ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҰЛТТЫҚ РУХ БЕРДІ

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҰЛТТЫҚ РУХ БЕРДІ

Парламент ұлттық киімдердің көркем көрмесіне айналды

ҰЛУ ЖЫЛҒЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ - ҰЛТТЫҚ КИІМНІҢ СӘНІ мен МӘНІ ЖАРҚЫРАДЫ

Биылғы Наурыздың жаңаша мазмұнда ерекше өтетінін 2024 жылы 3 қаңтарда “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұқбатында да, 15 наурыздағы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да ҚР Президенті Қ.Тоқаев айрықша атап өткен еді. Ұлттық бірегейлігімізді нығайту ең маңызды міндет екеніне баса назар аударды.

Осыған байланысты арнайы “Наурызнама” тұжырымдамасы қабылданды.

Биылдап бастап, Наурыз мерекесі 14 наурыздан -23 наурызға дейін 10 күн тойланады. Әр күннің әр атауы бар. 

“Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша"- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.


Мемлекет басшысының өзі де үлгі көрсетіп, Наурыз мерекесінде жарасымды ұлттық киіммен жарқырап жүрді.

“Нағыз Қазақ парламенті” дейтіндей күн кешегі 70 жылдық кеңес одағы кезеңі, бергі Тәуелсіздіктің 33 жылы, 100 жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламентінің тарихында 2024 жылы 20 наурызда болды! 

Парламент Мәжілісінің Жалпы отырысына депутаттардың көбісі ұлттық киіммен келді.

Түрлі стильде тігілген қазақы шапандар киген депутаттар парламентті жайнатып, жарқыратып жіберді. 

Ұлыстың Ұлы күнгі Әз Наурыздың ерекшелігін ұлттық мерекемізбен құттықтаған ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов та атап өтті. Спикердің екі жағында отырған екі вице-спикер Дәния Еспаева мен Альберт Раудың қазақы шапандары өте әдемі көрінді. Әсіресе, Дәния Мәдиқызының ұлттық әшекейлері, күміс сырға мен алқа, білезіктері ұлттық киімге ерекше жарасып, әсем жарқырап тұрды. 


Осыдан екі күн бұрынғы “Ақ жол” партиясының 18 наурызда өткен фракциясында біз де, “Ақжолдық” депутаттар да алдағы сәрсенбі күнгі жалпы отырысқа түгел ұлттық киіммен келу туралы бастама көтерген едік. Сөзімізде тұрып, бәріміз қазақы шапанымызбен келдік. “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев тіпті, Үкімет үйіндегі іскерлік ресми кездесуге де шетелдік инвесторларды ертіп, осы әдемі шапанымен барды.

А.Рау бастаған Е.Смышляева, И. Смирнова, Н.Дементьева, Ю. Кучинская және тб диаспора өкілдеріне қазақ шапандары әдемі жараса кеткен. “Қазақтың ұлттық киімдері қандай әдемі!”-деп, тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті киіп жүретін Ирина Владимирқызына бек ризамыз.


Парламенттің осылай ұлттық киімдердің көркем көрмесіне айналып кеткеніне бәріміз қуандық. Әсіресе бұған парламентке қасқыр тымақпен кірген менің де, мәжіліске қазақы тақиямен келген жалынды жас депутат Дәулет Мұқай бауырымның да қуанышымызда шек болған жоқ!



Иә, менің өзіме де бұл көркем көрініс ерекше әсер етті. Әсіресе, дәл осы Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз - Ұлттық мейрамымызда ұлттық киіммен отырып жасаған депутаттық сауалым да Ұлттық рухымызды көтерер Ұлық Ұлысымыздың 800 жылдығын атап өту - мемлекетіміздің бастауында тұрған әлемдегі ең үлкен, ең қуатты, ең ұзақ өмір сүрген Алтын Орда империясының айрықша маңызына арналуы да сәулелі сәйкестік болды! Тәуелсіз Қазақ Елі парламенті төрінде ұлттық киіммен отырып, Ұлттық идеологиямыздың ұпайын түгендеп жатуымыз құдайдың құдіреті болар деп, Аллаға мың да бір шүкіршілік еттік.


Еліміздегі “Тенгриньюс” порталы бастаған БАҚ-тарға рахмет, көпшілігі парламенттің ұлттық бояуын бұрқыратып жіберген бұл жарқын көрініске жақсы назар аударыпты.

Парламентке Ұлттық киімдер Ұлттық рух берді.

Енді осы бір сыртқы көріністегі серпіліс ішкі саясатымызға да серпін беріп, Ұлттық идеологиямызға ұласар ұлы қуат берсін деп тіледік! 

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ - ӘЗ НАУРЫЗ - ЖАҢА ЖЫЛЫМЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ҰЛУ ЖЫЛЫ СҰЛУ ЖЫЛ, 

ҚУАНЫШЫ МОЛ, ЖЫЛУ ЖЫЛ БОЛСЫН!

Барлығымыз басымыз аман, бауырымыз бүтін болайық! 

Аңсаған арман-мақсаттарымызға жете берейік!

Бірлігіміз - тірлігімізге, ынтымағымыз - ырыс-құтқа, елдің берекесі мен мерекесін арттырар тыныштыққа ұласа бергей!

ӘРДАЙЫМ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕМІЗДІ БЕРІК ҚОРҒАП, ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ КӨК ТУЫН КӨККЕ ӨРЛЕТЕ БЕРЕЙІК!

ҚАЗАҚ ҮНІН биіктен шырқап, алдымыздан АҚ ЖОЛ ашыла бергей!

Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты