Өмір мен өлім мәселесі

Қазақстандағы қазіргі радиоэко­логиялық жағдай, жойқын радиациялық улауға ұшыраған жеріміз бен халқымыздың хал-ахуалы қандай? Қазақ ұлтын, Түрік Дүниесін осынау тығырықтан, апатты саясаттан құтқарып, аман-есен алып шығатын жол бар ма? Бар болса, ол қай жол?.. Мақала мақсаты – шама келгенше осындай нақты сұрақтар төңірегінде ой бөлісу. Алайда, осыған орай әңгіме қозғау үшін алдымен мынадай фактілерге арнайы тоқтала кеткенді өзімнің азаматтық борышым деп есептеймін.

“Жас алаш” оқырмандарының есінде болар, 1993 жылдың 30 қыркүйек, 2 және 5 қазан күндері осы газеттің үш санында менің “Өткеннен сабақ алайық” (немесе қазақ халқына қарсы жасалған зұлматтарға қатысты толғаныс) атты көлемді мақалам жарық көрген-тұғын. Енді, міне, өткен және бүгінгі тарихымызға шолу-ескерту түрінде жазылған сол мақаланың жалғасы іспетті мына мақаламды да өздеріңізге ұсынып отырмын. Қазақстандағы қазіргі радиоэко­логиялық жағдай, жойқын радиациялық улауға ұшыраған жеріміз бен халқымыздың хал-ахуалы қандай? Қазақ ұлтын, Түрік Дүниесін осынау тығырықтан, апатты саясаттан құтқарып, аман-есен алып шығатын жол бар ма? Бар болса, ол қай жол?.. Мақала мақсаты – шама келгенше осындай нақты сұрақтар төңірегінде ой бөлісу. Алайда, осыған орай әңгіме қозғау үшін алдымен мынадай фактілерге арнайы тоқтала кеткенді өзімнің азаматтық борышым деп есептеймін. Орайы келген шегініс 1992 жылдың екінші жартысына дейін мен саясаткер ретінде қазақ халқының тәуелсіздік алып, ұлттық жаңғыруына байланысты негізінен тіл, тарих, ономастика, демография тәрізді гуманитарлық проблемалармен, кейбір әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысып келдім. Сөз жоқ, отаршылдық езгіден әбден қалжыраған жұртымыздың ес жыйып, етек жабуы үшін мұның бәрінің де үлкен маңызы бар. Соны өте жақсы біле тұра, осыдан шамамен бір жарым жыл бұрын маған өте күрделі бетбұрыс жасап, оған дейін өзге мәселелер шеңберінде тиіп-қашты ғана жанасқаным болмаса, түбегейлі айналысуым мүмкін-ау деп тіпті ойламаған... экология саласына ауысуға тура келді. Неге? Оның себебі – Қазақстандағы әбден шек­тен шыққан экологиялық, соның ішінде, әсіресе, радиоэкологиялық аса ауыр проб­лемаларды бұражола шешіп алмай тұрып, жоғарыда аталған және де басқа көптеген проблемалардың бір де бірін ойдағыдай һәм алаңсыз шешу мүмкін емес екендігіне көзімнің жеткендігі. Әлбетте, бұдан әсте эко­логиядан өзге шаруалардың бәрін жинап қою қажет деген қорытынды тумайды. Бар­лығы да өз ретімен іске аса беруі керек, алайда, ең өзекті, ең күрделі, ең қиын, шешуші өмірлік маңызы бар проблема ретінде радиоэкологияның алдыңғы қатарда тұруы – шарт. Қазақ жерінің Атырау мен Семей аралығындағы әдейі қолдан жасалған радиоэкологиялық апат аймақтарында қазір 40 жыл бойы радиациямен аяусыз уланып, тұқымы азу (генетическая деградация) процесі үшінші ұрпаққа ауысқан біренеше миллион қандастарымыз тұрады. Және де олар – жалпы қазақтың қазақтығын әзірше сақтап, сонымен қатар бүкіл демографиялық болашағымызды (табиғи өсімімізді) қамтамасыз етіп отырған ауыл тұрғындары. Егер уақыт ұтқызбай, кейінге ысырмай, дәл осы қазір шұғыл мемлекеттік шаралар қолданса, олардың денсаулығын түзетіп алуға, демек – ажалдан құтқарып қалуға (Жапонияның Хиросима-Нагасакиге қатысты дер кезінде қолданған қамқорлық шараларын еске түсіріңіз) әлі де болса мүмкіндік бар. Мұны ойдағыдай іске асыру өте-мөте қиынға түседі, бірақ, қайталап айтамын, әзірше мүмкін. Ал, егер тұқым азу процесі төртінші-бесінші ұрпаққа ауысып кетсе (әрине, одан Құдай сақтасын!), онда, биологиялық заңдылыққа сәйкес, ештеңені түзету мүлде мүмкін болмай, халқымызға тек генетикалық баяу өлім перспективасы ғана қалуы ықтимал! Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы: егер “экология” сөзін қанға сіңген советтік арзан науқаншылдықпен жөн-жосықсыз айта-айта әбден таптаурын қылып, ешкім құлақ та аспайтын “кезекші” (дежурный) ұғымға айналдыруымыз салдарынан айқайлап тұрған ащы ақиқатқа, төніп тұрған ғаламат апатқа тиісті назар аударып, лайықты мән бермесек, жекелеген проблемаларға шырмалып жүріп, негізгі проблеманы көре алмасақ, ауызын арандай ашқан ажал апанына тақалып келген сәтімізде тәуелсіздік сыйлап, жан сақтаудың ең соңғы мүмкіндігін берген Алла тағаланың мейірімін қабыл алмасақ, бүгінгі қылмысты көрсоқырлығымыз, немқұрайдылығымыз, қамсыздығымыз, әрекетсіздігіміз, ақыр аяғы – сорлылығымыздың ақыры ертең халқымыздың жер бетінен тұқымымен жойылып кетуіне соқтырса, біздің ұлттық мемлекетіміздің, тіліміздін, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің, тарихымыздың, осының бәрін пайдаланатын ұлттың өзі өшіп кеткен соң, өлі құбылыстар ретінде әлдекімдердің ғылыми-зерттеу объектілері болғаннан басқа кімге және қаншалықты қажеті болмақ?! Өзінің ұлыдержавалық-милитаристік мақ­сат-мүдделері үшін қазақтың жері мен елін жарты ғасыр бойы жаппай улағаны аз болғандай, енді сол жерді ядролық-химиялық қалдықтар моласына және соғыс плутониін шығаратын АЭС-тер алаңына айналдыруды көздеп отырған Ресей империясына ма? Жауабы белгілі. Ауыр да болса, осы жерде тағы бір ащы ақиқатты ашық айтуға тура келеді: өкінішке орай, бүгінгі таңда әрқайсысы өз басымен әлек болып, Түрік Бірлігі идеясын қабылдамақ түгіл, жөнді ұғыну деңгейіне де жетпеген, оның үстіне Қазақстандағы апатты радиоэкологиялық хал-ахуалдан мүлде бейхабар түрік тектес бауырларымыз да қазір қазақтың бұл зұлматтан аман қалуы-қалмауы жөнінде бас қатырып жатқан жоқ. Ендеше қазір мынаны мойындағаннан басқа амал жоқ: біздің басымыздағы бүгінгі қауіп-қасірет ертең өздерінің де басындағы қауіп-қасіретке айналарын сол туысқандарымыз қашан айқын сезініп, түсінгенше, қазақтың досы тек қана қазақ болып қала берері хақ. Жақсының жақсылығын айт... Ал, енді, менің өзімнің жоғарыда айтылған жағдаяттарды ұғынып, жүрегіммен қабылдау арқылы радиоэкология саласына саналы түрде және кәсіби тұрғыдан келуіме ықпал жасаған не? Дәлірек айтқанда – кім немесе кімдер? Мәселе бұл жерде тек менің қара басыма емес, бүкіл халқымыздың тағдырына байланысты болғандықтан, осыған орай ұлтымыздың екі үлкен азаматы һәм патриоты жөнінде де айтып өту – менің парызым. Олар – Айсұлу Қадырбаева мен Рысбек Ыбыраев (өкінішке орай, Рысбек ағамыз 2002 жылы марқұм болып кетті. – Ж.Қ.). Айсұлуды жұртшылыққа көп таныс­тырып жатудың қажеті бола қоймас, дегенмен естеріңізге сала кетейін: “Қазақ тілі” қоғамы Орал облыстық бөлімшесінің төрайымы қызметін атқарып жүрген кезінде ол Орал казачествосының “патша ағзамға адал қызмет етуінің” таза отаршылдық рухтағы 400 жылдық “меретойын” өткізу ниеті жөнінде дабыл қағып, “Азат” қозғалысы жанынан “Аттанайық Жайыққа!” штабының құрылуына мұрындық болды, сол жылдың 13-16 қыркүйек күндері казачество лаңына қарсы Оралда әйгілі бейбіт наразылық акциясының ойдағыдай ұйымдастырылып, өткізілуіне және казачествоны мойындауға жол ашқан сол кездегі облыстық кеңес қаулысының күші жойылуына көп тер төкті, қазан айында Алматыда 14 күн аштықта отырып, қыркүйек оқиғаларына саяси баға беру жөніндегі арнайы президенттік комиссия құрылуына қол жеткізді... Сол сияқты, Ресейдің қазақ жеріне ядро­лық-химиялық қалдықтар көму және АЭС-тер салу жоспары туралы Рысбек ағамыздан естіп, білген бойда бұған үлкен саяси мән беріп, саясатшылардың арасынан бірінші болып дабыл қаққан және менің де осы қауіпке қарсы бел шешіп шығуыма тікелей түрткі болған тағы да сол ақын Айсұлу еді. Ал, енді, Рысбек Әбілқайырұлы Ыбы­раев­қа келетін болсақ, ол кісі туралы сәл кеңірек әңгімелеуге тура келеді, өйткені, өзін қазақпын дейтін әр азаматқа әлдеқашан белгілі болуға тиіс оның аты, өкінішке қарай, халқы үшін атқарған зор еңбегіне лайықты дәрежеде әлі күнге мәлім емес. Рысбек аға – геология-минерология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан мен Орта Азиядағы жалғыз радиоэколог ғалым, Брюссельдегі халықаралық радиоэкологтар Одағының мүшесі, “Семей-Невада” қозғалысындағы тәуелсіз эксперттік кеңестің төрағасы. Егер ядролық зұлматқа қарсы күреске біздің біріміз асып кеткенде соңғы 3-4 жыл, өзгелеріміз 1-2 жыл көлемінде атсалыса бастасақ, бүгінде пайғамбар жасына келіп отырған Ыбыраевтың КСРО атты орыс империясындағы бүкіл әлемнің зәресін алған ең құбыжық құрылымдардың бірі – әскери-өндірістік кешенмен (ӘӨК, орысша – ВПК) жан аямас жеке айқасы осыдан 25 жыл бұрын басталған болатын. Қазақ жеріндегі толып жатқан полигондарда жүріп жатқан құпия жарылыстар мен көптеген уран кеніштерінің туған халқымызға қандай апат алып келе жатқанын көзімен көріп, түйсігімен сезіп, санасымен зерделеп, білігімен ұғынған ғалым 60-жылдардың аяғы – 70-жылдардың басында сол апаттың бетін қайтару мақсатында өте күрделі, қауіп-қатері мол жұмысқа кіріседі. “Қазақстанның әртүрлі ландшафттарын­дағы радиоактивті изотоптардың биогеохимиясы” тақырыбына сәйкес топырақ, су, өсімдіктердің радиациямен ластануын, радионуклидтердің қоршаған ортаға таралуын (миграция) мұқият зерттеу қажет екендігін ғылыми білгірлікпен дәлелдеп, Рысбек Әбілқайырұлы сол кезде өзі аға ғылыми қызметкері болған Қазақ КСР ҒА-сынан, Мәскеудегі В.В.Докучаев атындағы топырақ институтынан, В.М.Вернадский атындағы геохимия және аналитикалық химия институтынан, Агрофизикалық ғылыми-зерттеу институтынан, КСРО және Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабынан қолдау табады да, 1972 жылы осы мәселемен айналысатын арнайы топ ұйымдастырады. Түптеп келгенде, радиоэкологияның дербес ғылым саласы ретінде республикамызда тұңғыш дүниеге келіп, қалыптасуына бастау салған бұл топ 1975 жылы Қазақ КСР ҒА топырақтану институтының “Таңбалы атомдар” (“Меченые атомы”) жабық лабораториясына айналады. Рысбек ағаның жетекшілігімен лаборатория үлкен қиындықтарды жеңе отырып, аяғынан тік тұра бастаған сәтте ғалымның өз бетімен жасырын жүргізген тәжірибелер арқылы Қазақстандағы ядролық зұлматқа қатысты Мәскеудің көздің қарашығындай сақтап отырған қылмысты құпияларына (әсіресе, плутонийге байланысты) тым жақындап кеткенін сезіп қалған арнайы ұйымдар 1982 жылдың аяғында топырақтану институтының директоры, ҚКСР ҒА-сының корреспондент мүшесі, профессор В.М.Боровскийдің қолымен лабораторияны талқандап, оның қызметкерлерін таратып тынады. Осыған орай ғалымның төңірегінде ұйымдастырылған арандату, жала жабу, қаралау науқаны - өз алдына шым-шытырық бір хикая! Ұзақ уақыт жұмыссыз қалған қайсар ғалым қайтадан іске кірісіп, енді биогеохимия лабораториясын құрады. Ол 1988 жылы тағы талқандалады. Үлкен арпалыспен қалпына келтірілген лаборатория 1992 жылы және талқандалады. Осыдан өздеріңіз де байқаған боларсыздар, қазақтың жері мен еліне қарсы жарты ғасырға жуық жүргізіліп келе жатқан “тыныш” ядролық соғыстың жан түршіктірер құпиялары жария болмауы үшін барын салған Ресей империясының таныс саясаты бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда да түк болмағандай жалғасып отыр. Неге? Оның басты себебі – орыс империясы “одақтас республикалардан” айырылып, жартылай ыдыраса да, Қазақстанда оның әскери-өндірістік кешенінің мұрты да шағылған жоқ! Бұрынғы КСРО-ның қазіргі мұрагері – Ресей Федерациясының ӘӨК-і күні бүгінге дейін Қазақ Еліндегі өз құрылымдары мен кадрларын сол қалпы сақтап, байырғы үстемдігін жүргізіп келеді. Бұған көз жеткізу үшін мынадай бір фактінің өзі-ақ жеткілікті: Қазақстандағы ӘӨК жүйесінің 30 мекемесінде жетекшілік ететін 166 қызметкердің (президенттер, вице-президенттер, бас директорлар, директорлар, бас инженерлер, бас бухгалтерлер және т.б.) тек жетеуі ғана (!), немесе 4 процентінен сәл ғана асатыны, қазақтар. Әттең, олардың өзі тек аты қазақ болмаса, кезінде Мәскеу тағайындаған және сол Мәскеудің айтқанынан шықпайтын заты компродорлар (келісімпаздар). Ал, радиоэкологияға байланысты бүкіл шаруаның тек қағаз жүзінде және ішінара ғана “азаматтық” өкіметке бағынып, іс жүзінде ӘӨК-ке тікелей тәуелді екенін ескерсек, жоғарыдағы жағдайларға таңданудың өзі әбестік болса керек. Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН