Мұхамедханов - 100: Ғалым. Қайраткер. Тұлға.
2016 ж. 17 ақпан
2822
0
«Нағыз бақыт –еркін, азат болу, ақиқатты айту, ештеңеден, ешкімнен қорықпау, тек осылай өмір сүру керек! Адам – осындай болғанда ғана адам!». Бұл – Алаш рухының қасиеті қонған киелі Семей жерінің тумасы, абайтанушы, ақын, ұстаз, драматург, ғалым, Қазақ ССР-нің алғашқы Әнұранының авторы Қайым Мұхамедханұлының ұлағатты сөзі. Бір өзі бір Академияның жұмысын атқарған, өмірдің тәттісінен гөрі ащысын көбірек татқан біртуар ағаның өзі осы сөздеріне ғұмырының аяғына дейін берік болды.
Шығыс елі өзінің айтулы жерлестерінің бір ғасырлық мерекесін жыл басынан бері атап өтіп, түрлі шаралар өткізіп жатыр. 12-ақпан күні осындай тағлымы мол үлкен бір кеш Шығыс Қазақстан өнер мұражайында өткізілді. Оған өскемендік ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері, студент жастар жиналды. Мұнда жиналған жұртшылыққа ғалым туралы бейнефильм ұсынылды. Онда абайтанушы ғалымның, қоғам қайраткерінің өмір жолы мен шығармашылық қызметінен көп мағлұматтар жинақталған екен.
- Маған ғұлама ағамен бес-алты рет кездесу бақыты бұйырды, - деді кездесуге келген Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уалихан Тоқпатаев. - Қайым әлемі – тұңғиық, білімі – шексіз. Ол кандидаттық диссертациясын екі рет қорғады. Өйткені сол кездегі тоталитарлық жүйе мен билікке оның Абай тақырыбын қопаруы да, Әуезов көзқарасына жақындығы да ұнамады. Сондықтан Қайымға 1951 жылы «ұлтшыл-буржуазияшыл» деген айып тағылып, 25 жылға айдалып кетті. Бірақ, үш жылдан соң ақталып, еліне оралған ғалым «Абай өлеңдерінің текстологиясы» тақырыбын зерттеп, диссертациясын екінші рет қорғады, - деген журналист Алаш арыстарының соңғы тұяғының өмірінен көптеген деректер келтірді.
Қайым Мұхамедханов - ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, Шәкәрімтанудың негізін қалаушы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы,«Абай» журналының қайтадан жарық көруіне көп еңбек сіңірді. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы, жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектердің авторы.
Ұлы Абайдың 150 жылдық әлемдік тойы қарсаңында «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырып шығарды.
1996 жылы «Абай» энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Қазақтың біртуар ұлы туралы көпшілікке белгілі осындай деректерді толығырақ, тереңірек ашып көрсеткен Қайым Мұхамедханұлының шәкірті,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, облыстық қазақ тілі қоғамының төрағасы Әлібек Қаңтарбаевтың, абайтанушы ғалым, Қайым Мұхаметханұлының ізбасарларының бірі, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаеваның, облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Түсіпхан Түсіпбековтың, ақын Серік Құсанбаевтың әңгімелерін ұйып тыңдаған жұртшылық оларға көптеген сауалдар қойып, ғалымның өмір деректеріне де, шығармашылығына да ерекше қызығушылық танытты.
Өмірдің әрбір беті - тарих, ал өткенге көз жіберіп, тарихымызды сараласақ, жарқырап өткен жасындар аз емес. Солардың бірі - белгілі ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов. Қайым аға сияқты өр тұлғалы азаматтар қазақ тәуелсіздігінің алтын діңгегі, берік болаттай биік тұғыры. Тұғыры биік тұлғаның ғасырға толы тойы, бүкіл республикамыздағыдай, өзінің Шығысында да жалғаса беретін болады.
Айтмұхамбет Қасымов, журналист
Өскемен.
qazaquni.kz