«Сенің бостандығың ел Президентінің бостанды­ғымен бірдей болу керек»

Қазақ елі сонау қазақ қазақ болғалы біртума азаматтардан кенде болған емес. Не бір апайтөс батырлар мен суырып салма шешендер, көсемдер, сол кездердегі қоғам қайраткерлері арқылы өз бірлігін мына біздің заманға дейін сақтап келген-ді. Әлі де сол мемлекет қайраткерлерінің арқасында қазақтың бүгінгі ғаламдану дәуірінде елдің елдігін, оның тұтастығын сақтап қалу жолында ересен еңбек етіп келе жатқандары бар. Қоғам болған соң, оның алға жүру жолында көптеген қиындығы мен бұралаң жолы болатыны екібастан белгілі де. Міне осы жолдарда билікке, оның қателіктері мен жөнсіз тірліктеріне халық арасынан айтылар оңды ұсыныстар да аз емес. Әрине, бұл жерде халқымен санасар билік болар болса?!. Дәл қазір қоғам қаржылай дағдарыстан басқа, саяси дағдарысқа да келіп тірелген сияқты. Басы күйеу баланың тірлігінен басталып, соның ашуы ма, «ішіп қойды, жеп қойды» деген сылтаумен бірталай азаматтар қамауға алынып, оның соңы қайда апарып соғарын білмей қоғам да дағдарыста, енді қайтпегін білмей отырған билік басы да дағдарыста. Қаржылық дағдарыстан шығу елдің экономикасына байланысты болсын, ал саяси дағдарыстан қалай шығамыз?. Міне осы туралы жақында мемлекет, қоғам қайраткері Ғазиз Алдамжаров ағамызбен аз-кем сұхбаттасуға тура келгені... Ғазиз АЛДАМЖАРОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: – Аға, қай мемлекет болсын, өзінің тілі мен дінін ең алдыңғы орынға қояр еді, ал бізде бұл мәселе неге то­лыққанды шешілмей отыр?... -Алдымен дін туралы. Біз Қазақстан болған соң-ақ құдайға сеніп отырмыз дейді. Бұл - өтірік. Құдайға сену үкіметке байланысты емес. Мен мысалы өзімнің төрт бөлмелі үйімде отырамын. Күндіз-түні біреу мені бақылап отыра ма?. Құранда «сен мейлі түнде болсын, мейлі күндіз болсын құдайға құлшылық етер болсаң, құдай бәрін де көріп отырады» деп жазылған...Болмаса мен өзімнің ұстанған діни жолымды мешітке барып, жұртқа көрсетуім керек пе? Бірақ, мешітке бару үшін мешітте отырған кісі алдымен өзінің тазалығына, Алла алдындағы ісінің дұрыстығына сенімді болуы керек. Ол адамның жас кезінен «Алла» деген сөзі, мінезі, ісі жүрегінде болу керек. Алпысқа дейін өмір бойы арақ ішіп келіп, немесе бірталай келеңсіз тірліктер жасап келіп, енді құдайшыл болған кісілер құдайға сене ме? Жоқ....Ол адам пайда іздеген адам. Пайдакүнем. Ондай адам ұстап отырған мешітке мен өз басым бармаймын, ондай мешітке баруға болмайды. Сол сияқты Қазақстанның бас муфтиі мешітті құдайдың үйі деп көрсетіп отыр ғой, солай ма? Мешіт - ол адамның өзінің таза көңілін айтатын жер, барып құдайдан кешірім сұрайтын жер. Сонда мен мешітке барғанда Дербісәліге деп барам ба? Мысалы, оның өзі намаз оқымайды... – ... Мен түсініп отырмын... – Тоқта, тоқта, біздің қазақта ортақ дін бар ма, өзі?...Қазақтың 70 пайызы Құдайға сенбейді... 15 пайызы аяғына сүрініп кетер болса ғана «Бісмілла» деп Құдайды есіне алады. Сонда қалған 10-15 пайызы мұсылман деп санаймыз ба?. Оларды да Құдайға сенеді деп айта алмаймын, себебі тұрғызған моламыз дұрыс па?. Шариғатқа жүгінсек моланың үстін ғимарат салып жауып тастауға болмайды, темір-терсек жолатуға болмайды. Не болмаса мұсылман өлер болса, тойға шашылғандай шашыламыз. Міне, Құдайды білетін болса, үш күнге дейін кісісі өлген үйден астың иісін шығаруға болмайды, ол күндері бұл үй - қазалы үй. Қаза шығарылған үйде дастархан жайып, ас та төк ысырап жасау, жаназа үстінде жыртыс беру, киім беру шариғаттың қай жерінде бар екен? Айналдырған 10 миллион қазақпыз, дініміз неге бірдей болмайды, өлік шығарарда оған жасалынып жатқан ісіміз, кәдеміз неге бірдей болмайды. Сонда әр қазақ өзінің білгенін жасай беру керек пе?. Мына шешендердің қырылып отырғанына қарамайсыңдар ма?. Соған біз де келе жатырмыз. Қазір әр ауылдың өз мешіті бар, біреудің мешітіне біреу бармайды. Алматыда ұйғырдың мешітіне қазақ бармайды, қазақтың мешітіне ұйғыр келмейді. Бірақ екеуі де мұсылман. Құдайлары бір емес пе, міне дін жоқ деп отырғаным. Тіл. Ортақ тіл бар деп ойлайсың ба? Аз ғана қазақ жартымыз қазақша сөйлейміз, жартымыз орысша сөйлейміз. Екеуі бірін-бірі түсінбейді. Неге?. Үкімет «мен өзімнің елімде отырмын, өзімнің жерімде жүрмін, Конституцияда мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп күнделікті айтып отырар болса, неге тіл дамымайды?. Міне, әңгіме қайда?. Мемлекет басындағылардың бәрі де қазақ емес пе?. Неге тілді қорғаймын деген Мұхтар Шахановқа митингі өткізер жерді сонау Сарыарқа кинотеатрының артынан береді? Қазағының тілі үшін шырылдар болса, Үкімет басы неге қақ ортадан ойып тұрып орын бермейді?. Қазақ қазақты келемеж жасап отыр ғой. Басқа ұлыстар осыны көріп отырған жоқ па?. Қазақ қазақты сыйламаса, басқаға қазағың неге керек?. Осы жағдайда басқа ұлыстарға бізді сыйла деп айтатын орнымыз жоқ. Егер мемлекет тарапынан күшті қолдау болар болса, қазақ бірінші оянып «мынау менің жерім, менің Отаным, сондықтан тірлігім болсын, білімім болсын басқадан артық болуым керек» деп айтар еді. Қазіргі жағдайда қазақ басқа ұлыстарға қарағанда артта қалды, оны артта қалдырып отыр, енді ойла, сонда біздің тіл кімге керек?. Кінә кімнен? Кінә қазақтың өзінен. Билік басындағы отырған қазақтың азаматтары, бірінші қазақтың өзінен қорқады. Қа­зақтың бірауыз болуынан қор­қады. Сол билік басындағылар «қа­зағым, өз жерімізде отырып, қиыншылықты да, қызықты да, байлықты да бірге көрейік» деп айтуы керек еді. Таразының бір басында азғана топ байшыкештер, шенеуніктер, екінші басында - бишара қарапайым халық. Билік басындағылар халықпен санасуды қойған. Тіл қайдан оңсын содан соң?. -Ғазеке, кейбір ақпарат көздерінде Қазақстан өз бай­лығының 19 пайызына ғана ие, қалғаны ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кетіп жатыр деген мәлімет жа­рыса жазылуда. Осыған не айтасыз?. Мұның ұлттық қа­уіпсіздікке қандай зияны бар?... -Егер де Үкімет күшті болып, бәрін қолына ұстап отырса, әр нәрсенің де өзіндік шегі бар. Қазіргі таңда Қазақстанның байлығының 30 пайызынан артық беруге болмайды. Қалғанының бәрі қазақтың өзінде болуы керек. Келген кісі кетемін деп, өзінің отырған жеріне көңіл бөлмейді.Ал қай қазақ байыса да, әйтеуір туысқан-тумасы осында, ағайыны осында, сондықтан ол адам қазақтың қай-қайсысына болмасын көмек береді. Оның үстіне байлығы өзіне тиеді. Өзіне тигені қазағына тигені емес пе?. Бірақ біздің бай-шенеуіктер өз байлығын шет елде ұстап отыр ғой. Оларда Қазақстанда қаламын деген ой жоқ. Орыстар ертең-бүгін кетемін деп шемодандарынка мініп отыр. Ұйғырлар өз еліміз деп санамайды. Түріктер де солай. Сонда Қазақстан кімге керек, жарлыларға ма?. Оу, олардың елді ойлауға уақыты бар ма, олар тек табар тамағын ойлайды. Сонда кімге керек бұл ел?.. -Ғазиз аға, ұмытпасам, сіз жабылудың алдында тұрған «Тасжарған» газетіне берген бір мақалаңызда «қазақ көтеріліске жақындап қалды» деп жазып едіңіз, ол нендей мәселемен айтылып еді?...Рас, біз де жаза-жаза шаршадық, айта-айта аузымыз талды демекші... Мұның соңы болар күн бар ма өзі?. -Шыдамның да шегі болады. Егер шыдамның да шегі болмайтын болса, ол аурушылық. Пендеде қаншама шыдамдылық болғанымен оның да бойкүйездікке деген шыдамы бір күні жарылады. Тамаққа ашқұрсақ болсаң, киімге жарымасаң, ана балаңа анау керек, мынаусына мынау керек... Сол кезде не істеймін мен? Қайткенде де момынның бір тентектігі болады емес пе?. Сол тентектік қазаққа бір келіп қалғанда не болады?. Ашуланған кезде ол тоқта деген сөзді түсінбей қалады. Тоқтату қиын. Менің өз басым мұны Қапқазда жүргенде байқағанмын. Бір жағы ол жақтың халқына сүйсіндім, бір жағы қорықтым да. Сондықтан айтарым әрнәрсенің де шегі болады... -Содан кейін Ғазеке, Қа­зақстандағы оппозиция­лық пар­тиялардың бірікпей отыр­ғанына не айтасыз? -Бірігу деген, бір партияның айналасына топталу деген, бұл дұрыс сөз емес. Олай болмайды. Әркімнің қоғамға деген өз түсінігі бар. Сондықтан халықтың көзқарасы бірлей болмайды. Бірақ та, олар бір блок құрып, он шақты мәселеге бастарын бұру керек. Коррупция, коррупция деп қақсап отырмыз емес пе?. Коррупцияның шығар жері белгілі, оның құралы белгілі. Сол партиялар осы туралы неге бірдей ойламайды дейсіз, барлығының да ойлары бір жерден шығар болса, қанеки?.Қазақтың жері әркімнің қолында кетті. Бүгінгі күннен бастап осы жер туралы заңды өзгерту керек. Не болмаса қазақтың өзінің мәселесі оңып отыр ма?. Керек болса, қазақтың мәселесі Қазақстанда толық шешілген жоқ. Онымен орыстардың өзі де келіседі, «сендердің қазақтарыңның мәселесі шешілді ме?» дейді... Сен қонақсың ба мұнда, қожайынсың ба, ол да белгіленген жоқ әлі. Осындай он шақты өзекті мәселеде партияларды бір ойменен бір ортаға топтастыра алсақ, осының өзі аз емес. – Бүгінге соңғы сұрақ. Билік басын­дағылар, «біздің өз демократиялық жолымыз бар, далалық демократия жолы ол» деп жатады?... Алайда барлық елде адам құқы, оның мәртебелілігі жал­пыға бірдей болмай ма, осы? – Бос сөз...Құдай-тағала адамды өмірге алып келгенде олардың бәрін бірдей күйде алып келеді. Ол сол өзі келген қоғамдағы, елдің алдындағы заңға бағыну керек, бәрі де заң алдында бірдей болу керек. Біздің заң алдында құқығымыз тең. Сондықтан заңның алдында бірдей болған соң, Президенттің бостандығы да, менің бостандығым да, сенің бостандығың да бірдей болу керек. -Рахмет Ғазеке ! Әуелхан Шонжан Арыс қаласы