Жыл өтпей жатып қисайған құрылысқа кім кінәлі?
2016 ж. 08 маусым
4176
15
Бүгінде баспана жайы – қазақтың басты мәселесіне айналғаны анық. Әсіресе, Астана, Алматы сынды ірі қалалардан үйлі болу қиынның қиыны. Ол үшін жылдар бойы кезекте тұрып, банктен қыруар несие алып, оны ондаған жылдар әупірімдеп төлеуге тура келеді.
Қазір жылдар бойы армандаған сол баспанаға қолы жеткендердің де қуаныштан гөрі қаупі мен күдігі күшейгендей. Алматыда белшесінен қарызға батып, баспаналы болғандардың біразы тағы да әбігерге түсті. Күні кеше «Алғабас-6» ықшамауданындағы жаңадан салынған №136-шы тұрғын үйдің қабырғасы 37 сантиметрге қисайып кеткендігі анықталып, онда тұру өте қатерлі деп табылды.
2014 жылдың желтоқсанында ғана қолданысқа беріліп, 2015 жылы алғашқы тұрғындары қоныс тойын тойлаған-ды. Енді, міне, жыл өтпей жатып-ақ, жап-жаңа ғимарат сыр берді. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілген бұл үйдің бас мердігері – «НСК Астана Құрылыс» компаниясы.
Аталмыш үйдегі 72 пәтердің тұрғындары түгелдей қауіпсіздік шараларына байланысты шығарылғанымен, оларға басқа баспана беру мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр. Әзірге «бәрін де тастай етеміз» деген қалалық әкімдіктегілер нақты ешқандай көмек көрсете қойған жоқ. Жұрт жиған-терген дүниесімен далада қалды.Қисайған үйдің құрылысына қала бюджетінен 400 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Яғни, елде дағдарыстан шығудың жолдары жанталаса қарастырылып, әрбір тиынды үнемдеп жатқанымызда, қыруар қаржы желге ұшты. Тіпті, бұл мемлекетке қарсы жасалған қастандықпен пара-пар нәрсе.
«Біз ресми түрде бұл үйді тұруға қауіпті деп таныдық. Үйді міндетті түрде сүріп тастау керек! Үйді салу кезінде құрылыс ережелері бұзылған» деді қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов. Апатты үйді зерттеген комиссия құрылыс барысында тұрғын үй тұрғызылатын жердің топырағын нығыздау жұмыстары жүргізілмегендігін, жауын су ағатын құрылымдардың дұрыс жасалмағандығын анықтап отыр. Сонда әкімшілік, жобалаушы компания мен техникалық қадағалау жасаған қаптаған мекемелер қайда қараған? Және арнаулы комиссия бұл үйді қалай қабылдап алған? Демек, сол баяғы тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың белгісін бұдан да байқауға болады. Біздегі құрылыстар тендер атты табалдырықтан бастап, үйді қабылдағанша «откат» дегендерден көз ашпайды. Одан кейін жұлмаланып біткен қаржыға қандай сапалы құрылыс салуға болады?
Әкімдіктегілер зардап шеккендерге «үй береміз» деген уәдені үйіп-төккенмен, әзірге келесі баспананы қай жерден ұсынатыны белгісіз. Ал, тұрғындар болса, инфрақұрылымы жоқ, мектепсіз, емханасыз аймаққа жібере ме деп алаңдаулы.
Алғабастағы осы бір жәйттен кейін құзырлы орындар мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлердің барлығын қайта тексеруден өткізбекші. Сонда бұған дейін тиісті орындар қайда қарады екен? Бізде бәрі керісінше жасалады. Тұрғын үйдің төменгі қабатындағы дәмханадан өрт шығып, пәтерлерді зақымдаса, жаңа үй құласа ғана барып тексеруге кірісеміз. Сонда ғана кінәлілерді іздестіре бастаймыз. Оған дейін бәрі жақсы, бәрі дұрыс деп жайбарақат жүреміз. Бұл осы салаға жауапты мекмелер мен мамандардың жауапсыздығы дер едік. Оны қадағалайтын қала басшылығы тізгінді тым босатып алғанын көрсетеді. Әр шараны, әрбір жұмысты өз уақытында нақты, жауапты түрде жүргізуді қашан үйренеді екенбіз?
Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынатын нысандарға мердігерлер таңдағанда олардың мамандарының біліктілігі мен техникалық мүмкіндіктеріне баса назар аудару аса маңызды. Өйткені, негізгі жауапты мердігер компаниялардың құрылысты жүргізетін білікті маман кадрларын былай қойғанда, қажетті құрал саймандарының бар екендігіне де сену қиын. Бәрі тек қағаз жүзінде болып келеді. Сөйте тұра олар тендерден шауып өтіп, құрылыстың бас мердігері болып алады да, жұмысты жүргізетін компанияларды жалдайды өз кезегінде. Былайша айтқанда, «ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайдының» кері. Құрылыс саласы бойынша бөлінетін тендердің көпшілігі осылайша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатады. Оның нәтижесі жаңағыдай, қарапайым тұрғындардың әуре-сарсаңымен аяқталады. Тіпті, кейде кісі өліміне де әкеліп соғуы мүмкін.
Өкінішке орай, бұл біздің еліміздегі алғашқы «жаңалық» емес. Астана мен Қызылорда қаласында салынып жатқан мектеп құрылысында спорт залдың төбесі құлағаны ұмытыла қойған жоқ. Одан кейін Қарағанды қаласындағы «Бесоба» кешеніндегі көпқабатты бес үйдің барлығы апатты деп танылып, тұрғындар келесі пәтер берілгенше айлап құлатылған үйлердің үйіндісінің үстінде өмір сүруге мәжбүр болған-ды. Тіпті, мұндағы істің ақыры үйдің опырылып құлауы фактісі бойынша құрылысшыларға, жобалаушыларға, мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүргізген қызметтік тұлғаларға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалып, түрлі мерзімге сотталған-ды. Бірақ, осыншама орын алған оқиғалар да сабақ болмады бізге. Құрылыстағы жауапсыздық пен жемқорлық тоқтар емес.
Бұл жолы да «Алғабастағы» жарамсыз деп танылған тұрғын үйге қатысты жауапты мекеме қызметкерлеріне де тиісті жаза қолданылуы керек деп есептейміз. Қатаң шара қолданылмаса бұл жағдай тағы да қайталана берері сөзсіз. Оның үстіне Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын да ұмытпайық.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz