ТҰРМАҒАМБЕТ

(Жалғасы. Басы өткен сандарда) Тұрмағамбет қолжазбалары түгел оқылып, ақынның қолтаңбасы анықталғаннан соң ғана осы кезге дейін «Тұрмағамбет қолтаңбасы» саналып келген ОҒК қорындағы №1169-бумадағы жазудың ақын қолына тән емес екендігі белгілі болды. Анықтай келе бұл жазу стилінің №875-бумадағы № 2-дәптерге қоса тіркелген Ахетұлы Әдис (Қолжазбада Ахытұлы Хадише деп жаңсақ жазылған. – Б.Ж.) қолтаңбасына ұқсайтындығы анықталды. Көп жыл Сыр өңірі, Жалағаш ауданында оқу-ағарту саласында қызмет атқарған Ә.Ахетұлының анасы Нәзира Тұрмағамбет Ізтілеуұлының бәйбішесі Биғамен бірге туған, яғни Байболат болыстың қызы еді. Ал, Тұрмағамбет пен Әдис тіршіліктерінде жақын араласып, сыйлас болған жандар. Сондықтан да, халық ақындары шығармаларын жинаған Тұрмағамбеттің ескі қолжазбасын қайта көшіріп, жаңартып, мұрағат қорына Т.Ізтілеуұлының атынан Ә.Ахетұлы ұсынуы әбден мүмкін деген ойды алға тартуға болады. Аталмыш қолжазба таңбасының Ә.Ахетұлына тиесілі болуы әбден мүмкін дейтініміз сол. Әйтсе де, бұл мәселелердің ақ-қарасы әлде де анықталып, зерттеле түскені абзал. Сол үшін үстірт шешім қабылдау ерте деп білеміз. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» жинағындағы №2-дәптерге берілген анықтамадағы: «Бұл дәптердегі шығармалар саны үш жүз сегіз атаудан тұрады» (138-б.) деген мәлімет те жаңсақ. Бұл дәптердегі барлық терме, толғау, хикая, дастан сияқты ірілі-ұсақты шығармалар саны 295 атаудан тұратыны анықталды. Дәптерде бірнеше қосымша беттер кездеседі. Бұған байланысты қолжазба сипаттамасында «Қосымша жазуы» деген ескертпе де бар. Бірақ мұндағы мәтін мазмұнының қолжазбаға қатысы аз болғандықтан, бұл қосымша жазу сипаттамада қысқартылып берілген. Мұндай нақтылықтар болашақта ақынның шығармашылық лабораториясының толық зерттелуі үшін қажет. Аталмыш «қосымша жазу» қарындашпен жазылғандықтан, парақтағы жазулар өңіп кеткен. Мәтіннен мына мағынадағы сөздер сұлбасын ғана оқуға болады: «Он бірінші ноябрьде, дүйсенбі күні. Біздің мылтыққа отыз екінші гилза патрон керек, пистон шығаратынымен. 1354 жылдың рамазанының басы жұма болды, 29-ноябрьде, ескіше 16-ноябрьде. 1355 жылдың рамазанының басы жексенбі болды, он бесінші ноябрьде. Жосалы, Кармакчинский район, он бесінші ауыл, Сайарық колхозы. Алматы қаласы, Карл Маркс көшесі, үй номері 21, Қазақтың Мемлекеттік баспасы, Берденов Тайжанға». Осы беттің шекесіне парсыша: «Фирдоусидің «Шаһнамасын» айттым» деген мағынада екі жол өлең жазылған. Қосымшадағы екінші бір парақта ақынның өз қолымен жазылған: «Район Қызылорда, станция Тереңөзек, Аламесек учаске, 11-ауыл, жетінші Көлсерекке. Боранбайбаласы» деген мекенжай көрсетілген. Алдыңғы хатты Тұрекең Тайжанға арнап жазып отыр. Рамазан айына қатысты егжей-тегжейлі ескілікті анықтамалықтар тікелей Тайжан Берденовтың сұратуымен жазылған болуы мүмкін екенін де терістей алмаймыз. Олай болса, Тұрекең өлеңдерінің қолжазбаларын екі дана етіп көшіріп немесе сауатты шәкірттерінің біріне көшіргізіп, бір нұсқасын Тайжанға жіберіп отыруы да ғажап емес. Немесе бұл хаттың қолжазбаға қатысы шамалы болуы да терістелмейді. Болмаса, тек өзі үшін, қолжазба көшірмесінің жасалған уақытын нақты көрсету үшін жазылған. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» жинағындағы №2-дәптердің бет саны 1-192 деп көрсетілген. Қолжазбаны оқу барысында 189-191-беттердің аралығы мүлдем жоқ екендігі анықталды. №192-бетке 307-308 реттік санмен белгіленіп «Жігіттің тоқтар жері жетпіс-тағы», «Есерлік естен қалмайды жасыңдағы» деген екі қысқа өлең жазылған. Қолжазбадағы шығармалардың тұсына реттік саны қойылған. Бірақ өлеңге қойылған реттік сандар шатасқан. Қолжазба беттелер алдындағы парақта Әдис Ахетұлының 1948 жылдың 20-қыркүйегінде жазған «Тұреке, тұлғасы едің асқан жүздің, // Арнасы арылмастай асыл сөздің» – деп басталатын «Ақынға арнадым» атты 29 жолдан тұратын өлеңі беріліп, маңдайшасына «14.09.1962. Берілді Марданға» деген бұрыштама соғылған. Тұрмағамбетке арналған жыр болған соң өлең ақын қолжазбасына Әбдірауық тарапынан кейін тіркелген сияқты. Қолжазба бұрыштамасында: «Ұлы жүзден Абақ, Тарақ. Абақтан – Жалайыр, Қаңлы. Тарақтан – Албан, Суан, Шапырашты, Дулат. Дулаттан – Ботпай, Сиқым, Шымыр, Жаныс» деген шежірелік мәліметтер кездеседі. Бұл жазу Тұрмағамбет қолтаңбасына жақын. Содан соң «Арнаған аттас інім келді хатың, // Оқыдым өрлей шауып кеуіл шатым» деп басталатын «Алға талпын» деген 23 жол өлең жазылып оған: «Егізбаев Әбзәлидің армияда жүріп ауылдағы Әбзәлиге (аттасы – Б.Ж.) жазған жыры» деп айдар тағылған. Бұл Тұрмағамбеттің шәкірті, майдангер ақын Ә.Егізбаевтың майдан даласынан елге жазған хаты екені анық. Ә.Егізбаевтың майданнан жазған өлеңін көшірген қолтаңба мен бірінші дәптердегі шежірені жазған қолтаңба үлгісі бір адамға тән. Ақын немересі Өсер Әбдірауықұлының қолындағы қолжазбалармен танысу нәтижесі: бұл Әбдірауық қолтаңбасы екенін анықтауымызға мүмкіндік берді. Осы өлеңнің қақ ортасында қоршауға алып жазылған: «Бұл дәптер Тұрмағамбет Ізтілеубаласының толғау, терме үшін қойынлаған дәптері» деген сөз бар. Әріптердің жазылу, таңбалану, графикалық ерекшеліктеріне қарағанда қолтаңба автордікі екені күмәнсіз. Қолжазбаның екінші бетінде тігінен «Тотыдан» деген сөз бар. Бірақ жазу Тұрмағамбет қолтаңбасына ұқсамайды. Дәптерлерді тексеру барысында қолжазбаның 1958-1959 жылдары қазіргі кириллицаға аударылғанына көз жеткіздік. Өйткені, өлең мәтіндерінде кездесетін аудармашы ұғымына ауырлық түсірген кейбір мағынасы қиын араб, парсы сөздерінің асты сызылған. Мұндағы бір ескеретін мәселе, Тұрмағамбет ақынның өз шығармаларына өзінің редакция жасауы. Мысалы, «Бидай хикаясында» (13-б.) кездесетін төмендегі мына сөздер: «әлгі қарт» – «бабай», «есік қақты» – «айтты сырттан», «Бидайды бұл қарсыға, – дейді, – әкелгенім» – «Келдім, – деп көрсетті оны, – сонша жерден», «бұл адамда қалған» – «ол-дағы осы қалды», «Бидайдың, біле алмай, асылына бек таңырқап» – «Біле алмай бидай асылын», «басын шайқап» – «аң-таң болып», т.б. Осы тектес редакцияны әрбір шығармадан көруге болады. Дәптер бойынша мұндай өзгертулер өте көп (Қараңыз: 2-188-беттердің аралығы). Сондықтан да бұл болашақта өз алдына жеке зерттеп-қарастыратын, қызық та күрделі мәселе болмақ. Өлең тақырыптарының алдындағы кейбір беттерге қазіргі кириллица әрпінде аударылған жылы, айы көрсетіліп (Мысалы: 29.04.1958; 21.08.58; 25.08.58; 17.09.58; 26.07.59; 19.09.1958), «Аударылды», «Алматыға аударылды», «Алматыға берілді» немесе «Ауылда аударылды» деген сөздер кейде әр бет сайын, әр өлеңнің тұсына жиі жазылған. Демек, бұл бес дәптер Алматыда емес, ауылда аударылған. Бірінші дәптердің оныншы бетінің жоғарғы жағында да «Мен аудардым» деп, Жүсіпов дегеннің қолы қойылған таңба кездескен еді. «Аударылды. 31.07.1959» деген таңба осы дәптердің он алтыншы бетінен де ұшырасып, өлең тұсына қосу таңбасы мен оқылғанын немесе аударылғанын білдіретін белгі соғылып отырған. Кейін мұндай таңбалардың дәптердің көбісінде бары белгілі болды (Қараңыз: Бесінші дәптерде «Мәрді диқан» хикаясы» (7-б.), «Жұмыртқа бидай хикаясы (Бидай хикаясы)» (25-б.), «Қамыс мінгеннің хикаясы» (33-б.), «Орданың хикаясы» (46-б.), «Сүлеймен хикаясы» (61-б.), «Кірпікшешен хикаясы» (67-б.), «Ақ құс хикаясы» (85-б.), т.б.). Тұрмағамбет қолжазбасына қол жеткізіп, аударған кім болуы мүмкін деген сауалды төңіректеп ұзақ жүріп, ақыры, ондай ретті адамның Мұзарап Жүсіпұлы екендігіне тоқтам жасадық. Бұл ойдың дәлелін бекіте түсетін бірнеше дәйек-дәлеліміз болғанымен, Мұзараптың кириллицамен жазып, оқи білгенін айғақтайтын дерегіміз кемшін еді. Жетпісінші жылдарға дейін көзі тірі келген Сыр бойы жыршы-жыраулары ішінде ескіше сауаттысы Мұзарап пен Үбісұлтан болатын. Екеуі де ақынның сүйектес жақыны, Тұрмағамбеттің жырларын түгел дерлік жатқа айтқан жандар. Бірақ ақын қолжазбасы арасында Үбісұлтанның есімі мен қолтаңбасы ұшыраспады. Тек Орталық Ғылыми кітапхана қорында сақтаулы тұрған «Ізтілеуов Тұрмағамбеттің шығармалары» деген таңбасы бар №714-бумада «Аяпұлы Үбісұлтанның жинағаны 57 жол» деген сыңар ауыз сөз ғана кездесті. Әрине, Үбісұлтан Аяповтың осы дәптердегі тапсырған өлеңі осы-ақ болуы мүмкін. Ал, Тұрмағамбет өлеңдерін толық білген және жүйелі жинаған жыршының бірі де осы кісі. ОҒК қорындағы №1113-бумада қырыққа тарта халық ақынының өз қолдарымен жазған өмірбаяны, репертуары, ұстаздары жөніндегі мәліметтер сақталған. Соның ішінде Мұзарап Жүсіповтың 1946 жылдың тамыз айының 16-жұлдызында Е.Ысмайыловқа жолдаған хаты да бар. Аталмыш хат мазмұнында: «...кейінгі уақыттарда газеттен жаңа әліппені жазып алып латынша жазатын, оқитын болдым. Қысқаша айтқанда әріпті газеттен алып, осы жазуға да (кириллица) жаттықтым. Мен көбінесе ұстаз тұтып өлеңдерін жаттап айтатын ақындарым Шораяқов Омар, Ізтілеуов Тұрмағамбет, сосын өз әкем Жүсіп» – депті. Соңына «хат жазушы Жүсіпов Мұзарап» деп қол қойып, айқарма бетке жазған көлдей өмірбаяннан Мұзараптың арабшаға қоса латын мен кириллицаға да бірдей сауатты болғанын білдік. Тұрмағамбеттің №1, №2-дәптерлеріне соғылған «Аудардым» деген белгі Мұзараптың өз қолымен жазған өмірбаянымен бір ізді басатынын көріп, көңіл күдігі сейілді. Демек, 1958-1959 жылдар аралығында ауылда отырған Әбдірауық, Мұзарап, Үбісұлтандар екі жыл ұдайына ақынның