Арқада Әбдіғапар әмір болған (фото)
2016 ж. 07 маусым
5692
1
(Ұлт азаттық көтерлісінің 100 жылдығына орай Торғай өлкесінде өткен пресс-тур күнделігінен. Жолжазбаның алғашқы бөліктері: "Арқалықтың ақ таңы" және "Ұлылар ұмытылмайды" деп аталады)
Патшаға екі ғасыр болдық отар,
(Дәміміз осы болды әлі татар.)
Хан болған он үш болыс, үш Торғайға,
Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар.
/Файзолла Сатыбалдыұлы.
«Әбдіғапар хан» поэмасынан/
[caption id="attachment_53219" align="aligncenter" width="800"] "Әбдіғапар хан" поэмасы[/caption]Алаңнан тараған жұрт бірден Арқалық қаласының Әскери комиссариат алдына қарай жылжыды. Біз мінген газел көлігі де қаланың оңтүстік батысына қарай бет алды. Осы сәтте бір кезде атағы дүркіреген, білім мен руханияттың орталығы болған, бүгінде не бары 30 мыңға жетер жетпес халқы бар, сыры кетсе де сыны кетпеген кербез қаламен жақынырақ таныса түсудің сәті келді.
Қала халқының көбі егіншілікпен айналысады. Мал ұстайтындары да жоқ емес. Альюмени зауытында 1000-ға тарта адам қызмет етеді екен. 26 мектеп жұмыс істеп тұр. 10-ы қаланың ішінде. Ыбырай Алтынсарин атындағы Мемлекеттік педогогикалық институт және 7 колледж болашақ мамандарды даярлап шығады. Қала халқының 30 пайызын жастар құрайтындықтан қала негізінен жастар қаласы деп аталады. Иә, бұл туралы бізге азғана уақыттың ішінде Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Есламбек Мәметеков айтып берді.
1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Әбдіғапар Жанбосынұлына мүсін орнатылады деген орынға келгенімізде үш қабатты кірпіш үйдің алдына біршама халық жиналып қалған екен.
Әбдіғапар Жанбосынұлы туралы сөз болған кезде 2008 жылы 16-шы Желтоқсанда Қазақстан егемендік алғанына 17 жыл толуына арналған құрметті жиналыста Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысының көсемдері Амангелді Имановтың, Әбдіғапар Жанбосынұлының есімдерін қошеметпен атап өткені есіме оралды.
Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларды дәріптеп, жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында бұл бастама Әбдіғапар ұрпақтары тарапынан игі іс екенін айта кеткен ләзім. Қарапайым халық сол кезде хан сайлағанымен, өз дәрежесінің хандық дәуірден, хандық мәртебеден тым алшақ жатқанын мойындаған дара тұлға, өзін «әмір» деп атаса да жеткілікті екенін айтыпты.
Болашақта Әбдіғапарға ескерткіш қойылады деген алаңға арнайы белгі тас қойылыпты. Соның алғашқы жиыны, алғашқы белгі қою рәсіміне келген Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғаббасұлы Қазақ еліне келген Тәуелсіздіктің осындай батыр бабалардың қанымен келгенін айта келе елімізге, жерімізге береке-бірлік пен тыныштық тіледі.
Осы орайда оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін Әбдіғапар Жанбосынұлы туралы қысқаша мәлмет бере кетуді жөн санадым.
Әбдіғапар Жанбосынұлы 1870 жылы бұрынғы Торғай облысы Торғай уезінде туған. Қазақ халқының 1916-1917 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстың Торғай даласындағы басшысы. Тілеулі батырдың ұрпағы. Арғы атасы Нияз би - Абылай ханның сенімді серігі, әкесі Жанбосын (1847-95) көп жылдар болыс болған. Анасы - Алуа Ақтасқызы (1840-1934) (Ақтас — Ахмет Байтұрсынұлының әкесінің ағасы). Әбдіғапар ауылында бастауыш мектеп ашқан. Ағаштан ою ойған шебер болған, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-парасатымен ел ағасы атанған.
1916 жылдың жазында Қараторғай болысының, кейін бүкіл Торғай уезінің көтерілісшілері Әбдіғапар маңына топтасты. Сол жылғы 21 қарашада Жалдама өзені бойында 13 болыс ел өкілдерінің құрылтайы Әбдіғапарды хан көтеріп, Кенесары қолбасшыларының бірі Иман батырдың немересі Амангелдіні Сардар бегі етіп сайлады. Әбдіғапар ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрды. Алдымен Әбдіғапар өзін хан деп атамай, әмір деп есептеді. Ол өзі басқарған Торғай елін бүкіл қазақтың тәуелсіз мемлекеті құрылғанға дейін метрополияның билігін мойындамайтын, жаугершілік заманда уақытша өмір сүруге құқылы автономиялы аймақ деп санады.
Әбдіғапар көтерілісшілерді 20 адамнан тұратын халық өкілдерінің кеңесі арқылы басқарды. Бұл кеңес әскери, әкімш, шаруашылық мәселелерін шешетін басшы орталық болды. Жергілікті жерлерде Әбдіғапардың жарлығымен елбегілер сайланды. Көтерілісті жақтаған болыстар өз орындарында қалдырылды. Көтерілісшілер ежелгі шығыс дәстүрімен ондық, жүздік, мыңдықтарға жіктелді. Әбдіғапар жасақтаған әскери құрылым империяның қарулы күштеріне аса тегеурінді қарсылық көрсетті. Оның қоластына Қазақстанның көптеген аймақтарынан көтерілісшілер жасақтары келіп қосылды. Сөйтіп Торғай өлкесі Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ең ірі орталығына айналды. Әбдіғапар Кеңестердің Торғай облысы І-съезіне (Орынбор, 1918 ж. наурыз) қатысып, кейін Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартты. Қызыләскерлер қолынан Зәуре қопасында 1919 жылы 21 қарашада қаза тапты. Ұрпақтары “хан тұқымы” ретінде аяусыз қуғынға ұшырағаны тарихтан белгілі.
Әбдіғапар әмірдің болашақ еңселі ескерткіші бой көтеретін орын болашақ ұрпаққа рухани жігер беретін бірден бір киелі орынға айналарына сеніммен тарқады жиналған көпшілік.
(Жалғасы бар)
Ержан Жаубай (суреттерді түсірген автор)
qazaquni.kz