Мұнай келісімі Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, халыққа қор келісім болды - Қазыбек Иса (видео)

Мұнай келісімі Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, халыққа қор келісім болды - Қазыбек Иса (видео)

ӘДІЛЕТСІЗ ЖАСАЛҒАН КЕН ОРЫНДАРЫ КЕЛІСІМДЕРІН ЗАҢСЫЗ ДЕП САНАЙМЫЗ! 

ҚАНЫМЫЗДЫ КІМДЕР ҚАЛАЙ СОРЫП ЖАТҚАНЫН БІЛУГЕ ҚАҚЫМЫЗ ЖОҚ ПА?

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа жолдаған еліміздегі стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды қайта қарау туралы “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауалының толық нұсқасы

ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа

1.“Ақ жол” партиясы билік ойларына келгенін істеген отыз жылдағы мұнай-газ, яғни стратегиялық кен орындарымен жасалған  құпия келісімшарттарды қайта қарауды, халыққа тиімсіз, әділетсіз келісімдерді тоқтатуды  талайдан бері көтеріп келеді. 

2.• Шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу Келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек.

• Стратегиялық кен орындарындағы еліміз үлесі 51%-дан аз болмауын заңмен бекіту керек.

• Біз халқымызға қатысты әділетсіз болған жағдайда, Өнімді бөлу Келісімдерін заңсыз деп тану керек. 

3.Өнімді бөлу туралы келісім деген не? Ол – қашанда елдің емес, тек инвестордың мүддесі мен пайдасын ғана қорғайды. Дамыған елдерде мұндай өнімді бөлу туралы келісім жасалмайды. 

Мұндай келісімдерді үшінші әлем елдері ғана жасайды. 

Мемлекет болмашы ғана аз табыс тиеді.

Ал мемлекет инвестордың бүкіл шығынын өтейтіндіктен, инвесторға еш қауіп жоқ. Яғни, мұндай келісімдер тнк шетелдік компанияларға ғана пайдалы.

4.Мысалы, БАҚ мәліметінше,  мемлекетке Қашағандағы мұнай мұхитынан тиетіні тамшыдай ғана - 2 пайыз?!.

Ал Қашаған Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 20 пайызын береді. Осы орасан мұнай кенішінен бізге түсетін пайда жоқтың қасы болса, бұл жерде ешқандай да инвестордың елге тигізер игілігі жоқ! 

Бұл-шетелдік инвестор мен сол кездегі президент Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, халық үшін қор келісім болды!

Біз осы қорлыққа  отыз жылға жуық төзіп келеміз!

Осындай барып тұрған әділетсіздік экономикамызда, идеологиямызда да  әлі салтанат құрып, жойылмай келеді.

5.Конституцияның жаңа редакциясының 6-бабы 3-тармағына сәйкес «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі».

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы Парламент Мәжілісінде “Жер қойнауы туралы” Кодексті талқылау кезінде қаралып жатқан заң жобасына оншақты түзетулерін жолдады.

Өкінішке орай, үкімет біздің бір ғана ұсынысымыздан өзге көп ұсыныстарымызды қабылдамады.

Ұсыныстарымызға қарсылық танытып отырғандардың бірінші уәжі – «ӨБК-ны Кодекстен алып тастаған-мыс, сондықтан, бұл мәселені енді қозғаудың қажеті жоқ».

Ия, Кодекске сай жаңа ӨБК болмайды. Алайда, ескі ӨБК-нің ешкім күшін жойған жоқ, олар 2033 және 2041 жылдарға дейін қолданыста болады. Сондықтан, оларды Қазақстан халқының пайдасы үшін жариялап, қайта қарау туралы ұсыныс әлі 20 жылдай өзекті болмақ. Осыған орай, біз қолданыстағы ӨБК-ларға қатысты түзетулер енгізуді талап етіп отырмыз.

5.Қарсыластарымыздың екінші уәжі - халықаралық құқыққа сай ӨБК шарттарын жариялауға болмайды-мыс.

Біздің шекесі тар шенеуніктер шешіміне сай, жер қойнауының иесі - Қазақстан халқы шетелдіктердің өз меншіктерін қалай пайдаланып жатқанын білмеуі керек?!.

Яғни, бар байлығыңды тонап жатқандардан “не істеп жатсыңдар?” деп сұрауға болмайды екен…

Бұл қазақтың “Ұрысы мықты болса, иесі жазықты болады” деген мақалын халықаралық заңдастыру деуге болады.

Бұл билікке ұнайтын шығар, бірақ «Ақ жол» фракциясы мұндай отыз жыл шыдаған қорлықпен  енді еш келіспейді. 

Біз осы жер қойнауларының иесі ретіндегі халқымызға қатысты әділетсіз шарттар болған жағдайда, ол ӨБК-лардың өзін заңсыз деп санаймыз. Ал, ол үшін қоғам ӨБК шарттарын өздері білуі керек. Сондықтан, біз оларды жариялауды талап етеміз.

6.Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады.

Ал Өнімді Бөлісу Келісімі Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы тиіс.

Биліктің талабына сай біздің Конституцияның жер және жер қойнауы туралы нормасы біреуге ұнайтынын не ұнамайтынын талқылауға да құқымыз жоқ екен. 

7.Біз Үкіметке құпия келісім (ӨБК) шарттарын жариялауды талап етіп, екі рет депутаттық сауал жолдадық. Әлихан Смайылов мырза, өзіңізден бастап, Үкімет екеуінде де бас тартты.  

8.Қара алтынымыз,  мұнайымыз – экономикалық қан тамырымыз.

ҚАНЫМЫЗДЫ КІМДЕР ҚАЛАЙ СОРЫП ЖАТҚАНЫН БІЛУГЕ ҚАҚЫМЫЗ БАР МА, ЖОҚ ПА?

Халықтан жасырып, халық байлығын шетелге асырып отырғандардың атын білуге халықтың толық қақысы бар!

2022 жылы жазда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы өнімді бөлу туралы келісімшарттар 30 жыл бұрын басқа жағдайда жасалғанын, қазір оларға түзету енгізу керектігін айтты. 

- ірі кен орындарындағы Қазақстанның үлесі кемінде 51% құрауы керек деген ұсынысымызға, шенеуніктер онда инвесторсыз қаламыз деп жауап беруде. 

Біріншіден, өз меншігі үшін оның құнының жартысынан да азын алатын болса, онда ол қандай меншік иесі сонда? Бұл - иелік ету емес, талан-таражға салу. 

Екіншіден, барлық жер қойнауын бар байлығымен тезірек сатып жіберуге шенеуніктерімізді кім итермелеп отыр?

Мұнай, газ, металдар, көмір секілді байлықтарды ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көзінің қарашығындай қорғап, бізге аманаттап кеткен. Неге біздің шенеуніктер барлығын өз бағасынан да төменге тезірек сатып құтылғылары кеп жүр? 

БІЗДІҢ ҮКІМЕТ КІМГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ?-ӨЗ ЕЛІНЕ МЕ, ӨЗГЕГЕ МЕ?!.

9.Қазақстанда Әлемдік Банк зерттеуінше, сирек асыл қазыналар жатқан  5 мың кеніштің   құны 46 триллион доллардан асады!?.

Естідіңіздер ме, миллион емес, миллиард емес - тіліміз келмейтін триллион!!! Күнде құлдырап  бара жатқан құны арзан теңге емес, алпауыт АҚШ-тың қымбат долларымен есептегенде 46 триллион!?.

Ал осы алтын қазынаның үстінде жалаңаяқ отырған елде балаларына сүт сатып әпере  алмай отырғандар аз емес…

Мұнайына ие болғандар құдайына бағынғысы келмей жатқан заманда біз Мұнай мен газдың үстінде тезек жағып отырып,   өзге елдердің соңында тезек теріп қалдық.

Тіпті Жаңаөзенде айлығын сұрағаны үшін атылып та кетті қанша адам?!. Мұнайға қосып, қан ағызғандар мұнаймен мұртын майлап, етігімен қан кешіп әлі жүр! 

Халық қатықсыз қара шайын зорға ішіп отырғанда, қара алтынымыз шетелдерге ағып жатқанына қашанғы шыдайды ел?!.

Халық байлығын халыққа қайтару қажет! 

Құдай берген бүкіл елдің байлығын жеке дара  иеленетіндей ол ешкімнің ата-бабасынан қалған мұра емес!

Халықтың келісімінсіз жасалған шарттарды Келісім деп атауға бола ма?!.

Халық өз байлығы мұнайдан өз үлесін алуы керек. Халық байлығын Халықтан жасырған Келісімдерді Заңсыз деп танимыз! 

● «Ақ жол» фракциясының сұрауларына қарамастан, Үкімет ӨБК шеңберінде жұмыс істейтін ірі мұнай-газ кен орындарынан Қазақстанның кірісі туралы деректерді жариялауға келісім бермеді. 

Ал, БАҚ-тағы бейресми деректерге қарасақ, өнімді бөлу келісімдеріінің әділетсіз, жемқорлық астары болуы мүмкін және қайта қаралуы қажет деп санаймыз.

Халық қазынасын заңсыз иелену арқылы байлыққа батып отырғандар халық байлығын халыққа қайтарсын!

10.Иә, отыз жыл жасырылған миналар жарыла бастады.

Қаңтар қасіреті де, Қарағанды қайғысы да сол жарылыстар!

Әдеттегідей, кезекті рет болып отырған Қарағандыдағы қаралы оқиғалар жүздеген адам өмірін қиды. Кеншілердің қауіпсіздігін, өмірін  ойламайтын, тек темірі мен көмірін ойлайтын, көмір қазушыларды өздеріне қабір қазушыларға айналдырған қандай келісім-шарт ол.?!.

Қаптаған қабірлердің үстінде Митталдың миллиардтар санауы, ал біздің құрбандықтар санауымыз қашан тоқтайды?!. 

11.Халық түбегейлі өзгерісті, Әділетті Қазақстанды ертең емес - бүгін, қағаз жүзінде емес - өмірде көргісі келеді!  

Ұсыныстар: 

1. БАРЛЫҚ ӘДІЛЕТСІЗ ЖАСАЛҒАН КЕН ОРЫНДАРЫ КЕЛІСІМДЕРІН ЗАҢСЫЗ ДЕП САНАЙМЫЗ! ОЛАРҒА ТҮГЕЛ АУДИТ ЖАСАЛУЫ ТИІС. 

2. Алдағы уақытта жер қойнауын пайдалану келісімшарттарында қоғам үшін жабық баптар мен нормаларды қолдануға тыйым салуды талап етеміз.  

3. Конституция нормасына сай стратегиялық кен орындардағы Қазақстанның үлесін 51%-дан аз болмауын заңмен белгілеуді ұсынамыз.

Құрметпен, “Ақ жол” фракциясы.