Қазақ тілін құртады екен деген алып-қашты әңгімелерге сенбеңіздер - министр
2016 ж. 29 сәуір
4393
53
Менің ата-аналарға айтарым: баланы жақсы көріңіздер, бірақ сол сүйіктілеріңіздің болашағы бүгін олардың қаншалықты тырысып оқып, білікті болуына байланысты.
Білім беру жүйесі - сынға көп ұшырайтын саланың бірі және онда болып жатқан реформалар ауыртпалықсыз өткен емес. Осы жылғы наурызда Қазақстанда «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Бес күндік оқу аптасының енгізілуі, білім берудің үштілді жүйесіне көшу және оқу жылының ұзартылуы сияқты өзгерістердің бәрі білім беру мазмұнын жаңартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламада қарастырылған. Тек осының бәрі әлі де болса жер-жерде жете түсіндірілмегендіктен жұртшылық арасында алуан пікір тудырып, ата-аналар тарапынан жаңа министрге петиция жолданып жатқаны да еш жасырын-жабық жағдай емес.
Күні кеше өткен ҚХА сессиясында Президент Н.Назарбаевтың өзі жұртты толғандырып отырған осы көкейкесті мәселеге орай орынды алаңдаушылық білдіріп: «Мектептегі білім беру саласында, соның ішінде бескүндікке, үштілділікке өту бастамалары үлкен талқылауларға түрткі болды. Егер біз балаларымыз бен бүкіл еліміздің болашағын ойлайтын болсақ, мұндай өзгерістер білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Бірақ бәрі де тиянақты қарастырылғаннан кейін қабылдануға тиіс. Мектеп мәселесі әр отбасыға қатысты, сондықтан барлық пікір ескерілуі тиіс, мұнда жөнсіз сынақ жасауға болмайды», - дей келе, Мемлекет басшысы жалпы, бұл ақпараттық жұмыстағы олқылықты көрсететінін айтып, халыққа реформаның мәнін жете түсіндіру орайында нақты міндетті алға тартты. Біздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті шұғыл сұхбатқа шақыруымыздың бір себебі де осы болатын.
- Ерлан Кенжеғалиұлы, 1 қыркүйектен бастап, Қазақстан кезең-кезеңмен білім берудің жаңа жүйесіне көшпек. Осыған орай жаңартылған білім беру мазмұны туралы айтып өтсеңіз?
- 80-ші жылдардың ортасында көптеген дамыған елдер білім берудің жаңа үлгісіне көшу туралы қорытындыға келді. Ол, әсіресе, білімнің сапалық көрсеткішіне, функционалдық сауаттылығына негізделуі тиіс болды. Яғни, адамның білімділігі емес, қаншалықты біліп істейтін бесаспаптығы және алған білімін күнделікті өмірде қалай қолдана алатындығы алға шықты. 1988 жылдан бастап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері бірінен соң бірі мектептерде білім берудің жаңартылған үрдісіне көше бастады. Бұл үдеріс 90-шы жылдардың ортасына қарай аяқталды. 1997 жылы жоғарыда айтылған елдер жаңартылған мазмұнды бағамдаудың бірыңғай стандарты туралы шешім қабылдады, ол - PISA деп аталады. Осылайша, Қазақстан аталмыш стандартпен 2009, 2012 және 2015 жылдары еліміздегі бірқатар мектептерде білім сапасын анықтауға кіріскен болатын. Ал биылғы жылы 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде 1-сыныптан осы стандарт жүйесі енгізіле бастайды. Оған толық көшу төрт жыл ауқымында жүзеге асады деп жобаланып отыр.
- Сонда бағдарламада нақты қандай өзгерістер болмақ?
- Бұл мәселені екі мысалмен түсіндірсек болады. Біріншісі, тың игеру жылдары қанша гектар жер игерілді? Бұл ҰБТ-ға тән сұрақ. Бұған жауап ретінде нақты даталарды, фактілерді және көрсеткіштерді білу қажет. Екіншісі, сәуле мен толқынның арасалмағы қандай? Жауаптың нұсқалары: дыбыс және амплитуда, жылдамдық және жиілік және т.б. Бұл жоғары оқу орнына түсу үшін жастар тапсыратын функционалдық сауаттылық тестінің қарапайым үлгі сұрақтары. Осы арқылы жастардың физикадан базалық білімі бағаланады және бастысы, ой деңгейі мен логикасы сарапталады. Осылардың бәрі болашақ ҰБТ сұрақтарының түрлері. Міне, осы сұрақтар білім жүйесінің бұрынғы ескі мазмұны мен жаңартылған мазмұнның айырмашылығын көрсетеді.
- Назарбаев зияткерлік мектептерінде (НЗМ) оған түспес бұрын белгілі бір емтихан тапсырып, сыннан өткен балалар оқып жатыр. Олардағы материалдық-техникалық база да өте жақсы, мұғалімдердің деңгейі жоғары. Ал енді қатардағы қарапайым мектептер жаңа бағдарламаны игеріп әкете ала ма?
- Біріншіден, осы бағдарламаны тәжірибе ретінде жүргізіп жатқан 30 қанатқақты мектептің бәрі қарапайым, қатардағы мектептер, оның ішінде ауылдық әрі оқушы саны азырақ шағын мектептер де бар. Олардың қол жеткен нәтижелері басқа мектептердің де бұл бағдарламаны толығымен игеріп кете алатынын көрсетіп отыр. Жаңартылған мазмұн сынақтан өткізілген мектептерде және Назарбаев зияткерлік мектептерінде біраз жылдар бойы ауқымды жұмыстар жасалды, жақсы тәжірибе жинақталды. Білім берудің жаңартылған мазмұнын сынақ тезіне салған мониторинг өткізілді. Ата-аналар да, балалар да риза. Әдетте, НЗМ-де конкурста 1 орынға 15 адам үміткер. Сондықтан, осындай бағдарлама, яғни осындай оқу жүйесі Қазақстанда барлық 7500 мектепке енгізілмек.
Екіншіден, мұғалімдерге әдістемелік материалдардың толық ресурсы дайындалды, олар: оқу бағдарламалары, күнделікті сабақ жоспарлары, оқулықтар, мұғалімдерге арналған нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдар. Бұл материалдардың барлығы әр жаздағы біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге таратылып берілетін болады.
Үшіншіден, аталған мектептердің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Басты мәселе оқулықтардың мазмұны туралы болып отыр. Әрине, мен сізбен толық келісемін, мектептердің материалдық базасын жаппай жаңартып отыру керек, жаңа ғимараттар бой көтеруі, жалпы, жақсарып нығаюы керек. Бұл мәселені біз әкімдіктердің және Үкімет алдына қоятын боламыз.
Төртіншіден, Назарбаев зияткерлік мектептерінде бүгіннің өзінде 80 оқытушы-тренер дайындадық. Олар қазіргі уақытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының 540 оқытушы-тренерін және басқа мектептердің 140 оқытушысын жаңа оқу жүйесі бойынша жұмыс істеуге кәсіби тұрғыдан үйретіп, дайындауда. Ал 760-тан астам тренер бастауыш мектептің 73 мың мұғалімін жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жазғы маусымда оқытатын болады. Бұл жұмыс ел өңірлерінің 280 мектебінде дереу қолға алынбақ.
- Бұл айтқандарыңызға қарағанда, білім берудің жаңа үлгісіне көшуге дайынбыз демексіз ғой?
- Иә, көптен ойда жүрген, біршама пісіп-жетілген, енді кешіктіруге болмайтын бағдарламаны бастап кетуге дайынбыз деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі бостан-бос, қалай болса солай, ешбір дайындықсыз істелініп отырған жоқ. Өткен үш жылда 52 мың оқытушы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттырудың деңгейлік курстарынан өтті, осыдан кейін олардың еңбекақысына үстеме қосылды. Яғни, оқытушылар тиісті дайындықтан өтті. Біраз жылдардан бергі жан-жақты әзірлік өз жемісін беріп отыр. Мысалы, қазір балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту деңгейін 5 жыл ішінде 36 пайыздан 82 пайызға жеткіздік. 2019 жылға қарай жеткіншектерді балабақшамен қамту 100 пайызға жетпек. Яғни, балалар мектепке дейін де арнаулы дайындықтан өтеді.
«Жаңа министр келіп тағы да эксперимент жасауға кірісті» деген әңгімелер бар. Бірақ, олай емес. Елімізде бұған дейін де көп жылдар бойы білім жүйесінде жаңа мазмұнға көшу үшін тыңғылықты дайындық жасалды дер едім. Эксперименттік мектептерде жаңа бағдарлама бойынша оқыған балалардың бірнеше буыны оқуын бітіріп шықты. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс 15 жыл бұрын басталды. Демек, бұл жаңа министрдің ойына келе қалған өзімбілермендігі емес, керісінше, өз ретімен орныққан өмірдің заңды талабы, өркениет шарты. Маған дейінгі министрлердің жұмыстарын жеріне жеткізіп, толыққанды іске асыру менің үлесіме тиіп отыр.
- Сіздің бес күндік оқу аптасын енгізуге байланысты жазғы каникул уақытын қысқарту туралы мәлімдемеңіз халық арасында кеңінен талқыға түсіп, әртүрлі пікірлер туғызуда. Бұған не дейсіз?
- Жаз - оқушылардың асыға күтетін мезгілі. Әрине, сенбі де солай. Сенбіде демалу болған жоқ. Бұл күн балаға да, ата-анаға да керек. Барлық өркениетті елдер бір апта оқу жүктемесінен кейін толыққанды демалып, ата-ана мейіріміне бөленудің аса маңызды екенін түсінеді. Бір күн бұған жетпейді. Біз отбасылық тәрбиеге, баланы қосымша дамытуға арналған уақытты екі есе ұлғайтып отырмыз. Бұл орайда спортпен, музыкамен, өнермен айналысуға мүмкіндік көбейеді.
Жаңа бағдарлама осы мақсат үшін сенбіні босатып алуға мүмкіндік береді. Оқушылар бірінші сыныптан бастап сенбі есебінен 34 күн қосымша демалыс алады. Әрине, мұғалімдер сағаттары үшін, өз пәндері үшін алаңдайтынын жақсы түсінеміз. Бірақ бұл арада алаңдамауға кеңес береміз. Өйткені, елімізде онсыз да мұғалімдер жетіспейді, халық саны өсуде, сондықтан ешкім жұмыссыз қалмайды. Қазір ең бастысы, бағдарламаны жаңарту және оқу сапасын жақсарту.
Енді жазғы каникул туралы. Бастауыш сыныптар тек 30 мамырға дейін оқып, толық үш ай демалады. Негізгі және жоғары сыныптарда оқу жылы бар болғаны 10 оқу күніне ұзарады. Сондай-ақ, бұл арада сенбі күндерінің есебінен оқушыларға 34 күн қосымша демалыс болатынын ескерген жөн.
- Ал енді бес күндік оқуға оқу жылын 10 күнге ұзартпай-ақ көшуге болмай ма?
- Оқу бағдарламасы деген жүздеген әдіскерлердің, мұғалімдер мен ғалымдардың бірлескен жұмысының, тынымсыз шығармашылық ізденісінің қорытылған жинақты нәтижесі екенін түсіну қажет. Бала белгілі бір тақырыптар мен деңгейлерді меңгеруі тиіс. Мысалы, физика пәнін алып қарайық. Бағдарламаны қысқартқысы келетіндер оптика бөлімін алып тастаңдаршы десе, қалай болмақ? Бұл тақырыпты меңгермеген оқушы жарықтың қасиеті, жарықтың сынуы, оның спектрлерге жіктелуі туралы білмес еді. Әр деңгей алдыңғы тақырыптармен тығыз байланысты. Сегізінші сыныпта жақсы оқу үшін жетінші сыныптың білімін толық меңгеруің қажет. Бәрі бір-бірімен байланысты. Артық ештеңе жоқ.
Мен өзім Алматы қаласындағы физика-математика мектебінде оқыдым. Жазғы каникул деген аты болмаса, демалуды білмедік. Жазғы каникул кезіне Сканави жинағы бойынша математикадан 300 есепті шығарып келу тапсырмасы берілетін. Бұны 90 күнге бөлетін болсақ, күніне кемінде бір жарым сағат уақыт кетеді. Қазір бұған бір сәт те өкінбеймін.
Менің ата-аналарға айтарым: баланы жақсы көріңіздер, бірақ сол сүйіктілеріңіздің болашағы бүгін олардың қаншалықты тырысып оқып, білікті болуына байланысты. Малкольм Гладуэллдың «Гении и аутсайдеры» кітабын оқыңыздар. Онда адам өз ісінің шебері болу үшін 10000 сағат уақыт жұмсау қажет екені айтылған. Меніңше, бұл кітаптың аудармасы бар. Білім саласының басқа мамандары да осыны айтады.
Біз мұғалімдермен, мектеп директорларымен бес күндік оқуға көшу мәселесін бірнеше мәрте талқыладық, ортақ шешімге келдік. Сенбі күнгі демалыс олар үшін өте маңызды, әрі-беріден соң бұл - олардың көптен бергі көкейлерін тескен арманы дер едім.
- Қазақстанның үштілді білім беруге көшетіні туралы айтылғанына көп болды, бірақ кейбір сарапшылар, ата-аналар біздің мектептеріміз бұған дайын емес деген әңгімелер айтуда. Бұл орайдағы сіздің пікіріңіз қандай?
- Әуелі үш тілде білім беру көлемін, нақты мәнісін түсініп алайықшы. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап ешбір сыныпта үш тілді оқыту енгізілейін деп жатқан жоқ. Бағдарламаға сәйкес, тек 10 және 11-сыныптарда төрт пән (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде өткізіледі, оның өзі 2019 жылдан, бұл үшін білікті ұстаздар дайын болғаннан соң басталады. Аптасына 8 сағат. Сөйтіп, бұл тап қазір емес, төрт жылдан кейін басталатын жұмыс. Ал қазақ тілінде оқытатын мектептерде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және басқа да пәндер қазақ тілінде өтеді. Барлығы - 18 сағат. Ұстаздар қаперіне салатын бір жайт, егер тек инвариантты сағаттарды алатын болсақ, 22 инвариантты компоненттің 14 сағаты қазақ тілінде болады. Оған денешынықтыру пәнінің 3 сағатын қосыңыз. Сонымен қатар, таңдау бойынша пәндер бар. Олар да ана тілінде өтеді. Орыс тілі мен әдебиеті, дүниежүзі тарихы оқыту тіліне қарамастан орыс тілінде оқытылады. Орыс тілінде оқытатын мектептердің жағдайы да осы шамада.
Қалған сыныптарда бұрынғы базалық қағидаттар өзгермейді. Әрине, жоғары сыныптарда үш тілде білім алуға дайын болу үшін балалардың тіл үйренуге көбірек күш жұмсайтыны анық. Біз негізгі мектептерге де үш тілде оқыту мүмкіндігін береміз. Бірақ ол шара мектептердің дайын болуына қарай біртіндеп жүзеге асады. Ал мұғалімдерді жаппай даярлау осы жылдан басталады. Қазірдің өзінде осы бағытта өңірлерде көптеген жұмыстар атқарылуда. Шығыс Қазақстан облысының жетістіктеріне қараңыздаршы. Қызылорда, Ақтөбе облыстарында қаншама игі іс тындырылды. Біз осы жолда жетістікке жететінімізге күмәнданбаймыз.
- Көптеген азаматтар қазақ тілінің жағдайына алаңдаулы. Осы мәселеге қатысты министрдің ой-пайымы қандай екен?
- Біз орындауға кіріскен мемлекеттік білім бағдарламасында мемлекеттік тілді үйренуге басымдық берілген. Бұл - біздің ісіміздің аса маңызды бағыты. Оның үстіне, жаппай қазақ тілін үйрету міндетін қойып отырмыз. Үштілділіктің мәні де осында. Орыс тілінде оқытатын мектептерді қоса алғанда, барлық мектептерде қазақ тілі және әдебиетімен қатар, Қазақстан тарихы да қазақ тілінде оқытылады. Белгілі бір тілде пәнді оқытпай сол тілді жете меңгеру қиын екеніне көзіміз жетеді.
Бүгінгі бір проблема сол, қазақ тілінде оқығанымен, мектеп бітірген балалар қазақ тілінде еркін сөйлей алмайды. Ол үшін әдістемені өзгерту қажет. Осындай жұмыс екі бағытта жүргізілуде. Біріншісі - оқытудың жаңа технологиялары. Елімізде бірнеше мамандар тобы осындай ұтымды технологияларды әзірлеуге кірісіп кетті. Бұл жөнінде алдағы уақытта толығырақ айтып береміз. Екінші бағыт - қазақ тілін үйрететін әлемдік деңгейдегі әдіскерлер даярлау. Біз әлемдік орталықтармен, атап айтқанда, Германия, Израиль және т.б. елдермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл елдер біздің жас әдіскерлерімізді 6-12 айлық курстарға қабылдайтын болады. Кейін екі бағытты біріктіреміз. Осының бәріне бір жарым жыл кетеді. Сөйтіп, 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі өзгере бастайды деп үміттенеміз. Негізгі міндет - 2020 жылға қарай, Елбасы айтқандай, барлық мектеп бітірушілердің қазақ тілін еркін меңгеруіне қол жеткізу.
- Ал енді әлемдік өркениетке кірігу тіліне келсек, Қазақстанда ағылшын тілін білетін мұғалімдер жеткілікті ме?
- Қане, санап көрейік. Жоғары сыныптарда төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту үшін 32 мыңдай оқытушы қажет. Қазір елімізде 365 мың мұғалім бар. Егер әрбір жиырмасыншы мұғалім төрт жыл ішінде жаңа жүйеге бейімделе алса, онда қажетті мұғалімдердің жартысы қамтамасыз етілгені. Өз басым олардың саны бұдан да көбірек болатынына сенемін. Сондай-ақ, жыл сайын 12-13 мың жас маманды жұмысқа қабылдаймыз. Егер олардың үштен бірі ағылшынша білсе, қалған жартысын солар толықтыратын болады. Кем-кетікті түзетуге, әлі де біраз жайды ескеруге үш жылдан астам уақытымыз бар. Әрине, біз қысқа мерзім ішінде педагогикалық білім беру жүйесін қайта құру бойынша қыруар жұмыс атқаруымыз қажет. Қазақ тілінде, ағылшын тілінде докторантураны, магистратураны көбейтуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, мұғалімдер даярлауға көп қаржы салынады.
Тілдерді оқытудың жаңа технологияларын естен шығармаған жөн. Егер бес мың мектепті (оқытушылардың 90 пайызы) интернетпен қамтысақ, бұл міндетті ойдағыдай шешуге әбден болады.
- Жалпы, осының бәрі не үшін қажет, білім беру саласындағы реформаның түпкі мақсаты не?
- Президент Нұрсұлтан Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетін қойғаны баршаға белгілі. Бұл дегеніңіз, алға кеткен елдердің ішіндегі - Эстония мен Израильдің деңгейі. Яғни, бұл жоғары технологиялық, жоғары білімді, сервис жүйесі халықаралық деңгейде дамыған аса өркениетті қоғамға айналу жолы. Осы ретте ағылшын тілінің тағы бір артықшылығын айтсам, Гарвард аспиранттары әртүрлі тілдерде жазылған медицина оқулықтарын сараптай келе, кейбір тілдердегі оқулықтарда адам ағзасы туралы керекті ақпараттың 30 пайызы жоқ екенін анықтаған. Мысалы, сіз дәрігерге барасыз. Ал ол сіздің сырқатыңыздың себебі мен емін дәл таба ала ма? Сіз осыны ойлайсыз. Елдегі дәрігерлерге бірде сенеміз, бірде сенбейміз. Корея, Германия және Израиль елдері сияқты, медицинаға тиісті сенім білдіру үшін ол ағылшын тілінде болу керек. Академиктер Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев және т.б. белгілі ғалымдардың пікірін тыңдасақ, медициналық білімнің 30 пайызы бес жыл сайын жаңарып отырады екен. Ешбір ел мұндай ақпарат ағынына ілесе де, теңесе де алмайды. Жаппай жаңа білімге көшуді тек өз тілінде жүргізуге ешбір елдің, ешбір бюджеттің күші жетпейді. Сол сияқты, керемет ашылымдар мен жаңалықтар ақпараттық технология, био-нанотехнология, робототехника, машина жасау, басқа да көптеген салаларда үздіксіз болып жатыр. Толассыз жаһандану қай мемлекетке болса да басқа таңдау жасауға мүмкіндік қалдырмайды. Әлемдік тәжірибеге зер салсаңыз, ағылшын тілін жақсы білген адамдардың табысы артып, жастардың жұмыссыздығы азайып, бизнес-климат жақсарады. Ал дәрігерлер науқас адамдарды, бүкіл әлемдегідей, емделушінің ана тілінде қабылдауы қажет. Мұның астарында гиппократтық гуманизм мен ізгілік жатқаны да сөзсіз.
- Қазақстандық оқушылардың тілді меңгерудегі оқу жүктемелері шектен тыс көп болайын деп тұрған жоқ па?
- Мұның бәрі ғылыми-зерттеулерге негізделуі қажет. Салиқалы зерттеулер 7 жасына қарай екі немесе үш тілді меңгерген балалардың миындағы нейрондық байланыс монотілділікке қарағанда неғұрлым жоғары екенін көрсеткен. Бұл қандай да бір қосымша білім бергенге қарамайды. Бала туғаннан бастап жүктемесі барынша жоғары ортаға түседі де, 7 жасқа қарай оның әлеуеті монотілді құрдастарына қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Баланың өзі оны байқамайды.
Бұл спорттағы сияқты, спортпен шұғылданатын бала жүктемеге әбден дағдыланып үйреніп кетеді және оның бұлшық еттері тығызданып, күші көп болады, шыдамдылығы шыңдалады. Сондай-ақ, миы автоматты түрде жаттығады.
Ағылшындар 20 жыл бұрын барша әлем ағылшын тілінде сөйлейтінін түсіне отырып, міндетті екінші тілден бас тартты. Бірақ жоғарыда айтылған зерттеулер нәтижелері жарияланғаннан кейін олар әрбір мектепке міндетті түрде екінші тілді енгізді. Көптілділік математикаға қабілетті арттырған. Жалпы, әлем тәжірибесіне үңілсек, көп тілді балалар басқалардан табысты болады. Біздің балаларымыз әлемдегі көп тілділікке барынша дайын ұрпақтың бірі екенін олардың бұған дейін орыс тілін, қазір ағылшын тілін игерудегі қабілет-қарымынан көріп отырмыз.
- Балаларға 12 жасқа дейін тек ана тілін ғана үйрету керек деген пікір туралы ойыңызды айтсаңыз?
- Бұл мұқият зерделеуді қажет ететін жағдай. Жалпы, ол Жапония елінің тәжірибесінен туған пікір. Былай қарағанда, ол ұтымды-ақ. Бірақ біз өз ерекшелігімізге орай басқа да көп мәселелерге көңіл бөлуіміз керек. Жапония, негізінен бір ұлтты ел. Ал Қазақстан көпэтносты ел. Еуразия кеңістігінде бір шаңырақ астында 100-ден аса ұлт өкілдері қоян-қолтық өмір сүруде. Біздің балаларымыз туғаннан бастап осы көп ұлтты ортада өсіп өнеді. Бұл - бір.
Екіншіден, ЭЫДҰ ұжымының зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда тек қазақ мектебінде оқыған жастардың сауаттылық деңгейі орыс мектебін бітірген құрдастарынан төменірек. Бұған да әсер етуші бір себеп - монотілділік. Осыған байланысты біз қазақ мектептеріндегі оқу сапасын тиімді түрде жақсартуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тіліндегі оқулықтар сапасын Жапониядағы оқулықтар деңгейіне жеткізу мақсатын қойдық. Қазір осы жұмысқа кірістік.
Үшіншіден, әрбір баланың, олардың ата-аналарының жеке армандары бар. Болашақта өз перзентінің Гейтс немесе Цукербергер болуын, әлем спортында жеңімпаз тұғырына көтерілуін кім-кімнің де армандауы табиғи нәрсе. Осындай арманына жеткендерге қарасақ, олардың арман жолына бола жасынан түскенін көреміз. Мысалы, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпиондары жаттығуды өте ерте, үш жасынан бастайды екен. Ал осы айтқанымызды жоғарыдағы монотілділік идеясымен сабақтастырсақ, бізге бұл жағдайда 12 жасқа дейін бокспен айналысып, онан кейін мәнерлеп сырғанауға көшіп әлем чемпионы болу ұсынылып отыр. Бұл деген орындалуы өте қиын, ақиқатын айтқанда, мүмкін емес талап.
- Әлбетте, қай кезде болсын реформалар жолы оңай емес. Сіз осы орайда айтылып жатқан сындарға, ашық хаттар мен жолданған петицияларға, өтініштерге қалай қарайсыз?
- Иә, барша халықтың пікірін тыңдап, оларды дұрыс түсіну өте қажет. Біз - ашық министрлікпіз. Біздің білім беру саласында проблемалар аз емес. Сондықтан, оларды шешу жолдарын жүйелі түрде қарастыру керек. Жұртшылықтың, ата-аналардың, ұстаздар қауымының пікірлерін, ұсыныстарын мұқият қарап та жатырмыз. Мысалы, бес күндік оқу жүйесін енгізу - халықтың айтқан пікірімен санасудың үлгісі. Қоғамда білім жүйесінің өзекті мәселелері алда талай талқыланатыны сөзсіз. Осыған орай ата-аналарға айтар біздің де арыз-өтініштеріміз бар. Жаңа бағдарламамен мұқият танысыңыздар. Қазақ тілін құртады екен деген алып-қашты әңгімелерге сенбеңіздер. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бізден қазақ тілін шынайы құрметтеп, мемлекет бойынша барлық деңгейде жаппай қолданылатын тіл етіп үйретуді, оқу жүйесін осыған бейімдеуді талап етті. Біз үшін Елбасы талабы - заң.
Тағы бір айтарым, балаларымыздың болашағы тек мектептің ғана емес, ата-аналардың да қолдарында. Өскелең ұрпақтың тағдыры - терең білімде. Петицияларға қол қойған сәтте ойланыңыздар: ертеңгі күні сіздің балаңыздың білім аясы тар, таяз болып шығып, жұмыс таппаса ол ешкімге керек болмай қалады. Сол уақытта сіз бір кезде жаһандық жақсы үлгіде оқымауға үгіттеген белсендіні қайдан табасыз? Сол кезде сіздің балаңыз сізге рахмет айта ма? Бірақ біздің халықтың көкірегі ояу көзі ашық, өз бетінше ойлануға, дұрыс шешім қабылдап, ақиқат таңдау жасауға қабілеті мол. Мен осыған сенемін.
- Әңгімеңізге рахмет.