Билік талаптарды орындасын!

Міне, содан кейін, 1994 жылдың 22-желтоқсан күні, 160 сатқын – сасық байлар үндеумен шығып, мемлекеттік қостілділікті, жер сатуды және біздің еліміздің ұлтсыз мемлекетке айналуын талап етті. (Бұл сатқындардың басында осы тіл акциясында жалған «Азат» партиясының атынан мүләйімси көлгірсіп сөйлеген Бутя – Болат Әбілов те болды, бірақ жиын үстінде ешкім оған қатысушыларды сөз қылмайды деген алдын-ала келісім болғандықтан, мен ол жерде оның атын атамадым. – Ж.Қ.). Сонымен қатар олар паспорттан «ұлт» графасын алып тастауды, еліміздің халқын «қазақстандық ұлт» атауды да күн тәртібіне қойды. Сөйтіп, өз ұлтына ашық қарсы шыққан сол сатқындар қазақ тарихына мәңгілікке қарабет адамдар ретінде қара әріптермен жазылды. Өз жеке бастарының қамы үшін қазаққа қарсы биліктің қолшоқпары болып, туған халқының жағасынан алғандары, ұлтымыздың тамырына балта шапқандары үшін оларға ешқашан кешірім болмайды! Солардың кесірінен әлгіндей қылмысты жоспарлар кейін жүзеге асып, Қазақстанда орыс тіліне ресми тіл мәртебесі берілді, қазақтың қасиетті қара жері сауда-саттық объектісіне айналып, талан-таражға түсті, мемлекетіміздің ұлттық келбет-сипатынан түк қалмады десе де болады. Және олар содан кейін тарих аренасына өріп шыққан неше түрлі ұлт сатқындарына таптырмас үлгі болды. Мен осы жерде сөйлеген ресми билік өкілдерінің бір де бір сөзімен келіспеймін. Соның ішінде өзім сыйлайтын, кезінде парламентте бірге депутат болған Қалматаев Мұрат ағамның сөзімен де. Өздеріңіз ойлап қараңызшы, егер «Нұр Отан» партиясы шынымен-ақ қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мәселесін халқымыздың пайдасына бұражола шешіп бергісі келсе, оларға кім қой депті? Парламентте де, үкіметте де, жалпы бүкіл билікте де олардың өздерінен басқа ешкім жоқ қой. Демек, бұлардың сөзі – әншейін ғана тек жұртшылықты алдаусырату үшін айтылған жалған, көлгір сөз! Осы залдағы біздің акция басталар алдында Медеу ауданының әкімияты сарайдың бас есігі алдына дәл сағат 12-ге, яғни, біздің акциямызға әдейі қабаттастырып, концерт тағайындапты. Содан біздің соншама күш жұмсап, арнайы шақыруымызбен келген жұртшылықтың қаншамасы өздерінің қайда келгендерін білмей, абдырап, тосылып қалды. Тек микрофон арқылы арнайы хабарландыру жасалған соң ғана шеті сөгітіліп, жаппай ішке кіре бастады. Міне, біздің биліктің сыйқы! Қоғамдық күштер ұйымдастырған мемлекеттік тілге қолдау шарасын өткізуге көмектеспесе де, тым құрығанда оған кедергі келтірмеуге де ақылы жетпей, керісінше, қасиетті Ораза айт күні қазақ тіліне, демек – қазақ ұлтына қарсы арандатушылық акция ұйымдастырып отырған имансыз, арсыз, топас билік, бір адамның жеке билік режимі біздің халқымыздың көкейтесті мәселелерін, соның ішінде тіл проблемасын дұрыс шеше ме? Шешпейді! Сондықтан мұндай би­лік ендігі жерде халық мүдделеріне тосқауыл болмай, кетуге тиіс! Өзі кетпесе, оны кетіру қажет! Тап осы залда отырған адамдарды тілге қатысты үгіттеудің қажеті жоқ, өйткені сіздердің баршаңыз өзіміздің ана тіліміз – қазақ тілін шын жүрегімен сүйгендіктен, ол үшін жаны ауырғандықтан, оны қолдағандықтан келіп отырсыздар. Демек, біздің бұл жердегі бүгінгі басты мақсатымыз – билік алдына айқын, тура, мәймөңкесіз, мірдің оғындай төте талаптар қою. Соның ішінде – заңға барша мемлекеттік қызметкерлердің де, елдің бүкіл азаматтарының да мемлекеттік тілді білуге міндетті екендігі жөнінде арнайы баптар енгізу талабын. Солай болмайынша, қазақ тілі ешқашан шынайы мемлекеттік тілге айналмайды, өз үйінде өзі өгей тіл болып қала береді. Біздің тіліміздің де, өзіміздің де 20 жыл бойы сорлап келе жатқанымыздың басты себебі – сондай талаптардың шешімді түрде қойылмағандығы. Енді тағы да қазақты сорлататын 20 жыл өтуін күтпей, әлгіндей талаптарды тікесінен-тік қойып, олардың орындалуына күш салатын уақыт келді. Ал егер билік оларды тағы да орындамайтын болса, Украина халқы сияқты ешқандай ұрыс-төбелессіз, бейбіт түрде жаппай бұқаралық наразылық акцияларын өткізіп, өзіміздің толыққанды ұлт екенімізді дәлелдеп, үнімізді шығарып, талаптарды сөзсіз орындауға мәжбүр етуге тиіспіз. Немесе, қайталап айтам, биліктің өзін кетіруге тиіспіз. Бізде одан басқа ешқандай жол қалған жоқ! Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН, саясаткер: