Қолды болған ерен еңбек

Құпияны ашуға кім көмектесе алады? Құрметті інім ӨМІРЗАҚ! Жорналшы қаламын ұстап, жүгін арқалап келе жатқаныма 50 жыл болыпты, сірә, өзіме ұнайтын газет-жорналдарды жұма күні жинап алып, шолып отыратыным, қайсыбір мақаласына үн қосқым келе беретіні осы «кәрі жынның» қалауы шығар. Сендерді мазалап қоятыныма да «кінәлі» осы-ау! Енді айтарым: 1.Темірлан мен Түркістан туралы сұхбатты оқып отырғанымда есіме орала берген жәйт: Еркеболат Бекмұхаметов деген қарт болды. Металлург еді, бірақ қазақ тілінің қадір-қасиетін маманнан артық білетін. Араб, парсы тілдеріне жетік-ті. Бұдан отыз жыл шамасы бұрын өмірден озды. Сол ақсақал бірде «осы «Отрар» деген атауда бір жұмбақ бар. Қазақтың «отыр» сөзіне ешқандай қатысы жоқ. Хиджра цифрларын сөзге балап есептейтін бір тәсілді естіп едім, баяғыда, сонымен нобайласам, «ОТРАР» Ақсақ Темірдің өміріне байланысты бір датаны білдіретін сөз, мен бұл жұмбақтың шешуін тауып берем» деген еді. Үлгірмеді. Мен осыны анау бір жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне қысқаша жазып, білетін мамандардан жауап күттім, бірақ ләм-мим деген жан болмады. Осы жұмбаққа жауап іздесеңдер қайтеді? Ерекең жайында мағлұмат берейін. Ол кісі Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев ағаларымызбен дәмдес, қызметтес болған. «Сей­фул­линнің құйыршығы» деп айыпталып, «халық жауы» ретінде 10 жылға Сібірге айдалып, 8 жылын өтеп келген. Тау-кен институтында қызмет істеді. Ғылым академиямыздағы әдебиетші, тілші құрдастарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Қазақ жеріндегі шөптердің арабша, парсыша, қазақша, орысша аттарының сөздігін жасап жүрді. Солайша аң-құс аттары сөздігін де жасайтынын айтқан. Оларды шығаруға көмектеспекші болдым. Бірақ, ойымыз іске аспай қалды. Бір туысым қайтыс болып, Өскеменге кете барып, он күннен кейін оралып, Ерекеңдерге телефон шалсам, бәйбішесі: «Атаңның жетісін де бердік» деп мұңаяды.

 

Жүрегі кенет тоқтап қалыпты. Көңіл айта барып отырып, Ерекеңнің архиві туралы сөз бастап едім, бәйбішесі: «Кеше академиядан, институттан комиссия келіп, қағаздарының бәрін алып кетті, актісін әкеп береміз деді» дейді. Бәйбішесі де көп кешікпей қайтыс болды. Ешкім ешқандай акт әкеліп бермепті. Ал менің Ерекеңнің аталған сөздік қолжазбасын іздестіргенім­нен дәнеңе шықпады, академия да, институт та «білмейміз» десті. Әлі күнге өкінулімін. Қолжазба ғана емес, Ерекеңнің үлкен бөлмесінің (залының) төрт қабырғасы түгел кітаптарға толы болатын. Кейбіреуінің қалыңды­ғы төрт елі, бес еліге баратын. Және қандай сапалы қағазда басылған құндылықтар еді десеңізші! Жеңгеміз «ағаларың бар зейнетақысын осы кітаптарға жұмсайды» дейтін. Және шетінен көпшілігі арабша, парсыша, қалаберді орыс тілінде шет елдерде жарық көрген дүниелер болатын. 1970 жылы марқұм Әнуар Әлімжановтың мұрындық болуымен ұйымдастырылған Азия-Африка елдер жазушыларының конференциясында арабтың бір ірі ғалымына Ерекең арнайы іздеп барып жолығып, ол кісіні өзінің үйіне ертіп әкеліп қонақ та етіп еді. Екеуі тілмәшсіз сөйлесіп, Ерекең құмардан бір шыққан екен. Сонда әлгі ғалым, атын ұмытып отырмын, бір жерде менде жазулы, қажет болса тауып бере аламын, Ерекеңнің бай кітапханасына қарап тамсанып, «бұндай сирек кітаптарды бізден де табу қиын» деп таңданысын жасыра алмаған көрінеді. Міне, сол төрт қабырға толы кітаптан мен көңіл айта келгенімде 6 кітап қана қалған екен. Бәрі де араб тіліндегі дүниелер. Мен оның біреуін өзім алдым, қалғандарын араб тілін білетін, ел қажетіне жаратады-ау деген азаматтарға бердім. Ал, қалған кітаптарды кім алғанын қанша іздегенмен сайда санын, құмда ізін таба алмадым. Ерінбестен Тау-кен институтына, Тіл институты мен Әдебиет және өнер институтына, бәріне кіріп, жазбаша да, ауызша да сұрау салып бақтым, бірақ, ешнәрсе өнбеді. Ешкім ештеңе білмейтін болып шықты. Соған қарағанда комиссия болып келді деген әлгі төрт адам атышулы үш әріптің адамдары емес пе екен деген ойға тоқтала беремін. Себебі, Ерекең біріншіден, 1953 жылға дейін 8 жыл түрмеде отырып келді. Екіншіден, шет елдерден кітаптар жаздырып алып тұрды. Үшіншіден, ғалымдар пайдалану үшін алып кетті дейін десем, кейін Ерекеңнің еңбегінің арқасында мүмкін болды деп айтарлықтай ешқандай аң-құс, өсімдік аттары сөздігінің жарық көргенін байқай алмай жүрмін. Қиянат қияметке кетпесе екен, «ештен де кеш жақсы» дейді ғой, есіл ердің өмір бойы тер төккен ерен еңбегі кеш те болса жарық көрсе екен деп тілеймін. Қолжазбадан бөлек жоғарыда айтылғандай 1500-ге жуық сирек кітап та қолды болды. Соның бәрі Қауіп­сіздік комитетінің мұра­ға­тында олардың да қажетіне жарамай, елдің де игілігіне қызмет ете алмай бекерге шаң басып жатыр-ау деген тоқтамға қайта-қайта айна­лып орала беремін. Ащы ой өртейді өзегімді. Бүгінгі күн­де заман басқа, заң басқа, мекеме басшылары осы істе азаматтық мінез танытса көп­тің алғысына бөленер еді-ау. 3. Мынау орыс тіліндегі көлемді мақаланы жария­ласаңдар жарар еді, өзін-өзі насихаттаушы «ұлы ақынға» тосқауыл қойып көрмекпін, сол себепті бұл мақаланы екі-үш гәзетке әдейі ұсындым. Егер «құп!» десең, орысшаға онша емеспін, «ремонттап» жіберерсің. Әзірше осымен тәмәм­дайын. Ғаббас