Досхан неге Осман мен Бельгерді бөлектейді

Олардың қазақшылығы досхандардан күшті ғой... Кейінгі кезде ашық хаттарға қол қойып алып, кейін «ашық қарсылық танытып», танып кететіндер шықты. Ондай «адасқандардың» арызын жеткізуді «Нұр Отанға» қарайтын «Нұр медиа» басылымдары мойынына алған секілді. «Айқын» газетінің әр санын алған сайын «енді тағы кім есін жинады екен», деп қарайтын болдық. Олардың алғашқысы академик Рымғали Нұрғалиев пен әртіс Досхан Жолжақсынов болды. Досхан жайлы «азамат екен» деп жүргендер де, ол тайқып кеткен соң, сүйсінгендерін қайтып алып жатыр... Бұл жолы бандыны қуған Хамитіміз «Ел бірлігі» жөнінде біраз «қуыпты». «Қазақстандық ұлтты» қолдайтын Досекең «өзімізді ғана күйттеп, байбалам сала берсек, өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін қайтеміз? Ұлты неміс Гер-ағамызды, қазақша түс көретін, ұлты әзірбайжан Асылы апамызды қайтпекпіз», деп сілтегенде «халықтар достығы қабырғасын қайыстырған қайран ерім-ай» деп жылап жібере жаздайсың. Тап бір қазақ ұлтының мүддесі мен тілі өзінің заңды биігіне шықса, қазақшылығы досхандардан күшті Герольд Бельгер мен Асылы Осман қараң қалатындай. «Қазақстандық ұлтты» қалап, «Ел бірлігін» ойлайтын Халық әртісінің Бельгер мен Асылыны неге бөлектеп жатқанына таң қаласың... Алмания мен Азербайжан жағдайы біздің Досханның қамқорлығына қарап қалған секілді. Екіленіп алған «Ер Хамит» ұлт мүддесіне жаны күйіп жүргендердің тірлігінің бәрі далбаса дейді. «Ұлт мүддесін қазір айтпасақ, айрылып қаламыз дегеннің бәрі далбаса! Тіл туралы айқайлағанымызға көп болды, ал содан не өзгерді? Біздікі әшейін көпірме сөз. Одан ештеңе өзгермейді» деп сілтейді. Әрине, ештеңе өзгермейді, егер Досхандар өз ұстанымынан айнып кете берсе. Енді ертең заман тағы өзгеріп кетсе, Досхандар қайтадан «ол сұхбатты мен жазған жоқпын, сыртымнан жазып жіберіпті, әйтпесе мен ұлт мүддесі үшін қол қойған болатынмын» деп жатса таңқалудың қажеті жоқ... №48-49