«ЖОЛ АШТЫРУ» – жолыңызды аша ма?

Кейбіреулердің сөзіне құлақ түрсең: «Қойшы, адам сенгісіз жағдай. Тек әйтеуір ақша табудың амалы. Әруақ аралап ел кезгенмен ешқандай ем қонған жоқ» десе, кейбіреулері көздерін жұмып қойып тұрып: «Тамаша, менің жолым ашылып кетті. Содан бері жаным да сау, тәнім де сау», деп жүр. Ел арасында мұндай әулие аралатып «жол ашып» беретіндерді «Гид» деп атап кеткен. Әйтеуір қайсы туысыңды не танысыңды кездестіре қалсаң, бұл күнде олар «жол аштыру» мәселесімен басы қатып жүрген болады. Өздерінің өзекті мәселесіне айналған «жол аштыру» хикаясы қалай жүреді? Адамның басына Алланың өзі беретін уақытша қиналыстардан запы болған, қолына ақшасын ұстап, қойын маңыратып «әулие аралап» жол аштырып жүргендердің дені жылдан-жылға көбеймесе азаяр емес. Ал олар шын мәнісінде өз бағыт-бағдарының дұрыс-бұрыстығына мән берер емес. Мүмкін 90-шы жылдардан бергі дағдарыстан туған күйзеліс пе, әлде жан далбасасы ма, кім білсін. Әрине, кеңес одағы кезінде заман тыныш, ешкім қиындық көрмеді. Соның салдарынан болар, әулие аралап ем іздеген, жол аштырған секілді нағыз көрсоқырлыққа жетелейтін пікір ол кезде кісінің күлкісін келтіретін. Мұндай нанымды естімеген, білмейтін жандар да бартын. Енді бүгін еліміздің өркениеттілікке жол тартып отырған шағында, Ислам діні көпшіліктің көкейіне орнығып, жастарды дұрыс жолға үндеп, рухани тазару кезінде қара халықтың мұндай қараңғылықтан шыға алмай жүруіне не себеп? Әлбетте, мұның бәрі — үгіт пен насихаттың салдарынан туған желігу дер едік. Себебі, көптеген емшінің иманнан безіп, табиғаттың берген емшілік дарынын ақша табу көзіне айналдырып отырғанын мойындауға тура келеді. Ал қасиетті Құран Кәрімде жазылған кейбір аяттарда Алланың жіберген дарынды емшілері — оның ішінде емшіге қоса, бақсы да, құшынаштар мен қара суды теріс ағызатын молдалар да, білімді-білікті дәрігерлер де бар. Көңіл бөлетіні сол — егер Алланың қасиеті дарыған мұндай жандар өз қабілетін ақшаға айырбастап, оны саудаға салатын болса бұл — күнә делінген. Ал қазір бұл «дарын» иелері халық арасында қандай жолдармен ем жүргізуде. Оларға түгелдей топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, бір өкініштісі, қарапайым халықтың өз көзімен көрген мәліметтерге қарағанда мұндай емшілік қасиеті мүлдем жоқ «емшілер» де өздерін жаһанкешті көріпкел, емші деп жариялап жүр екен. Осыдан бірер жыл бұрын, өз әріптесім — бұрын Оңтүстік Қазақтан облысының Кентау қаласының телеарнасында қызмет атқарған журналист әрі ақын Шырын Өсерқызы апамыздың үгіттеуімен қала шетіндегі емшілердің бір Ордасына еріп бардым. Орда деген аты болмаса, ол да біздердегі секілді жер там екен. Мезгіл тура ораза болғандықтан, ауызашар кезінде жиналдық. Шырын апаның айтуы бойынша, мұнда санасы уланған нашақорлар да, маскүнемдікке салынып кеткендер де, өмірде жолы болмағандар мен әртүрлі ауру-сырқаулар өз шипасын әулие аралап жүріп тапқан екен. Ал Орданың басшысы қандай ем жүргізеді, оның көріпкелдігі бар ма, бал аштырғым келеді деген сауалға, Шырын апамыз тек қана: «Әуелі осында кел, әулие арала. Сосын ғана жауабын айтамыз» деген жауаптан бір жалтармады. Сонда қалай? Әлгіндей жауапты есту үшін қаңғып ел аралап кетуіміз керек пе? Мен баратын жолдың есебі сол кездегі нарықпен он мың теңге, және бір мал атауым керек. Ал жағдайы нашар, онда да таныс-білістерге ғана «скидка» жасалынады екен. Сондай-ақ осы Орданың құрамына қарайтын Шырын апаның «Аққу» тобы жұмыс жасайды. Ордада мұнан басқа да топтар жетерлік. Айтуынша топ құрамындағы емшілер, балгерлер тапқан-таянғанын Орда басшысына тапсырады. Ал мұнда келетін әулие аралап жол аштырамын деушілерді Шырын апа өзі тауып, аты-жөнін, берген ақшасын өз қолымен жазып жүрді. Сондай-ақ, бұл Орда құрамындағы топтар әр жұма күні өздері оңашада кезекпен шырақ жағады. Шырақ жағып қана қоймайды. Әрқайсысы шама-шарқынша ақша жинап, көңілді думан етіп отырыс жасайды. Бірақ ішімдік атаулыға жол берілмейді. Ал қала орталығындағы Өтеген батыр көшесіндегі ем қабылдайтын Орданың айналасы қысы-жазы адамнан арылар емес. Бал ашу дейсіз бе, сеанс дейсіз бе, мұнан бәрі де табылады. Орда басшысы Ермек ағаның аты біраз жұртқа әйгіленіп қалған секілді. Емшінің Шу ауданынан келген шәкіртіне келу жағдайымның мәнісін айтпай, емшінің көріпкелдігі жөнінде жөн сұрастым. -Несін айтасыз? Бұл кісінің қолында адам емдеп жүргеніме біраз жыл болып қалды. Осы емшілікті кәсіп ету мақсатым емес еді, - деген келіншектің жүзінде шын жабырқау бар-ды. - Ата-бабамыздың бақсылық қасиеті біздің әулетте менің бойыма дарыған екен. Бірақ жастық өмірімді үйден шықпай, оранып-буынып бақсылық жолға салуға дәтім бармады. Не де болса жас емеспін бе? Мен де жастарша өмір сүргім келді. Алайда өмірімді байқамай жеңіл жүрістерге арнап жібергенімді өзім кеш ұқтым. Сол бір құбылыс маза бермеген соң 35-36 жасымнан бастап осы жерге арнайы іздеп келдім. Өкінішке қарай мен ойлағандай болмай шықты. Ақиқатын айтқанда мұнда мен сияқты емшілерді пайдаланып, келген емделушілерге біздің ғана еңбегімізді іске асырады. Бүкіл еңбек, тер төгу бізден ғана. Тіпті арамызда алаяқтар да жетерлік. Оларға Орда басшысы өз аяқтарымен келген емделушілерді қалайда жібермеуге тырысыңдар дегенді жиі ескертіп отырады. Керек болса ешқандай тәуіптік, көріпкелдік қасиеті болмаса да келген адамдардың алдында өзін тәуіп етіп көрсететін актерлік ойын жасап бағатындар да баршылық. Келгеніме өкінемін... Алайда бақсылық емді жүргізбесем ауырып мазам қашады. Әйтпесе бұл жерден мен алып жүрген қаражат та жоқ. -Келген ауру-сырқаулар ұсынған ақшаны өзіңіз неге ешкімге айтпай алып қалмасқа?- деген менің өрескел сауалыма ол кісі жымия отырып мынаны айтты: -Бұл жерде де өзіндік заң бар. Арамызда біздің ем жүргізу бағытымыздың қалай жүріп жатқанын, қанша адамның келгенін, қанша ақша ұсынды, бәрін де бақылап жүретін Орда басшысының өз адамдары бар. Біз олардың жүзін көрмейміз, атын естімейміз. Басшымыз бізді білмесін деп әдейі солай жасап қойған «жасақтары» ғой. -Ал Ермек ағаны еліміздің сонау батысынан да, шығысынан да, оңтүстік пен солтүстік тен де іздеп келушілер жетерлік қой. Мұнысы қалай? -Әрбір тірліктің ішкі құпиясы бар. Мұны біздерге жария етпеуге тапсырған. Ал маған бәрібір. Ермектің еліміздің түкпір-түкпірінде өзін ірі етіп насихаттайтын адамдары жетерлік. Мен әрине, Ермектің еш емшілік дарыны жоқ деп айта алмаймын. Бірақ, мен ойлаған нағыз әулиелік, пәктік пен адамгершілікті және таза түрде ем жүргізуді бұл арадан іздемей-ақ қойыңыз. Әлгінде айттым. Қолынан келмесе де актерлік ойын жасайтындар бар деп. Келген науқастарды әулие араламасаң бабалардың әруағы ұрып кетеді деп қорқытатынын қайтерсің! Содан соң әр облыстарға жіберілетін адамдары өздерін осындай емшіден жазылып кеттім, мекен-жайы мынау, өзі нағыз әулие деген сөздермен еліктіріп «емші» туралы тегін жарнама жасап жүреді. Мен күткен жауап былайша емес еді, әрине. Біздің ұғымымыздағы бұрынғы әулие-әнбиелер ауру адамдарды көбінесе аян арқылы өздері іздеп баратын деп айтып отырушы еді бұрынғыдан қалған көнекөз қариялар. Ата-әжелеріміз айтқандай олар ешқандай байлық жинамай дүниеден өткен екен. Малы жоқты тегін емдеп, қолынан келсе үстіндегі шапанын да беріп кететін болған деседі. Оларда ақша, қора-қора мал тұрмақ, басқа да қарапайым халықтар секілді қанағатпен күн көрген деседі. Тіпті алты айшылық жолды жалаң аяқ кезіп, үстіндегі киімі шоқпытқа айналып жүрсе де іздеген науқас адамын дәл тауып барады деуші еді. Иә, олар нағыз әулие. Ол кездің емші-домшыларына бүгінгідей АТС-тер мен SMS-тердің, өздерін жарнамалайтын теледидардың мүлдем қажеті болмады. Олар барлығын да жүрегімен, көкейімен сезіп-біліп отырды. Халықтың өзі жарнамашысы болды. Біз көрмесек те, естіп білетін әулиелер осылай болып өткен екен. Ал бүгінгі «әулиесымақтарды» көріп өскен жастар ертең қандай түсінікте болады деген ой еріксіз мазалайды кейде. Өйткені мынадай қитұрқылықты көріп жүрген олар үшін біз білетін бұрынғы аңызға айналған тәуіп, бақсылар мен көріпкелдер нағыз фантастика болып елестер бәлкім. Осылай бар шындықты ести тұра ішке қарай беттегім жоқ. Өтеген батыр көшесіндегі жол шетінде ұзына-бойы тұрған екі автобус жүргізушілері өз клиенттерін күтіп осындағы Ордада жататын көрінеді. Жолда ұшыраса кеткен жап-жас келіншек бет-аузын қазақтың емес, арабтың үлгісімен тұмшалап тастапты. Ол бізге «Әулие аралауды» және жолымызды аштыруды ұсынды. Автобус дайын, жүрер уақыты, ақысы түгел айтылды. -Жарайды, мен Түркістанға пойызбен барамын, - десем: -Пойызбен барған қабыл болмайды, көпшілікпен автобуста бару керек! — деп түйеден түскендей қойып қалды. Қанша жерден алдамшылыққа бой ұрса да, үгіттеушіде емшілік қасиеттің титімдей де нышаны жоқтығы көрініп тұрды. Кенет ол қыз бізді қоя салып, сонадайда таксиден түсіп өздеріне қарай келе жатқан жігіт ағасын көрді де жүгіріп кетті. Аузы-аузына жұқпай, тіпті жүріс-тұрысына көз ілеспес әлгі қыз тынбай сөйлеп жүр: -Ағасы 40-мың теңге берсеңіз болды. Автобус бүгін жүргелі тұр. -Қарағым, жол соқты болып сонау Павлодардан шаршап келген жайым бар. Бүгін туысымның үйінде демалып алғаным жөн шығар. Ертең келейін,- десе: -Жоқ, сіздің келетініңізді маған бүгін ғана бабалар аян етіп айтты. Бүгін шықпасаңыз, сізге бабалар қарамай қояды, - дегенге жігіт ағасы әлденеден секем алғандай тоқтай қалды. Жалтақтаған ол баруға келісімін берді де, есептесуге автобусқа қарай жүріп кетті. Міне, көз алдымыздағы кішкене «скетчтен» көп түйсік алдық. «Заманың түлкі болса, тазы болып шалып қал» дегендей-ақ, ақша табудың тағы бір түріне айналған «әулие аралату» үрдісі осылайша жұмыс істейтініне анық көзіміз жетті. Жанына шипа іздеген жандардың ылғи әр нәрсеге сенгіш, әрі үмітті болып келетінін санасына түйіп алған қулар шынымен-ақ оларды олай да, былай да арбай алады екен. Бір автобус адамды топтастырып алып, маңдайына ақ туды байлап жауға аттанғандай жолға шығатын бүгінгі емшілердің халықты надандыққа итермелейтін бұл әрекеттеріне қай жақтан тыйым салуға болады? Олардың жолында бар қаражаты таусылғанша жүріп, текке уақытын кетірген, тіпті үй-жайын сатып жіберіп соңында сан соғып қалатын қара халықты мұндай пессимизмдік сарыннан қалай арылтуға болады? Еліміздегі емшілер ассоциациясы халық арасындағы осындай жәйттерден неге хабардар емес? Мүмкін, әлгі қулардың талапайына түссе де, табиғатына сай іштей тынып жүре беретін момын халық ешқайда шағымданбай қоя салатын болғандықтан шығар, әйтеуір бұл ретте жазасын алып жатқан ешқандай алаяқ емшілерді естімейміз. Есесіне олардың жаңа ордасы көбеюде. Өздерінің емшілік қасиетімен қоса әртүрлі гипноздық әрекеттерге барып, елдің ақшасын алдап алып жүрген алаяқ емшілер туралы баспасөздерде аз мәлімет берілетіні рас. Өткен жылдың маусымында КТК телеарнасы тілшісі Гүлмира Әбіқай «Рахат» телеарнасынан өзін үзбей жарнамалайтын Әбдімұрат атты емшінің біраз әрекеттерін көрсетпекші еді. Алайда «ұрының арты қуыс» дегендейін, ол кісінің анасы баласының тілшімен кездесуін құптаған жоқ. Қазіргі телеарнасында емшілер мен балгерлерді сынайтын бағдарламадан не ұтамыз ? Мұны болашақ көрсетер. Ал өмірде жолы болмай жүргендер мен науқасынан айыға алмай жүргендерге мынаны айтқымыз келеді. Ауырсаңыз білімді де білікті дәрігерді іздеңіз. Олар да Алланың жіберген емшілері. Керек десеңіз үстіне киген ақ халаттары да Алланың ақ ниеттегі абзал жандары екендігіне шүбәсіздігін білдіреді екен. Ал емші-тәуіптер жаратылыстан ешқашан өз тірліктерін саудаға салған емес. Себебі, олар өздерінің бойындағы Алла берген биоөріс арқылы өзгенің ауруын дөп басып емдей алады. Әрі осыдан өздері де артық энергиядан арылып, жандары рахат табады. Сондай-ақ олар қазіргі емшілердей кешке дейін елді кезекке қойып ем жүргізе алмайды. Себебі, әр нәрсенің де шектеуі бар. Белгіленген уақыты бар. Құранда айтылып өткендей бақилық болған әулие-әнбиелердің жатқан жерін аралап, мазалауға болмайды. Құранда: «Аллаһтан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Сонда егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боласың» делінген. (Жүніс сүресі,106-аят). Жолы болмағандар үшін ең оңайы әрі ең пайдалысы қасиеті намазға жығылу дер едік. Қасиетті Құран Кәрімде: «Дерттен сауығу Алла тағаланың тағдыр ісімен болады» делінген. Оған қоса, тоқсан түрлі ауруға емдік дұғалар — Құран аяттарының емдік қасиеттері. Сондай-ақ араб әріптерінің сырлы қасиеттерінде емделудің де, жолының болып, тасы өрге домалауы жайлы да айтылған шындықтар бар. Бұлар сізді алаяқтардың арбауынан және барша қиындықтардан құтқарады деп сенеміз. Шара Құрбанова