«ОБЛЫСҚА ДҰРЫС ӘКIМ КЕЛДI ДЕП ОЙЛАЙМЫН»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан өңiрiнiң басшысына осылай деп баға бердi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып қайтқан болафтын. Бұл сапардағы үлкен жаңалық “Қазцинк” акционерлiк қоғамындағы “Жаңа металлургия” жобасының тұсаукесерi едi. Зауыт аумағында салынып жатқан жобаның мақсаты - Өскемен металлургия кешенiн қайта жарақтандырып, мыс балқыту зауытын салу және iске қосу. Сол арқылы жылына 70 мың тонна көлемiнде катодты мыс өндiруге қол жеткiзу. Зауыт iске қосылса, мыс концентраттарын қайта өңдеуге, құрамында алтын бар концентраттарды пайдалана отырып, одан катодты мыс, тазартылған алтын мен күмiс алуға толық мүмкiндiк бар. “Казцинк” АҚ-ның бiрiншi рет жүзеге асырып отырған алып жобасына мыс балқыту, күкiрт қышқылы, қорғасын, көмекшi өндiрiс зауыттары кiредi. Жобаны iске асыруға Қазақстан, Ресей, Германия, Канада, Швеция, Чехия, Финляндия, Австрия, Жапония, Италия, Австралия, Түркия мемлекеттерiнiң жетпiстен астам компанияларынан бес мыңнан аса адам қатыстырылмақ. Ал толықтай пайдалануға берiлген кезiнде қазiргi құрамға (бүгiнгi таңда 20 мың адам) қосымша тағы мың адамға жұмыс орны ашылмақшы. Жаңа жоба негiзiнде мамандарды оқытып даярлауға 6,92 миллион доллар жұмсау көзделiп отыр. Мiне, осындай аса iрi жобаның тұсаукесерiнде Елбасы металлургтермен де емен-жарқын әңгi¬мелестi. - Өскемен өңiрi, Алтай аймағы елiмiздiң өндiрiсiнiң кiндiк ортасы болып саналады. Әлемдiк қаржы дағдарысы тек мұнай мен газға арқа сүйеп қол қусырып отырудың артта қалғанын байқатты. Олармен қатар елiмiздiң индустриясын да дамытуымыз қажет. Сонау қиыншылықты кезеңдерде осы заводты көтердiк, инвестиция тартып, қолдау бiлдiрдiк. Ендi нәтижесi бүгiнгiдей. Мен үнемi осында келген сайын алға басудың, жаңаланудың үлгiсiн көрiп қайтамын. Өткен жолы мырыш өндiрiсiндегi газдан тазалау құрылғысымен танысқанмын. Жаңа ғана келер жылы пайдалануға берiлетiн жаңа заводтың жұмысымен таныстым. Ол 722 миллионнан астам доллар инвестицияға тұрғызылуда. Комбинат толықтай жаңаланды деп айтуға негiз бар. Ал “Жол картасы” бағдарламасының аясында облысқа 17 миллиард теңге бөлiнiп отыр. Ол аз қаражат емес. Өскемен қаласы дамып, гүлденiп келедi. Қандай жақсы демалыс орындары салынып жатыр. Көшелерi жасыл желекке бөленiп, құлпыра түсiптi. Тұрғын үйлердiң қасбеттерi де көз тартады. Бұл ретте облыстық және қалалық әкiмдiктердiң жұмысын қолдап, қуаттаған жөн. Бердiбек САПАРБАЕВ - менiң ертеден келе жатқан досым, осы жолы облысқа дұрыс әкiм келдi деп ойлаймын. Облыс басшылығы елдiң жағдайын жақсы түсiнiп отыр. Қолға алынған шаруалар жалғасын табады деп сенiммен айта аламын, - дедi мемлекет басшысы. Даурен Аллабергенұлы