ЕЛБАСЫҒА ДЕГЕН ЕЛ СЕНІМІНЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛҒАН САЙЛАУ БОЛДЫ! - Қазыбек Иса

*Қырық қиянат




Заң сақталмайтын елде қандай заңдылықпен жеңіске жетуге болады?...

1. Шардара ауданында 2007 жылғы Парламент сайлауында «Ақ жол» партиясы 70 пайызға жетіп еді... 7 пайызға түсірді... Әділетсіздіктің 88 пайызына куә болғаным үшін өзімді аяп кеттім...

2. Шардара ауданы бойынша сайлаушылар сауалнамасы 70 пайыз «Ақ жолға», 75 пайызы облыс мәслихаты депутаттығына үміткер Зәуірбек Салықбаевты қолдағанын көрсетті...

3. Шардарада ел көшеге шығуға дайын болды. Елді көшеге шығару үшін көсемдер көшеде болу керек еді...

4. Шеруге шығатын партия рұқсат сұрамайды, шешімге келеді.

5. Осынша бассыздық жасау үшін осынша пайыз керек болды...

6. Мұндай мисыздықтың авторы кім?

7. Көшеге шығу туралы айта алмаған партия көшелі партия ма?

8. Ұятсыз, мисыз, бассыз сайлау комиссиясы басшыларын басқаратын аудан әкімі кім сонда?...

9. Ессіздіктің ерен жарысы осынша пайызға жеткізді...

10. «Нұр Отан» деген «Коммунистік партия» дүниеге келді...

11. Сексен сегіз пайыз ұятсыздықты жариялау үшін қандай бет керек?

12. «Ақ жолға» ел қара жолға қарсы күресу үшін кіруге бел буды? Шардаралық Үсен Күметов осылай дейді.

13. «Елбасы неткен керемет еді... әкімдер ғана оңбаған» - деген алдамшы әнге нүкте қойылды...

14. Елді осынша пайыз ақымақ деп ойлауға бола ма?...

15. Мұндай сайлауға да, саясатқа да «рахмет!».

16. Елді бір-ақ ай ақымақ қылған Елбасыға “рахмет”! Әйтпесе – екі-үш ай еңбегіміз еш болатын еді...

17. Осыншама масқаралыққа куә болғаным үшін өзімді аяп кеттім...

18. Бұл сайлауды әділ өтті деу үшін қаншалықты әділетсіз болу керек еді...

19. Қуаныш үшін қуарып, Қалижан үшін қайғырдым. Олжас үшін опындым... Өтірік айтуда өнер жарыстырғандар неткен өнерлі еді...

20. Сайлау әділетсіз болады деген Әбділдин мен әйелім неткен ақылды еді...

21. Бұл өте әділетсіз өткен парламент сайлауынан соң Президент сайлауына да күмән туды... Сонда Назарбаев кімнің орнында отыр?

22. «Хабар» мен «Қазақстанның» жалған ақпаратын көріп, ресми басылымдарды оқу үшін қаншалықты қалың бет керек?

23. Нәрікбаевты ақтаған сөздерімді қайтып алуға тура келіп тұр. 

24. Ертегішіл Ертісбаевтарға қор болған қайран ел идеологиясы?

25. Әрбір сайлау учаскесін сатып алу үшін 100 мың теңге бөлді деген Шардара ауданынан шыққан шаң бүкіл елдің бетіне шіркеу емес пе? (диктафондағы сөз сақтаулы).

26. Қауіпті қарсыластарын сотқа бергіш Аманоллалар өз зауыты орналасқан «Достықта» неге қарсылыққа тап болды?...

27. Мөрі басылған хаттамаларды өзгерту үшін қаншалықты бетсіз болу керек, әкім мырзалар?

28. «Ақ жолда» не шаруаң бар, Аманолла, бағдарламаң бар болса, соны айт» («Достық» аулындағы сайлаушылар қарсылығы).

29. Топас әкімдер әпербақандығы 99 пайызға жетті. Яғни, Әлихан бола ма, Жармахан бола ма, оппозицияға бірігу керек екен...

30. Ессіз болу үшін ешнәрсе керек емес, бетсіз болу керек...

31. Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы кабинетінде ел көзінше дауыстар өзгертілді. «Неге бұлай?» деген сұраққа төраға «сотқа беріңіз» деген жауаппен құтылды.

(«Қызылжар», – 194 дауыс – 29 дауысқа, «Өтегүлде» – 358 дауыс – 15 дауысқа, «Ақбалада» – 210 дауыс – 10 дауысқа, «Сүткентте» – 347 дауыс (59%) – 5 дауысқа өзгертілді. Бәрінің мөрі, қолы бар.)

32. Сайрамда №635 сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы мүшесі Зақытбек Әбдуақапов 29 бюллетенмен (бәрінде «Нұр Отан» белгіленген) қолға түсті. Қолға түспегені қаншама?

33. Шардарадағы Қоссейіт сайлау учаскесінде бір адам бес рет дауыс берген бейпіл заңсыздықтар бейнетаспаға түсірілді.

34. Бұл сайлаудың заңсыздығын білу үшін қанша сыныптық сауат керек?

35. Бұл сайлау Елбасыға деген ел сеніміне нүкте қойды. 

36. Жемқорлық жайлаған елде сайлау заңдылығы жайлы айтуға бола ма? 

37. Сайлау қорытындысын тыңдаған ел өз-өзінен ұялып кетті...

38. Сайлаудың осы қорытындысына сендіруге әрекет еткендердің ұяты мен сауатына не деуге болады?

39. Бетке шыққан бетсіздік – 

Заңсыздықтағы – шексіздік. 

40. Бізде неге ең болмағанда бір әкім отставкаға кетіп, өз арын арашалап алмайды? Сонда біз қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Әкімдер бұл әрекетімен Еллбасы сайлауына да ел күмәнін оятты... Сонда Назарбаев кімнің орнында отыр?

«Жас қазақ үні»

№34(303) 24.08.2007 жыл.