«МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН»

d183d0b9d293d18bd180-d182d0b5d0b0d182d1801

Алматы қаласында 14 желтоқсан күні Қ.Қожамияров атындағы Республикалық Ұйғыр музыкалық комедия театры ғимаратында «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігі, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры және Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен, БЕҚҰ өкілдерінің қатысуымен, ұйғыр мектептері арасында «Менің - Отаным Қазақстан» атты тақырыпта республикалық байқау өтті. Ауыл, аудандардағы оқушылардан іріктеліп, байқауға 64 ұйғыр мектебінен 14 мың таңдаулы деген оқушылары қатысты. Байқау төрт номинация бойынша өтті. Олар: білім, өнер, поэзия және бейнелеу өнері. Аталмыш шара туралы Республи¬калық Ұйғыр мәдениет орталығының директор орынбаса¬ры Розақұнов Тұрған: «Бұл бай¬қауды өткізудегі негізгі мақсат, жарасқандықтың жарқыны ретінде жас өспірімдерді отанды сүюге, қадірлеуге, оны қорғауға, халық бірлігін нығайтуға бағыттау. Сонымен бірге қазақ халқының салт-дәстүрін сыйлау мен тілін құрметтеу болып табылады. Байқаудың маңызы оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу», - деп ағынан жарылды. Байқауда қазақтың ұлы ақындары М.Мақатаев, М.Шаханов, Қ.Мырзалиевтің өлеңдерін нақышына келтіре оқып, поэзия жанрын жандандыра түсті. Сондай-ақ, «Атамекен», «Қазағым менің», «Отаным» т.б. патриоттық рухтағы әндер айтылып, көрермен қауымды бір серпілтіп тастады. Әрбір қойылымында қазақ үшін жанын пида еткен бес арысын, үш бәйтерегін, даналарын дәріп¬теді. Өнерлі жастар отанға деген сүйіспеншілігін өзен, көл, таулардың, табиғаттың сұлулығын шеберлікпен бейнелеу арқылы да жеткізуге тырысты. Жас өрендердің өнерлерін көріп ішіміз жылып, көзге жас келді. Әттең, Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің туған жеріне деген құрметі дәл осылай болса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болар еді-ау! Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте, деп қазақтың Қадыры жырлағандай, қазақ тілінде ән салып, қазақша өлең оқып, қазақ тілінде тест тапсырды. «Егер менің тілім кететін болса, өмірімді беруге дайынмын» дейді Р.Гамзатов. Тілдің мәртебесін көтеруге атсалысып жатқан бауырларымызға мың алғыс. Ел бірлігі арта берсін! Қазақстан жасасын! Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА