Қ.Келімбет – тәуелсіз директор

2009 жылдың 26 маусымында, Мәскеу қаласында Ресей Сбербанкі акционерлерінің жалпы жылдық жи­налысында банктің Қадағалау кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Оған тәуелсіз директор ретінде тұңғыш рет Қазақстаннан өкіл болып, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» Басқарма Төрағасы Қайрат Келімбетов енді. Өзінің сайлануына қатысты түсініктеме бере келе, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Келімбетов: «Самұрық-Қазына» республикадағы белді банктердің ірі акционері болғандығы себепті, осы жауапкершілікті сезіне отырып, біз экономикалық дағдарыстың сабақтарын дұрыс ұғынуымыз қажет. Ал Ресей Сбербанкі секілді әлемдік ірі банктің Қадағалау кеңесіне кіру — бұл қазақстандық қаржылық сектордың болашағына сауатты түрде және уақытында әсер етуге көмектесетін үлкен тәжірбие мен білім болмақ. Оның үстіне, мемлекет Басшысы дағдарыстан кейінгі даму жолында ұлттық қаржылық архитектураның жаңа концепциясын жасаудың міндетін алға қойды» деді.

Сбербанктің қадағалау кеңе­сінде бәрін қосқанда 4 тәуелсіз директор болады. Онда Қайрат Келімбетовтен басқа, Ресей эко­номикалық мектебінің рек­торы Сергей Гуриев, Халық шаруашылығы академиясының ректоры Владимир Мау, McKinsey консалтингтік компаниясының құрметті аға серіктесі Раджат Кумар Гупта бар. Соңғысы, McKinsey компаниясының құрметті аға серіктесі ғана емес, сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысының осы ұйымды реформалау жөніндегі арнайы кеңесшісі, Goldman Sachs инвестициялық банкі тәуелсіз директоры және «Сколково» Мәскеу мектебінің халықаралық қамқоршылар кеңесіне де кіреді. Кеңеске, Сбербанктің негізгі акционері болған РФ Орталық Банкі (акцияның 60 пайызы) мемлекеттің 11 өкілі, банктің екі менеджері - Басқарма Төра­ғасы Герман Греф пен оның орын­басары Белла Златкис те кірген. Сбербанк Қадағалау кеңесінің құрамына кірген мемлекет өкіл­дері ретінде төмендегі тізімді айтуға болады: виц-премьер, РФ қаржы министрі Алексей Кудрин, РФ экономикалық даму министрлігінің басшысы Эль­вира Набиуллина, РФ Прези­дентінің көмекшісі Аркадий Двор­кович, РФ Үкіметі қаржы және экономикалық депар­та­ментінің директоры Андрей Белоусов, Қаржы министрлігі департаментінің директоры Алексей Саватюгин. Мұнан өзге, сайланған кеңестегі мемлекет өкілдерінің алтауы Ресей Банкінен: Төраға Сергей Игнатьев және оның бірінші орынбасарлары Алек­сей Улюкаев пен Георгий Лун­товский, экономикалық жиын­тық депар­таментінің директоры Надежда Иванова, бас аудитор Валерий Ткаченко және Мәскеу аймақтық бас басқармасының бастығы Константин Шор бар. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Баспасөз қызметі