Ғылыми кеңес – енді өзімізде

Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ әдебиеті пәнін оқыту әдістемесі бойынша докторлық диссертациялар қорғалатын кеңестің ашылуы тек қазақ әдебиеті пәнінің ғалым-оқытушылары үшін ғана емес бүкіл ақын-жазушы, қазақ әдебиетін сүйетін көпшілік үшін бөркін аспанға атып алақайлайтын сүйінші хабар дер едік! Бұл Қазақстан Республикасының білім саласындағы өте қажеттілігімен және бірінші рет ашылуымен де маңызды.

Бір мысал. 1980 жылдардың басында сонау Алматыдан мың шақырым қашықтықтағы Созақта қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі маған Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Әнеш Дайырова телефон шалды: «Жабал, сенің Павлодардағы республикалық педагогикалық оқулардағы үздік жетістігің үшін екі жылдық аспирантураға алынуыңа ұсыныс жасадық, Алматыға тез кел» деп шақырды, менің ойыма Еревандағы Бүкілодақтық педагогикалық оқуларға барасың, баяндамаңды орысшаға аудар дегені есіме түсіп: «Аспирантура бітіргесін қайда, қалай қорғаймын» дегенім, Әнеш апай: «Ленинградта, орыс тілінде қорғайсың дегенде» салым суға кетіп «апай, сізге рахмет, кешірерсіз, бара алмаймын» деп телефон тұтқасын тас­тай салғаным есімде. Міне, сол бүкіл Қазақстанда қазақ әдебиетін оқытуда басшылық жасаған Әнеш Дайыровадай бүкіл ғұмырын әдіскерлікке арнаған ғалым-әдебиетші де докторлық дәрежесін ала алмай өмірден өтті. Иә, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінен небір майталман әдебиетші-ғалымдар ғылыми дәреже ала алмады, бұл дегеніміз қазақ әдебиетінің інжу-маржаны - жырларын, ақын-жазушылардың шығармаларын ұрпақ тәрбиесінде, ұлттық сананы оятуды жүзеге асыруда қаншалықты кедергі келтіргенін, кейінге шегергендігін айтпаса да түсінікті, өзегімізді өкініш өртейді.

Міне, осы оқылықтың орнын толтырып ҚР Білім және ғылым министірі Ж.Түймебаевтың, білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Н.Қалабаевтың қолдауымен, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры С.Пірәлиевтің ұйтқы болуымен 13.00.02. – Оқыту мен тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі (Бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ әдебиеті) мамандығы бойынша докторлық диссертация ашылуы тәуелсіз Қазақ елінің айтулы жетістігінің бірі болып саналады.

 

                                                                                  Ж.Шойынбет