ЕЛ ЕСЕНДІГІ ЕРТЕДЕН САҚТАЛАДЫ
2023 ж. 26 маусым
390
0
Орталық тарихы тереңде
Бала – бауыр етімз. Сондықтан жауқазын буынның денсаулығы қай кезде де маңызды. Елдің ертеңгі иелері – жас өскіннің амандығын сақтауда тер төгіп жүрген бірден-бір мекеме – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы десек артық айтқандық емес. Алғаш Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланған ғылыми орталықтың тарихы сонау 1932 жылдан бастау алады. Тарихы тереңде жатқан орталық өткен жылы 90 жылдығын атап өтті.
90 жылдық тарихы бар орталықтың негізі қаланғалы әр жылдар аралығында өз білігі мен білімін көрсетіп, балалар денсаулығын оңалту мәселесіне үлкен үлес қосқан, денсаулық сақтау саласының жетекші мамандары мен ұйымдастырушылары мекемеге басшылық жасады. Атап айтқанда, Т.Лебединская, Ю.Богданович, Г.Маковская жəне Ф.Курганская, Н.Грюнберг, А.Розанова, Э.Медведковский, профессор И.Стычинский, А.Авенирова, Х.Мурзалиева, Ə.Бисенова, К.Ормантаев, А.Машкеев, К.Мəжібаев, С.Диқанбаева, Е.Аязбеков, С.Нукушева, Р.Боранбаева сынды білікті ақ халатты абзал жандар институтты басқарды.
Орталықтың басты мақсаты мен міндеті – инновациялық технологияларды және медицина ғылымының озық жетістіктерін қолдана отырып Қазақстандағы балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету және өңірлерде педиатриялық қызмет жұмысының іске асуын үйлестіру.
Медицина ғылымдарының кандидаты Абай Құсайынов тізгінін ұстаған орталық бүгінде заман талабына сай дами түсті.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Зікрияұлының бастамасымен атқарылып жатқан ауқымды істер жетерлік. Солардың бір парасына толығырақ үңіле түсуді жөн көрдік.
Қалтқысыз қызмет үлгісі
Балалар денсаулығын нығайту бағытында табанды еңбек етіп келе жатқан институтта дәрігерлердің көп жылдық тәжірибесі педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы медицина мен ғылымның инновацияларымен үйлесім тапқан.
Бүгінде орталықта 900-ден астам қызметкер халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Оның ішінде – 177 дәрігер. 8 медицина ғылымдарының докторы, 28 медицина ғылымдарының кандидаты, 2 Phd докторы, 1 биология ғылымдарының кандидаты бар. Емдеу мекемесі 285 төсек-орынға арналған. Клиникада Қазақстанның әр түкпірінен жылына 7000-нан астам бала қажетті медициналық көмек алады.
Орталықтың ерекшелігі сол – мұнда қызмет атқаратын дәрігерлердің барлығы дерлік кәсіби білікті мамандар. Себебі, олардың басым бөлігі озық әлемдік клиникаларда, атап айтқанда Израиль, Түрік елі, Испания, Чехия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Австрия елдерінде түрлі тағылымдамалардан өткен.
Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығында туа біткен даму ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, туа бітті жүрек ақаулары, тыныс алу және ас қорыту органдарының ауруларына ем жүргізеді. Сондай-ақ, тұқым қуалайтын синдромдарды, біріншілікті иммунтапшылығын және басқа да балалар жасындағы күрделі ауруларды әлемдік стандарт бойынша емдейді. Ол үшін хирургия, неонатология, онкология және гематология, жалпы педиатрия, пульмонология, балалар кардиохирургиясы, урология сынды 20-дан астам бөлім жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Сонымен қатар, орталықта әртүрлі салаға арналған 4 жан сақтау бөлімшесі жұмыс істейді және заманауи жоғары деңгейде жарақтандырылған аферез және трансфузиология бөлімі қамтылған гемопоэздік дің жасушалардың сапасын бақылау зертханасы, клиникалық-диагностикалық бірегей зертханалар бар.
Әлемдік стандартқа сай
Педиатрия жəне балалар хирургиясы ғылыми орталығы әлемнің озық үлгідегі клиникаларымен, орталықтарымен жəне қоғамдарымен ынтымақтастық орнатып жемісті жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, Израиль, АҚШ, Греция, Оңтүстік Корея, Беларусь, Ресей, Германия сынды әлемдік жетекші клиникалармен бірлесе еңбек етіп келеді.
Сондай-ақ, Италияның Бергамо қаласындағы кардиохирургиялық орталығымен, Германияның Шаритэ университеттік медициналық кешенімен, Мәскеудің Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясы ғылыми-зерттеу институтымен, Оңтүстік Кореяның Пуссондағы университеттік клиникасымен, Венгрияның гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау және балалар гематологиясы орталығымен, Ресейдің А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қантамыр хирургиясы ғылыми орталығымен және т.б көптеген әлемнің маңдайалды медициналық орталықтарымен нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Қай кезде де халыққа сапалы қызмет көрсетуді көздеген орталықтың салада жеткен жетістіктері де жетерлік. Қазақстандағы ғылыми медициналық мекемелер арасында алғашқылардың қатарында 1983 жылы орталық Халықтар Достығы Орденімен марапатталуы осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Педиатрия орталығы 2013 жылы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Сапа үшін Еуропалық Гран При» халықаралық байқауының «Медицина саласының көшбасшысы» аталымының Бас жүлдегері атанды. Ғылыми-техникалық жетістіктері үшін орталық «112 патент» алған. Орталықтың медицина ғылымының дамуына қосып келе жатқан үлесі ұшан теңіз десек артық айтқандығымыз емес.Медицина саласында 25 монография шығарылуы осы сөзімізді қуаттай түспек.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері орталықта әлемдік стандарт сапасына сай жоғары медициналық технологиялар қолданылуы жұмысты қарқынды жүргізуге зор септігін тигізуде. Клиникада бір жылдың ішінде 2000-ға жуық балаға күрделі операциялардың істелуінің өзі қаншама баланың денсаулығын жақсартуға ықпал етіп жатқандығын айғақтай түспек. Тарқатып айтсақ, жылына орташа алғанда жүрекке 200-ден астам ашық операциялар және 500-ден астам эндоваскулярлық операциялар істелінеді. Туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келген нәрестелерге 3-4 күрделілік деңгейіндегі ауыр операциялар жасалады. Кардиохирургия бөлімінде сонымен қатар, интервенциялық кардиологиялық әдістерті қолдана отыра, бір мезгілде ашық жүрекке хирургиялық араласумен гибридті операциялар сәтті жасалынуда. Қазіргі таңда кардиохирургияда нәрестелердегі жүректің күрделі ақауын түзету бойынша емдеудің жаңа технологиялары бойынша жүзеге асуының өзі қаншама балапанды ажалдап арашалап қалуға септігін тигізуде.
Хирургиялық бөлім жұмыстарының басым бағыттары ауыр хирургиялық аурулары бар және әртүрлі туа біткен ақауларымен дүниеге келген балаларға жоғары технологиялық хирургиялық және реконструкциялық операциялар жасау болып табылады. Хирургиялық операциялардан өзге, жаңа туған нәрестелердің неонатология және неонаталдық хирургия бөлімдерінде сәбилердің өмірлік маңызды функцияларын тұрақтандыру үшін инновациялық технологиялар қолданылады.
2021 жылы қыркүйек айында Ғылыми орталықта тұңғыш рет көзді сақтауға мүмкіндік беретін селективті интраартериялық химиотерапияның (СИАХТ) жоғары технологиялық орган сақтау емін жүргізу басталған. Көздің қатерлі дерті-ретинобластомда қолданатын бұл ота көзді, тіпті көздің көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Отаның бірегейлігі осында. Атап өте кетейік, бұл ота елімізде ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет енгізілген. Бүгінгі күні орталық мамандары 40-тан астам балаға СИАХТ отасын жүргізді.
Онкохирургия бойынша ісіктердің әртүрлі локализациясы бойынша жылына 300-ден астам күрделі операциялар жасалады. Олардың ең күрделісі – сүйектің қатерлі ісіктеріне жасалатын оталар. Бұрын мұндай ісіктермен аяқ-қолды ампутациялауға тура келетін. Ал, 2014 жылдан бері радикалды реконструктивті ота жасау баланың аяғын сақтауға мүмкіндік беруде. Қазіргі уақытта аяқ-тізе буынын эндопротездеу бойынша 75-тен астам ерекше орган сақтайтын ота жасалды.
Заманауи технологияларды мүмкіндігінше тиімді пайдалануға бет алған мекемеде 2012 жылдан бастап телемедицина бағыты қолған алынған. Аталмыш бағыт аясында, 2017 жылы 232 телекеңес берілсе, 2022 жылы 640-ден аса телекеңес берілген. Заманауи тәсіл арқылы республика бойынша еліміздің әр түкпіріндегі барлық клиникалар Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы мамандарынан балалар дертіне және оны емдеу ісіне қатысты кеңес алған. Оның көмегі әсіресе, COVID-19 кезінде көп пайдасын тигізген. Науқасты сауықтырудың әдіс-тәсілдерін бірге қарастырудың нәтижесінде көптеген емделушілер дертіне дауа тапқан. Сондай-ақ, Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының ұжымы бұл бағыттағы тәжірибелерін одан әрі шыңдай түсу мақсатында
шетел мамандарымен үнемі пікір алмасып, медициналық-шығармашылық байланыста жұмыс істейді.
Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы өзге емдеу мекемелерінен балаларға елімізде бірегей оталарды істеуімен ерекшеленеді. Осы орайда, орталықтың маңызды операциялардың басы-қасында жүрген білікті мамандарын сөзге тарттық.
Асылжан ЕРЕКЕШОВ, Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма Төрағасының клиникалық қызметтер жөніндегі орынбасары, ҚР ДСМ-нің штаттан тыс Бас неонаталды хирургы, профессор:
– Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары сирек кездесетін түрлі аурулар бойынша күрделі оталармен жиі бетпе-бет келеді. Сондай оталардың бірі таяуда ғана кішкентай пациентіміз Даниалға істелді.
Компьютерлік томография негізінде балаға алдын ала асқазан мен ішектің аралас қосарлануы, торакоабдоминалды түрі деген диагноз қойылды. Яғни, өңештің кистозды қосарлануы, аш ішектің кистозды және түтікті қосарлануы.
Бес күн ішінде нәрестенің жағдайын қалпына келтіру шаралары бойынша жұмыстар жүргізілді. Баланың өміріне қауіп төніп тұрғандықтан, операцияны шұғыл түрде атқаруға шешім қабылдадық. Жаңа туған нәрестеге бір мезетте екі ота жоспарланды. Бірінші ота сол жақтағы торакотомия, өңештің қосарланған бөлігін алып тастау бойынша. Ал екіншісі, он екі елі ішектің қосарлануын алу мен ащы ішектің бір-біріне анастомоз арқылы қалыптастыру операциясы. Төрт сағатқа созылған операцияны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері жаңа туған нәрестелерге арналған жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Құрбанбеков, нәрестелер хирургы Гүлмира Кәукенбаевалармен бірлесе атқарылды.
Қанат ӘШІРБАЙ, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонтальды хирург дәрігері:
– Біздің ұжым Альтамир атты жаңа туған нәрестеге бауырдың туа біткен гемангиомасын алып тастау бойынша күрделі ота істеді. Мұндағы жағдайдың күрделілігі – көлемі үлкен ісіктің жатыр ішінде қарқынды өсуінде. Сондай-ақ, ісікті алып тастау кезінде қиындықтар тудыруында. Аталмыш ісікте кавернозды қан тамырлар көптігіне байланысты нәрестеде қанның көп кету қаупін туғызды. Комбинирленген отаның нәтижесінде қан кетуді мүмкіндігінше азайттық. Көлемді ісік баланың ішкі құрылыстарын және өкпе аймағын қысып тастаған. Нәрестеден салмағы жарты келіден асатын ісік алып тасталды. Сәтті өткен операция нәтижесінде кішкентай пациентіміздің жағдайы жақсарып, аман-есен үйіне шығарылды.
4 сағаттан аса уақытқа созылған күрделі операцияны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері: Хирургиялық блоктың жетекшісі К.Хаиров, рентгенэндоваскулярлы хирург А.Оңласынов, неонатальды хирург Ш.Қасенов, Қарқынды терапия блогының жетекшісі Г.Әлімханова, Нәрестелерге арналған жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Н.Құрбанбековтермен бірлесе атқардық.
Ғасырға таяу уақыт өмір мен өлім арасындағы кішкентай «жүректерді» сақтап, талай ананың алғысын, әкенің батасына алған орталық қызметкерлернің барлығы өз мамандығына адал жандар. Әрбір нәрестенің ел болашағына үлес қосар азамат боларын естен шығармайтын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 90 жыл бойы ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуде.
Орталық өз жұмысын алдағы кезде де заман талабына сай жетілдіріп, жас мамандарға білім беру мен ғылыми ізденістерді ұштастыру арқылы ұлт денсаулығын жақсарта беруге толайым үлестерін қоса берері сөзсіз. Өйткені, «Мемлекеттің басты байлығы – адам» екенін жақсы түсінетін ақ халатты абзал жандар өздеріне жүктелген жауапкершіліктің зор екенін жақсы түсінеді.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қазақ үні