ПІШТІРУ ЗАҢДАСТЫРЫЛДЫ, ДҮРЕ СОҒУДЫ БАСТАЙМЫЗ БА?
2016 ж. 22 сәуір
7288
1
Жүргізуші құқығынан айырылған, соған қарамастан мас күйінде қайтадан көлік жүргізгендер мен оның адам өліміне әкеліп соқтыруына қатысты қылмыстық жауапкершілікті мейлінше қатайту керек. Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Бектас Бекназаров ондай қылмыскерді халықтың көзінше дүрелеуді ұсынды.
"Біздің елімізде мас жүргізуші де, сау жүргізуші де абайсызда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлға ретінде қарастырылады. Дәл осындай көзқарастан қолданыстағы норманың олқылығы көрініп отыр" - дейді сенатор. Сонымен қатар адам қағып өлтіргендерді мәйітханаға апарып мерт болғандарды көзін шұқып тұрып көрсету керек дейді халық қалаулысы. Оның айтуынша, Сингапурда мас күйінде көліктің руліне отырған адам жүргізуші құқығынан айырылып қана қоймай, оған үлкен көлемдегі айыппұл салынудан бөлек, шыбықпен сабайды. Қытай мен Тайландта кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін өлім жазасына кесілуі мүмкін.
"Қатаң жаза қолданылатын елдердегі тәжірибе ондай дүрелеудің нәтижелі болатынын анық көрсеткен. Мен ол сұрақты арнайы зерттегенмін», - деді сенатор. Бұдан бөлек, депутат қоғам өкілдерін полиция қызметкерлерімен бірге мас жүргізушілерді анықтауға бағытталған арнайы рейдтерге шығару қажеттігін де баса айтты. Ондай шаралардың барлығы халыққа кеңінен жеткізіліп тұруы керек. Бір сөзбен айтқанда ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сенаторды өрескел заң бұзушылық алаңдататыны түсінікті. Оның үстіне өзі де түрлі құқық қорғау орындарында қызмет істегені де бар. Кезінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы қызметін де атқарған болатын. Сондықтан заң-зәкөн дегенді Бекназаров жақсы біледі, оған ешкімнің күмәні жоқ. Қылмыскерлерді қатаң жазалауға көпшілік те қарсы емес, ол жағынан сенаторды қолдайтыны анық. Бірақ, біреуді піштіріп, екіншісін мұрнын кесіп пұшық етіп, үшіншісін құлағын кесіп шұнақ ету, төртіншісін көкала қойдай етіп сабау қалай болар екен? Бұның бәрі демократияның заңына томпақтау келіп жүрмей ме? Сонау феодализм мен құл иеленушілер заманындағы тәсілге айналып кетпей ме? Қалай дегенмен біз қазір 21 ғасырда өмір сүріп жатқанымызды да ұмытпайық. Бұралқы итті бір теуіп, мысықтың маңдайынан шерткендерді сотқа беріп жатқан Батыс демократтары ертең "Қазақстанда адам құқығы бұзылып жатыр, демократия атымен жоқ" деп даурықпай ма? Қанша дегенмен қылмыскердің де ит пен мысық құрлы құқығы бар шығар. Мектепке дұрыс киініп келмеген оқушыны басқа сыныптарға дейін апарып бүкіл балалардың алдында масқаралағаны үшін біздің бір ұстазымыз жұмысынан кеткені естеріңізде болар. Осы заңға сүйеніп дүре соғуға шешім шығарған соттағы судьяларымыз да жұмыссыз қалып жүрмей ме? Олай болса ереже бұзған көлікті қуалаймын деп Шымкент қаласында бейкүнә адамды өлімші еткен полицейлерді де дүрелеу керек қой. Ал, ереже бұзған жүргізушілерге әлемде жоқ шамадан тыс айыппұл салып, көпшілікті қарызға батыратын заң жобасын ұсынған Үкімет мүшелерін қайтеміз? Осындай сау адамның ойына кіріп-шықпайтын заңдарды тастай етіп бекітіп берген депутаттарға да дүре соғу керек болар? Дүре таяқтың да екінші ұшы болатынын есте ұстаған жөн, сенатор мырзалар! Айтпақшы, былтыр он рет өзгерту енгізіп, дау-дамаймен күштеп қабылдаған "Жол жүру ережесін" биыл тағы бір қайта қарасаңыздар артық етпейтінін естеріңізге саламыз. Өйткені бұл заңнаманың бір емес, бірнеше қайнауы ішінде кеткен, тым шикі. Өкінішке орай, осыған ұқсас "Жер кодексі" сияқты, салық саласына қатысты қоғамда қолданыс пен қолдау тапқанның орнына қарсылыққа тап болған шала-шарпы заңдар бізде жетерлік. Олардың бәрінің атын атап, түгелдей түсін түстемесек те іштеріңіз сезетін шығар. Оның үстіне сол заңды қабылаған депутаттардың басым бөлігі биыл да қайта сайланды. Заң қабылдау кезінде қате жібермеу үшін, өздеріңізге сенім артқан халық арасына жиірек шығып, олардың айтқанына құлақ түріп, ұсыныс-пікірлерін зерттеп, өмірмен сабақтастырып саралап отырсаңыздар ұтылмайсыздар. Бұл құнды кеңесті сіздерді жоғары заң шығарушы орынға үкілеп ұшырған көпшілік қауым, яғни сайлаушыларыңыз ұсынып отыр деп есептеңіздер. Кеңес - тегін, оны пайдаланған депутаттардан ешқандай комиссиялық алым алынбайды, ешқандай салық та салынбайды. Тек қана, «Мынау бір жақсы жоба екен!» деп, салық пен алымды өздеріңіз қосып, әдеттегідей байқамай бірден заңдастырып жібермесеңіздер болғаны...
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz