуелсіздік кезеңі жайлы, жас ұрпақты патриотизмге баулитын кинотуындылар ауадай қажет» деді Президент» деп жазған еді «Жас қазақ үні» газеті өзінің былтырғы бір кезекті санында. «Біржан сал» фильмін жөн дедік. Ал енді «Келін» (Kelin) фильмін ««Қазақфильм» киностудиясынан мемлекеттің қаражатына шығаруымызға не жорық? Ел басшысының «...жас ұрпақты патриотизмге баулитын кинотуындылар ауадай қажет» деген сөзіне сәйкес фильм түсірмек түгілі тіпті оған қарама-қайшы фильм шығаруымызды қалай түсінуге болады?. Әлде министр Мұхтар Құл-Мұхаммед айтқандай, мырқымбайлар түсірген«Қайрат чемпион...» (кешіріңіздер, арғы жағын айтуға ауызым бармай отыр), «Әке қорлығы» сияқты анайы фильмдер аздық етті ме? Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің «үкіметтік сағат» шеңберінде өткен Парламент мәжілісінде айтқан «қазіргі уақытта жекеменшік отандық кинокомпаниялар «іс-қимыл бостандығын шектен тыс пайдаланған. Бұл фильмдер ұят нәрсе» деп алып артынан  «Келін фильмі 2006 жылы өндіріске шықты. «Қазақфильм» студиясы базасында дайын болып, мемлекеттің мол қаражаты бөлінгендіктен, туындыны прокатқа жібердік. Дегенмен де, бұл фильмде соншалықты зорлық-зомбылық бар деп есептемеймін. Сонымен бірге мұның қазақ тарихына қатысы да шамалы. Өйткені фильм басталғандағы титрында «Біздің дәуіріміздегі II ғасыр» деп көрсетіледі. Ал түркі қағанаты 532 жылы, Қазақ хандығы 1468 жылы құрылған. Сондықтан да, 2-ші ғасырда Алтайды мекендеген кім, шүршіт пе, монғол ма, тап басып айту қиын» деген сөзі де сұрақ туғызады. «Келін» фильмін көшеден әдейі сатып алып көріп шықтым. Бірақ министр айтқандай киноның басынан «Біздің дәуіріміздегі II ғасыр» деген титрды көрмедім. Шынында да қырық қабаттап аң терісіне оранған, күркені мекендеген, қодас мінген адамдардың қазаққа қатысы жоқ екендігі айдан анық бола тұра кино неге мемлекеттік қаражатқа шығарылды, аты неге қазақша «Келін» деп аталды, соңында «Угәй-ай» деген қазақтың халық әні неге берілді?! Міне, мұның бәрі жауабы берілмеген сұрақтар ғой. Сондай-ақ, бір жігіт бір жігіттің көзіне пышақ тығып, ал соңында бауыры да ағасының жүрегіне пышақ салып жатыр. Бұл қатігездік емес пе? Мен 3-ші сыныпта жүргенімде «Қыз-Жібек»,  «Зорро» фильмдерін көріп, ертеңінде ауыл балалары жиналып Төлегенді жауыздықпен өлтірген Бекежанды іздеп тауып өлтірмекші болғанымыз, әжеміздің байлауышын арқа­мызға байлап, қолымызға талдан қылыш жасап алып Зорро болып үйдің төбесіне шығып қылыштасқанымыз есімде. Міне, бұл балалардың көрген нәрсесіне еліктегіш келетіндігінің бір ғана дәлелі. Олай болса, мына ұятсыз фильмдерді көрген жастар болашақта кім болып шықпақ? Осы орайда, Тәуелсіз Қазақстанын сүйетін азамат, елім, жерім деп 70-ке келгенше аттан түспей өткен Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың ұрпағы, қоғамдық құқық қорғаушы ретінде өскелең ұрпақ қандай кино, бағдарлама көріп, не оқып, қай бағытта тәрбиеленуі керек екендігі жөнінде бүгінгі билікке талап қоюға толық құқым бар деп білемін. Сондықтан да кино, теледидар, кітап, басқа да БАҚ әлемін заң тұрғысынан реттеуіміз қажет. Қазақтың арын қорлайтындар, жабайлықты, анайылықты насихаттайтындар, оған 18-ге толмаған жастарды араластыратындар ұлт болашағына қауіп төндіргендер ретінде жауапқа тартылуы керек деп есептеймін. Сонда ғана бұл сорақылыққа тосқауыл қойылмақ. Әйтпегенде ақылдары арттан ары аспайтындар, көздері кіндіктен төменгіні ғана көретіндер кино, теледидар, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұрпақ санасын уландыра беретіндігі даусыз. Бұл уға қарсы қоғам болып шұғыл түрде әрекет жасамасақ ол бойымызды, яғни қоғамымызды дендеп кетеді, ардақты ағайын.

 

Жиенбек Рәбілұлы