Сирия соғысы: жеңімпаз кім?!
2015 ж. 19 қазан
7961
1
Сириядағы Ресей әскери ұшақтары соңғы тәулікте 64 мәрте көкке көтеріліп, 55 нысанаға соққы берген. Бұл туралы Ресейдің қорғаныс саласының өкілі хабарлады. Оның айтуынша, Мәскеу Сириядағы шабуылдарды күшейте түскен; өйткені әуе барлауы көптеген «қауіпті» нысаналарды анықтаған. Сондай-ақ, ақпарат таратушының мәліметіне қарағанда, шабуылдар Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына қарсы жасалуда.
Сириядағы адам құқықтары ахуалын бақылау тобы да Ресей ұшақтарының Сирияның батысында шабуыл жасағанын хабарлады. Нақтырағы, «шабуыл ИМ содырлары ең аз шоғырланған аудандарға жасалған».
Сириядағы оппозиционерлер мен Батыс елдері болса Ресейді «Соққыны экстремистерге қарсы емес, Башар Асад режимін күшейту үшін жасап отыр» деп айыптайды. «Human Rights Watch» халықаралық құқық қорғау ұйымы Хомс ауданында Ресей шабуылдары басталғалы бері, кем дегенде, он жеті бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлап, бұл оқиғаны егжей-тегжейлі тексеруге шақырды.
Жалпы, Ресей қарулы күштерінің Сириядағы қақтығысқа қатысуы жайлы ресейліктер пікірі ондағы әскери операция басталғалы бері өзгерді деп хабарлады «Левада-центр» ұйымы. Сауалнамаға қатысқандардың 47 пайызы «Ресей «Ислам мемлекеті» ұйымымен және оппозициямен күресіп жатқан Башар Асадты қолдауы керек» деп біледі. 28 пайызы оның қажеті жоғын айтады. Сұралғандардың үштен бірі Сириядағы содырларға әуеден соққы беруді қолдайды. Ресейдің Сириядағы операциясынан бұрын 30-қыркүйекте жүргізілген сауалнамада жауап берушілердің көбі ол әрекетке қарсы болған еді. Ол кезде әскери шабуылды респонденттердің 14 пайызы ғана жақтаған. Ресейліктер «Мәскеу Асад билігін қолдауы керек» деп білген. Жауап берген ресейліктердің жартысы Сириядағы соғысқа араласу Мәскеуге «екінші Ауғанстан» болып тиюі мүмкін деп қауіптенеді. 7 пайызы оған толық сенімді, 39 пайызы «әбден мүмкін» деп санайды.
Сонымен қатар Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу Сирияда құрлықтағы әскери операция жүргізуге дайындалып жатқан болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. «Ешқандай құрлықтағы операция, ешқандай «жердегі» әскер жоқ және болуы мүмкін емес» деп мәлімдеген министрліктің ресми өкілі Мария Захарова. Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сирияның батысында құрлықта Ресей әскерилері мен қару-жарағының қозғалысы байқалғаны туралы жуырда америкалық «CNN» телеарнасы таратқан ақпаратқа қатысты: «CNN» шатастырып алуы мүмкін. Олар Путинді де Ельцинмен шатастырады» деген. Песков Ресейдің Сирияда құрлықтағы операцияларға қатыспайтыны туралы президент Путиннің бұған дейін айтқан сөзін тағы қайталаған.
Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдау үшін ол елде әлгіндей операцияға дайындалып жатуы мүмкін деген ақпаратты «CNN» Пентагондағы дереккөздері бойынша хабарлаған. НАТО және онымен байланысы бар мемлекеттер өткен аптада Сирияда террорлық топтарға қарсы әскери әуе күштерін пайдалануды бастаған Ресей, шын мәнісінде Асад үкіметіне қарсы тұрған сириялық оппозиция құрылымдарын нысанаға алып отыр деп алаңдайды. Бұл оппозициялық топтардың кейбіріне Батыс елдері қолдау танытады.
Өткен аптада Ресей сыртқы істер министрлігі өкілі Мария Захарова: «Ресейлік әуе күштері Сирияда террорға қарсы әуе операцияларын бастаған сәттен оның мақсатын әдейі бұрмалап келеді» деп әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарын айыптаған. Сонымен бірге ол АҚШ бастаған халықаралық коалиция Сирия үкіметінің келісімін алмағандықтан, осы елдегі «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы «коалицияның іс-қимылдары заңсыз» деп мәлімдеген.
Жалпы, қазір жалпақ жаһанның назары адамзат дамуының алтын бесігінің бірі болған, үш мәдениеттің тоғысқан ордасы атанған Сириядағы дүрбелеңге ауып отыр. 2011 жылдан бері созылып келе жатқан көне топырақтағы соғыстың жеңімпазы да жоқ, жеңілушісі де жоқ.
Ол елдің аумағында қолына қару ұстап кескілесіп жатқан ондаған ірілі-уақты топ бар. Оның сыртында оларға дем беріп, отқа май шашып, ұрыстың көрігін қыздырып отырған тағы да ондаған алпауыт мемлекет тағы бар. Майдан даласында шаңдатып жүргендердің негізгісі «Ислам мемлекеті» тобының содырлары, тәуелсіз мемлекет құруға тырысып жатқан күрд ұйымдары, Батыстың қолдауына ие болып отырған «Джебхат ан-Нусра» ұйымының маңына жиналғандар және осы елдің президенті Башар Асадты қорғап жатқан үкімет армиясы.
Елдің тоз-тозын шығарған бұл қарулы топтар қазір бір-бірімен қырылсыып жатқаны да белгілі. АҚШ-тың қолдауымен құрылған «Ислам мемлекеті» бүгінде осы екі елдің жартысын басып алып, өз алдына «Халифат» құруға тырысып жатыр. Бұл топ қазір үшке бөлінген. Біріншісі – болашақ мемлекеттің іргесін кеңейту үшін ұрыс даласында жүргендер, екіншісі, болашақ мемлекеттің іргесін қалау үшін оның заңдарын (шариғатқа лайықтап) даярлап, ақшасын (алтын динар) шығаруға ұмтылып жатқандар, үшіншісі, қаржы табушылар. Олардың міндеті – басып алған жердегі мұнай кеніштерінен өндірілген қара алтынды сыртқа сату, басып алған көне шаһарлардағы құнды жәдігерлерді саудалау, олардан түскен қаржыны, ортақ қазынаға құю. Демек, «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы жай ғана атып-жарып кететін топ емес. Алысты көздеген, өз алдына шариғат жолымен жүретін ислам мемлекетін құруға ұмтылған бірлестік. Бірақ бұл ұйымның тым қатыгездігі, қанқұмарлығы қазір әлемді шошытып отыр. Жалпы, «ИМ-нің» мақсаты – Таяу Шығыста өзіндік мемлекет құру. Сол үшін жолында тұрғанның бәрін қырып-жоюға бар. Осы өңірде әрекет етіп жатқан ірі бір топ ол – күрдтер. Бүгінде жер бетінде 40 миллионға тартатын күрдтердің өз отаны жоқ. Олардың негізгі тұратын жерлері – Түркия, Иран, Ирак және Сирия. Олардың мақсаты – тәуелсіз күрд мемлекетін құру. Бірақ олардың бұл асыл арманы орындалар емес. Сол жолда қанша қан кешті, жан берді, бірақ түпкілікті мақсатқа жете алмауда. Дегенмен 2011 жылы басталған «араб көктемі» кезінде бір үкілі үміттің шеті қылтиған. Өйткені араб әлеміндегі сапырылыс, мемлекеттік төңкерістер кезінде ондай мүмкіндікке жол ашылғандай болған. Бірақ қан-төгіссіз оған қол жеткізу мүмкін емес-ті. Күрдтер қазір Ирак жерінде де, Сирияда да әрекет етуде. Сирия президенті Башар Асадтың әлсірегенін пайдалана отырып, ол аймақта ең құрығанда Күрд автономиясын құрып қалуға тырысуда. Сол үшін өздеріне бүйідей тиген «ИМ» тобымен де, «Джебхат ан-Нусраның» қанатының астындағы топтар мен де, үкімет әскерімен де қақтығысқа түсуде. Ал өз тобына ондаған ірілі-ұсақты топтарды біріктірген «Джебхат ан-Нусраның» жөні бөлек. АҚШ бастаған Батыстың қолдауына сүйенген бұл топтың (былайша айтқанда, оппозицияның) жөні бөлек. Бұлар «ИМ-мен» де, күрдпен де алысуда. Әсіресе, бұл топтың негізгі міндеті, алған қойған мақсаты – Башар Асадты биліктен тайдыру. Батыс бұл топты сол үшін демеу үстінде. «Джебхат ан-Нусраны» Сауд Арабия мен Катар қаржыландырса, Түркия мен Иордания логистикалық көмек беруде.
Бұл күнде мемлекет жерінің 30 пайызына ғана ие болып қалған Башар Асад «тал қармаудың» әрекетін жасауда. Ел ордасы Дамаск бұған тас қорған бола ала ма, жоқ па? Белгісіз. Қазір 320 мыңдық тұрақты ар-мияның жартысы ғана қалған. Төрт жарым жылға созылған соғыста жартысына жуығы қашқын болды, біразы қырылды, ондаған мың адам жараланды, мүгедек болып қалды. Амалсыз Асад одақтасы Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Әйтпегенде санаулы айлардан кейін оның билігі құлауы мүмкін-ді. Өйткені былтырдан бері коалиция құрып, «Ислам мемлекетіне» қарсы соғыс ашқан АҚШ бастаған елдер әуеден тек «ИМ» топтарын емес, Башар Асадқа тиесiлі мекендерді де бомбаның астынан ала бастаған. Егер де АҚШ-тай алып ел бастаған коалиция күштерінің ұшақтары бір жылда 10 мыңға тақау ұшырылым жасап, лаңкестердің ұясына ондаған мың тонна бомба тастағанын ескерсек, онда «ИМ-ның» күлі көкке ұшуы тиіс еді. Бірақ олай болмады. «ИМ» керісінше күшейіп, жаңа жерлерді басып алды, тобының қарасы молайды. Демек, коалиция күштерінің көздегені «ИМ-ді» құрту емес, өзге болғаны. Яғни Башар Асадты биліктен тайдыру.
Жалпы, Сириядағы жағдайға байланысты қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин «vlast.kz» интернет журналына берген сұхбатында мынадай ой айтады: «Қақтығыс басталғалы Башар Асад өз елінің біршама территориясынан айырылып қалды. Қазір оның билігі Сирияның солтүстік-батысындағы шағын жерде ғана жүріп жүр. Ол жердің ауқымы ел аумағының 30 пайызына да жетер-жетпес. Оған қарсы түрлі әскер соғысуда: ИГИЛ, «әл-Нусра» фронты, неше түрлі ірілі-ұсақты содырлар мен ереуілшілер тобы. Қазір болып жатқан жағдайдың барлығы Башар Асад стратегиясының іске асқанын көрсетеді. Асад жеңіле бастағанда ол өзіне қарсы тұратын ең радикалды топ – ИГИЛ-ге астыртын көмектесе бастады. Ол ақыр соңында өзінің ең қауіпті жауымен бетпе-бет келетінін түсінсе де, дәл қазір Мәскеу жасап отырған ойынды бастады. Ол ИГИЛ-дің қарсыласы – әл-Нусра май-данын әлсіретуге барын салды. Неге? ИГИЛ-ді күшейту үшін. Осылайша ол біріншіден, өзіне балама күш құрды. Халық Асадты жақтырмайды, бірақ ИГИЛ-ден қатты қауіптенеді. Оның ойында «халық қорыққаннан мені таңдайды» деген стратегия жатыр. Екіншіден, ең радикалды топты қолдай отырып, Асад бұл қақтығысқа халықаралық қауымдастықтың назарын аударды, олар амалсыздан Асадты қолдауы тиіс. Осы стратегия ұтымды орындалды: ИГИЛ күшейіп, Иракқа басып кіргенде Батыс әлемі шошып кетті. Шошығаннан әскери жолмен де, басқа жолдармен де Асад режимінің құламай тұруына барын салды. Асадқа ешкім көмектескісі келмейді, бірақ одан өзге қорған болмай тұр. Мәскеуді айтпағанда, Ба-тыстағы одақтастар да ИГИЛ-мен күресу үшін Сирия мен Иракқа кірген. Бірақ олардың алдынан да таңдау шықты: егер бірден ИГИЛ-ді әлсіретсе, онда Сирия дағдарысына араласуға мықты себеп болмай қалады. Оларға ИГИЛ-ді бірден жоюдың қажеті жоқ. Нәтижесінде олар келіп Асад әскеріне оқ жаудырды. Олар алдымен Асадтан құтылсақ, сосын ИГИЛ мәселесін де шешеміз деп ойлаған. Енді Сириядағы ойынға Мәскеу араласып, ол да тура солай қимылдауға мәжбүр. Мәскеу үшін ИГИЛ – қауіпті жау. Мәскеу алдымен ИГИЛ-ді әлсіретіп, содан кейін Асадты Батыс альянсы мен өзге де тараптар қолдап отырған әл-Нусрамен бетпе-бет қалдырмақ. Батыс әл-Нусраға астыртын көмектеседі, ереуілшілерге ашық және тікелей көмек-тесуде. Осылайша егер Мәскеу ИГИЛ-ді әлсіретсе, ол Батыс үшін бап болғалы тұр. Қысқасы, Сириядағы жағдай тым шым-шытырыққа айналып кеткен».
Біздің де пайымдауымызша, бұл негізсіз айтылған пікір емес. Көкейге әбден қонады.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті