ЖАНАЗАСЫЗ ЖЕРЛЕНГЕН АҚЫН

940
0
Бөлісу:

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы-ғалым
Берік ЖҮСІПОВ – 1970 жылы 7-наурызда Қызылорда облысында дүниеге келген. 1987 жылы Жалағаш ауданындағы №202-орта мектепті бітірген. 1995 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Ұлт аспаптары факультеті, Халық әні кафедрасын тамамдап, аталмыш оқу орнында оқытушы, аға оқытушы, Халық әні кафедрасының меңгерушісі (2001-2003) қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының докторанты, Қызылорда облысы Мәдениет басқармасының бастығы. Халықаралық Түрксойдың «Мұрагер» сыйлығының иегері (2000), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2000), филология ғылымдарының кандидаты (1999), доцент (2001). Бірнеше монографиялар мен мәдениеттану, фольклористика, музыкатануға қатысты жүзге тарта ғылыми-танымдық мақалалардың авторы, эпик-жыршы.

Сол тамұқ түнді қарғыс атсын!
…Ардақты ақындарының мүрдесін көтерісіп, жұмыла жұрт болып ақырғы, ақтық сапарының өзіне жария түрде шығарып сала алмай, от басында омалған барша жақындары мен жұрағаты осылай деп көз жастарын бұлады. Сол күнгі Қармақшы түні де бәз әдетінен айнып, біртүрлі жосаланып тұрды…
Фәнидегі «бес күндік» тіршілігінің өзі адам айтса нанғысыз, әрі баянсыз болғаны былай тұрсын, ақырының да тап осылай қасірет қадасына байланатынын ол жалғанды жалпағынан басып жүрген кезінде білген жоқ. Білсе рахатынан гөрі жан азабы басым осы бейопа байтақты таңдап, таптаурын етпес еді. Алдашбай ахуннан сауат ашқан жас шәкірттің тайқазандай тасыған талантын танып, өзі білім алған Бұхара шаһарына барып діни сауатын жетілдіріп, дүнияуи пайымын ұштауға кеңес берген Қалжан ахун жас Тұрмағамбеттің өзгеден озық екенін бірден байқаған. Сөз сүлейі жетіле келе ой кемесінің желкенін тартып, кезбеген жеті ықылымның түкпірі мен жалғаншының жықпылы қалмаған екен.
Пенделік аңсар емес пе, түрмеден титықтаған ақын іші қансырап жатса да соңғы деміне дейін үміт құшағында болыпты. Бір есін жиған сәтінде басын көтеріп, балаларына: «Сендерге қырық жыл азық та болармын, қырық жыл арттарыңа қазық та болармын-ау!» деп айтыпты дейтін кепте ол өз өмірін пайғамбарларша болжапты. Бірақ «Ей, Алла, ғафу айлап тауфиқ, тәуба, пендеңді бұлт шөгетін шығар тауға» деп ислам ұлағатымен сүйегі ағарып, жаны жаңарған бейкүнә жанның жалғаншыда жасаған соңғы сағатынан соң жаназасыз жерленетінін ешкім білген жоқ. Бір заманда оның ұлы ұстазы Әбілқасым Фирдоусиді де байтақ жұрты осылай еткен еді.
1937 жылдың қанды қасап сүргінінің табы басылса да, ізі суи қоймаған күмілжі мезгіл болатын. «Темірбек Жүргенов ұсталыпты. Жұмыс столының үстінен Ахмет Байтұрсынұлы мен Тұрмағамбет Ізтілеуұлына «өмірлік пенсия» тағайындау туралы үкімет құжаты табылыпты» деген хабардың шаңы бұрқ ете қалған. «Несі бар, әлемдік «Шаһнаманы» қазақ ұғымына шақтап шыққан шабаз емес пе? Сол пенсиясы құрымағырды Тұрекеңе бермегенде, кімге береді өзі?» деушілер де табылған. Тек күңкіл сөздің көбейгені болмаса, көңіл көншитін нақты ештеңе жоқ еді. Содан бері де екі жылға жетер-жетпес уақыт өткен. Маңдай тер, адал ақысы үшін Кеңес үкіметінен өмірлік пенсия алмақ түгілі, Тұрекең тіршілігінде түрмеден көз ашпай-ақ қойды. Қайта-қайта шақыртып тергейді, апталап, айлап ұстап көңіліне қаяу салады, қол жұмсайды, Т.Жүргеновпен байланысын және оған тағылған жалған айыпқа ортақтастығын тәптіштейді. Бір кездері Бұхарадағы әйгілі «Мир-Араб», «Көкелташ» медреселерінде меңгерген араб, шағатай, парсы, түркі тілдері мен қадим негізін қопарған діни білімі де сау басына сақина болып жабысқандай. Қит етсе болды: молда, Кеңестің саясатына қарсы, бай-құлақ, ескілікті уағыздайды деп титығына тию көбейген кез. «Айына үш жүз сомнан аласың деп, // Пенсия бұйырып еді бұған бер деп. Онысы ойынындай болып жас баланың, // Отырмын түзеу үйде босқа шерлеп…» деп қамығыпты түрмеде отырған тарлан ақын, тарыққанда қолына жалғыз қолқанаты – қаламын алып.
Әсіресе, соңғы тағылған айып санаға сиымсыз: төрт жүгерінің сабағын ұрладың дейді! Бұл ұрлыққа есеп болса: «Алғаным төрт жүгері толық айып, Айыбымды өзім де айттым жұртқа жайып» деп, Тұрекеңнің өзі жарияға жар салмас еді ғой. Аузынан Алласы түспеген адамға жала жабу барып тұрған қорқаулық. Ақыры, мойындайтын қылмысы жоқ жерде мойындататын дәлелі болмайтынын білген даурықпа топтың тырнақ астынан кір іздеуден басқа амал-айласы қалмаған. Осылайша ғазиз ақынның ақырғы жылдары Қазалы, Ақмешіт, Шымкент қалаларының түрме табалдырығын тоздырумен өткен. Ол соңғы рет тұтқындалғанында Шымкент түрмесіне қамалған еді. Осы жолы тергеушілер ақынға қылмыстық топтарға қатыстылығын мойындатып, шынын айтқызамыз деп әбден ұрып-соққан. Ақыры, қате тиген соққының бірі табиғатында шырға, нәзік адамның жанын ғана жаралап қоймай, өмір шамының мезгілінен бұрын сөнуін де жылдамдатты. Сол жылы Сыр сүлейі елу алты деген қыршын жастың бір қиясына енді ғана шыққалы тұрған…
…Құлаққа ұрған танадай мұлғын тыныштықты ақ күміс омырауын жанарынан еріксіз парлап аққан көз жасы жуған қариялар мен екі иіні солқылдап, бірін-бірі балаша жұбатып, басу айта жүріп тұншыға солқылдаған ет жақын ағайындарының зар үні ғана бөліп тұрды. Аз ауылда «алыс» деп алшақтататын, «жақын» деп жаба тоқитын да ешкім жоқ еді-ау өзі. Бәрі де кешегі басы аман, бауыры бүтін күндерінде бірінің аузындағысын екіншісі бөліп жеп отыратын бір атаның – Кетенің баласы. Төрдің төресіндей болған аузы дуалы ақын жаны қиналып, дүние шарқы пәлек болуға айналғанда «Жаназа, жаназамды…» деуге ғана шамасы әрең жеткен. Жаназамды шығарыңдар деді ме, зияным тиер, шығармаңдар деді ме, онысын ешкім ұғып та, аңғарып та үлгерген жоқ. Базбіреулер білсе де білмеген, естісе де естімеген болған. Бірақ ешкімнің батылы жетіп «осылай етейік» деуге дәті бармағаны анық. Соңғы шешім үнсіз қабылданған…
Кеудесінен ғазиз жаны қанаттанып ұшқанға дейін ол сөйлеп жатыпты. Басын сүйегендерге түрмеде тиген соққыдан жаны ауырғанын айтыпты. Тек сағат тілі соңғы сәтін соғуға айналғанын сезе бастағанда ғана: «Биға!» деген дауысы тарғылданып шығыпты. Содан соң, бас жағына келген бәйбішесіне төрде тұрған кеу сандықты нұсқап, ауыл сыртындағы ұстазы Қожабай мешітін ымдап көрсетіп: «Өзің ие бол!» дегендей ғана ишара білдірген. Түрме табалдырығын тоздырып жүргенде ақынның Бұхарадан түйеге артып келген бай кітапханасын және «Шаһнаманың» қолжазбасын ақылды бәйбіше Тұрекеңнің ұстазының қабыриятына көміп сақтаған еді. Ол соны ымыра еткен болса керек… Ақын мұнан басқа тіс жарып ештеңе айтпапты. Тек, жанарынан әл тая бастағанда «Қос қарғама Алла жар…» деген шүңірек көздері жасаурап. Дүние дидарына келген Әбділәзиз, Әбділхай, Әбділхамит сияқты ат тізгінін ұстар жеті перзентінен бірінен соң бірі есейіп, ер жетіп тұрған шақтарында айырылып, ажал аждаһаның құшағына өз қолымен табыстап, аңырап қала берген Тұрекеңнің артында қалған Махмұтбек пен Әбдірауық еді. Пендеден пана таба алмасын білгендей, ақын көзінің ағы мен қарасын Аллаға аманаттапты. Содан соң бірнеше күн бойы күзетінде болып, үй-ішінде алқа қотан отырған ағайын-туыстарына барлай қарап алып, теріс айналып түсіп өзімен-өзі: «Әһлі исламның ақ туын ұстап, бірлігіңе шүбә келтірмеген қайран Тұреке! Сенің де күніңнің қуырылғаны ма, тататын талқаныңның таусылғаны ма?» деп, күбірлеп ұзақ жатқан. Ол осы сөздерді айтып, әлденелердің басын шала бастағанда шырын дүние көз алдында дөңгеленіп бара жатты.
…Ақын бір сәтте есін қайта жиып алыпты. Талықси бастаған тұста төңірегіне көз тастап, ақырын ғана: «Алла!» деген. Сосын, керіліп, бойын жазғанда шынашақтай тұлғасы зорайып кеткендей болыпты. Содан соң соңғы рет иек қағыпты. Есік ашылып кеткен екен. Сығырайған білтелі шам көктей соққан самалдан жалп етіп өшіпті…
…Алланың хақ бұйрығы жеткен сағатында жантәсілім еткен жанды жерлетпейтін заң жер бетінде сірә, жоқ. Бірақ ел құлағының естімегені тек біздің ғана жұртта көп… Кешегі кеңестік кезеңде сондай да қарғыс атқан қағида болыпты. Үкімет сойылынан қорыққан қара құрымның ақынның жария түрде жаназасын шығартуға да дәттері бармапты. Аузынан сүбханалласы түспеген ғұламаны Жер-ананың қойнына ең соңғы, ақтық сапарына шығарып салуға Құдайдың жарық күні де бұйырмай, бөрі мен ұрының еншісіндегі түнде ай жарығымен қарақшыдай қараңдаған үшеу дымын білдірместен, ауыл шетінде төрт шақырымдай жерде тұрған бейітке жасырын барып жерлеп қайтқан. Бұл да жалғыздың тапқан жолы емес еді. Көбеңсіген көптің ұйғарымы солай болыпты. Артында қалып бара жатқан ел-жұрты, әулеті мен бала-шағасының тыныштығы үшін де осылай істеуден басқа шара қалмаған шығар? Сірә, бұдан асқан қорлық болмас? Келер жылы Қармақшыдан НКВД қызметкерлері келіп, ақынның моласын жермен-жексен етіп тегістеп кетіпті. Содан соң ақын бейітінің басы қарайтылмай, үйінді төмпешік күйде ұзақ жыл жатып қалады. Үкімет адамдары арада біраз жылдар жылжып, әруақ сауабы үшін басына төртқұлақ там тұрғызып, арына шапқан бір туысының қыр соңынан көп жылға дейін қалмапты. Қанды қасіреттің ізі мен жан жарасы жазылушы ма еді? Қазір де Тұрмағамбет ауылына ат басын бұрсаңыз, сирек те болса осы уақиғаның анық-қанығын айтатын көзі тірі куәгерлерді әлі де кездестіріп қаласыз…
Алдашбай ахуннан дәріс алған, Тұрекеңнің замандасы Оспан молданың сақалынан тарам-тарам болып аққан көз жасын көргендер сол оқиғаны тебіренбей еске алмайды. Ескіліктің бәрін жау көрген залым заманның қара ниет адамы десек те, үкімет берген бұйрықты асқақтатып, ұшығын шығарып жібергендер өз қандастарымыз бен жерлестеріміз! Дінді «апиын» деп танығандар Оспанды таяққа жығып, қойнына қорсылдаған шошқа торайын салып, көше аралатқанын Тұрмағамбеттің ауылдастары күні кеше көргендей, тұла бойлары түршігіп айтады. Санаға түскен сызат келесі буын ауысқан тұста ғана шерулі көш болып тарқамақ. Көзі тірі куәгерлер тұрғанда санадағы сары дақты өшірем деу – бос сөз! Етегіне салған әлгі настың исінен заманына нағылет айтып балаша жылап, еңіреген Оспан да содан соң көп ұзамай көз жұмыпты. Қыр соңына шам алып түскен НКВД көпектері әлгі айлаларын Тұрмағамбетке де жасамақ болған екен. Бірақ жасай алмаған. Боркеміктік танытудан гөрі Алланың ақ өлімін дұрысырақ деп тапқан ақын қасқайып тұрып алыпты. Әйтпесе, оған қойылған талап қара тастан да қатты еді. «Шошқа мен сыйырдың танауы мен аша тұяғы ұқсас, сондықтан шошқаны да адал жануардың қатарына қосасың!». Міне, ақынға орындатпақ болған жарыместердің жартыкеш шарттарының түрі. Сөзден есе жіберген Тұрмағамбет пе? «Олай болса қатының мен туған қызыңның қойнына қатар бар. Ол екеуі де бір емес пе?» деп салыпты. Сол сөзден кейін әлгілердің шүйіле түсуі асқынбаса, азаймаған. Шымкент түрмесінен келгенде ақын осындай халде…
Ақын мәйітін түнделетіп жерлеп қайтқан үш туысы – Сақтаған Кәрібозов, Ысқақ Бәйдәулетов, Алмас Мұсабектердің кейінгі тағдырының қандай күйге түскені белгісіз. Тек мәселенің бас-аяғы мұнымен ғана шектелмей, адам айтса нанғысыз сұмдықтың содан кейін болғаны…
Тұрмағамбетті жерлеп қайтқаннан кейін, арада екі-үш күн өтер-өтпесте аудан орталығынан сау етіп бір топ НКВД қызметкерлері келе қалады. Ақынды «қашып жүр» деп сылтауратып, ағайын-туыстың дегбірін ала бастаған әлгілер Тұрмағамбеттің дүние салғандығына сенбей, зығыр еге бастапты. Ақыры, сөзге иланбаған имансыздар ақын қабыриятын қайтадан ашу керек деген зұлымдық ниеттен айнымай қояды. Қолдан келетін қайран қайдан болсын?! Бұрын мұндайды көрмек түгілі, естіп-білмеген ет жақын ағайын жалғыз Аллаға зарын төгумен болған. Әлгілер топырағының беті тоңазып та үлгермеген ғазиз ақынның әруағын қорлап, мәйітті қайта қаздырып алыпты. Жерленген мүрденің Тұрмағамбеттікі екеніне көз жеткізген көр соқырлар өлі мәйіттің білегіне таңба басып, бұдан былай іздеуді доғару үшін өлікті актілеп, туыстарына қайта жерлеуге келісім берген.
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп, Арманда болмай-ақ қой екі көзім!» деп зар төккен қайран Тұрекең! Ақырыңды болжап, кейінгіде сен көретін ештеңе де қалып жарымайтынын дөп басып айтқан екенсің-ау! Ақынның мәңгілік мекеніне айналған қабырияты бүгін де сол баяғы жөнделмеген күйінде тұр. Бір заманда ғазиз рухын ұлықтап ескерткіш орнатқан Елеу Көшербайұлының ізгі ісін іліп әкетер жанашыр жанның болмағанына қынжыласың.
Көзінің тірісінде де, бақидан баян тапқанда да өмірден лайықты сыбағасын ала алмай, өксумен өткен қайран шайыр!..

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он жеті + 4 =