АТЫРАУДАҒЫ МИТИНГІНІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРДЫ ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
2016 ж. 26 сәуір
2893
2
Атыраудағы орталық алаңға заңсыз жиналысқа шығу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Атырауда жергілікті тұрғындардың орталық алаңға заңсыз шығуы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полициядағылардың айтуынша, бұл дерек сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестрінде "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша тіркелгенін хабарлады. ІІД өкілдері алаңға шыққандардың ешқайсысының ұсталмағанын нақтылады.
Еске салайық, кеше, 24 сәуірде Атырау орталығындағы халық Исатай мен Махамбет атындағы алаңға Жер кодексіндегі нормаға наразылық білдіру үшін жиналды. Ресми мәліметтер бойынша, Атырау қаласының орталығында 650-700 шамасында адам жиналып, Жер кодексіндегі нормаларға деген наразылығын білдірді. Шеруге қатысушыларға Жер кодексіндегі нормалар түсіндірілді, сонымен қатар, ұсыныстарды жазбаша түрде жолдау ұсынылды. "Тыныштықты сақтайық, жағдайды ушықтырмайық. Ұсыныстарыңызды қағазбен жолдаңыздар. Біз шұғыл түрде оларды қарап, қажет болса жоғарыдағы органдарға жеткіземіз", - деді Атырау облысының әкімі Ноғаев.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездескеннен кейін Атырау тұрғындарыалаңнан кетіп қалған еді.
Осыған дейін Tengrinews.kz 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерінің аукцион арқылы жалға алынатынын хабарлаған болатын. Бұл жаңалық қоғамда қызу талқыға түсті, себебі көпшілік жерді шетел азаматтары алып алады деген болжамдар айтылды. Алайда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері мұндай жолмен тек Қазақстан азаматтары ала алады деп түсіндірді, ал шетелдіктер ең көбі 25 жылға жалға алады деп анықтады.
"Біздің азаматтарымыз "қалталы шетелдіктер бар жерді сатып алып қоймай ма?" деген сұрақ қояды. Қазақстанның бірде-бір миллиметр жері, бірде-бір сантиметр жері шетелдікке сатылмайды. Қазақстанның заңнама актілері оған ондай құқық бермейді. Мұндай жағдай жоқ, болмайды да", - деп қадап айтқан еді ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
tengrinews.kz