ҚАЗАҚ ҮШІН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ – ӨМІР мен ӨЛІМ МӘСЕЛЕСІ

Бұл материал жазылып болған бойда «Жас алаш» газетіне (редакторы Төрехан Данияр) берілген болатын, алайда, редакцияда жеті ай бойы қозғалыссыз жатып қалған оның енді жарияланбасына әбден көз жеткен соң, мәтінін қайтарып алуға тура келді. Енді, міне, «ештен кеш жақсы» дегендей, араға 15 жыл салып, «Жас қазақ үнінің» арқасында сол материалды басып шығарудың сәті түсіп отыр... Автор. 03.05.2009 ж.

(Жалғасы. Басы өткен санда) Енді сол материадардың кейбіріне сөз берелік. Қоршаған ортаның әсеріне байланысты ең алдымен назар аударатып жағымсыз құбылыс – радиоэкологиялық апат аймақ­тарында түрлі аурулар мен өлім деңгейінің айтарлықтай өсіп, соған сәйкес халықтың табиғи өсімінің күрт төмендеп кетуі. Оған көз жет­кізу үшін Семей облысы бойын­ша бес жыл ішіндегі мынадай демо­графиялық көрсеткіштерге жүгі­нелік (кестеде, абсолютті санмен): Әлбетте, қазір бүкіл Қазақстанға тән бұл процесс белгілі дәрежеде бүгінгі әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға да тәуелді. Алайда жағдайдың, айталық, әсіресе Семей облысында осыншама құлдырап кетуін тек тұрмыстық фактормен түсіндіру де қате болар еді. Меніңше, мұның негізгі себебі – Семей полигоны аймағында 40 жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан радиоэкологиялық факторлар. Сөзім дәлелді болуы үшін тағы да нақты мысалдар келтірейін. Біздің қолымызда бар құжаттарға сәйкес, 1955-1993 жылдары Абыралы ауданының аумағында рактың әр түрінен 380, аққаннан 75, өзін өзі өлтіруден 56 адам қайтыс болған. Ауданда ақыл-есі кем туған 85 бала және мүгедектігі радиацияға байланысты деп танылған 310 адам ресми тіркелген. Осы аралықта тек қана аудан орталығы – Қайнар қыстағында өзін өзі өлтірген 19 адам, ақыл-есі кем 30 бала, рактан өлген 196 адам анықталған. Ал, “Абыралы” кеңшарында бір ғана 1990 жылы рактан 6, аққаннан 2, психикалық аурудан 1, жүрек ауруынан 1 адам өлген, 1990-92 жж. 14-22 жас арасындағы 4 адам өзін өзі өлтірген. Абай ауданының “Саржал” кеңшарында рактан 119, өзіне өзі қол жұмсаудан 39 адам өлген, 10 бала кеміс боп туған. Осы ауданның ұзын саны 2,5 мың тұрғыны бар Тельман атындағы кеңшарында тек соңғы 8 жыл ішінде ғана 22 адам өзін өзі өлтірген. Енді Қарағанды облысының Қазыбек би ауданындағы жағдайды цифрлар тілімен жеткізіп көрелік (1984-89 жж.): (кестеде). Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында бір ғана 1992 жылы 20 адам өзін өзі өлтірген, олардың оны – 12-22 жас аралығындағылар. Осы ауданның Нұркен атындағы кеңшарында 11 адам өзін өзі өлтірген, анемиямен ауыратын 30 адам есепке алынған. Қ.Аманжолов атындағы кеңшарда 12 адам анемиядан өлген, ал, “Бақты” кеңшарында тек 1990-92 жж. ғана төрт адам асылып өлген. Жоғарыда келтірілген деректерден полигон маңайындағы елді мекендерде өзін өзі өлтіру фактілері өте көп кездесетінін өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Мұны немен түсіндіруге болады? Полигонға “коңсы қонған” аудандарда балалардың 12,5%, ересектердің 41,8% невротикалық сырқаттардың түрлі формаларынан зардап шегеді екен (одан әріректегі Көкпекті ауданында бұл көрсеткіштер тиісінше 5,0 және 3,3%). Олардың арасында әсіресе үрейге, түңілуге (тревожно-фобический, депрессивный) және т.б. ауытқуларға бойұсыну белгілері басым болып келеді. Ал бұл – адамның өзіне өзі қол жұмсауына итермелейтін психикалық ауыт­қулар. Семей облыстық сот-дәрігер­лік экспертиза бюросының анықтамасында облыс бойынша 1991 жылы 182 адам, 1992 жылы 171 адам өзін өзі өлтіргендігі көрсетілген. Және де, осы мекеменің басшысы С.Ф.Курашовтың айтуынша, мұнда тек қазамен “аяқталған” өзіне өзі қол жұмсау фактілері есепке алынған. Оның үстіне бұл деректердің өзі толық емес: салыстырмалы түрде олар қалаларда дәл тіркеледі де, ауылдық жерлерде есепке сирек алынады. Бұл әсіресе қазақ аудандарына қатысты: түрлі себептерге, соның ішінде өзін өзі өлтіруді ауыр күнә санатына жатқызатын халық дәстүріне, ислам қағидасына сай және бұлай қаза болғандарды дәрігерлердің “союынан” қашып, ұзақ, әуресі көп тексерулерден қаймығып, олардың туысқандары көбінесе ресми тіркеуден жасыруға тырысады. Сондай-ақ, ресми орындардан алынып, осы мақалада шет-жағалап келтірілген рактан, аққаннан және басқа “жаман” аурулардан өлгендер туралы мәліметтер де дәлдіктен аулақ екенін айта кету қажет. Оның негізгі екі себебі бар: 1. Тұмау тисе болды, дәрігерге баратын, демек – тұрақты есепке алынатын қала тұрғындарына (ал, олардың басым көпшілігі кімдер екені белгілі) қарағанда, ондай “әдеті” болмағандықтан және жер-жерде тиісті дәрігер кадрлары мен емдеу мекемелері жетіспегендіктен ауырса да, қашан бұ дүниеден баз кешкенше сүйретіліп жүре беретін ауыл тұрғындары, оның ішінде, әсіресе, біздің зерттеулеріміздің негізгі объектілері – малшылар көбінесе дәрігерлік есепке алынбайды. 2. Зерттеулер барысында анық­талғандай, полигон әсеріне шал­дыққан аймақтарда 40 жылдан астам уақыт бойы дәрігерлерге радиацияға байланысты рак, аққан және де басқа аурулардың диагнозын қоюға жария емес, бірақ өте қатал тыйым салынып келді (олардың орнына “қарапайым” диагноздар қойып отырған). Өкінішке орай, тіпті қазірдің өзінде кейбір аудандарда жекелеген дәрігерлердің аталған ауруларға дұрыс диагноз қойғандары үшін ғана қудаланып, жұмыстан алуға дейін жазаланғандығы жөнінде біздің қолымызда нақты деректер бар! Аса ауыр проблемалар қата­рында балалар өлімінің көптігін айрықша атауға тура келеді. Жоғары радиоактивтілік бала көте­ретін жастағы әйелдер мен нәр­естелердің денсаулығына қазір тұқым қуалайтын (генный) дәрежеде ажал қаупін төндіріп отыр деуге болады. Егер 1992 жылдың 1-ші жартыжылдығында Қазақсан бойынша нәрестелер өлімі жаңа туған әр 1000 балаға шаққанда 26,2 болса, полигон аймағындағы көптеген елді мекендердің көрсет­кіштері бұл деңгейден әлдеғайда асып кеткен. Айталық, Семей облысында 77,5 (Жезкент қыстағы), 82,0 (Бөке қыстағы), 83,3 (Ақжал қыстағы), Қарағанды облысында 75,6 (Қарқаралы қаласы), Шы­ғыс Қазақстан облысында 66,7 (Октябрь қыстағы) дейін жеткен. Және де этникалық (ұлттық) тұр­ғыдан алғанда нәрестелер өлімі­нің ең жоғары деңгейлері негізінен қа­зақ­тар қоныстанған аудандарға тән. Полигон аймағында ақыл-есі кеміс адамдардың көбеюі де халқымыздың болашағына үлкен қауіп төндіріп отыр. Егер соңғы 8 жыл ішінде ондай адамдардың саны республика бойынша 1,5 есе өссе, Абай, Бесқарағай, Жаңасемей аудандарында тиісінше 2,5 – 3,0 – 2,4 есеге артқан. Оның үстіне бұл аудандарда ақыл-ес төмендеудің ауыр түрлері басым: Абай ауданында – 19%, Бесқарағай ауданында – 11%. Мұнда жыл сайын нәрестелердің ақыл-есі кему көрсеткіші республикалық орташа көрсеткіштен 3-5 есе жоғары. Облыс бойынша белі кетуіне (сексуальные расстройства) байланысты дәрігерге қаралатындар саны 1980-88 жж. аралығында 128-ден 457-ге дейін, яғни, төрт есеге жуық өскен. Олардың бәрі дерлік мұны радиация әсерімен байланыстырады. Ал, енді қазақтардың көбісі мұндай дертпен дәрігерге тексерілуден қысылатынын ескерсек, жоғарыдағы санның еселене түсетіні айдан анық. Полигон аймағында қатерлі ісік түрлеріне, лейкозға, темір жетіспеу (железодефицит) анемиясына (әсіресе балалар), аллергиялық реакция өзгерістеріне, туа біткен даму ауытқуларына (пороки развития), рак тудыратын сыртқаттарға, басқа да көптеген ауруларға шалдыққандар саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқандығын дәлелдейтін қолда бар мағлұматтарды тағы да молынан келтіруге болса да, одан әрі тізбелеп орын алмайын. Халықтың денсаулығына байланысты жинақталған фактілерден мынадай қорытындылар жасауға болады: Семей ядролық полигоны өз айналасындағы тұрғындардың жалпы денсаулығына, соның ішінде психикалық денсаулығына тұрақты түрде кері әсер ететін генетикалық-психоневралаушылық (психотрав­ма­тикалық) факторға айналған. Соның салдарынан адам ағза­сы­ның хромосомдық типтегі күр­делі құрылымдық өзгерістерге ұшы­рауы етек жайған. Мұнда ген мутациясының (тұқым қуалау қасиет­терінің өзгеруі) жиілігі өте жоғары. Адам организмінде терең, қалыпқа келмейтін метаболикалық (зат алмасу) ауытқулар орын алғаны айқын байқалады. Аналардың бойға біткен баланы аман-есен сақтап, туу қабілеті әлсіреген. Организмнің мұндай өзгерістеріне ұшырағандар және олардың балалары мен немерелері бейрадиациялық факторлар әсерінен де (инфекция, тамақ жұтаңдығы, қолайсыз тұрмыс, еңбек жағдайлары...) қорғансыз болып келеді. Жалпы алғанда, әр адам өмірінің өзіндік дербес қайталанбас құбылыс ретіндегі құндылығын айтпағанда, оның өз халқына, мемлекетіне пайдалы қызмет ету қабілеті бар азамат болуының да маңызы аз болмаса керек. Осы тұрғыдан алғанда, радиоэкологиялық апат аймақтарында қазір қандай ұрпақ өсіп-жетіліп жатыр деген заңды сұрақ туады. Егер дені сау туса да, радиация әсерінен жүре келе ауырған адамның өзі толыққанды өмір сүріп, еңбек етуге жарамайтын, психикасы бұзылған, уайым-қайғы мен үрейге берілгіш, дәрменсіз субъектіге айналып жатса, ана құрсағынан-ақ әртүрлі ауруларға, даму ауытуұларына шалдығып, нерв жүйесі бұзылып туған бала қалай өмір сүрмек, есейгенде неге жарамақ? (Бұл жерде мен жарық дүниеге иә адам емес, иә мал емес, құбыжық болып туып жатқандарды айтып отырған жоқпын). Бүгінгі бейбіт заманның өзінде әскери қызмет тәртібіне шыдамай, армиядан қашуды келеңсіз үрдіске айналдырғандардың көпшілігі сол әлжуаз ұрпақтың өкілдері емес деп кім кепілдік бере алады? Жыл санап көбейіп келе жатқан өзін өзі өлтіруші жастарды қайда қоямыз? Бұрын-соңды халқымыздың қанын­да болмаған, азған ұрпаққа тән бұл ғадет күні ертең тоқтау білмейтін індет тәрізді жаппай орын алмайды деп және кім кепілдік береді?.. Әңгіменің қысқасы, төбе ша­шыңды тік тұрғызатын осындай “перс­пективаның” алдын алу үшін ра­дио­экологиялық апат ай­мақ­тарындағы елді сауықтыру мақсатында мемлекет тарапынан шұғыл шаралар белгіленіп, іске асырылу қажеттігі талас тудырмаса керек. Ал, әзірше... (Жалғасы ба) Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН