ҚАЗАҚ ҮШІН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ – ӨМІР мен ӨЛІМ МӘСЕЛЕСІ

Бұл материал жазылып болған бойда «Жас алаш» газетіне (редакторы Төрехан Данияр) берілген болатын, алайда, редакцияда жеті ай бойы қозғалыссыз жатып қалған оның енді жарияланбасына әбден көз жеткен соң, мәтінін қайтарып алуға тура келді. Енді, міне, «ештен кеш жақсы» дегендей, араға 15 жыл салып, «Жас қазақ үнінің» арқасында сол материалды басып шығарудың сәті түсіп отыр... Автор. 03.05.2009 ж.

(Жалғасы. Басы өткен санда)

65-тегі Жұмабеков Әбдіуахит ақсақал: - Бұрын жиырма-отыз шал бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, қауқылдасып отыратын. Бүгін олай емес. Өте азбыз, денсаулық та жоқ... Тәуелсіздік алдық, құдайға тәуба! Бірақ үкіметке өкпеміз – қырық жыл бойы жүрген атом зорлығы мына біз сияқты шалдарға ғана емес, ең қиыны – ұрпағымызға зардабын тигізді ғой. Бірақ, көрген зияны біздегіден әлдеқайда аз болса да, анау Чернобыль жақтағыларға қанша қамқорлық жасап жатыр, ал, бізде оның бірі жоқ... Қазыбек би ауданының орталығы – Егіндібұлақ қыстағында экспедиция үш отрядқа бөлініп, менің отрядым сонда қалды да, екеуі Қарқаралыға аттанды. Одан әрі әрқайсысы өз маршрутына шықпақ. Егіндібұлақта аудандық ардагерлер кеңесінің және “Невада-Семей” қозғалысы бөлімшесінің төрағасы Әбділдин Төлеубек ақсақал бізге үлкен көмек көрсетіп, қолымызға радиоэкологияға байланысты мол мағлұмат жинап берді. Халқының жағдайы үшін шын жаны ауыратын парасатты адам екен. Аудан әкімшілігі мен мекеме басшылары да қолдан келер жәрдемдерін аяған жоқ. Осы ауданның Абай атындағы кеңшары мен соның “Тоқай” бөлімшесінен де көп дерек жинап, Семей жеріне аяқ бастық. Абыралы ауданының орталығы – Қайнар қыстағы. Уақыт кешкірсе де, аудан әкімі Қошқарбеков Дүйсенбай ағамыз, аудандық кеңес төрағасының орынбасары Әбдікәрімов Бекен замандасымыз бізді арнайы күтіп отыр екен. Ертеңгі жұмыс жоспарын ақылдасып, белгілеп алдық... Мұнда да мекеме басшылары құнды-құнды деректер жинауға көп қолғабыс берді. Қайнарда әсіресе алпыс бірдегі Нұрғалиев Елеуғазы ақсақалмен болған жүздесу өте ауыр әсер қалдырды. 1953 жылғы сынақ кезінде “тәжірибе” үшін әдейі іріктеліп алынған 42 адамнан қазір көзі тірі жалғыз қандасымыздың айтқаны: - 3-тамыз күні “занятие болады” деп, таңғы сағат тоғызда бізді Қайнардан жеті шақырым жердегі Молдаштың қуысына (ол кісінің қорасының орны әлі бар), бұлақ басына алып барды. “Семеймен байланыс жасайсыңдар” деп, Тілеубеков Қайырхан екеумізді (ол да, мен де Семейдегі №7-ші училище бітірген радиспіз) радиостанция орнатқан екі мәшинәнің ішіне отырғызды. Қалған қырық адам әңгімелесіп, карта ойнап, бұлақ жанында отырды. Сағат он бірлерде кенет Дегелең, Мыржық жақтан жарылыс болды. “Саңырауқұлақтың” қып-қызыл жарығынан күннің көзі көрінбей кетті... Түстен кейін сағат үштерде химзащита, противогаз киген әскерилер келді. Арасында бірен-саран қазағы да бар. Әлдебір аппараттарымен біздің үсті-басымызды, жерді, шөпті, суды тексерді. “Все получилось удачно”, десіп, Қайнарды тексеруге кетті. Қайырхан екеуміз бізді мәшинәға отырғызған әскери орыстан: “Байланыс болады дегесін біз тіпті суға да бармай, тапжылмай отырдық, бірақ ешқандай байланыс болған жоқ. Өйтіп бізді байлаулы овчарка тәрізді қылудың не қажеті бар еді?” деп сұрадық. Райкомның жігіттері: “Тым қатты кеттіңдер ғой”, деп, реніш білдірді. Офицер: “Радиостанция бұзылып қалды” деді. Тіпті өтірік екені көрініп тұр. Әскерилерде, әсіресе мынадай жағдайда, байланыс бұзылатын ба еді, тәйірі. Қайнарды тексерген соң бәрімізді сонда алып барып, дәрігерлер қан алды. Одан кейін әр екі күн сайын он күн бойы және бір бір ай өткен соң тағы қан алды. Артынан білдік қой: бізге қамқорлық жасап жүр десек, тәжірибе нәтижесін тексеру үшін екен ғой! Сол қырық екінің ішінен бірінші болып 1966 жылы Жұмаділов Әйкежан өлді, ал қазір, міне, мен жалғыз қалдым. Америка, Франция, Англия және басқа шетелдерден келгендер талай рет мені киноға түсірді. Ақыры әбден мезі болып, жапондықтар келгенде: “Сендердің құр түсіргендеріңнен менің денсаулығыма пайда жоқ”, - дедім. Сосын аздап дәрі берді. Анда-санда Семейден келіп тексереді. Мені сонда алып барып емдеңдер десем, “жарайды” дейді де, жоғалып кетеді. Тұрмысым да нашар, ескі үйде тұрамын. “Басқалар үй алып жатыр, сен болсаң сұрамайсың”, деп, үйдегілер де маза бермейді. Басшылардың бәрі осы жердің жігіттері, өздері-ақ бәрін көріп, біліп отыр, енді қайсысымен жағаласайын?.. Күн жылы болса да басына құлақшын, үстіне қалың киім киген Елеуғазы ағаның беті, мойны, қолы көкшілі аралас қызыл-күрең түске боянып, ісіне жылтырап тұрды. Тері рагы. - Күн көзіне шықсам болды, бүкіл денем шыдатпай қышып кетеді... Империялық астамшылдығы, зорлықшылдығы жағынан оңып тұрғаны шамалы болса да, Невада үндістерінің жерін ядролық сынақ полигонына айналдырмас бұрын АҚШ олардың өздерін басқа жерлерге көшіріп, айтарлықтай өтемақы (компенсация) төлегені белгілі. Ал, енді, сол АҚШ-тың Президенті Рейган “зұлымдық империясы” деп дәл атаған Ресей болса, қазақтардың милиондаған гектар ата-баба қонысын полигонға алғаны аз болғандай, оларды “тәжірибе кроликтері” ретінде саналы түрде, әдейі радиация тозағының ортасында қалдырып, жер бетіндегі және ауадағы ядролық һәм термоядролық сынақтарды өте дәл есеппен үнемі жел қазақ аудандарына қарай соққанда ғана жүргізіп отырды! Және де қазір сол масқара зұлматтың құрбандарына өтемақы төлемей отырғаны, немесе олардан, тым құрығанда, кешірім өтінуге жарамағаны былай тұрсын, қазақ жерін енді ядролық-химиялық қалдықтар моласына және АЭС-тер алаңына айналдыру үшін барын салуда. Мәскеудің адамгершіліктен құлан-таза “азат” осындай құбыжық саясатының әзірше (бұл сөзім үшін Құдай кешірсін!) тірі жүрген құрбанын көріп, сөзін тыңдап отырып, радиоэкологиялық зұлмат нысанасында тұрған бүкіл қазақ ұлтының болашағы үшін жаным түршікті! Қазақстанды өзіне соншама қаскөйлік жасаған және жасап отырған “ұлы көршімен” қайтадан “одақтастырмақ” болып жүрген саясатшылардың көрсоқырлығына һәм ездігіне зығырданым қайнады!.. Әрине, жол бойы көзбен көріп, көңілге түйіп, күнделікке түсірген әлі де көптеген көңілсіз жәйттерді оқырман назарына ұсынуға болар еді, бірақ оны мақала көлемі көтермейді. Сондықтан Қайнардан “Ыбыралы” кеңшары, Абай ауданының “Саржал” кеңшары, Жаңасемей ауданының “Знаменка” кеңшары, олардың бөлімшелері мен шопан үйлері арқылы жалғасып, полигонды айнала өткен мың шақырымнан астам сапардан кейін қайтадан Семейде тоғысқан тек қана бір отрядтың шеңбер-маршрутынан алған жеке әсерлерімді осымен тәмамдап, енді экспедиция жиған ғылыми-зерттеу деректеріне тоқталып өтейін. Факт – ақиқат айғағы (қағазға түсіп, қатталғаннан...) Экспедиция ядролық жарылыстардың эпицентрінен әртүрлі қашықтықта, Семей полигонын айнала үш магистральды биогеохимиялық профиль бойынша Павлодар облысының Май, Қарағанды облысының Қазыбек би және Қарқаралы, Семей облысының Абыралы, Абай, Шұбартау, Аягөз, Шар, Жаңасемей мен Бесқарағай аудандарын қамтитын жалпы ұзындағы 3,5 мың шақырым (үш отрядтың маршрутын қосқанда) жол жүріп өтті. Оның жұмысы басты екі блок: биогеоорта экологиясы және әлеуметтік-дәрігерлік-демографиялық факторлар бойынша бірімен-бірі тығыз байланысты және біріне-бірі тәуелді мағлұматтар қорын жинауға бағышталды. Мұндай зерттеу бағдарламасы және методологиясы отандық радиоэкология тарихында тұңғыш қолданылды, өйткені Рысбек Ыбыраевтың “Елім-ай” жобасын іске асыру мақсатында осыған дейін атқарылған жұмыстар радиациядан зардап шеккен аймақтардың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық пролемаларын тек қана осындай кешенді зерттеулер негізінде шешу тиімді әрі мүмкін екенін айқын дәлелдеген болатын. Экспедиция кезінде профильдерді қуалай әр маршрут және, тұтасынан алғанда, аймақ бойынша зерттелген аудандар мен жекелеген объектілердің геологиялық-құрылымдық, гидрогеологиялық, ланд­шафт-геохимиялық, топырақ-геобо­та­ни­калық һәм әлеуметтік-дәрігерлік-демо­графиялық ерекшеліктері сипатталды. Ол үшін жол бойына әрбір 10 шақырым сайын топырақ, су, өзен-көл-құдық тұнбалары, өсімдіктер (жемшөп және астық), ірі қара, қой-ешкі мен жылқы тезегінің үлгілері (пробы) алынды. Нәтижесінде барлығы осындай 1100 үлгі жиналды. Содан бері өткен үш ай ішінде белгіленген методика бойынша үлгілерді арнайы дайындау және анализден өткізу іске асырылды. Мұндай өте күрделі һәм қиын жұмыстың қалай жүргенін тәптіштеп айтып жатпай-ақ, әртүрлі анализдердің алдын-ала алынған нәтижелері қазірдің өзінде мынадай жалпы қорытындыға бұлтартпас негіз беретінін толық сеніммен айтуға болады: ауада және жер үстінде болған ядролық һәм термоядролық жарылыстардың жер бетіне түскен, сондай-ақ, жерасты жарылыстары мен АЭС-терінің жер бетіне шаққан радиоактивті әлементтері альфа, бетта және гамма таратушылары (излучения) түрінде Семей сынақ полигоны маңайынан да, оның шекарасынан солтүстік-батыс, батыс және оңтүстік-батыс бағыттарында ондаған-жүздеген шақырым қашықтықтардан да (өңкей қазақ аудандары) алынған топырақ, су, өсімдік, мал тезегі үлгілерінде табылып отыр! Сөйтіп, 1949 жылғы тұңғыш ядролық жарылыстан бері өткен 44 жыл бойы Мәскеудің тек Қазақстан жұртшылығынан ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтан өте мұқият жасырып келген және республикамыздағы нақты радиоэкологиялық хал-ахуалды айқындау үшін өлшеусіз маңызы бар аса қылмысты құпиялары терең ғылыми дәлелдермен әшкере болды! Қазақстан Президентінің арнайы жарлығымен Семей полигоны жабылған соң Курчатов және Семей қалаларында 40 жыл бойы өте ұқыпты, тәптіштей жинақталған көл-көсір архив материалдарын Ресейдің әскери-өндірістік кешені басшыларының дереу бұрынғы империя астанасына жасырын алып кетуге неге асыққанын бұдан кейін, әрине, әбден түсінуге болады. Басқаша айтқанда, қазақ жері мен елін радиациямен аяусыз улаған бұрынғы Кремль көсемдерінің адам айтқысыз қылмысынан тым болмағанда бүгін Құдай алдында ақталу қажеттігін ұғынып, сол өздері улаған жер мен елді сауықтыру үшін таптырмайтын өте құнды материалдарды Қазақ мемлекетіне қолма-қол табыс етудің орнына ұрлап алып кетіп, қазіргі Кремль көсемдері ақылға сыймайтын, адамгершілікке жат, сондықтан Құдай кешірмейтін жаңа қылмысқа, қаныпезер жауыздыққа барып отыр! Мұндай жағдайда: “Ар-иманнан безген күнәһарлар Құдайдан тапсын!” дегеннен басқа бізде қай амал бар, апатқа ұшыраған халқымызды құтқару үшін қолдан келер өз тіршілігімізді жасай береміз-дағы... Топырақ уланса, оған шығар өсімдік не болмақ? Су уланса, одан шөл қандырар тіршілік иелері не болмақ? Жемшөп уланса, оны қорек етер мал не болмақ? Астық уланса, онымен тамақтанар мал мен адам не болмақ? Мал уланса, оның етін талшық етер пенде не болмақ? Адам уланса, оның өмірін жалғастырар ұрпақ не болмақ? Ұрпақ уланса, одан өсіп-өнер халық болашағы не болмақ?.. Бірінен-бірі ажырай алмай, біте қайнасып жатқан осынау көңіл құлазытар сауалдардың, өкінішке орай, көңіл көншіте алмас жауаптарын да экспедиция жұмысының екінші блогы - әлеуметтік-дәрігерлік-демографиялық зерттеулер шеңберінен табамыз. Әр елді-мекенге (қала, қыстақ, кеңшар, бөлімше, малшы қосы...) келген бетте экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындарға арнайы методикамен 36 сұрақтан түзілген анкета таратып, толтырып, жинап алып отырды. Қазір бір топ қызметкердің ұзақ уақыт шұқшия жұмыс істеуі арқасында алдын-ала өңдеу және сұрыптау сатысынан өткен сондай бірнеше жүз анкета математикалық талдау және жүйелеу сатысында түбегейлі қорытындысын күтіп жатыр. Сонымен қатар экспедиция облыстық және аудандық санақ басқармалары мен денсаулық сақтау бөлімдерінен, ауылдық кеңестер мен ауруханалардан, басқа да ұйым, мекемелерден халықтың табиғи өсімі, денсаулығы, көші-қоны, мал саны, аурулары, өлім-жітімі, шаруашылықтардың жер көлемі, астық шығымы және т.б. туралы анықтамалық-мағлұматтық сипаттағы көптеген деректер, ядролық жарылыстардан зардап шеккен және оларға куә болған көнекөздерден жазбаша естеліктер жинап алды. (Жалғасы ба) Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН