Көсегесі көгергендер

Айналайын Ататау! Мейманасы тасыған сенің ұрпақтарың аспан асты, жер үстін шірене басып жүріп, кейде қадір-қасиетіңе жетті ме, жоқ па, бір құдайым біледі. Әлі күнге дейін исі қазақ баласын өркениет өркен жайып, көкке самғап ұшқан алып ақ құс пен жер танабын қуыратын төрт доңғалақ түрлі емес, “Қаратаудың басынан көш келеді” көкіректі қарс айырып, күңіренген күй шырт ұйқыдан оятады. Көз ұшында көгілдір сағымға сіңіп, қарындастан айырылған қаралы кеш-керуен ұзап барады.

Омар Қайым (Хайям): Тұрмыз бейім мәңгүрттікке өте біз, Данышпан ой шеше алмаған не теңіз. Бұл өмірдің басы да жоқ аяғы Қайдан келіп, енді қайда кетеміз? – дейтін ауыр күрсініп. Неге таусылды екен сонша?! Тағдыр бізді Ұлы дала мен тәкаппар ататауға теліп, кіндігімізді байлап қойғандай. Жазира жусанының ащы кермек исін насыбай атқандай етіп құмарлана жұтпаса, тектұр шың шатқалдарынан жұпар сүт аңқыған ақ самалға рақаттанып омырау тоспаса көңіл көнші­мей­тіндей, Қаратаудың бір қуысына қоныс аударып, Сүңгі бойындағы қалың Шоқай іші сонша сый-құрметке бөлеп, төбесінен жай беріп күтсе де шикіл шал жа­рықтық ұсақ мал қой-ешкінің құлағына тілік ен салдырып отыратын. -Жазатайым адасып кетсе тез табылады,- дер еді ауыра қараған бізге ағайын арасындағы татулыққа меңзеп ден қойғызып. “Қамбар батыр”, “Алпамыс”, “Қобыланды” мен “Ер Тарғын” жыр-дастандарын тыңдап, оқып есейе бастағанда баба биік бей­несі уақыт пен кеңістік арасынан өктем үн қатқандай біртүрлі елестейтін. Осы жердің иесі мен киесіндей дәу зор тұлға “сендер, кімдерсіңдер?” деп қадала қарап тұрғандай қас қақпай. Қабағынан қар жауған сұсты, екі иығына екі иісі мінгендей, бұлшық еттері білеу-білеу ірі денелі атпал азамат мүсіркегендейме-ау жанарына мейір шуағы толып. Келе-келе білгеніміздей, шынында да, кездейсоқ емес, бабамыз көшпелілердің көсемі де, шешені де болып өмір сүріпті. «Жаукершілікте Тіліктің ту көтерген төбесі» -деуші еді ары-бері таудың теріскей бөктерінен өткенде жолсеріктер Қаратау бір қапталындағы биік шоқтықты Көктөбені ңұсқап. Шежірешілер де уақытты ширатып отырып бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Ыстыдан Ойық пенТілік тараса, бұндағы түптұлға – Тілік. Ол туралы ел аузында ақиқатқа бергісіз ауыз әңгімелер сақталып келеді әлі. Бәйдібек бабасының басына келгенде ХХ ғасырдағы қазақ халқының біртуар перзенттерінің біреуі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев та сондай ғаламат сүйіспеншілік күй кешіпті. «Қасиетті жерге тәу етуге келгенімді ойлап ішімнен ақырын ғана күбірлеп сыйындым. Ол кісінің үш қасиеті болған деседі: Әрі абыз, әрі көреген, әрі әділ адам екен, өте бақытты, қайырымды жомарттықпен аты шығыпты. Ол кісі біраз некелі болыпты. Бірінші әйелі – Марау (Сарыбәйбіше) атанған ағайынға қадірі асқан анамыз, одан тоғыз ұл туыпты. Оның Байтоқты деген немересінен Сарыүйсіндер тарайды. Екінші әйелі Зеріптен туған Жалмәмбеттен Шапырашты, Ысты, Ошақты тараған. Ағайынды үшеудің бірі Ыстыдан біз тараймыз. Домалақ ана басына барып зиярат еттім. Әулие анамыздай ардақ тұтқан ұрпағы күмбез тұрғызып, оның рухын көтеріп, ол кісінің өшпес әңгімесін жастарға үлгі етуі жан сүйсінтеді». 1748 жылы түзген шежіресінде М.Тәуекелов “Ұлы жүзде оуйсюнді (үйсінді) құрайтын негізгі он ру барын қадап айтса, Ш.Уәлиханов, Диханбай батыр шежіресіне сүйенген Н.А.Аристов және басқалардың көрсетуіне сілтеме жасап, В.В.Востров пен М.С.Мұқанов XIX ғасыр аяғында Сарыүйсіндер-1700, Албандар-8477, Дулаттар-37672, Суандар-1025, Шапыраштылар-1910, Ошақты-800, Ысты-7514 шаңырақ болғанын атап өтеді. Демек, Ыстыдан енші алған Тіліктер сол түтіннің жартысына жуығын құрайды десек қателесе қоймаспыз онша. Бәлкім, бұл санақ бойынша тізім жобамен атүсті алынған да болар. Қашан да жақсыға сөз, жаманға шөп ереді. Бірде Тілік Арқа жақтағы Жетіқоңырды аралап келе жатып жолсоқты болып шөлдеген атын суғаруға құдық басына бұрылады. Бір жас келіншек оны айналшықтап, не істерін білмей сасқалақтап жүр екен. -Шырағым-ау, сонша не болды?-депті құдайы қонақ. -Құдыққа тайлақ түсіп кетті. Ауылдың бас көтерер еркектерінің барлығы тайлы-таяғы қалмай тойда жүр. -Арқан әкел! Қонақ құдыққа түскен тайлақты арқанмен тартып шығарып, қайыр-қош айтысып жүріп кетіпті. Жас келіншек жүрегін қолына алып, енесіне жүгіріп келіп: -Ойбай, сұмдық көрдім. Қыдыр ма, әлде... Бір кісі жалғыз өзі тайлақты құдықтан шығарып берді, - депті абдырай. -Әй, жаман қар, бар тап! Ондайдан тұқым алып қалмайсың ба?- депті енесі елең етіп. Тағы бірде Тілік төңіре­гін­дегілерге әбден тізесін батырып, қоңсыларын зығырдан қылған дүниеқоңыздау байдың келесінен жардай нарын әкелдіріп, сойдырып алыпты. Бозқырау түскен қарасуық қазанда ошаққа отты маздатып, қалың кілем үстінде түйе тобығын ермекке шиырып ойнап отыр екен. Із кесушілер сау етіп кіріп келіп, жоғының осында екенін айтып жағадан алғандай. Тілік аспай-саспай тобықты жұтып жіберіп отыра беріпті. Аналар қазыға жүгінсе: -Олай болса, түйенің тобығын жұтыңдар! Сонда жоғыңды өндіріп беремін,-депті төрелік айтқан ақылман. Сөйтіп, Тілік көп жағдайларда ақысы кеткендерге болысып, жоқ-жітіктің сойылын соғады екен. Әрине, көп нәрсе туған топыраққа байланысты. Тіліктердің басты атақонысы – Қаратау иығындағы Көсеге Көкжонының о жақ, бұ жағы-маңайының екі беті – күнгей мен теріскей, Жамбыл облысының Сарысу, Талас, Оңтүстік Қазақстан уәлаятының Бәйдібек, Ордабасы, Түркістан, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарының біраз жерін жайлады. Араласып-құраласып, төсекте басы, төскейде малы қосылып жатқан жер, осында көсегесі көгергендер. Ана бір жылы Мұхтар Омарханұлы Әуезов Оңтүстік сапарында осы өлкені аралап жүріп адасқанда Көсегенің көкжонына шығып, мақпал қою түнде Темірқазыққа қарап жол тауып тұрып, әуелі тұлдыр жалаңаш деп ойлайтын Қаратаудың қойнауы бастау-бастау көз, тал-дарақ, шүйгін шөбінің көптігіне керемет қай­ран қалыпты. Бұнда, расында да, не өспейді? Көржайлаудан Мыңжылқыға дейін дәрілік өсім­діктердің алты жүз түрі қа­сиетті топырақта тамыр тартып, гүлдейді екен: Берікқара терегі мен Торлан құмдақшөбі, Талас берпі мен Өгем баданы. Піскем сарымсағы мен Жетімтаудың жамбасжуасы, кендірше мен шөмішкүл, усасыр мен кекіре, сасыққурай мен шөлмасақ, дермене мен жаужұмыр, сарыандыз бен көбенқұйрық, түктіаяқ гүлкекіре мен қызыл-көк таусағыз, ассүттіген мен сасыр жаратылыстың жомарт жанынан жаралғандай. Қара­тауда бұлардың 5700-ге тарта түрі барлығы айтылады. Балауса көктемде баурайларда бәйшешектер пырдай болып бүр жарып, ерте көкөзекте наурызектер нәумізік тіршілікке нұр беріп, көп ұзамай қырда қызғалдақтар теңізі қаулап көкжиекке атбасады. Пау, шіркін-ай!.. Бұл тұсқа келгенде талай жер шоқтығын көріп жүрген Асанқайғының “Шіркін, ат сауырына өңгеріп кетер едім, бірақ симайсың-ау” деп таңдай қағатыны жайдан жай емес. Осы тұста біреуіміздің бұл өлкенің көркем шежірешісі сырбаз суреткер Тәкен Әлімқұловпен екі атпен Көсегенің Көкжонын құмарта көргеніміз еске түседі. Жартытөбеден шыққанда рахман нұры жауып тұрғандай еді. Шілденің күні шақырайып, шекені шақты. Қырда бұлың-бұлың сары сағым ойнап, асыр салды. Ми қайнататын ыстық енді сезілгендей, табада шыжырғандай. Қаталаған бізді бұлақ, жылға өзекшелердегі сәнді талдар мен қарағаштардың көлеңкесі қорғап қалғандай. Екіндіге қарай сабат самал соғады. Табиғатпен тел өскен қандай. Т. Әлімқұлов кейіпкерлерінің кеудесіне бұлбұл ұя салғандай. Қасиетті топыраққа табаны тиген Ықылас, Сүгір, Төлеген, Асқар, Файзолла туралы тамсандырып алғаусыз жазды. Үшбасты бойлап, Бүркіттінің үстімен Баба Түкті Шашты Әзізге зиярат етуге беттеп келеміз. Түн сайын бейтаныс малшылардың үйіне қонып, жұлдызды түнге қарап ұзақ-ұзақ жатамыз, Қағілез қапырық түн оянады. Шекшек тынымсыз шырылдайды. Беймезгіл құстар уілдейді. Серігім аунап түсіп, тылсым түнді тыңдап жатқандай. Көбінесе ол үндемейді. Көп ұзамай өмірдің өзгеретінін білген шығар. Әлде мені әлі баласынды ма?.. Сол қанатта атақты Қызылкөл қалды. Алда - Бабата! Кенесары-Наурызбай көтерілісі күшпен басылғаннан кейін осы өңірге 15 000-нан аса төрелер мен төлеңгіттер қоныстандырылды. Жергілікті елмен мидай араласып, күнкөрістің кебін киді. Қаша көшкен қалмақтарды қуалай жеткен алшындар мен тамалар да әлдеқашан жерсініп, бұл өлкеге бауыр басты. Қит етсе, “Қазақстан достық тәжірибе алаңы”, бұнда 130 ұлыс тұрады деп желпілдеп шыға келеміз. Оның ақыры неге соғарына мән беріп жатыппыз ба? Ешкімнің аяғы салбырап аспаннан түсе қалған жоқ. Тілік (Доспанбет) те тіршілік етіп, түтін түтетіп, өз кіші отанында отау тігіп, ұрпақ өрбітті. Олар туралы тұңғыш дерек көздері ортағасырдан бермен қарай із тартып, жиі ұшырасады. Алғаш Фаһриддин Мүбарактың “Тауариығында” кездесіп, алуан шежірелер мен жылнамаларда шаң береді. Қалай дегенде де, шежіре тектану мен жантану, елтану мен халықтануда мұқият қараса үлкен маңыз атқарады. Ол ешқашан сарқылмайтын тарих қайнарының бір тармағындай зор азаматтық тұрғыдан асыл мұратты көздеп, ел-жұрт қамын ойлап жазылғанда ғана жүректерге жол табады. Әйтпесе еңбек еш, төккен тер зая. Дау жоқ, шежіренің де шежіресі бар. Кәдімгідей қам-қарекет етіп, әжептеуір қажыр-қайрат жұмсаған З.Сәдібековты көлденең көк атты деуден аулақпыз. Бұл туындыгер түзуші аса жауапкершілікті мансұқ етіп, Ташкенттен “Қазақ шежіресін” шығарып, Тілік туралы біраз жайлар мен оқиғалардың өңін айналдырып, Бәйдібек баба мен Домалақ ене, бәйбіше-бибілері, оның ұрпақтарына қара күйені баттастыра жаққанда нені көздегені беймәлім. Шымкент шаһарының жөн-жоба білетін ақсақалдары жиналып, оның осы жаза басқан оғаш қылығын бетіне басып, жазып-жаңылғанына кешірім сұратып, баспасөзде жариялатыпты. Бұл қандай тәлім түйгізеді? Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп жазу етек алып барады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ сықылды. Орайы келгенде тағы бір еске сала кетейік, тарихшы-жазушы саналып жүрген Қойшығара Салғараұлы өзінің “Қазақтың қилы тарихы” кітабында: «Бәйдібектің үшінші ұлы Жарықшықтың халық арасында Домалақ ене деген атпен танылған екінші әйелінен туған Албан, Суан, Дулат есімді үш баладан өніп-өскен ұрпақ есейіп үш рулы елге айналды» деп жазады (206 бет). Осыдан кейін не деу ләзім? Ол дереккөздеріне аса мән беріп, сүйенбеген дейтін заңды сұрақ туады. Домалақ ене сол Тілеубердінің (Жарықшақ) анасы екені ешкімнің қаперіне кірмегені қалай? Оның жазушылығын қайдам, шежірелігі мен тарихшылдығы жайында кітаптар болса, біраз таралыммен жұртты әрі-сәрі етіп, қолда жүр. Ал, шатастырған шалағаттар көлгірсіп кешірім сұрап, мұртынан күлгені жанға батады. Шежіре дегенде ойға оралады, бізде халық мұрасы мен жәдігерлеріне қалай болса солай, ақырын берсін, жаны ашымай жүрдім-бардым қарау, дәйексіз сөйлеу үрдіске айналып барады. Филология ғылымдарының докторы, марқұм Нысанбек Төреқұлов Бәйдібек бабаны 1356 жылы туғызып, 1419 жылы дүние салғанын алға тартады. “Қазақтар” анықтаалығы да ешқандай талдаусыз содан көшіріп алғандай әсер қалдырады. Бұрынғы депутат А.Бекбосын да өз драмасында оқиғаларды Әмір Темір дәуіріне жатқызады, минерология ғылымдарының докторы Ә.Байбатша айды аспанға бір-ақ шығарып, әкесі мен баласының он ғасыр салып, Қараша би мен Бәйдібектің заманын біздің дәуіріміздің VI-VII ғасырына сілтейді. Сонда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Төңкеріске дейін шыққан Шаһкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресін» Қазақ Кеңес энциклопедиясының өзінде 1911 жылы біресе Қазанда, енді бірде Орынборда жарық көргенін кереғар келтіреді. Болса да, болмаса да, қажы атамыз оның «Қоңыраттар» бөлімінде олардың ұлы жүзге жататынын айтады. Жағдайдың бүге-шегесін білмейтінін А.И.Левшин қателесті деп халқының өткені мен бүгініне бойкүйездіктен немкетті қарай салу Ш.Құдайбердіұлы тәрізді ғұламаға онша жараспайды, әрине. Қазақ еліндегі әлемдегі теңдесі жоқ ұлы қорық Ақсу-Жабағалының бір шұрайлы шеті Қаратаудың Ортақтауға (Қырғыз Алатауы) ұласып жатқаны көп жайды аңғартады. Баурайында бұлақ көздері, шабындығы шүйгін жерге кім қызықпайды? Бізде табиғатқа ылғи тұтынушылық пиғылмен қарап, оны тонап қалуға тырысуға қашан тыйым салынады екен? Бәріне енжарлығымыздан шыңдар шөгіп, өзендер таяз тартып, арнасы бекітіліп жер тозып бара жатыр. Рәсуә тіршілік, төгіп-шашу салдары Ащысай мен Байжансай кеніштерінің жабылу алдында тұрғаны жанды аяздай қариды. Қаратау қойнауынан (Көсегенің көкжоны) сары фосфор өндіретін Жаңатас пен Көкжонның тағдыры да қыл үстінде тұр. Алтынтау мен Бетпақдаладан уран кенін таптық деп алақайлап жүргендер қоршаған ортаға қаншама зиян-зардап тигізіп жатқанын біле ме екен? Жә! Адамзат өмірінің ұзын-ырға­сында қырғын қақтығыстармен қатар ағайын арасы ұшығып, аздаған арандатушылық со-нау Абыл-Қабыл заманынан бермен қарай жалғасып келе жатқандай. Енші бөлісудегі кішкентай кикілжің Албан мен Суанның інісі Дулаттан бөлініп қияндағы Қытай шекарасына дейін шығындап кетуіне әкеліп соқты. Тілік ұрпақтары Дәулетбердінің Қаратау асып, теріскейге кетіп, Досай мен Қосайдан алыс ірге ауыстырып, қоныс аударуына қандай себеп болды екен? Мәнжубас болмай, еті тірі, шаруашылығын шыр көбелек айналдырып күйттеген Дәулетбердінің хас қаһарман батыр Қосайдан несі кем еді? Тауарих додаға сала беретін көкпар емес. Өткені жоқтың өмірі де неғайбыл. Біз төл тарихымызға оралып, оны тәжіке мен тәлкекке салғандарға тойтарыс беріп, мақсаткерлікпен ілгері жылжи беруіміз ғанибет. Дау-дамайға ерте ме, кеш пе әйтеуір үлкен нүкте қойылатыны кәміл. Өйткені, тарих-өмір өзегінен өріліп, қойындасып жатқан өнер. Біздегі оның өкілдері неге сонша марғау және жайбасар? Өзімізді өзіміз жаңа жағдай мен жүйеге бейімделе алмай жүрміз дегенмен алдарқатып, соны малданғымыз келеді. Шын мәнінде солай ма? Әйтпесе, бергі Тілік түгілі, арғы Майқы мен Бәйдібекке лайықты баға беріп, тиянақты тұжырым түйгізіп, осы күнге дейін алаңсыз ғылыми айналымға түсірмей жүргеніміз неліктен? Жеке ата тайпа рудың сойылын соғып, күнара құрғатпай шығып, ақпарат айдынын күштеп толтырып жатқан шалажансар шежірелер мен жарымжан жылнамалар аз ба? Қауыз (қыпық) пен дәнді ажыратып алатын, бәрін орын орнына қоятын уақыт жетті. Қазақ біртұтас халық. Оны жырмыштап бөле-жаратын түгі жоқ. Кешегі XX ғасырда ел басына түскен қалың қасіретті Тіліктер де өз ұстанымымен қабырғасы қайыса көтеріп өтті. Небір жайсаңдар мен жақсылар тәркіленіп, итжеккенге айдалды, атылды, асылды. Ашаршылықта күнкөріс қамымен базбіреулер Өзбекстанды барып паналады. Созақтағы Аңқай көтерілісіне де қатысты. Бірақ негізгі ұйытқы тірмізік тіршілік кешіп, атақоныста – Қаратау қойнауынан алыс кеткен емес. Осында түптұлға Тілік ұрпақтары өніп-өсіп, кең қанат жайды. «Дарақ бір жерде көгереді». Жиырма Социалистік Еңбек Ері, алты Кеңес Одағының батыры, төрт академик, жиырма-шақты ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, партия-кеңес және кәсіподақтың ірі қайраткерлері шығыпты. Қандай қысылтаяңда да жол тауып, ел-жұртының жайын ойлап, қамын жеген асыл азаматтары Жәкел мен Шоқай, Алдаберген, Балғабай және Доспайлар өз алдына, жырымсыз қоңырға жататын ақын Майкөт пен Зұлыпқар, желді А.Тоқмағамбетов, көзтамғалы Т.Әлімқұлов, сүлгетай С.Жұмабеков, таздар Н.Төреқұл кімдердің болса да тақиясына тар келмейтін тұлғалар. Сұрасаң руымды Ысты дейді Жәкел-Шоқай-Ыстының ұстыны еді. Ел үшін бар асылын аямаған, Нағыз ер жанған оттың ұшқыны еді, – деп ауыздан ауызға жетіп айтылатын жыр тегін бе? Әсіресе, Шоқай датқаның өз халқын Қоқан хандығының тепкісінен құтқарудағы қажыр-қайрат көрсетуі ғаламат. Текпісінен ақыры азаттықты аңсағандардың өз мақсатына жетпей қоймайтынына көзі жеткен қоқан билігі жансыздарын жіберіп, Шоқай датқаның үзеңгісіне у жағып, содан көшпелілер көшбасшысы дүние салады. Бостандық байрағын жоғары көтеріп өткен ата-бабалардың арманы тәуелсіздік таңы келуін жақындатты. Тәуба! “Ит табаны секілді жаман Ысты” деп кемсітіп келемеждеген Құлан аяң Құлмамбетке айтысқанда Ыстының жырымсыз қоңыры Майкөт «Қаратауға нұр жауған» дей келіп, қарсыласының мысын басып: Жамандама елімді... Сырдария - өзенім, Қаратау – менің мекенім. ...Жаужұмыры аяқтай, Бүлдіргені саяқтай. Бетеге мен жусаны, Көк мауыты бояқтай,- деп тұқыртатын еді. Қаратаудан бас алған кәусар бұлақтар күнгей мен теріскейге қоңыраулата тартып, кіші-гірім жылғалар арқылы Ұлы Дарияға құйып жатыр. Олар аптығып сағынышын басу үшін көкала айдындарға асығады! Бәйдібек Төлепбаев, академик Аян Нысаналин, жазушы Серікбек Еркінбеков, шежіреші