араб графикасына негізделген қадім әріпті қолжазбасын кириллицаға түсіріп, бірінің аударғанын екіншісі тексеріп, көшіріп, Алматыға – Мардан Байділдаевқа жіберіп отырған. Дәптердегі 189-191-беттердің орны мүлдем жоқ. Бірақ өлеңдердің реттік саны және өлеңнің өзі сақталған. Соған қарағанда дәптер алдын-ала беттеліп, өлең реті кейін қойылған. Осындағы 192-беттің жоғарғы жағында: «Қызылордада Қалабай Бекділдабаласы, Келмаш Күзембайбаласы бар. Арыста Әлмұрат Қайнарбайбаласы бар, ағартудың бастығы» деген сөздер жазылған. Осы сөздің шетін бастыра: Ауылым осы кезде сел тұрғанда, Отауы солқылдайды жел тұрғанда. Қазақтың Ай мен Күні керек емес, Бұралып тал шыбықтай сен тұрғанда – деген жалғыз шумақ қара өлең жазылып, аяғына «Ғазірет» деп қол қойылған. Өлең қолтаңбасының Тұрмағамбетке тиесілі ме, жоқ па, ол жағы анықтауды қажет етеді. Ақын өз шығармаларының соңында «Дамолла Тұрмұхаммед», «Молда Тұрмұхаммед» деп қол қоятын. Ал, мына «Ғазірет» сөзі сырт ағайын мен шәкірттерінің ақынға деген құрметі болуы бек мүмкін. Тұрмағамбеттің немересі Өсер Әбдірауы­құлының қолында сақталған әулеттік мұрағат арасынан Әбзәли Егізбаевтың Тұрмағамбетке жолдаған латын графикасындағы қысқа хатының мәтіні табылды. Хатты көшіруші Е.Кәрібозов. Хат мазмұны нақты: «Тұреке, дәптердің 19 сызықтысы болмады. Барын беріп жібердім, 23 сызықты екен, 24 парақты болды. Әбзәли, 15.04.1938 жыл». Демек, Тұрмағамбет өз өлеңдерін қолжазбалау немесе қолжазбасының көшірмесін жасау үшін сол кезде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында мектеп директоры болып қызмет атқарып тұрған ақын Әбзәли Егізбаев інісінен қағаз тауып беруін өтінген. Қалам мен қағаздың тапшы кезінде ондай қат дүниенің ағарту саласындағы адамнан ғана табылатындығы ақиқат қой. Хаттың 1938 жылы 15-сәуірде жазылғаны нақты көрсетілгендіктен, бұл кезде Тұрмағамбеттің түрмеде екенін де болжау қиын емес. Түрме басшылары мазмұнынан антисоветтік үгіт сөз іздеу мақсатында ақынның қойын қалтасында жүретін талай қолжазба-дәптерлерін тәркілеген еді. Сондай келеңсіз жайттердің бірі туралы қамауда жатып жазған «Едәуір екі кітап ермек еді» деген өлеңінде: Едәуір екі кітап ермек еді, Отырып ойым оқып көрмек еді. Ішінде елге айтарлық еш үгіт жоқ, Өткеннен қалған текке өрнек еді. ...Тыңдамай ағаң сөзін алып кеттің, Балдардың бірқатары «бер!» деп еді, – деп, әлгіндегідей түрме бақылау­шыларының кісіліксіз қылықтарына қынжылысын білдіретін жыры белгілі. Қағаз тапшылығын тартқан ақынға Әбзәлиден басқа да қол үшін созған жерлестері аз болмаған. Солардың бірі Алматы, Шымкент қалаларында оқу-ағарту саласының қызметкері болған, жерлес інісі, оқыған азамат Шәйім Шайқыұлы Мырзабеков болатын. Тұрекеңнің мақал-мәтелдері жазылған №3-дәптерінің сыртында: «Для зоологии Мырзабековой Н. Начато 10.12.1935» деген жазу сақталған. Демек, дәптер 1935 жылы Алматыда жүргенінде бастап жазылған. Тағы да сол қағаз тапшылығынан ақын Шәйім інісінің шаңырағындағы оқушының дәптеріне мақал, мәтел, нақыл сөздерін жинақтаған. (Жалғасы бар) Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы-ғалым