Бибігүл Төлегенова: ӘН-ҒҰМЫРЫМ жалғасып жатыр...
2023 ж. 13 наурыз
4703
0
СССР және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, СССР Халық артисі Бибігүл Төлегенова – көмейіне бұлбұл ұя салған әнші. Оның айтқан әндері құлпырып, өңделіп, еркелеп шығады. Дыбыстың өсуі мен бәсеңдеу кезеңдерін нәзік құбылысқа айналдырып, оған түрлі өрнектер мен иректер енгізіп, одан мың бұралған кербез, ерке әуез шығару әншінің ең дарындысында ғана болатын құбылыс. Оның табиғатын түсіну, не түсіндіріп берем деу – өлшеусізді өлшеулімен білем деуге саяды. Біз Бибігүл Ахметқызынан Құдай берген өнерді жандүниесінің егізіндей етіп шырайлы қалпында сақтауының жөн-жосығын сұрадық.
– Әнге, ән айтуға деген құштарлық бойыңызда қашан, қалай пайда болды? – дедік әңгімені әріден бастағымыз келіп.
– Бала өмірге келген соң ата-анасынын оның денесі шираса екен, одан кейін күлсе, жүрсе, сөйлесе екен деп тілейтіні ақиқат қой. Шешемнің айтуынша, тілім әнмен шығыпты. Ол кезде оған мән берген кім бар, кейін өткенді еске алғанда ойға оралып, еске түсіргеніміз ғой. Біздің Семейдің желі мен бораны тақымы бос адамды аттан аударып түсіреді. Боранның үскірігі мен желдің гуілі құлағыңа қасқырдың ұлығанындай дыбыс жеткізеді. Мен столдың астына кіріп кетіп, сол боранның уілін айнытпай салатын көрінемін. Шешем мені қорқып жылап отыр деп стол астынан шығарса, мен қайыра сол орынға барып «жел», «боран» болып ойнайды екенмін. Ұйықтағанда ыңылдаймын. Әкем Ахмет скрипкада татар әндерін нақышына келтіре тартатын да, шешем ноғай қызы емес пе, өз ұлтының әндерін жүрекке жеткізе айтып отыратын. Адамның жас кезінде көргені, естігені, есінде қалып қояды екен. Шешемнің ән айтқандағы даусы ерекше еді. Әлі құлағымда.
Осылайша әнімізді айтып, ақар-шақар өсіп келе жатқан жеті бала аяқ астынан әкеден айрылдық. Айдалып кетті. Сонда шешем жиырма бесте ғана. Баланың естияры – менмін. Шешем әкемді уайымдағаннан ба екен, аурушаң болып қалды. Мұңын, зарын әнмен төгеді. Бір таңқаларлығы, енді тек қазақша ән айтады. Татарша ауыз ашпайды. Қазір сонысын әкеме деген құрметі шығар деп ойлаймын. Ол кісі менің жақсы әнші болғанымды көріп өтті ғой дүниеден, сонда менің татарша ән айтқанымды естісе: «Сенің осың не, шүлдірлеп» деп жақтырмай қалатын. «Жұт – жеті ағайындының» кебі келіп, енді соғыс басталды. Шиеттей қызылшақа, үйме-жүйме балалармыз. Тамақ, киім керек. Мен Семейдегі ет комбинатына жұмыска кірдім. Он үш жастамын. Бастығымыз Лионгард деген кісі. Кітаптардан К.Маркс пен Ф.Энгельстің суретін көремін де, «е, біздің бастығымыз жақсы жұмыс істеген соң суретін шығарған екен ғой» деп қоямын. Қатты ұқсайды. Кітапқа шыққан кісі жаман болмайды ғой деп бастығымызға ішім жылып қалады. Мен қай жұмысты да ән салып жүріп істеймін, кейде әнге қатты беріліп кетіп, жұмыстан ақау жіберіп аламын. Ондайда мен қосымша киномеханиктің көмекшісі болып жұмыс істейтін клубқа келіп мына «әртістеріңді» менен алыңдаршы дейтін. Ал менің ет комбинатынан кеткім келмейді, себебі, ол жерде ең болмағанда қарнымыз тойып жүреді ғой.
Көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің ең жасы мен едім. Алматыға оқуға жіберетін болды. Кешкі мектептің 7-класын бітіргенмін. Билетті өздері алып, поезға отырғызды. Поезды сырттай көріп жүрмін ғой, бірақ ұзақ жолға шығып көрмегенмін. Оның үстіне, бала кезде үлкендерден сұрасаң ұрсып тастайтын, өзің жауабын таба алмайтын, бірақ ойыңнан шықпай жүретін бір нәрсе болады ғой. Соны білудің сәті түскен секілді. Алла-ай, ол не десеңізші... Жол бойындағы бағаналардың кай жерге дейін созылатынын көргім келетін. Менің ұғымымда көк пен жер алыс бір жерде түйісіп, сол жерде бағаналардың соңғысы тұратын секілді болатын да тұратын. Семейден Алматыға келгенше көз ілмей, кірпік қақпай бағаналарды таса жібермей бақылаумен болдым. Көз жетпейтін жердегілеріне вагон терезесінен басымды шығарып «белгілеп» қоямын. Олар бір-бірімен жетектескен баладай тізбектеліп созыла береді, созыла береді.
Алматыға келдім. Оқуға қабылдайтын жерге қағаздарымды көрсеттім. Жазу-сызуым тәуір шықты. Келіп отырғаным әншілер дайындайтын оқу орны ғой. Ән айтайын десем, даусым жоқ. Анау да келіп тыңдап, мынау да келіп тыңдап көріп, бастарын шайқап кетіп қалады. Аяқ астынан мүсәпір халге түсіп қалдым. Булыққаным сонша, солқылдап бір жылайын. «Неге жылайсың?» дейді көргендер. «Менің әп-әдемі даусым болған, соның аяқ астынан жоқ болып кеткеніне жылаймын» деймін. Содан бір мұғалім мені жетектеп дәрігерге әкелді. Ол ары-бері қарап: «Трахит, суық тиген» деді. Не істеймін десем, «Молчать! Не петь!» дейді. Қолыма дәл осылай жазылған анықтама ұстатты. Ауылға қайттым. Менің келгеніме шешем қуанып қалды. Мен ет комбинатындағы жұмысыма қайта кірістім. Сол кезде ел тіршілігі, халықтың көңіл-күйі үшін атқарылып жатқан жұмыстар көп еді. Әрі шынайы істелетін. Енді республикалық ән байқауы өтеді екен. Соған қатысуым керек. Дауысымды байқасам, сыңғырлап тұрған секілді. «Қараторғайды», «Қазақ вальсін» айттым. Жақсы шықты. Қуанып тұрмын, жалпы, мен ән айтқанымда көңілім көтеріліп, шаттанып, ішкі дүнием кеңіп қалады. Сондай бір сәтте жаныма қасы-көзі мойылдай болып мөлдіреген, өзі аппақ, жібектей шашы иығына түскен нәп-нәзік бір әйел келді. Оның үстіндегі ақ көйлектей көйлек, аяғындағы туфлидей туфли көрмегенмін. Санадағы періштенің суретіндей. Бетіне тамсанып, таңданып, аузымды ашып қарап қалдым. Сол күйімді қапысыз таныды-ау деймін, жылы жымиды. «Атың кім?» – деді. Даусы жұмсақ екен. «Галя» дедім. (Орыстардың арасында өскендіктен мен Галя атанып кеткенмін, Әкем ғана Күлтай дейтін). «Менің де атым – Галя. Галина Иосифовна Серебрякова. Сен консерваторияда оқуың керек!» деді маған барлай қарап. «Мен онсыз да консервный заводта жұмыс істеймін», – дедім нығарлана. Ол жымиды да: «Консервный заводта консерві жасайды. Консерваторияда оқытады» деді. Мен екеуінің айырмасына соншалықты мән бере қоймағанымды аңғарды-ау деймін, «сенің дауыс тембрің де, ән айту мәнерің де италияндық Амелита Галли-Курчеге ұқсайды екен». Мен селт етпедім. Өйткені мен үшін ең мықты – Күләш Байсейітова, Роза Жаманова. Білетінім де осылар ғана. «Сені Неждановамен таныстырамын» деді менің бойымнан бір өзгеріс күтетін адамдай. «Көршімен таныстырам» дегендей ғана әсер етті. Енді бетіме таңданыспен қарап: «Москваға жіберемін!» деді. Қуанышты жанармен жалт қараған болуым керек, күліп жіберді. «Студия ашайын деп жатырмын, соған сені қабылдасам деп отырмын» – деді сабырмен.
– Швейцарияда тұратын үлкен әнші, ұлы ұстаз деп ауыз толтырып айтуға болатын Элизабет Шварцкопф шәкірт дайындайтынның алдында оларды етбетінен жатқызып, жалаңаш денесінің кіндік тұсына нота сызбаларын төсейді екен. Сонда тән музыканы сезініп, ол қан тамырларына тарайтын көрінеді. Қазақ баласының жастығының астына нан, кітап, пышақ қойып, «түсіңе қайсысы кірді» деп сұрайтыны секілді. Кітап кірсе –оқымысты боласың, нан кірсе – нан табарлық шаруа жасайсың, пышақ кірсе – өжет боласың деп жататын. Бұл әрекеттің емеурінді бір астары болғаны ғой. Енді сіз де маман ұстазға тап келдіңіз. Жұмысты неден бастады? Әншілік – Құдай беретін талант. Оны әкеліп бойыңызға жапсыра алмайды. Ал енді бар нәрсені қырлап, өңдеу үшін оның қабілеті одан жоғары болу керек. Мен Г.И.Серебрякованы жазушы деп ойлаушы едім, ол кісінің музыкант болғаны ғой сонда?
– Өмірде сексен қырлы, бір сырлы адамдар болады ғой. Галина Иосифовна Москва мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген. Бірақ жазушылыққа ден қойып кеткен. Оның шығармалары қазақшаға аударылғанда Сәкен Сейфуллин редактор болады да, олардың танысуына осы жағдай себепші болған көрінеді. Өзінің күйеуі «халық жауы» болып, Колымаға айдалып кетеді. Ізінше өзі де Сәкен секілді «жапон тыңшысымен» байланыс жасағаны үшін сотталады. Оның Семейде жүруінің бір себебі де сол екен. Ол кезде мен ол жағдайларды білмеймін. Студияға жазылдым. Екі ай ішінде Джильда, Виолеттаның ариясын, Штраустың «Көктем вальсін» үйреніп алдым. Вердидің «Риголеттасы» мен «Травиатасы» әлемдік опера репертуарындағы ғажап дүниелер екенін кейін, консерваторяда оқығанымда білдім ғой. Ал енді ол кезде бергенін жаттап алып айтамын. Галина Иосифовна менің зейініме риза. Дауысың сопрано, әйелдердің ең әдемі дауысы дейді. Италиялықтардың биік дауыс дегенінен алынған деп түсіндіреді.
Ол кісінің өзінің қаншалықты музыкант болғанын білмеймін, сахнада ән айтқанын да бір-ақ рет естідім, бірақ жақсы ұстаз еді. Біз, қазақтар, дауысты жуан, жіңішкеге немесе еркек дауысты, әйел дауысты деп бөле саламыз ғой. Еуропалықтар еркектердің дауысын үшке, әйелдердің дауысын үшке бөледі. Менің дауысым мамандардың сараптамасы бойынша лирикалық-колоратуралық сопрано. Бұл дауыстың өзгелерден ерекшелігі –дауыс желбезегінің діріл саны көп болады, көп болған сайын дауыс күшейе түседі, лиризм мен драматизм артады. «Тырна қаз боламын деп жүрісінен айрылыпты» деген бар, ұстаздың дұрыс жолықпауынан табиғи дауысынан айырылып қалатындар болады. Вокальдық дайындық, вокальдық диета, дауысты дұрыс қою деген болады. Галина Иосифовна музыкалық тонның дұрыс шығуына көп еңбек сіңірді.
Сонымен, республикалық байқауға Алматыға келдім. Бұл жолы тамақты ауыртпау керектігін ұғып қалғандаймын. Жан-жақтан біршама жастар жиналыпты. Домбыра тартылып, би биленіп жатыр. Менің кезегім келгенде Штраустың «Көктем вальсін» шырқадым. Комиссия мүшелері қатты риза болды. Бақытжан Байқадамов жаныма келіп: «Қарындас, саған оқу керек!» – деді. «И так та оқып жүрмін» деп тақылдап жауап беремін. Оқып жүрмін дегенім – кешкі мектепке баратынымды ұқтырғаным ғой.
Байқаудың іріктеу кезеңі Балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Көрермендердің қошеметінде шек жоқ. Гүлге оранып қалдым деу осындайда айтылатын шығар. «Оқу керек!» деген сөз тағы алдымнан шықты. «Шешем аурушаң, бауырларымды асырауым керек» деп үй-ішіме алаңдаймын. «Оқымасаң сотқа береміз» деді. Сот деген сөзден қорқамын. Ең соңында Министрлер кеңесі бөлім меңгерушісінің алдына апарды. «Айналайын, Күләштің артынан бізге сен секілді жастар керек. Жас гүлдермен, жапырақтармен жаңарып отыру – өсетін елдің белгісі» деп, жұмсақ даусымен торқадай етіп айтқанда, қасарысқан мінезімнен қайттым. Оқитын болдым. Жеті кластық біліміммен мені консерваторияның дайындық курсына қабылдады.
Көңілім құлай қойған жок. Ішкі дүниемнің арғы жағында «Галина Иосифовна Москваға жібереді» деген үміттің салмағы мына оқуды басып тұр. Дегенмен, құрмет пен қошамет, бойыңдағы өнеріңді бағалау адамды қанаттандырады ғой. Семейге құстай ұшып жеттім. Галина Иосифовнаның үйіне келсем, қақпасы жабық. Терезелерін тақтаймен шегелеп тастаған. Көршілері қайда кеткенін білмейді. Мен ұстазымның бір ауыз ешнәрсе айтпай осылайша кеткеніне қатты ыза болдым. Енді Москваға бара алмайтын болдым деп жыладым. Үйге келіп, шешеме оқуға кететінімді айттым. Біртүрлі ширығып алғанмын. Шешем: «Ол бұзылатындардың оқитын оқуы, осыдан кетсең теріс батамды беремін» деді. Мен енді жалтақтамай кетіп қалдым. Шешем хабарласпай қойды. Іле-шала өзімнен бір мүшел жас үлкен адамға тұрмысқа шығып кеттім. Мұны естіген шешем: «Айтып едім ғой, ол бұзылуға кетті деп» менен бетін мүлде теріс бұрып алды. Тіршілігіміз қалт-құлт. Тұрған үйіміздің пешіне жаққан отымыз далаға кетеді. Бір танысымыз сексеуіл береді. Оны буып иығыма салып, трамвайға мініп үйге әкелемін. Екі сағат жүріп көтеріп әкелген отыным жарты сағаттық жылу бермейді. Күйеуіммен арамыз да тоң-теріс. Бірде ток пешінің үстіне су қайнатып қойып, еден жууға кіріскенмін. Сол кездегі едендер баттасып тұра ма, пышақпен кырғыштап жатқанмын, бір уақытта күйеуім ортада тұрған столды маған итеріп қалғаны, бір шелек қайнаған су үстіме төгілді. Иығым білегіммен қоса жидіп түсті. Алты ай ауруханада жаттым. Күйеуім кешірім сұрап, ешкімге айтпа деп кетеді. Титтей әтірдің кұтысына коньяк құйып әкеледі де, осыны ішсең тез жазыласың дейді. Баламын ғой, айтқанын істеймін. Сөйтіп жүргенімде қызым дүниеге келді, дайындық курсын бітіріп, 1-ші курсқа қабылдандым. Оқуға барсам, даусым шықпайды. Мұғалімім: «Сен енді әнші болмайсың, пед. не мед. институтқа оқысаң да болады» деп қарап тұр.
Тұрмыс қажытып, шешем кейіп жүргенде мынау оңай соққы болмады. Ашынып кеттім. Ара-арасында теріс батаның кесірі осы шығар деп те ойлап қоямын. Ректорымыз Ахмет Жұбанов еді. Сол кісінің алдына кірдім. «Аға, сіз менің даусымның бар екенін білуші едіңіз ғой» деймін. «Білемін», – дейді ол кісі. «Онда менің даусымды оқытушым құртты» – деймін булығып.
Оқытушым шошып кетті. Сол кезде 37-ші жылдың толқыны қайта бір соғып, кінәлаулар етек алып бара жатқан. Мұғалімім соның салқыны деп қалды. Бірімізді-біріміз кінәлап жүргенде арада бес-алты ай өтіп кетті. Мені оқытатын, дайындайтын адам болмай қалды. Уақыт өте барып консерваторияға ұстаз болып Надежда Николаевна Самышина келді. Тыңдады да: «Даусың қайда?» деп өзімнен сұрады. Иығымды көтеремін. Отбасылық жағдайымды сұрап бірден түсіне қойды да, «саған енді вокальдық диета керек, бойыңа шарана біткен бес айдан бастап ән айтпауың керек еді ғой. Көмей – нәзік жер, салмақ түскен соң созылып кетеді, әнші сәйгүліктей жарап тұруы керек» деп ендігі жерде дауыс баптаудың жолдарын түсіндірді. «Осы әндерді ғана айтасың» деп тізім жасап берді.
Майшекин қазақ радиосында жұмыс істейтін. Сол кісіге барып әндерімді жаздырдым. Эфирден беріле бастады. Шешем соны естіп: «Мына қыз адам болайын деген екен», деп жылап алып, хабарласып тұр.
Ренішін ұмытқаны, өнеріме қолдау көрсетіп ықыластанғаны, «әкеңнің Күлтайым халық артисі болады дегені дәл келді ғой» деп қуанғаны менің ішіме жиналған кірбіңді жұлып алғандай болды. Таң атып келе жатқанда айнала бір аппақ нұрға малынып тұрады ғой, жаным дәл солай жаңарды.
Жылымайтын үйден училищенің жатақханасына көштік. Бір қызығы, бізге берілген бөлмеге электр жарығын қосуға болмайды екен. Бес жыл сонда майшаммен тұрдық. Бұрынғы пәтердің едендері ырсиып тұрса, мұның төбесінен топырақ сауылдап тұрады. Жаңбыр жауған кезде тамшылар симфониясы дерсің, ана жерден де, мына жерден де жаңбыр өтіп, оның астына қоятын ыдыс таба алмай әбігерленіп жүремін.
– Көрермен театрға ән тыңдау үшін барады. Жанға жайлы дауыс тыңдаушысын айрандай ұйытып, сусаған көңілін шөл басқандай рахатқа бөлеп тастайды. Кейде солқылдатып жылатады да. Бұл әншінің өз ойларын әнмен жеткізуі ме? Әнші ретінде жиналғандарды түгелдей риза етіп, өзіңіздің де көңіліңіз көтеріліп қалған кезіңіз есіңізде ме?
– Консерваторияны бітіретін жылы Ленинградта өтетін байқауға қатысатын болдым. Жанымда Роза Жаманова бар. Ректор менің концертке киетін туфлиімнің жоқ екенін ескеріп ақша берді. Сонда барғанда таңдап аларсыңдар деп... Күн суық. Іздегеніміз табыла қоюшы ма еді... Дүкеннен-дүкенге жүгіреміз, балтырымыз мұз болып қақайып қалды. Ленинград консерваториясының үлкен залына келсек концерт басталып кеткен. Менің ән айтатын кезегім келіпті. Не істейміз? Басқа республикадан келген өзімнен кейін шығайын деп тұрған қыздың туфлиін сұрадым. Берді. Сәл үлкендеу екен. Не болса да деп киіп шыға берсем, «шұлығыңның өкшесінің жыртығы көрініп қалды» деді. Басын созып, табанға қайырып киіп алдым. «Бұлбұлды», Джильданың ариясын орындадым. Залдың акустикасы керемет. Дауыстың «шашырауы, «боялуы», оның тыңдарманға жетуі ғажап. Зал орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Мен сахнаның сыртына шығып, жаңағы қыздың туфлиін бердім. Жыртық шұлықпен тұрмын. Зал «Соловей, соловей!» деп айқайлауда. Жаңағы қыз қасымнан кетіп қалыпты. Жалаң аяқ шықпаймын ғой енді. Басқа кез болса туфлиімнің жоқтығына, шұлығымның жыртығына намыстанып жылар ма едім. Ал сол сәтте менен бақытты адам жоқ еді. Онда – жиырма бестемін.
Содан кейін 2007 жылдың 19-желтоқсанында Мәскеуде СССР Халық артистерінің концерті болды. Шақырды. Мен сахнаға енді шыға бергеннен жұрт ду көтеріліп орнынан тұрды. Ән айтып болғанымда тағы да «Соловей, соловей!» деп қол соқты. Жетпіс сегіз жастамын ғой. Тембр таза, фальш жоқ, даусыңыз жас дейді. Әнші үшін бұл үлкен мәртебе. Жиырма бесім қайтып келгендей қуандым. Сол жылы Татарстанға барып келдім. Бұрын ол жақта болған емеспін. «Сіз біздікісіз» деп даурығады. «Өнер – ортақ» деп басу айттым. Аяқтарынан тік тұрып әнімді тыңдады. Әкемнің скрипкамен татар әндерін тартатыны есіме түсті...
Балалық шағым есіме оралды.
– Мен сіздің өмірбаяныңызбен танысып отырғанымда сіздің бірсыпыра уақыт қазақтың опера және балет театрында істеп, одан қазақ филармониясына ауысып, қайыра опера және балет театрына келгеніңізді білдім. Істің ыңғайы солай болды ма, әлде...
– Консерваторияны бітіргеннен кейін театрда қалдырды. Күләш Байсейітова апамыз: «Қара қыз, сенің тілің қазақшаға жатық емес екен, «Қыз-Жібектегі» Жібектің ариясын Розаға береміз. Сен Қарлығашты айтасың деді.
Мен дайындалып жүрдім. Мені орта жолда Құрманғазы оркестрімен гастрольге жіберді. Сол гастрольден үш-төрт айдан кейін оралғанымда мені сырттай филармонияның әнші-солисі етіп жіберіпті. Қиналдым. Бірақ филармонияда әншілік бағымды ашып, атақ-даңққа бөлендім. СССР Халық артистігін де, СССР Мемлекеттік, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарын да сонда жүріп алдым. Кейін қайтадан театрға ауыстырды. Сонда Брусиловскийдің «Қыз-Жібегінде» – Жібектің, Рахмадиевтің «Алпамысында» – Гүлбаршынның, Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік партияларын ойнадым. Жұртшылық сүйіспеншілікпен қабылдады. Ал енді мені театрға қайта шақыртқандарында саясатқа керекті бір нәрселер болған секілді.
– Сіздің бойыңыздағы өнерді елден бұрын байқап, соған ерекше қамқорлық жасаған Галина Иосифовнаны іздеп табу ойыңызда болған жоқ па?
– Өмірдің көші талай жерге ілгерілетті. Мен ол кісіні бақилық болып кеткен шығар деп ойлаушы едім. 1968 жылы Москваға концерт беруге бардық. Сол кезде жазушылардың үлкен бір форумы өтіп жатты. Мұхамеджан Қаратаев: «Бибігүл, сені мен бір кісімен таныстырайын деп едім» – деді. «Таныссақ танысайық» – дедім.
Бөлмеге ертіп кірді. Онда шашын «кірпі» қылып қырықтырған толық әйел отыр екен. Амандастым. Жылы ғана жымиды. Жымиғаны таныс секілді, бірақ өзін бұрын көрмеген секілдімін. «Мені танисың ба?» – деді. Ауызбен айтқаннан гөрі қимылмен көрсеткен жеңілірек қой. Иығымды көтеріп, басымды шайқадым. «Галина Иосифовнамын ғой» дегенде, не деп айтсам екен, табанымның астындағы жер бір төңкеріліп барып қалпына түскендей болды.
Екеуміздің қуанышымызда да шек жоқ. Не сұрақ қоярымызды, не жауап берерімізді білмей абдырасып қалдық. Мен іздеп барғанда ол кісіні түрмеге жапқан екен. «Гитлердей бұзығынан сый алған, ару Берлин жарты беті қаралы...» деп келетін ақынның өлеңі бар ғой. Жала отымен талай жанды ыстаған сол кезең, сол қоғам адал ұрпақтың алдында қарабет екені ақиқат.
Г.И.Серебряковамен содан кейін шығармашылық байланысымыз, достығымыз ол кісі өле-өлгенше үзілген жоқ. Ол кісіден өзіме көп ғибрат аламын. Қызым Мәриямкүл кемеліне келіп, еліне берерін берер уақытта қайтыс болғанда, омыртқам үзілердей алты ай жылап, отырып қалдым. Сонда Галина Иосифовнаны есіме алдым. Ол кісі Алматы түрмесінің жалғыз орындықты камерасында бір жыл отырған. Сонда күйремей, жынданып кетпей Сәкен Сейфуллин туралы естелігін қағазға түсірген екен. Жаман кездің өзінде жақсылык туралы ойлау биік адамдардың ғана қолынан келетін шығар. Осылайша ол кісі маған өмір бақилық өнеге болып кетті.
– Бұрындары бақсылар аурудың дертін қобыз тартып шығарған ғой. Қазір оны музыкатерапия деп қоямыз. Даңқын көп жұрт білетін биші Махмуд Эсембаевтың концерті кезінде мылқау адамның сөйлеп кеткендігі туралы газеттер көп жазды. Өтірік емес болар. Роза Бағланова, Мақпал Жүнісовалар интервьюлерінде осындай құбылыстардың болғанын айтады. Кейбіреулер сенеді, кейбіреулер... Сіздің басыңыздан ондай жағдайлар өткен жоқ па?
– 2002 жыл шамасында Украина жерінен хат алдым. Оны жазып отырған соғыс ардагері екен. Инфарктан бір қол, бір аяғы істемей қалған. Сол кісі бірде Мәскеуден беріліп жатқан концертті көріп жатады да, мен ән айтуға шыққанда теледидардың алдына қалай жетіп барғанын өзі де білмей қалады. «Алғашқы қадам жасауыма себепші болғаныңыз үшін сізге көп-көп рахмет!» депті. Біраз уақыт бір-бірімізге хат жазысып, хабарласып тұрдық.
Ресей жерінен бір зейнеткер осы сипатта жазыпты. Қан қысымым көтерілгенде, басым айналғанда сіздің әндеріңізді тыңдасам жазылып кете- мін деп... Рахмет айтып, жауап жазып жібердім. Екі-үш айдан кейін «Надежда Васильевнаның қайтыс болуына байланысты сізге қайғырып көңіл айтамыз» деген жеделхат алып, түсінбей калдым. Сөйтсем, ол жалғызбасты кемпір екен. Көршілері үйінен менің атыма жазылып, салынбай қалған хаттарды тауып алады да, туысы немесе дос-жорасы болар деп жеделхатпен қосып салып жіберіпті.
Дүние жаңарады, ұрпақ алмасады, ұстаздың орнын шәкірт басады. Ән әлеміндегі орыныңызды аманаттайтын шәкіртіңіз кім?
– Әншілік тағдырым, қуатым, бақытым болды. Енді осы үшеуінің өмірі ұзақ болып, алға ілгерілеуі үшін артыңнан желкілдеп өскен зейінді шәкірт керек. Маржан Төреханова деген талантты әнші қызым Атырауға кетіп, тұрмысқа шығып, көп бала тауып, оқытушылық қызмет атқаратын. Осы қыздың даусын таза ұстауы үшін сіңірген еңбегім далаға кетті ме деп іштей қынжылып коятынмын. Жоқ, кейін жеке концертін берді. Төбем көкке жетті. Шыным сол. Ол әншіге керекті қағидалардың бәрін сақтапты. Өнерге адал болыпты. Сондай-ақ Қарагөз Ақдәулетова деген қызым өзі шәкірт тәрбиелеу ісіне бет бұрды. Толқын Забирова классикалык шығармаларды қазіргі аккомпонементке салып айтады. Өмірімнің ұзақтығын Құдай біледі, ал ән-ғұмырым осылармен жалғасты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
Қазақ үні