"АҚ ЖОЛ" ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ..."

Кінә Әлиханның төзімпаздығында ма, әлде Алтынбектің өзімпаздығында ма?!.

  Қазақтың өзінен көш бойы алда жүретін болжамы тағы да расталды. Оқиға іздеп жүретін журналист қауымы 14-ақпан күнгі екіге бөлінген "Ақ жол" партиясының екі жерде өткізген баспасөз мәслихатына көшіп жүріп, зорға үлгерді. Екеуіне де қатысқан соң, әңгімені сол ретімен баяндайық. БӘЙМЕНОВ БАСТАҒАН ЖЕТЕУ ОРТАЛЫҚ КЕҢЕС НЕГЕ СӘРСЕНБАЙҰЛЫНА СЕНІМСІЗДІК КӨРСЕТТІ?.. "Қазақстан" баспасөз клубында жиналған журналистер қысқы баққа сыймай, иін тіресіп тұрды. Сұрақ та    қарша борады. Бірақ әдеттегі сабырлылығынан таймаған Әлихан Бәйменов бәріне нақты жауап беріп отырды. Әлихан Бәйменов бастаған топтың айтуынша, 13-ақпан күнгі өткен "төтенше" пленум теңтөраға А.Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдірген. Себеп қандай? Санамалап айтсақ, ең басты кінә – "Ақ жол" партиясы теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы бастаған теңтөрағалар Болат Әбілов, Ораз Жандосовтар партия бағдарламасы мен жарғысына қайшы әрекеттер жасаған. Президиумның Саяси атқару комитетінің өзге мүшелерімен санаспай, өзімбілемдікке салынып, коллегиялдық орган жұмысына кедергі келтіріп отырған. Оған мысал ретінде "Әділ Қазақстан үшін" атты жаңа қоғамдық-саяси қозғалыстың құрылуы партияның Саяси атқару комитетінде алдын ала талқыланбаған. Сол секілді "Демократиялық күштердің Үйлестіру кеңесі" асығыс құрылғандықтан, нәтижесіз болып отыр, – Ә.Бәйменов. – Ол Саяси атқару комиетінің 4 мүшесі арқылы ғана құрылған. "Бұл қандай жанталас?" деген сұрағыма олар: "Әкежан Қажыгелдиннің алдын алып кетуіміз керек" деп жауап берген. Ал "Әділ" Қазақстан үшін" неге талқыланбай қауырт құрылуда деген сауалға: "Заманбек Нұрқаділовтың алдын орап кетуіміз керек" дейді. Сонда қалай, Ә.Қажыгелдин оппозиция емес пе? З.Нұрқаділов оппозиция емес пе? Біз бірігуіміз керек емес пе? – Ал оппозицияның бірлігінен гөрі жекебастың билігін жоғары қою қайда апарып соғады? – дейді Әлихан Бәйменов және оның жақтастары. Шынында да ойланатын жағдай екен. "Ақ жолға" үміт артып, оппозицияға ұйытқы болады деп отырған демократияшыл халық "Ақ жолдың" теңтөрағаларының тірлігі жалпы стратегиялық мақсаттан гөрі жалқы билік үшін жанталасу болып шыққаны шындық болса кімге сенеді?.. Ә.Қажыгелдиннің өзі "бүкіл демократиялық күштер "Ақ жолдың" аясына бірігу керек" десе, Алтекеңдердің айналып кетіп қайтарған "қарымтасы" "сыйға-сыйдың" сықпытын қалай бұзып жібергенін көрсетпей ме? Жалпы, Алтынбек Сәрсенбайұлын теңтөрағалыққа ұсынып, оған көпшілікті көндіру үшін көп жұмыс жасағаны үшін Әлихан Бәйменовтің бүгінде партияластарынан сын естіп отырғаны да айтылды. Төзімпаз деген Әлиханның тарихта болмаған төзбейтін жағдай деп сынап отырғаны: – "Пленумға келушілерге билік емес... партияның өз көсемдерінің өздері және өзгелер арқылы қоқан-лоққы жасауы. Пленумдағы әңгімеден қашу, сондықтан оның жұмысына кедергі келтіру, ақырында себепсіз қатыспау, демократиялық партия басшыларына жат қылық", – дейді ол. Пленумға барлық аймақтан (Жамбыл облысынан өзге) келген 60 адамның екеуі ғана А.Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдіруге  қарсы болған. "Ақ жол" партиясы баспасөз қызметі басында жүретін әріптестеріміздің айтуынша, пленумға қатысушылар, тіпті, А.Сәрсенбайұлын партия қатарынан шығару керек" дегенге дейін барып, Әлиханның өзі оларды басуға тура келген. «Алтынбек демократиялық партия мен өзі он жыл диктаторлық есткен министрлікті шатастырып алды, – дейді олар. Ал Әлихан болса, "әрбір асығыс, шалыс қадам бізге ҚДТ-ның кебін кигізеті" дейді. Пленум партияның бірлігін сақтап қалу мақсатында арнайы қаулы қабылдады. «Біз партияның бірлігін өзіміздің жеке саяси карьерамыздан жоғары қоюымыз керек. Басшылар, біз келіп-кетуіміз мүмкін, бірақ партия өмір сүруі тиіс. Мен кетейін, өзгелер де кетсін, бірақ "Ақ жол" партиясы өмір сүруі тиіс. Партияны сақтау мақсатында біз осыдан екі-үш ай бұрын өзіміз кетсек пе деген ойда болдық. Бірақ барлық мәселе партияның жоғарғы органдарында ашық талқыланып, олар шындықты естуі тиіс және екіншіден, 3 жыл бойғы 180 мың адамның еңбегі бағалануы керек. Бірақ сайлаудан кейін біздің съездеріміз де, пленумдарымыз да дұрыс жағдайда өте алмайтын болып қалды. Кейбір партия басшылары ашық пікірлі алқалы жиындардан қашатынды шығарды. Пленум мен съезд өткізейік деген партия мүшелеріне қылмыскер ретінде қарауға дейін барды. Сол себепті партияның Орталық Кеңесі тиісті қаулы қабылдады. Біз шынайы демократиялық күштердің үйлескенін қалаймыз. Бірақ үйлестірудің өзінің заңдылықтары бар. Ол партияның бағдарламасына сай болуы тиіс. Бұл туралы тіпті кезінде Президиумның Саяси атқару комитетіне оның үш мүшесі хат та түсірген болатын. Партия жарғысы бойынша пленум шақырылған соң, оның жұмысына кедергі келтіру жарғыға қарсылық болып табылады. Сондықтан, Орталық Кеңес партияның теңтөрағасы А.Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдіру жайлы қаулы қабылдады. Сонымен бірге, осы қордаланған мәселелердің бәрін ашық талқылау үшін партияның V съезін шақыру туралы шешімге келдік", – дейді Әлихан Бәйменов. "Сіз Ғ.Жақияновқа неге бармадыңыз?" – деген сұраққа Ә.Бәйменов: – Мен бардым. Онымен бірге болдым. Президентке де хат жаздым, – деп жауап берді. – Оған Қарлығаштың өзі рахмет айтты. Жалпы, біз түрмеде жатқан Ғ.Жақияновқа саясат құралы ретінде ғана қарамауымыз керек. Оған адамгершілік тұрғыда қарау керек. Оны саясат құралы ету, оның қазіргі жағдайын қайтадан ауырлатып жіберді, – деген жауап қайтарды. ҮШЕУДІҢ ҮНДЕУІ Жоғарыда айтылған Саяси атқару комиетінің үш мүшесінің хатына көз жіберейік. Партия басшылығындағы бірлікке нұқсан келтіретін әрекеттер жөнінде партияның тең төрағасы Людмила Жуланова, Саяси атқару комитеті мүшелері, партия құрылтайшыларының бірі, "Ақ жол – Қазақстан" газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп пен Қазақстан Фермерлер одағы президенті Әділхан Өмірбаевтар Саяси атқару комитетіне жазған хатында Қазақстаннның Демократиялық күштері Үйлестіру кеңесі туралы ереженің қабылдану барысы Саяси атқару комитетінің кейбір мүшелерінің өкілеттігін асыра пайдалануы арқылы қабылданғанын айтады. Бұл осы мәселені алқалы түрде талқылау туралы 11-қазандағы қабылданған шешімді бұзу болып табылатынын атап көрсетеді. Мұндай әрекет өзге мүшелердің пікірін құрметтемеуді білдіріп, бұның соңы Саяс атқару комитетіне және жалпы партияға жік салады деп дабыл қағады. Осының негізінде біздің жасаған үндеуімізді талқылап, бұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін шара қолдану қажет деп санайды. Партия тағдырына алаңдаған, Алтынбек бастаған төртеудің төте  кетуін кінәлаған үшеудің үндеуі де мәселеге объективті қарай білгенге көп нәрсені аңғартып тұрса керек. Ал тапсырма алғанға тасыраңдап шаба жөнелетіндер былтырғы 26-қазанда жазылған бұл хаттың байыбына да бармауы мүмкін... АЛТЫНБЕК БАСТАҒАН ТӨРТЕУ Бәріне кінәлі Бәйменов пе? Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Төлеген Жүкеев төртеуінің Ұлттық баспасөз клубында өткізген баспасөз мәслихатында да журналистер лық толып, сіресіп тұрады. Мұнда теңтөрағалар бәріне Ә.Бәйменовті кінәлі етіп шығарды. Ол партия ұсынысымен құрылған үйлестіру кеңесі жұмысына қатысқан жоқ дейді. Ал кешегі пленум демократиялық күштердің үйлесімділігін таныта алмайды. Бұл қайта демократиялық күштерге қарсылық болып табылады, – дейді Болат Әбілов. – Сайлаудан соң "Ақ жолдың" жолы айқындалуы керек еді. Кешегі өткен пленум – осы түсінбеушіліктің нақты көрінісі. Мұны бөліну деп жағдайды ушықтырмай-ақ қояйық. Мен жағдайды қиындатып отырған азаматтардың әрекетін түсінбеймін. Біз партияны сақтай отырып, Демократиялық күштерді Үйлестіру кеңесін құрдық. Олар бұған қарсы, – дейді А.Сәрсенбайұлы. О.Жандосовтың айтуынша аймақтың жартысы олардың бағытын қолдауда. Сондықтан өз бағыттарынан айнымайды. Төлеген Жүкеев партияға тиесілі жалғыз мандат тағдырының көпке созылып кетуіне тек Әлиханды кінәлі санайды. "Біз күштіміз. Олардікі белгілі жай ғой. Үш-төрт айдан соң олар "Отанға" қосылады" – деп Б.Әбіловтің жеңіл қайыруы, "Ақылы бар ғой, түсініп, қоятын шығар", – деп Т.Жүкеевтің сылап-сипауы, көптеген журналист күйініп тұрғанда олардың болмашы нәрсені күлкіге айналдыруы Ж.Тұяқбайдың мәлімдемесінен кейінгі "Отанның" баспасөз мәслихатын еске түсірді. Қазақтілді журналистерді Ұлттық баспасөз клубы төрағасының қағып тастап отырғаны аздай, қаршадай қыздардың өздері бірін-бірі аяқтан шалып, сұрақ қоюға таласып отыруы да орыстілді журналистер алдында ұятқа қадыратын жағдай болды. "Әлиханның жанындағылардан кімді білесіңдер, салмағы қандай? Кәттабеков деген филиал бастығын кім біледі? Ол маған: "Бізбен санасуың керек. Біздің филиалда 35000 мүше бар" дейді.  Ол облыста партия сайлауда 2 пайыз ғана дауыс алған. Біз филилал басшыларының мықты, елге белгілі болғанын қалаймыз" – дейді А.Сәрсенбайұлы. Әрине, "Ақ жолдың" аймақтағы басшыларының күшті, әйгілі саясаткерлер болуына толық қосыламыз. Жалпы партияның кейбір жергілікті өкілдерінің әлсіздік былай тұрсын, кешегі Мәжіліс сайлауында сатқындыққа дейін барғандары бар. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданындағы өкілі бұл опасыздығын облыстық филиал басшысы түгілі, партияның теңтөрағасы алдында көрсетуден тайынбады. Бұндай абыройдан айырылғандарға  әлі шара қолданбауы да партияның шарасыздығын білдіреді. Бірақ "белгісіз" Кәттабековтің Сәрсенбайұлынан санасуды талап етуге мәжбүр болуы да тегін емес-ау. Әлихан Бәйменовтің: – Олар "партия дегеніміз – төртеуміз және ақша" – дейді дегені босқа айтылмаған болды ғой деген ойға қаласың. Алтынбек Сәрсенбайұлы сондай-ақ Орталық Кеңес құрамына да кінә артты. Өзге облыстардан гөрі Қызылорда облысындағы ОК мүшелері үш есе көп деп айтып қалды. "Біз партияны ағайындық, таныстық, жерлестік принципімен құру жүйесіне қарымыз", – дейді А.Сәрсенбайұлы. Өте дұрыс. Бірақ партиядағы осындай бөлінушілікке әкелетін төртеудің әрекеттерін кінәлап, Саяси атқару комиетіне хат жазған үшеудің бірі – Нұртөре Жүсіп Әлиханның жерлесі де, ағайыны да емес, қайта Алтынбектің өзімен бірге оқыған студенттік курстас досы емес пе?!. Оның өзінің Әлиханды жақтауы да саңылауы бар адамға біраз нәрсені аңғартса керек. Әлиханның да, Алтынбектің де сөзіне қарасаңыз бәрі дұрыс. Әсіресе, Алтекең кәшек қалдырмайды. "Партия – ашықойлы, көзқарасы бар адамдардың демократиялық принциптер негізінде шешім қабылдайтын орны, партия деген мемлекеттік қызмет емес" – дейді. Ал қарсыластары: – Алтынбек амбициясын анық көрсетіп, ашық пікірталастан қашып, демократиялық партия талаптарын бұзуда. Тіпті өз партиясының пленумына қарсы шығып кедергі жасады, – деп кінәлалайды. Қайсысынікі дұрыс, қайсысынікі бұрыс, анығын бір Құдай біледі... Қос қошқарды басы бір қазанға сыймайды "Ақ жол" партиясындағы төртеуі түгел болып жүргент төрағалардың арасындағы жік бесінші теңтөраға болып Алтынбек Сәрсенбайұлы келген соң-ақ басталатыны белгілі еді. Сол кездегі жорамал жасаушылар, әсіресе, Алтекеңнің амбициясын анық білетіндер болжам айта бастағанда, партия мен министрліктің екі басқа дүние екенін сұңғыла Сәрсенбайұлы біледі һәм түсінеді деп үміттенгендер де көп болды. Баспасөз мәслихатында Әлихан Бәйменов: "Съездің алдында және соңында партияға жік салатын мақалалар басылымдарда негізсіз жарияланады", – деп, оған А.Сәрсенбайұлын кінәлайды. Иә, ондай алдын ала "кінәліні анықтап қою үшін" қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатындағы сыңаржақ сынды оқып жүргеніміз рас. Оларға сенсек, бәріне – Бәйменов кінәлі секілді. Осы оқиғадан кейін де, кейбір газеттер мәселеге біржақты қарап, "Ақ жол" партиясын ең ауыр күндерде құрып, аяғынан тік тұрғызып, бүгінгі күнге жеткізген (білгір саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, Мәжіліс сайлауындағы дауыстың 30 пайызы Бәйменов үшін берілген) Әлихан Бәйменовты бас салып кінәлайды. Осылай шолақ қайырып, шолжаң қыздың етегіндей шолтаң ой білдіру кімнің мүддесі үшін жасалып отыр? Партияның бірлігі үшін емес екені айдан анық... Біз неге бәрін бір адамнан көруіміз керек? Мүмкін, билікке Әлиханның төзімпаздығынан гөрі Алтынбектің өзімпаздығы қатты пайдалы болған шығар? Партия басшылығына жік салуға жігерлене кіріскен кім? Ертісбаевтың ертегісін ақиқатқа айналдырған қайсысы? Басқа ұлтты қайдам, қазақтың оппозиция көсемдері біріге алмайды деген болжам босқа айтылмаған болып шықты. Әрқайсысы бірін-бірі толтыратын, төрде төбедей орны бар төрт төраға түгел бола алмай, ауыздағысынан айырылып, алалыққа ұрнып отыр. "Болды да партия, ел іші жарылды" деген ұлы Абайдың сөзін билік қана емес, енді бәріміз де қайталауымызға тура келіп тұр... Оқиғаға қуана шоқ тастап, шотын қағып отырған  қарсыластары, мысалы алпауыт Машкевичке қарасты бір басылым "Ақ жолдың" теңтөрағаларының тіресін "тәттіге таласқан балалар секілді" деп "бағалады". Кімге сенерін білмеген қарапайым партия мүшелері екіге жарылып, екі ортада дал болуыда. Енді "Ақ жолдың" атын қайсысы иеленеді? Мүмкін тарихтағыдай большевиктер пайда болатын шығар. Әлде байлар мен кедейлер болып бөліне ме екен? Мұның бәріне нүктені алдағы құрылтай қояды. Р.S. Бір таңқаларлығы "Ақ жол" партиясының екіге жарылуынан хабарсыз қалды ма "Хабар" мен "Қазақстан" ұлттық арнасы бұл туралы кейінгі екі күнде ешнәрсе дей қойған жоқ. Бірақ сол күнгі Әулие Валентиннің махаббат күні мен таңертеңгі болған жер сілкінісін барлық БАҚ қалыс қалдырған жоқ... Қ.ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ «Жас қазақ үні» газеті №07 (173),  18.02-24.02.2005 жыл