Ойда жоқта тап болған "оралмантанушы" не дейді?
2016 ж. 29 ақпан
5969
29
«Караван» басылымы жақында «оралмандарға» қатысты тағы бір сұхбат жариялады. Қандастарға қатысты қисық-қыңыр пікір білдірген сұхбат беруші басқа-басқа емес ұлты қазақ тарихшы – Гүлнәр Меңдіқұлова деп жазады Абай басылымы.
Осының алдында «қара жорға» биі ұлттық мәдени мұралар тізіміне кіріп, ұлттық құндылық ретінде қарастырылардың аз-ақ алдында тұрғанда, дәл осы Меңдіқұлова ханым «қара жорға қазақтың биі емес» дегенеге бар күшін салып жатып, ұлттық өнерді, ұлттық биді жоққа шығырған еді. Малбағарқызының малдап айтқан мәлімдемесі қоғамдық ортада қызу пікір-талас тудырып, қазақтың биі мен оны жеткізушілер (Атажұртына оралған ағайындар – Ред.) туралы теріс көзқарастар да содан кейін ішінара қалыптасқан-ды. Осы бір шудан кейін Гүлнар Меңдіқұлова ханым «оралмандар» тақырыбын ынта-шынтасымен зерттеуге кіріскен екен.
Қисық пікірге қиылып отырған «Караван» тілшісі де дәл осы мәселені қайталап көтерген. Сұхбат барысын Гүлнәр ханым мынадай сөздерден бастайды:
"Монотонды музыкаға түзілген, бір ғана образды дене қимылы бар «қара жорға» биін бізге Қытай қазақтары жеткізді және сол күйінде сіңдіріп жібермек болды. Біздің батыр бабаларымызда рухты көтеретін, жауынгерлікке баулитын дене қимылдары болды. Бірақ оның мына биге еш қатысы жоқ", - дейді тарихшы ханым.
«Караван» тілшісі «қара жорғаның» пайда болу қайнарларына үңілгісі келіп, Меңдіқұлова ханымға төпелетіп тұрып сұрақ жаудырған. Әңгіменің ауанынан байқағанымыз: Малбағарқызы қазақ биін ғана емес, «оралмандарды» да сөзбен сөгіп, "қара жорғаға" теріс мінгізіп жіберіпті.
"Менің докторлық диссертациямның тақырыбы – қазақ диаспорасының тарихы. Өзімнің зерттеу жұмысымда мен оралмандар қандай жолмен Қазақстанға келіп жатыр және не мақсатта келуде деген сұрақтарға жауап іздедім. Мәселе, кімдер келуде? Не үшін? Бұл да зерттеуді, анықтауды қажет етеді", - деген Гүлнәр Меңдіқұлова ханым, олардың Қазақстанға келулерінің түрлі себептерін сөз еткен.
"Олардың елге келуінің мақсаттары әр түрлі. Осы жерде өз балаларына білім беруді, осы жерге тұрақтап қалуды, әрине қазақтың жеріне көшіп келуді, осы топыраққа тағзым жасауды көздейді. Біз олардың осы жерге сіңіп кетуіне көмектесу үшін, барлығын білуіміз керек", - дейді тарихшы.
Одан әрі «Караван» тілшісі қитұрқылыққа басып, жергілікті тұрғындар мен оралмандар арасындағы түсініспеушілктер туралы сұрайды. Тарихшы Гүлнәр ханым да бүлк етпестен, былай деп жауап қатады. Бұра тартты демеңіздер, Меңдіқұлованың айтқанын сөзбе-сөз бергенді жөн көрдік.
"Надо работать с обеими сторонами. Во-первых, оралманы должны вести себя порядочно, не бить себя в грудь и не подставлять людей, которые здесь жили. А то, действительно, приезжают сюда и начинают с пеной у рта кричать: “Я вернулся на историческую родину!”. Да, вернулись. Хорошо. Тебе все предоставили – живи и работай. Радуйся. Зачем же подсиживать людей?", - дейді тарихшы.
Әрмен қарай, «Караван» тілшісі былай дейді: "Өз орныңды білу керек, «біз тілді және мәдениетті сақтап қалдық. Ал жерлік қыздар тым ашық-шашық» деуге оралмандардың хақысы екенін айтады.
Ал оралмандарды оқшаулауға итермелейтін осы бір сұхбатқа Меңдіқұлова ханым былай деп жауап қатқан.
«Иә, заманауи қазақ қыздары тәуелсіз, білімді, оқыған-тоқыған. Әрине кемшіліктеріміз де жоқ емес. Ондай кемшіліктер кімде болмайды дейсіз?! Бірақ дәл біздің аталарымыз осы жерде қалып, территориямызды, тілімізді, дәстүрімізді сақтап қалған. Біздің аталарымыз Тәуелсіз Қазақстан Республикасын құрған. Осыны оралмандар да, басқалары да біліп жүрсін!», - деп сөзін түйіндеген ол.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Гүлнәр Меңдіқұлованың әкесі – қазақтан шыққан тұңғыш архитекторлардың бірі – Малбағар Меңдіқұлов еді. Өзі академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен біраз жылдар ұстаздық қызмет атқарған. Меңдіқұлованың аты-жөні оқырман қауымға сол бір «қара жорға» дауынан кейін кең таныла бастаған.