Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ!

Мұқтар Шаханов: -Қадірлі қауым! 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Мұның өзіне ауыр күрестің нәтижесінде қол жеткіздік. Қазақ тілімен қатар орыс тілі де «Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленсін» деген бастамаға Жоғарғы Кеңес депутаттары қолдау білдіріп, бұл заң ретінде қабылданып кеткен. Халық қалаулылары бұған тіпті дүркірете қол соқты. «Мұның арты Желтоқсан көтерілісінің қайталануына әкеп соғады, халық бұған қарсы тұрады» деп мәлімдеме жасап, қазақ тілін ғана мемлекеттік тіл жасау туралы ұсынысты дауысқа қайта салғызып, жеңіске қол жеткіздік. Міне, содан бері 20 жыл уақыт өтті. Тілден үлкен ана жоқ! Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ! Мемлекеттік тілдің проблемасы шешілмеді. Осыдан 20 жыл бұрын қабылданған «Тілдер туралы» заң болғанымен, әлі күнге дейін «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң жоқ. Көршілес Қытайдың өзінде қазақ тілінде хабар тарататын үш бірдей телеарна жұмыс істейді. Ал біздің елде мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін бірде-бір телеарна жоқ. «Қай тілде сөйлесем, қай тілде ойласам, сол менің ана тілім» деп ойлайтын космополит қазақтар да арамызда. Бұл көзқарас мүлде дұрыс емес! Әр адамда өз ата-бабасынан тарайтын ақпараттық-генетикалық байланыс болады. Өз ана тілінде ойлауды, сөйлеуді тоқтатқан кезден бастап осы байланыс шорт үзіледі. Өз ана тілінен, туған ұлтынан безген адамдарды құдайдың өзі жазалайды! Оларға ата-бабасының аруағы қарғыс айтады! Бізден бұрын өмір сүрген зиялы қауым өкілдері өз перзенттерін орыс тілінде оқытып, тәрбиеледі. Осының кесірінен олардың көпшілігінің есіктері тарс жабылды. Бұл - трагедия! Баланы орыс тілінде оқытса, ол қазақ емес, орыстың баласы болып шығады! Осы проблемалардың бәрін айтып та, жазып та жүрміз. Бірақ, билік бұған құлақ аспайды. Бұдан былай билікке қатаң талап қоямыз! Мемлекеттік тіл мемелекеттік деңгейде мойындалуы тиіс! Жоғары лауазымды шенеуліктердің бірде-біреуі өз баласын, ең болмағанда немересін қазақ мектебінде оқытпаған. Неге? Бұлар биліктің «қазақстандық ұлт» саясатын жүзеге асыратынын алдын ала білді. Бастауын американдық ұлттан алатын «қазақстандық ұлт» саясаты қазақты ұлт ретінде жоюдың төте жолы! Осы саясатты Қазақстан билігі де жүзеге асыруды көздеп отыр. «Қазақстандық ұлт» арқылы билік елімізде бір ғана ұлт жасауды, ал орыс тілін мемлекеттік тіл етуді көздеуде. Бұл идея іске асса, қазақ бәрінен де айырылады! Ұлтымыздың тілі де, діні де, ділі де, салт-санасы мен мәдениеті де жойылады. Түріміз ғана қазақ болып қалады. Осыдан үлкен қасірет бар ма?! Сондықтан «қазақстандық ұлт» саясатына қарсымыз! 1994 жылы 150-ден астам космополит кәсіпкер жоғары билікке «қазақстандық ұлт» жасауды ұсынып, осы мәселені қолға алуға шақырды. Олардың ішінен «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілев қана өзінің қатесін мойындап, ұлттан кешірім сұрады. Өзінің «қазақстандық ұлт» саясатына қарсы екенін де ашық мәлімдеді. Сондықтан да мен оған ризамын! Мемлекеттік тіл бәрімізге де ортақ! Еліміздің жетекші саяси ұйымдарын бүгін ортамызға шақыруымыздың басты себебі де сол. Бәріміз бір жұдырық болуымыз керек! Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, “Мемлекеттік тіл” қозғалысының төрағасы: