Журналистерден қашатын депутаттар маңайына блогерлерді жинамақ па?
2016 ж. 12 мамыр
2259
0
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров Қазнеттің танымал блогерлеріне өздерінің әлеуетін қоғамдық кеңестер жанында жүзеге асыруға шақырды.
«Біз блогерлер туралы пікір алмасқан болатынбыз. Көптеген жастар әлеуметтік желіде отыратыны белгілі. Егер де олар желіде белсенді және шынымен де патриоттық рухтағы азаматтар болса, онда осы жастар қоғамдық кеңестер алаңына қосылып, мәселелерді талқылағаны дұрыс болар еді. Еліміздің өркендеуіне ашық түрде үлес қосып, бұл бағыттағы жұмыстарды айқын атқаруды ұсынамын», - деді депутат Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Н. Әбдіровтің сөзіне қарағанда, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңын әзірлеушілер кеңес мүшелері жұмысына қажетті барлық жағдайларды қамтыды.
«Бұл тұрғыда оларға мемлекеттік органдардың мүшелерімен бірге ең өзекті проблемаларды қарастыруы үшін мүмкіндік беріліп отыр»,-деді ол.
Қоғамдық кеңестер қызметіне келсек, олардың қызметіндегі басты нысан - қоғамдағы маңызды мәселелер бойынша қоғамның пікірін білдіру болып табылады. Яғни, Қоғамдық кеңестер түрлі мәселелерге қатысты қоғамның пікірін билік органдарына жеткізеді, өз кезегінде билік органдары ондай ұсынымдарды қарауға міндетті болып табылады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат