Қаланы қазақыландыру – БИЛІКТІҢ МІНДЕТІ!

Алматы қаласының әкімі А.Есімов мырзаның назарына!

Жуырда ғана сонау жетпiсiншi жылдардан берi нән шаһарымыз Алматыда ғұмыр кешiп келе жатқан ақсақалмен жолығып, әңгiмелесудiң орайы келдi. Әңгiме ауаны бүгiнгi қала тiршiлiгiне ауысқанда, қаршыға көз қарттың жанарынан бiр түрлi жабырқаңқылықты, мұңды байқадым. Атам қазақ «Қартын сыйлаған халық бақытты» дептi. Қазақ даласының сырлы мекенi, талай әулие, тектi абыздар өмiрге келген сұлу Көкшеде дүние есiгiн ашып, Омбы облысында ат жалын тартып мiнген, Кеңес одағы кезiнде бiрнеше лауазымды қызметтердiң тiзгiнiн ұстаған Хайыркеш Омаров ақсақалмен болған әңгiменi елдiң сүйiктi газетi «Жас қазақ үнi» арқылы оқырмандарға ұсынғанды құп көрдiк. Ару Алматының бүгiнгi хал-жайы хақында өрбiткен ой ешкiмдi бей-жай қалдырмас деген ниеттемiз.

– Сiз көркем Көкшеде дүние есiгiн ашқаныңызды айтып қалдыңыз. Елiмiздiң ең шұ¬рай­лы өлкелерiн, жанбағысқа қо­лайлы мекен­дерiн азуын айға бiлеген империя тұсында өзге ұлттың өкiлдерi иемденгенiн, соның кесiрiнен әлi күнге дейiн сол аймақтардың қазақылануы былай тұрсын, келмеске кеткен империяның сұсы басып тұра¬ты¬нын бiлемiз. Оқуды Омбы облысында бiтiруiңiздiң себебi неде? – Әкем марқұм сол Көкше өңiрiнде елге сыйлы азамат болған. Алты-жетi ауылдың (колхоздың), ұжымшарлардың басшысы болып қызмет атқарған кiсi. Бiрақ аяқ-астынан әкемдi қызметтен босатады. Себеп не дейсiз ғой? Сөйтсем әкем орыс тiлiн бiлмейдi екен. Ал ол заманда орыс тiлiн бiлмесең, ең берiсi ауыл әкiмi болуға да құқың жоқ. Сен бiлесiң бе, бiздiң бала кезiмiзде бiздiң ауылда бiрде бiр орыс жоқ болатын. Бiздi қиғылық салсақ үлкен кiсiлер «Иван келе жатыр», «Иванды шақырам» деп қорқытушы едi. Ондай сәтте бiз Иванды адам екен деп ойламайтынбыз. Бiздiң көзiмiзге өзгеше бiр бейне елестейтiн. Кейiн бiлдiк қой, Иванымыз бiр аяғынан айырылған ақсақ, орыстың мыжырайған шалы екен. Бiрде әкем көрсеттi оны. Содан мен орыс бiткеннiң бәрi ақсақ болады екен ғой деп ойлайтынмын... Әкем қызметiнен босаған соң бiз түрлi себептермен Омбы облысына қоныс аудардық. Ол да қазақтың жерi ғой. Бiрақ айналаң толған кiлең орыстар. Қазақтар өте аз. Жергiлiктi қазақтар тiлден мақұрым. Мен мектептi сол жерде бiтiрдiм. Әрине, қиыншылық болды. Қазақ мектебi жоқ. Алғаш мектепке барғанда бiр ауыз орысша бiлмейтiнмiн. «Басқа түссе баспақшыл» демей ме халқымыз. Амал жоқ үйрендiк жаттың тiлiн. Айтпақшы, алғаш көшiп барған жылдары көшеден қазақ көрсек, бас салып құшақтай алушы ек... Ол да бiр қиын жылдар едi ғой... – Қазақта шаңырақтан киелi дүние жоқ қой. «Шаңыраққа қара» дейтiнiмiз де сондықтан. «Отан от басынан басталады» демекшi, орысы жоқ ортада дүниеге келiп, кiл орыстың iшiнде өскен сiздей қарттар отан мен туған жер қадiрiн анағұрлым терең түсiнетiн шығар... – Елдiң қадiрiн елден жырақ жүрсең бiлесiң. Ал отанның қадiрiн, Тәуелсiздiктiң, бостан¬дықтың мәртебесiн осы елден алыс кеткендер бiзден гөрi анық сезедi. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол!» деп өсиет еткен деседi Бейбарыс бабамыз. Бiз Омбыда жүрген кездегi бiздiң елге деген, Көкшеге деген сағынышымызды сұрама! Бала күндегi сағыныш тiптен қиын. Түсiмде ылғи Бурабайды көрушi едiм. Бiр күнi төсегiмнен ояна салып, әкеме: «Кетейiкшi!» деп солқылдап жылаппын. Марқұм әкемiз соны бертiнге дейiн айтып отырушы едi. Қазақы ауылда өскен бiз үшiн жат ортаға үйлесуден қиын ештеңе болмады. Шаңырақ деп қалдың ғой өзiң де. Қазақ үшiн шаңырақтан қасиеттi ешнәрсе жоқ. Елтаңбамызда да шаңырақтың белгiсi тұрған жоқ па! Шаңырақ – қазақ ұлтының символы. Оны қадiрлеу, қастерлеу керек, қарағым. Мен осы қалада тұрып келе жатқалы қырық жылдай уақыт өттi. Алматының содан бергi тарихы менiң көкiрегiмде сайрап тұр. Кеңес кезiнде бұл қалаға қазақты жолатпайтын. Қазақтың үлесiн жиырма пайыздан асырмау керек деген құпия жарлықтары болды. Құдайға шүкiр, қазiр әр өлкенiң қазақтары осы қалаға орналасып жатыр. Бiрақ солардың жай-күйiн ойлаған үкiметтi, әкiмшiлiктi көрмей, қапа болам кейде. «Шаңырақ» ықшам ауданындағы қазақтың жағдайын өзiмiз бiлемiз. Өз елi өзiнiң ұлтын қалаға жолатпауда. Бiздей қарттар соған наразы. Ана бiр дiни секталар, кришнаиттер дей ме, не дейдi өздерiн, гектарлап жердi заңсыз басып алады да, үй-жай салып, жұртты өз дiндерiне тартады. Жегi құрт қой олар қазақ санасына түскен. Жерлерi заңсыз. Билiктегiлер соны бiле тұра, жердi қайтарып алуға шамаcы жетпейдi. Себебi, олардың артында қолдаушылары көп. Шетел¬де тұрып дабыл қағады. «Қазақстан дiнге шектеу қойып жатыр, бiздi қуып жатыр» деп жалпақ жұртқа жария етедi. Бiз солардан сескенемiз. Ал қазақтардан... Қазақтардың арқа сүйерi кiм? Өзiмiздiң билiк. Алай­да билiктегiлердiң шамасы қазақтарға ғана жететiнi өкiнiштi. – Бiртуар ақын Жұмекен Нәжiмеденов бiр өлеңiнде қала­дағы қарт туралы жазады. Сонда ауылдан келген ақсақал қалада сәлем беретiн, әңгiмелесетiн ешкiм жоқ деп қайғыратыны бар. Алматыдағы қазақ қарттары, өзiңiз секiлдi үлкен кiсiлер қайда бас қосады? Қаламызда сiздердiң жағдайларыңызды ойластырып, бас қосатын орта әзiрлеуге әкiмшiлiк неге құлықсыз деп ойлайсыз? – Бұл өте өткiр мәселе. Мұны ойлаған жан баласын көрген емен. Бұл тек қана Алматыдағы жағдай емес, бүкiл республикада орын алған өзектi мәселе. Өзiң айтшы, бiздер секiлдi қарт адамдар емен-жарқын сырласып отыратын жер бар ма мына қалада? Жоқ. Ал жастардың жын-ойнақтары – түнгi клубтар, кафе-барлар, ресторандардан көп дүние жоқ. Екi аттам жерде бiр кафе, үш аттам жерде бiр ресторан. Ал қарт адамдар ондай ортаға үйлесе алмайды. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген Абай данышпан. Қазiргi қала қарттары да сондай күйдi бастан кешiруде. Ұлтты ұлт ететiн оның дәстүр-салты. Дәстүрiмiздi, тiлiмiздi, дiнiмiздi ұмытсақ, онда бiз қара орысқа айналамыз. Одан басқа жол жоқ. Қазыналы қарттардың ақыл-кеңесiн, көрген-бiлгенiн көңiлге түйген ұрпақ ұлтының ұлағатына қанығып өседi. Бiздегi жағдай одан аулақ. Қартты емес, нарықты сүйетiн, ақшадан басқаны идеал тұтпайтын буын өсiп келедi. «Заманына қарай адамы» десек те, адамына қарай заманы да болатынын ұмытпаған жөн. – Әр халықтың өзiнiң ұлттық асханасы, ұлттық тағамдары болады. Егер әкiмшiлiк қарттардың бұндай жағдайын ескерiп, арнайы орталықтар құрды деген күннiң өзiнде, алдымен, ұлттық тағамдарды даярлайтын, тек ұлт¬тық асты пiсiретiн асханалар ашуы кезек күттiрмейтiн мәселе ғой... – Әрине. Әр ұлттың өз тағамы, өз асы бар. Бiздiң қалада өзге ұлттардың асханасы көп. «Европейская кухня», «дунганская кухня», «китайская кухня» деп маңдайшасына жазылған асханаларды күнде көрiп, көзiмiз үйрендi. Ал «Қазақ асханасы» немесе «Қазақтың ұлттық тағамдары» деп жазылған кафе кезiктiрдiңiз бе? Ондайды көру неғайбыл. Сонда бұл кiмнiң қаласы? Қазақтың ба, әлде... Мына мендей қарттар қазақтың ұлттық тағамын жегiсi келедi. Қазы-қарта, жал-жаяны асап, қымыз бен шұбатты сiмiрiп отырғанға не жетсiн! Мен мұны бiрнеше газетке де жазғанмын: «Бiзге қарттар бас қосып шүйiркелесетiн, ұлттық ас мәзiрiмiзбен тамақтанатын орта керек» деген болатынмын. Селт еткен ешкiм болмады. Адам мiнезiнiң қалыптасуына жеген тағамы өте үлкен әсер ететiнiн ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Өзге ұлттың асын iшiп өскен ұрпақтың да мiнез-құлқы сол ұлтқа бейiмделедi. Ұлттық асханаларды көбейту керек деп отырғаным сондықтан. Кейде қала көшелерiн аралап жүргенде, әлденеден өз-өзiмнен үрейленемін. «Осы бiз қайда бет алып барамыз?» деген сұрақ маза бермейдi. Көшедегi алабажақ жазуларға қарашы, қазақтың емес, басқа бiреудiң қаласында жүргендей күй кешесiң. Ағылшынша, орысша, французша ма, әйтеуiр түсiнiксiз бiрдеңелер. Қазақша жарнама аз. Барының өзi қате жазылған, ел көрмейтiн бұрыштарда тұрады. Ал сен ұлттық асхана туралы әңгiме айтасың... – Сiздi «Көкше» атты киiз-үй кешенiн басқарады деп естiдiк. Сол киiз-үй кешенiнде ұлттық тағамдар сатылатын шығар... – Бұл киiз-үй кешенi сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында құрылған. Әкiмшiлiк өзi мұрындық болып, мен қоқсыққа толып жатқан жердi тазартып алғасын уақытша жалға берген болатын. Сол кезде қаланы қазақыландыру керек деген әдемi бастама кө¬терiлдi ғой. Соның негiзiнде iске асқан едi. Өзi мына 2-Ал­маты вокзалының қасына орналасқан. Әлi де сол жерде тұр. Әрине, сол тоқсаныншы жылдардан берi қарай қымыз-шұбат, қазы-қарта, жал-жая даярлап, мереке-мейрамдарда қаланың қарттарын шақырып, бас қосып келдiк. Қазақтың тұсаукесер, тiлашар секiлдi салт-дәстүрлерiн елге көрсететiнбiз. Тұсаукесерде баланы ала жiппен тұсайды. Мұның сыры ержеткенде елдiң ала жiбiнен аттамайтын азамат болсын дегенi. Бұл ендi бөлек әңгiме. Бұл үйге сенаттың депуттары да бас сұққан күндерi болды. «Дұрыс екен, бiз қолдаймыз» дестi бәрi. Бастабында билiк тарапынан аз-мұздап ынта да бiлiндi. Мен сол кезде әкiмшiлiкке «осы бiр ғана жерге емес, қаланың барлық аудандарынан осындай киiз-үй кешенiн ашу керек» деп ұсыныс жасадым. Бiрақ, не себептi екенi белгiсiз, ұсынысым аяқсыз қалды. Мiне, жалға алып, алым-салығын уақтылы төлеп келе жатқаныма он жылдан асты. Құжаттары да толық. Бұндай киiз үйлер Талдықорған, Ақтөбе секiлдi қалалардың әр ауданында бар. Биыл бiр түсiнбестiк орын алып тұр. Әкiмшiлiктегiлер: «Бұл киiз-үй орналасқан жерге жол түседi, сондықтан босату керек» деп шешiм шығарыпты. Жыл басында маған жалға беруге келiскен өздерi. Тұтқиылдан қандай өзгерiс болғанын бiр құдайдың өзi бiлсiн. Жол өтетiн де орын емес. Айналасының бәрi ғимараттар. Шындығына келгенде, жолмен түк қатысы жоқ. Бiр сотық жер кiмге керек боп тұрғанын бiлмей далмын. Орыстың, түрiктiң, қытайдың асханасы ат шаптырым жерге орналасады. Оларға бiр ауыз сөз айтқан ешкiмдi көрмедiк. Сотқа да жүгiндiм. «Жоңғарлар, орыстар құлата алмаған қазақтың киелi шаңырағын бейбiт заманда өзiмiздiң әкiмшiлiк қиратпайтын шығар» дедiм оларға. Әлi бiржақтылы болған жоқ. Қазақ үйге қалада орын жоқ болғаны ма, сонда? Бiлмеймiн. Бiздiң қалада ақылға сыйымсыз жағдай көп. Әкiмшiлiк пен халықтың арасында байланыс жоқ. Әкiмшiлiк – бiр жақта, халық – екiншi жақта. Қаланы қазақыландырмай, мемлекет ешқашан қазақыланбайды. Билiктiң негiзгi мiндетi қала­ны қазақыландыру болуы керек. Оның түрлi жолдары бар. Елбасының өзі көбейтуді талап етіп отырған ұлттық асханалар соның бiр тармағы. Ал бiздiң сүйiктi шаһарымыздың маңдайына ондай асхана түгiлi, ұлттық орталық деуге тұрарлық киiз-үй кешенi де сыймайтын секiлдi. Арман көп, дәрмен жоқ заманға тап келдiк... Әңгiмелескен Әдiл ТҰРСЫНБЕКОВ №42  04.11-11.11.2009