МҰРАТЫНА ЖЕТІП КЕТКЕН МҰРАТБЕК АҚЫН

МҰРАТЫНА ЖЕТІП КЕТКЕН МҰРАТБЕК АҚЫН

Қазақтың белгілі ақыны, журналист Мұратбек Оспан құрдасымды алғаш ҚазҰУ қалашығында жиі өтетін жыр кештерінің бірінде көрдім. Төрт аяғын тең басқан, тайпалған жорғадай кестелі өлеңдерімен есте қалды.

Абай туған Қасқабұлақ ауылында дүниеге келген Мұратбек ақын да ұлы Абай бастаған ұлы көшке алғашқы жырларымен-ақ қосыла кетті.

Сексенінші жылдары жыр жұлдызы Жұматай Жақыпбай құрған қағанаттың нояндары болып, дулығамыз жарқырап, дулы кештерде қатар жүрдік.

1984 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген жас ақындардың «Аудитория» атты жинағына бірнеше өлеңдерімізбен қатар шықтық.

1987 жылы болуы керек, республикалық жас ақын-жазушылардың кеңесіне бірге қатысып, әйгілі ақындардың жоғары бағасына ие болып, Ақ баталарын алдық.

Мұратбек оқуын аяқтағасын сол кездегі Семей облыстық «Семей таңы» газетінің белді қызметкері болып шыға келді.

“Алмас қылыш қын түбінде жатпайды” дегендей, ауылына кеткен Мұратбекті Алматы іздеп жүріп тауып алып,

1990 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің шақыртуымен осы басылымның Шығыс аймағындағы меншікті тілшісі болды. Екі жылдың ішінде ел ішінен, Өскемен, Павлодар, Семей өңірінен небір тартымды материалдар жазып, үш облыстың тынысын бүкіл республикаға танытты.

Әсіресе, еліміз еркіндік алғаннан кейін Мұратбек Оспановтың ақын ретінде де, журналист ретінде де екінші тынысы ашылды деуге болады.

1992 жылы Семейде ұлы Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында «Абай» журналын қайта қолға алып, шығару мәселесі көтерілгенде алдыңғы буын қайраткер, зиялы ағалармен қоса Мұратбек те журналдың жауапты хатшысы қызметіне шақырылды. Қазір есімі журналды қайта шығарушы топтың қатарында аталады. Сол алғашқы жылдан бастап, 2002 жылға дейін жауапты хатшы қызметін атқарды. 2003 жылдың қараша айынан бастап журналдың Бас редакторы болып, өмірінің соңына дейін жемісті қызмет атқарды.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Оншақты жыр кітаптсры жарық көрді.

2005 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде Ел тәуелсіздігінің бір мүшел толған күніне арналған «Тәңір сыйы» атты көлемді де көркем дастаны жарық көрді. 

Астаналардан, әдеби ортадан алыста жүрген ақынның шығармашылығы бағаланбай қалған жоқ. Қазақ поэзиясының қатар шапқан екі тарланы, әйгілі классик ақындар Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молдағалиевтердің жоғары бағасына ие болу кез келген ақынның маңдайына жазыла бермейтін сый екені анық.

Қадыр Мырза Әлі: «Бір сөзбен айтсақ, Мұратбек Оспанов – жан –жақты толысқан ақын. Еліне деген махаббат сезімі таңғы шықтай таза, тұнық тұмадай мөлдір»-деп жақсы бағалады.

Ал, Тұманбай Молдағалиев: «Жаңағы қыран туралы өлең жазған жігітті кіші ақын деуге болмайды. Қыран туралы өлең – классика. Сен осы өлеңмен биікке шығып кеттің, Мұратбек. Қайырлы болсын!» - деп батасын берді. Яғни, қос дүлдүлдің ыстық ықыласына бөленді.

2009 жылы «Мәдениет қайраткері» атағын алды.

2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

2016 жылы «Ақпарат саласының үздігі» атағына ие болды.

2020 жылы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталды.

2022 жылы «Қазақ журналистикасының қайраткері» атанып, «Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылым мен білімнің дамуына қосқан айрықша үлес үшін «Күлтегін» медалын иеленді.

Былтыр 2024 жылы 17 мамырда қазақтың белгілі ақыны, журналист Мұратбек Оспанов досымыздың қазасы туралы суық хабарды естіп, төбемізден жай түскендей болды.

“Аңқылдаған азамат, жақсы ақын еді… Студент кезде ҚазМУ-ға барғанда біз қосылар үйірдің ішінде Мұратбек жүрер еді өрнекті өлеңдерін мәнерлеп оқып. Жырлары кестелі еді, келістіріп жазатын. Семейде “Абай” журналын басқарып жүрді.

Жүректен кетті дейді… Жүрекпен жыр жазғасын, жүрекке ауырлық түседі. Ажал ақындарды алса, жүректен алады.

Анау жылы халықшыл әкімдер Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбіштің кезінде Өскеменде дүркіреп өтіп тұрған “Шығыс шынары” халықаралық мүшәйрасында Семейден қазақтың көрнекті ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағамыз екеуі келіп, біраз шүйіркелесіп қалған едік…

Соңғы рет былтыр Талдықорғанда Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өткізген досымыз Қайрат Әлімбектің 60 жылдық еске алу кешінде кездесіп едік. Енді міне, өзі де бақи дүниеге бағыт алыпты…

Алла алдынан жарылқасын! Арты қайырлы болсын! Алды пейіш, арты кеніш болғай!”-деп, фейсбук парақшамда “Өмірі өлеңдерінде жалғаса береді…” атты қоштасу сөзін жазып, елге көңіл айтқан едім. Бес жыл студенттік дәуренді бірге өткізген курстас досы, Кеден ісінің ардагері, полковник Бекен Нұрахметов Талдықорғаннан Семейге жаназасына қатысуға арнайы барып, көңіл айту сөзімізді жеткізген еді…

Енді міне, Мұратбек досымыздың бақи дүниеге бағыт түзегеніне де бір жылдың жүзі болып қалыпты. Тірі болса, биыл 26 наурызда 63 жасқа толар еді…

Пайғамбар жасына жетпей кеткенмен, құдайға шүкір, Мұратбек мұратына жетіп кеткен ақын.

Артында қалған отбасына, ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін!

Пейіште рухы шалқи бергей!

Иманы саламат болсын!

Өмірі енді өлеңдерінде жалғаса береді.

Қазыбек ИСА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты