Қазақ болу “қазақстандық” болудан әлдеқайда дұрыс!

Бізде либералдық экономика да, либералдық саясат та болған емес. Сол себепті оның күйреуі жөнінде әлдене деуге біздің хақымыз жоқ. Ол жөнінде либералдық экономикалық және саяси жүйе құрғандар айтқаны жөн. Егер елде экономикалық ахуал тым ауыр болса, оған бола нақтылы біреуді кінәлаудың жөні жоқ. Оның бәріне біздің қазіргі Мемлекет кінәлі. Өйткені, біздің қазіргі мемлекет – мемлекеттік басқару дегеннен мақұрым феодалдық мемлекет. Дағдарыс біздің түйткілді мәселелерімізді шешу үшін келгендей. Пайдакүнемдікке мелдектеген экономиканың ең басты кемшілігі – оны жасанды жолдармен ұстап тұруда. Мәселен, тиімді табыс әкелетін бизнес болса, оны алым-салықтың астында қалдырады. Әділетті қоғамдық құрылымды кепілдендірілген әлеуметтік көмектер арқылы бұзады. Яғни, қолынан іс келмейтін, келсе де істегісі келмейтіндер зордың күшімен өзгелердің табысы есебінен күн көреді. ЭКОНОМИКА: МЕМЛЕКЕТКЕ ИЕК АРТПАУ Біздің дамуымызға бітіп болмайтын алымдар мен салықтар кедергі болып отыр. Ал бюрократтар мен арамтамақтардың тоятын түрі көрінбейді. Әлсіздерге көмек көрсету керек, науқас¬тарға ем-дом жасау керек. Мәселе онда емес. Мәселе осы тақырыпты әлдекімдердің қандай жолмен бас пайдасына жаратып жүргенінде. Мемлекет аса ашқарақ. Онда шын мәнінде тер төгіп жұмыс істейтіндер бар да, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күнелтетіндер де бар. Тіпті, асыранды иттей масыл болып алғандар да аз емес. Соған қарамастан, ортақ қазандағы қазына «кедейлердің мүддесі үшін» деп бөлінеді. Олар бәрін өздерінен бастайды. Әлемдік экономика үшін дағдарыстың пайдасы да бар. Дәлірек айтсақ, дағдарыстың арқасында әлемдік экономикадағы қарапайым және түсінікті либералдық нормалар қалпына келіп қана қоймай, оған қоса нақтылана да түсер еді. Яғни, бостандық, бастамашылдық, тәуекелге бел буу және ынталылық сияқты құндылықтарға негізделер еді. Біз экономиканың әділетті болғанын қалаймыз. Жұрттың бәрі тәуекелге бел бууға қауқарлы емес. Бірдеңені өзгертуге ынталылар да көп болмаса керек. Әрине, ешкімді олай етуге міндеттей де алмаймыз. Дегенмен, біз – кәсіпкерлер табысқа қол жеткізуге күш-жігеріміздің жететінін және өз ісіміздің маңыздылығын білеміз, солай екеніне көзіміз анық жетеді. Сонымен бірге біз мүдделі топтардың тепе-теңдігін қалпына келтіріп, қоғамдық бөліністі әлдеқайда әділетті бөлуге де қауқарлымыз. Бұл мәселені біз Мемлекеттен артық жасамасақ, кем жасамаймыз. Кәсіпкер үшін елдің салауатты әрі қабілетті болғаны маңызды. Жұмысты істеп-істеп, артынан басқа елге қоныс аударып кетуге мәжбүр болатын елдің қажеті жоқ. Қоғамда қалыптасқан қағида бойынша, өзге елдің өндірісін жүргізіп жүргендер мен басқа мемлекеттің азаматтығын алып, сол жақтан үй-жайын сайлап қойғандар ұлттық кәсіпкерлердің тізімінен біржола алынып тасталуы тиіс. Әркім өз болашағын өзі қалыптастырады. Оған біздің дауымыз жоқ. Бірақ, жаңағындайлардың біз үшін тұяғын қимылдатпай ақша тапқысы келетіндерден еш айырмасы жоқ. Біз әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен қаржылық жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолымызды созудан қашпаймыз. Бірақ, ол үшін бізге Мемлекет деген делдалдың қажеті жоқ. Әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және зейнетақы төлеу салаларында бюрократтарға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Тиімді жұмыс істеп жатқан корпорациялар түрлі қорлар құру арқылы өз беттерімен-ақ әлеуметтік қорғаумен байланысты барлық міндетті атқара алады. Сапалы даму жолындағы мемлекеттің ең басты міндеті жеке меншік пен кәсіпкерлікке қолдан келген көмектің барлығын жасау болуы тиіс. Шын мәнінде әділетті қоғам құрғымыз келсе, мемлекетті әлеуметтік саланың барлық түрінен тықсырып шығару керек. Қоғам әлеуметтік қатынастарды мемлекеттің көмегінсіз-ақ реттеуге қауқарлы. Қоғамның өзін-өзі басқаруы авто¬ритар¬лық құрылымға балама бола алады. Сондай-ақ, қорғаныс, қауіпсіздік және халықаралық қатынастар салаларындағы мемлекеттің рөлін азайтуға да шамасы жетеді. Мемлекеттік қызмет материалдық жағынан тиімсіз болуы тиіс. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты тудыратын тұстың барлығында дерлік бақылаушы қоғамдық функциялармен маталған болуы керек. Шенеунік деген – арзанқол әрі ебедейсіз қызмет. Әлемдік дағдарыстың арқасында өз-өзіне сенімді дилетанттардың бетпердесі ашылды. Сонымен бірге дағдарыс білім мен біліктің түптің түбінде жеңіп шығатынын көрсетті. Дилетанттарды түсіну қиын. Дағдарысқа қарсы тұруға қауқары жетпейді. Сөйте тұра дағдарыстың белгілерімен күресуге қыруар қаржы жұмсағысы келеді. Ал одан не өзгереді? Түк те өзгермейді. Тек ақша азаяды. ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУ ТУРАСЫНДА Көп жылдан бері маңдайымызбен соғылып жүрген қабырғамыз резервация мен империяның арасын бөліп тұрған қабырға болып шықты. Ал халық сол қабырғаның не арғы бетінде, не бергі бетінде өмір сүруі тиіс. Айналадағы қоршаған әлемнен тыс өмір сүру мүмкін емес. Алайда, ондай өмір бәсекелестікке қабілетсіздердің жанына жақын. Бәсекелестікке ұмтылмау білімсіздіктен, жалқаулықтан болуы мүмкін. Немесе жасының келіп қалғандығымен байланыстыруға да болады. Ондайлар көп болса, ұлттық мәселе берекесіздердің тақырыбына айналады. Ал ондайлар үшін әлгіндей халыққа басшылық жасау жеңіл. Әңгіме ұлттық мәселе туралы болғанда, ұдайы қорғаушы кейпінде болған дұрыс. Резервациялық ұлтшылдықтың стратегиясы күнкөрістен әрі аса алмайды. Ал күнкөрістің деңгейіндегі халықтың өресі жоғары болуы мүмкін емес. Яғни, біздің ұлтшылдығымыз ауылдық деңгеймен қалып отыр деген сөз. Ал ғаламдық өлшеммен алғанда, ауылдық деңгейдегі ойыншық ұлтшылдықтың салмағы нешік?! Этнографиялық ұлтшылдық қазақ ұлты үшін қолайсыз. Оның үш түрлі себебі бар. Біріншіден, ол жасы келгендердің таңдауы. Тіпті, жас мөлшері жөнінен кәрі болмаса да, этнографиялық ұлтшылдардың дәрменсіз кемпір-шалдан түк те айырмасы жоқ. Өйткені, олардың ішкі дүниесі қартайған. Бірақ, мұның екінші жағы да бар. Көптеген алдыңғы қатарлы елдердің этнографияны қадір тұтатын жөні де бар. Басқаша айтсақ, олардың өткен тарихында іші қызылды-жасылды кереметке толы қазыналы сандықтар көп-ақ. Олар өткен тарихын элегиямен еске алады. Біздің бұл елдерден айырмашылығымыз, біз өткенді трагедиямен еске түсіреміз. Өйткені, он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасыр біздің ұлтымыз үшін апатты ғасыр болды. Біздің эстондардан айырмашылығымыз да сонда. Біз эстондар секілді өткен тарихымызды сағынышпен еске ала алмаймыз, біздің тарихымызда қазыналы сандық та, алтын жалатылған самауыр да болған емес. Сол үшін де бізге кешегі қайғылы күндердің жетегінде кетпей, тыңнан түрен салу арқылы ұлт ретінде қалыптасу керек. Егер Алла ғұмыр берсе, біз тыңнан түрен салған жастардың елінде өмір сүретін боламыз. Екіншіден, этнографиялық ұлтшылдық іш пыстырады. Этнографиялық ұлтшылдық деген ұғымның өзіне еш қарсылығымыз жоқ, бірақ ол біздің жолымыз емес. Біздің тегіміз бөлек. Біз шаруа тегінен емеспіз. Ұлт ретіндегі мақсатымыз да, мұратымыз да бөлек. Біздің жанымызға көшпенді елдің рухы жақын. Жаугер халықтың ұрпағымыз, тіпті қанымызда аздаған қарақшылық та болуы мүмкін. Бірақ, шаруа адамның деңгейіндегі данышпандық біз үшін жат. Этникалық ұлтшылдық белгілі бір шеңбердің ішіндегі ұғым. Ол жерден жеңіске жетер жол іздеп әуреге түсудің өзі шамалы. Бізге от керек. Бықсып жанған шала емес, жалындап жанған от керек. Жұбаныш іздейтін жаста емеспіз. Қазір мүлдем басқа тарихи кезең. Ал қартайған уақытта өткен күнді сағына еске алатын этнография керек десек, ол үшін біз бүгінгі күннен кешікпей ерлік жасауымыз керек. Үшінші себеп. Қазақстан ешқашан Эстония да, Бельгия да бола алмайды. Ондай болдырмайды да. Қос бүйірімізден екі алып аждаһа төніп тұр. Ел аумағының үлкендігі мен жердің асты-үстіндегі байлық та оған жол бергізе қоймас. Бейнелеп айтсақ, біз күлшелі баламыз. Мұндай жерде этнографиялық резервация қалыптастыру мүмкін емес. Мүмкін болған күннің өзінде де оның ұзаққа бармасы айдан анық. Резервациялық ұлтшылдық – өткен тарихы аса бай да емес, тағылымы да жоқ шағын халықтардың жобасы. Резервациялық ұлтшылдық, тағы да қайталап айтайын, тар шеңбердің ішіндегі ұғым. Мұндай елде айналадағы қоршаған әлемге деген сенім де болмайды. Ал империялық ұлтшылдық – өте ауқымды әрі амбициялық жоба. Оның шегі де, шеті де жоқ. Резервациялық халықтардың қатып қалған экспонаттан еш айырмасы жоқ. Ал империялық халықтар күн өткен сайын дамиды, олар ұдайы өзгеріс жасағысы келеді. Егер қаласа, империялық тұлға болуға ешқандай кедергі жоқ. Империялық халықтардың ең басты белгісінің өзі де осы. Римдік болу мүмкін болғаны сияқты американдық болу да әбден мүмкін. Тіпті, ағылшын немесе француз болуға да болады. Кеңес одағының кезінде миллиондаған адам кеңестік халыққа айналғаны тарихтан мәлім. Испандық иммигранттардың ішінде кеңестік болып кеткендері қаншама?! Сол сияқты еуропалықтар да мұсылман әлемінің бір бөлшегіне айналып жатыр. Мәселен, Лоуренс Аравийский сияқты. Нағыз ұлттарды ұсақ ұлыстармен шатастыруға болмайды. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында ондай ұлыстарға өздерінің ерік-жігерінің жоқтығына қарамастан, мемлекеттілікті берді. Олар ұдайы бөлінумен болды. Деградацияға ұшырады. «Ұлттық мемлекет» құру жолындағы әбігердің кезінде ондаған миллион халық қырылып қалды. Жаппай қырылу мен өлім құшу етек алды. Оны жасырып-жабатын себепті де ойлап тапты. Алайда, «шағын халықтардың» мүддесін көздегенсіп, оларға жалған қамқорлық көрсетудің ақыры ол халықтарды күресінге лақтырумен бітті. Югославиядан бастап Руандаға дейін осыған мысал. Қазақ халқы үлкен тарихи жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Бізге империялық, «шыңғыстық» таңдау жасау керек. Шығыс Тұран, Орталық Азия кеңістігі тарихи ерлік жасауға дайын алаң. Біз сырт қалсақ та, ол ерлікті жасайтын халық табылады. Бір нәрсе айқын: ұсақ мемлекеттердің дәурені өтті. Енді тек үлкен ұлт қалыптастыру керек. Жоқтан бар жасайтындай, біз Америка да, Австралия да емеспіз. Соңғы ғасырларда әбден қажыған тарихи шындықты айналып өте алмаймыз. Басқаша айтсақ, қазақтың болмысын сақтап қалуға тиіспіз. Біздің миссиямыз – ұлттың рухын сақтай отырып, қазіргі заманға сай консерватор болу. Ұлттың рухын сөз жүзінде сақтап қалу жеткіліксіз. Ол бізге келешекте үлкен ерлік жасау үшін керек. Мемлекеттік құрылымға келсек, бізге абстрактілі азаматтық мемлекеттің үлгісі керек емес. Біз басымдықты ұлтқа жасауымыз керек. Унитарлық үлгі біздің қолайымызға келеді. Ұлттың тіліне және тілді тұтынушыларға (ұлтына қарамастан) айтарлықтай жеңілдіктер жасалып, басымдық берілуі керек. Шағын ұлыстардың экономикалық және мәдени тұрғыда топтасуына жол беруге болады, бірақ саяси бөлектенуіне түбегейлі жол берілмеуі тиіс. Өтпелі кезеңде аймақтық немесе салалық ұлттық квотаға жіктелудің де мүмкіндігі бар. Алайда, ұлттың және мемлекеттің мүддесіне қатысты кез келген кикілжіңде төл ұлтқа басымдық берілуі керек. Ұлттық-демократиялық ұстаным екі ортада. Бір жағында ұлттық ұстынның бәрін жоюшы ғаламдану тұрса, екінші жағында өткенге бас ұрып, жаңашылдықты қабылдай алмайтын дәстүршілдік тұр. Ашық әлемдегі ашық мемлекет болу керек. Елде түрлі мүдделер тоғысып жатуы тиіс. Әртүрлі мақсат-мұратты көздеген шетелдіктердің келуінен қашпауымыз керек. Тіпті, шетелдік мамандарды ұзақ мерзімге немесе тұрақты жұмысқа тарту ісін жүзеге асыратын оқу және ғылыми-техникалық бағдарламалар болуы тиіс. Шетелдіктер үшін Қазақстанда жұмыс істеу қызық әрі тиімді болғаны жөн. Олар қазақты біріктіруге қызмет етуі керек. Ұлттың арман-мұратын күштеп таңуға болмайды. Ол жапон мәдениетімен деңгейлес өркениетті стандарт болуы тиіс. «Қазақтық» деген өзгелердің мүддесінің нысаны ретінде перспективалы болғаны маңызды. Біздің тарихи бағыт-бағдарымыз екі құрлықта жатыр. Бірі Түркия болса, екіншісі – Жапония. Бірақ, Түркияда да, Жапонияда да Ұлтты ұлықтау бірінші кезектегі мәселе. Тіпті, өткеннен қол үзсе де. Әсіредәстүршілдік (бұл Дай Ниппон Тэйкокқа да, Османдарға да қатысты) құлдыққа айналдырып жібереді. Жалпы өткен күнге бас ұру құлдыққа айналдырады. Өткенді сағына еске алуға болады, өткенге салауат айтуға да қарсылық жоқ. Бірақ, соның шырмауынан шыға алмай қалу есірткіге тәуелділік секілді аса қауіпті. Ұлттық демократияның американдық демократиямен бара-бар болуы міндетті шарт емес. Грек демократиясы немесе скандинавиялық демократия бар екен, олай болса, неге қазақ ұлтының демократиясы болмауы керек?! Француз болуға болатыны секілді, қазақ болуға да кедергі жоқ. Қазақ болу бет-бейнесі беймәлім қазақстандық болудан әлдеқайда жақсы. Өзгелерді өзімізге сіңіріп алу процесін күштеп жүргізе алмаспыз. Бірақ, Мемлекет қазаққа сіңгісі келгендерге қолынан келген көмектің барлығын жасауға міндетті. Адам болғаннан кейін әркімнің қалауы әртүрлі болуы мүмкін. Ешкімнің құқығына қол сұға алмаймыз. Қазақстанның аумағында кез келген ұлттың өкілі өзінің құқығы мен бостандығының қорғалатынына сенімді болуы міндетті шарт. Оның жеке әлеміне қол сұғуға хақылы емеспіз. Бірақ, итальяндық өзін Англияда қалай сезінсе немесе даниялық Үндістанда өзін қалай ұстайтын болса, Қазақстандағы өзге ұлттың өкілі де өзін дәл солай ұстауы тиіс. Азаматтықтың анықтамасы біреу-ақ. Қа¬зақстанның азаматы болғысы келетіндер қазақ халқының тағдырынан тысқары болмауы керек (яғни, осы елде жұмыс істеп, осы елдің қазынасына салық төлеп, осында сайлау құқығына ие болуы тиіс). Сол сияқты қазақтың ұлттық жобасы мен қазақ тілінен де тыс бола алмайды. ДЕМОКРАТИЯДА ҮЛГІ КӨРСЕТЕ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК Артта қалдық деп өкінуге де болмайды, оның да өзіне тән артықшылықтары бар. Мәселен, сырт көз ретінде демократиялық әлемге ғаламдық көзқараспен қарай аламыз. Осының барлығын есепке алатын болсақ әрі қолымызда бар шексіз мүмкіндіктерімізді пайдаланатын болсақ, онда біз жетілген саяси жүйе құра аламыз. Билік деген айтулы ғана емес, сапалы да қызмет болуы тиіс. Оның киімді химиялық тазалауға беруден немесе үйге пицца алдырудан еш айырмасы болмауы керек. Егер тапсырыс уақытында әрі ойдағыдай орындалатын болса, қызмет көрсетуші алғыс алады. Ал ойдағыдай болмай шықса, өз обалы өзіне. Сол сияқты саясаткер де титтей қателік жіберсе, тіпті алдына келген адамға теріс қарап, жымия жауап бермесе де, қызметтен қуылатынын түсінуі керек. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Бірақ, бұл қызметке ешкімнің де мәжбүрлеумен келмейтінін де есептен шығармаған жөн. Еуропа мен Азияның айырмашылығы туралы сөз болғанда, географияға тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Түркия, Корея, Жапония секілді мемлекеттер тұтастай еуропалық стандартқа сай болмаса да, сай болуға ниетті. Оны іс жүзінде дәлелдеп те берді. Ал керісінше, кәрі құрлықта жатқан кей мемлекеттер «азиялық» менталитеттен ажырай алмай отыр. Яғни, мемлекетіңнің қай құрлықта орналасқаны маңызды емес. Маңыздысы – түптің түбінде оның қай жақта болғысы келетінінде. Егер билік пен халықтың арасындағы алшақтықты жоя алсақ, онда біз еуропалық таңдау жасаймыз. Ал егер қолында уақытша билігі бар қатардағы шенеунікке табынуды тоқтатпасақ, онда біз азиаттардың қатарында қала береміз. Шенеунік дегеніміз қызмет көрсетуші менеджер ғана. Біз кез келген уақытта олардың қызметіне жүгіне аламыз, олар бізге сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Олар бұл салада кәсіби бәсекелестік бар екенін ешқашан естерінен шығармаулары тиіс. Еуропа мен Азияны бірін артық, бірін кем деуге болмайды. Олардың жаманы жоқ. Азияда адамның ішкі жан дүниесіне үңілу басым, Азияның сәулеті салтанатты. Ақыр аяғы Азияда ас ішіп, аяқ босатуға дейін өзіне тән мәдениет бар. Жанның байлығымен қатар, тәннің сұлулығына да айрықша мән беріледі. Ал Еуропаның көлік индустриясы мықты дамыған. Еуропада саяси жүйе жетілген. Егер әбден пісіп-жетілген саяси жүйе туралы сөз болатын болса, онда әңгіменің еуропалық саяси жүйе туралы болғаны. Өмірде қолынан іс келмейтін адамдар болады. Саясатқа араласып, күштік құрылымдарға қызметке тұрғысы келетіндер де негізінен осындай қолынан іс келмейтін адамдар. Билік дегенде көз алдымызға кіл жаман адамдар елестемеуі керек. Ал ол үшін түсінігі таяз жандарды қайткен күнде де билікке баруға итермелейтін артықшылықтар түп тамырымен жойылуы тиіс. «Маған бәрібір» дейтін түсініктегі адамдар көп болған жерде ешқашан демократиялық жүйе дамымайды. Алдымен «мен елімнің болашағына бей-жай қарай алмаймын» деушілердің қатары қалың болуы тиіс. Ал ол үшін не істеу керектігі одан кейінгі кезектегі мәселе. Алдымен ортақ іске жұмыла білу керек. «Республика» дегеннің өзі «ортақ іс» дегенді білдіреді. Революционерлер мен реформаторлардың проблемасы қай кезде де ортақ: олар қатарларын көбейтуден қиналады. Бастапқы кезде елді елең еткізу сондай қиын. Ал болары болғаннан кейін олардың қатары көбейе береді. Бұрын азамат болу деген ерлік жасаумен пара-пар түсінік ретінде қарастырылатын. Халықтың тағдыры таразыға тартылар тұста таңдау жасау құрбандыққа баруды талап ететін. Қазіргі жағдайда да дәл осылай болуы тиіс. Дамыған елдер электораттың көңіл-күйіне тәуелді. Түк істегісі келмейтіндер мен қылмыс жасаудан тайынбайтындар кепілдендірілген әлеуметтік жәрдемге иек артып алған. Шенеуніктердің солардың деңгейіне түскеннен өзге амалы жоқ. Ал мұндай тәуелділікте жүрген шенеуніктәуекелге бел буып, қандай да бір өзгеріс жасай қояды дегенге сену қиын. Алайда, ұдайы олай жалғаса беруі мүмкін емес. Азшылықтың қалауымен болса да өркениеттің пайда болуы соның айғағы. Әсілі, көпшілік өркениетті аса қаламайды. Ал оның игілігін көруге келгенде, алдарына жан салмайды. Тарихи төңкеріс жасауға екінің бірі мүдделі емес. Көпшілік оған дайын болмауы да мүмкін. Оған көндігу керек. Өйткені, ешкімнің құқығына қол сұғуға хақымыз жоқ. Азаматтық деген – айрықша жауапкершілік жүктейтін артықшылық. Азамат болғысы келмейтіндер базалық салықтан ғана емес, әскери қызметтен де босатылуы тиіс. Өзіңнің еліңнің тағдырына бей-жай қарайтын болсаң немесе, тіпті, тұрып жатқан мемлекетіңді өзімнің елім деп есептемейтін болсаң, оны толық мойындау керек. Бүркемелеудің, жасаулап-жабудың түкке де керегі жоқ. «Елдің тағдырында мүлдем шаруам жоқ» деуің керек, ал олай болмаса, оны іс жүзінде дәлелдеуің керек. Азамат болғысы келмейтіндерге ел аумағында кәсіпкерлікпен айналысу құқығы берілмеуі тиіс. Жеке кәсіпкерлікпен тек ел азаматтары ғана айналысуы тиіс. Ал ел азаматы болғысы келмейтіндер кез келген мемлекеттік мекемеде немесе жекеменшік кәсіпорында жалдамалы жұмысшы болсын. Алайда, олардың еңбек құқығы толықтай сақталуы тиіс. Азамат болғысы келмейтіндер қалаған уақытында ел азаматының қатарына қосыла алады. Ол үшін барлық мүмкіндік жасалуы тиіс. Қоғам әлдебір топтар үшін алынбас қамал құрмайды. Ол тек әркімге қалауына қарай өмір сүруге мүмкіндік береді. Егер адам өз өміріне бей-жай қарайтын болса, қарсы тараптан да жауапкершілікпен қарауға хақысы жоқ екенін түсінуі керек. ҚАЗАҚ АРМАНЫ: КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТУ Жасампаздықтың жарқын үлгісі – Америка Құрама Штаттарының, Кеңес Одағының құрылысы, Қытайдың қуатты державаға айналуы. Мұның бәрі - империялық әрі иделогиялық жоба. Мұхит, ғаламшар – бәрі дәл осылай игерілген. Ал енді «біреуден ілгері, біреуден кейін, осы күнімізге шүкір» деп отыра беретін болсақ, онда ешқандай да өзгеріс болмайды. «Бәріне бірдей жақсы болсын» деген тілекпен шатыры тесік сарай салынады, мемлекет құруға мұрша келмейді. Империя дегеніміз – тек географиялық картадан орын алған ел емес, ол - өз мақсат-мұратын айқындай алған ел. Сөздің мағынаға байлаулы болатыны сияқты, біз де Империя болуға мұқтажбыз. О заманнан бері тек табиғи байлықтың есебінен молшылықта өмір сүріп келе жатқан бірде-бір ел жоқ. Бәрі асқан жанкештілік, ерен ерлік пен еңбектің арқасында пайда болған. Олар – американдық протестанттар, кеңес дәуірінде өмір сүрген ұрпақ және басқалар. Ал қалғандарына тиген үлес – көшбасшыларға қызмет көрсету. Бұл – олардың өз таңдауы. Даяшы ел, газ тасымалдаушы ел, массаж жасаушы ел. Мұнымыз – ешкімді жазғыру емес, тек олардың таңдау еркін бейнелі түрде суреттеу. Таңдаудың аты таңдау. Ол үнемі сәтті жасала бермейді. Көшбасшылар мен артта қалушылар деп бөлу – олардың жетістіктерінен гөрі, алға қойған мақсаттарына қарай өзара салыстыра отырып жасалған жіктелім. Кейбір ұлттар: экспедицияларды жасақтау үшін, жаңа құрлықтарды ашу үшін, жаңа сауда жолдарын салу үшін батыл қадамдарға барды (міне, алдыңғы қатардан орын алғандар осылар). Кейбіреулер күйбең тірлік кешуде. Ал қазақ тек өз құлқынының ғана құлы бола алмайды. Бұл туралы бұрын да айтқанбыз. Алайда, мынаны ойлап көрелікші: неге мықтылар қатары тым сирек те әлсіздер көп? Неге империялық ырғақ кейбір жүректердің ғана соғысынан сезіледі? Байқасақ, Ұлы географиялық жаңалық жасалған дәуірде белгілі болған елдер саусақпен санарлық-ақ. Ал кейбіреулер өздерін басқалардың келіп, «ашқанын» қалады ... Кока-кола құйылған банкі сияқты ... Немесе мұнай ... Халықтың экономикалық немесе табиғи жағдайына қарағанда, оның жеке және ұлттық психологиясы көп нәрсені айқындайды. Өмір сүруге деген құлшынысы зор адамдар да аз. Арманның жетегінде ерлік жасауды көздейтіндер тіпті сирек. Қысқасы, кедергілер біреулер үшін алынбас тас қамал болса, екінші біреулер оны таптап өтіп, аңсаған арман-мұратына жетеді. Бірақ кілтипан кедергіде емес, адамның өзінде. Мінсіз қоғам немесе сондай болуға ұмтылатын қоғам кез келген міндетті шешімдерді жоққа шығарады. Адам баласы ешкімге қарыздар емес. Ешкімнің алдында міндеті де жоқ. Орта білім алу да, жоғары білім алу да міндетті емес, ерікті болуы керек. Ерікті болған жағдайда ғана бала оған қызығады. Ал міндетті болатын болса, онда баланың көңілі компьютерлік ойындарға немесе жасөспірімдерге арналған сериалдарға ауады да тұрады. Тек тартымды және қызықты дүниенің ғана құны болатынын естен шығармау керек. Сонда ғана адам еркін ойлы болып қалыптасады, еркін таңдау жасауға қабілетті болады. Кез келген мәселеде. Ал өзінің дарынсыздығы мен жалқаулығының кесірінен алға басқысы келмейтіндер болса, олар сол отырған жерінде қалсын. Олардың орны – күл-қоқыс. Қалауы сол болса, оған ешкім кінәлі емес. Алайда, оларға азаматтық құқықтар берілмеуі керек, азаматтық жауапкершілік те жүктелмеуі тиіс. Жаппай ерікті, кемел ойлы азаматтарды қалыптастыру – әлемде бұрын-соңды болмаған жаңалық. Біз алдымызға осындай үлкен мақсат-міндет қоюдан қашпауымыз да керек, жасқанбауымыз да керек. Жаппай ерікті, кемел ойлы азаматтарды қалыптастыру Қазақстанның мәдени кодына айналуы тиіс. Жай айналып қана қоймай, сол атты ақтауға да міндетті. Мемлекет есебінен ас ішіп үйренгендер өздерінің жеткен жетістігінің барлығын мемлекетпен немесе оның басшыларымен байланыстырады. Тұрақты жұмысы болса, оны да мемлекеттің арқасы деп біледі. Мұндай адамдар өздерінің қолынан іс келетініне сенбейді. Қайғысыз-қамсыз өмір сүріп жатқанын мемлекеттің қамқорлығы мен әлеуметтік көмектердің арқасы деп ойлайды. Мұндай адамдар қаласа да, қаламаса да, өзгенің жетегінде болады. Өз бетімен әрекет ете алмайды. Табысты жұмыс жасағандардың есебінен күн көріп отырғандарына қарамастан, бұлар табысты тер төгіп жүргендерді жек көреді. Өздеріне мемлекеттің мейірі түскен адамдар ретінде қарайды. Мемлекеттің бұларға өзінен қалған-құтқанды лақтыратынын түсінгілері де келмейді. Өзінің асырауында отырғандарға мемлекеттің көзқарасы қандай екені айдан анық. Олар мемлекеттің алдында қарыздар. Кез келген уақытта айтқанына көндіріп, айдауына жүргізе алады. Көнгісі келмесе, қорқытудың жолын да біледі. Ал егер азаматтық қоғам орнайтын болса, онда Қожайынмен тіл табысуға тура келеді. Біздің мемлекет ұтқыр әрі икемді болуы керек. Жеке тұлға мен халық шешімі ғана жеткілікті болатын салалардың бәрінде мемлекет билігі ығыстырылатын болады. Жоғарғы жақтың рұқсатын күтіп отыруды қажет етпейтін жергілікті өзін-өзі басқару дегеніміз осы. Сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан «органдарды» халықтық милициямен алмастыру керек. Біз ешқашан сыбайлас жемқорлықпен күреспейміз! Оның орнына жемқорлықты тудыратын алғышарттарды біртіндеп жоюға күш саламыз. Ұрыларды халықтың есебінен асырағаннан гөрі, олардың қолын кескен әлдеқайда тиімді. Түрме адамды түземейді. Керісінше, келесі қылмыстың жасалуына жол ашып береді. Түрмеге жауып, колонияға жіберу бүгінгі заманның аса сұрқия көріністерінің бірі. Одан қалса, өзгенің қайғы-қасіретінің есебінен өзінің бас пайдасын ойлайтындарға жол ашып беруші. Түрмеде жатқандарды қадағалап, күзетіп, одан қалса, араларына сөз тасып жүргендер азаматтық қоғамның кейіпкері бола алмайды. Озық ойлы жасөспірім темір торға тығушы болуды армандамаса керек. Керісінше, ол сондай тордың құрбаны болуды көбірек қалауы мүмкін. Түрмелерді жою керек. Сонда ғана жалғыздық жойылады. Сонда ғана адамдар бір-бірінен алшақтамайды. Бұл темір тордың ар жағындағыларға да, бер жағындағыларға да қатысты. Тығырыққа тірелуден қорықпау керек. Тұйықтан шықсақ, қатерлі бұрылыстарды да еңсереміз. Ал ондай бұрылыстардан өтпейінше, алға жылжи алмаймыз. Біздің қоғамда ешқандай да тақырып табу болмауы тиіс. Біз еркін ойлы адамдармыз. Көңіліміз қалаған кез келген тақырыпты талқылай аламыз. Оған ешкім кедергі келтіре алмайды. Қоғамдық құрылыстың қай түрі туралы сөз етсек те, шенеуніктер біздің аузымызды жаба алмайды. Біздің таңдауымызды шектеуге Ресейдің де, Американың да хақысы жоқ. Егер адамзат өзінің қалауындағы іспен айналыспайтын болса, өзінің мүмкіндігін ешқашан толық көрсете алмайды. Өзінің қалауындағы істеймін деген адам міндетті түрле табысқа қол жеткізеді.

Әділ ТОЙҒАНБАЕВ №48-49