Министр берген уәделер неге орындалмайды?
2015 ж. 06 қазан
3220
1
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз қызметіне тағайындалысымен-ақ: «3-4 жыл көлемінде қазақстандық білім және ғылым жүйесін құрылымды әрі мазмұнды түрде өзгертіп, оны озық дамушы елдер деңгейіне жеткізуге тырысатын боламын» деген еді. Бұл министрдің – бірінші уәдесі. Бас ұстаздың алғашқы, уәдесі орындалып жатыр дей алмаймыз. Керісінше, Аслан Сәрінжіпов білім саласын басқарғалы бері у-шу одан әрі ұлғая түскен сыңайлы. Дамушы елдердің қатарынан көріну былай тұрсын, мектепті «Алтын белгіге» бітірген үздік түлектерімізді мемлекеттік білім грантынан қағып, сан соқтырып қойдық. Кеудесіне «Алтын белгі» тағып, жұлдыздары жарқырауы тиіс түлектеріміз өздерінің дабыл қағуының арқасында ғана жоғары оқу орындарының ректорлық гранттарына қол жеткізді. Ал, ешбір байқауда бақ сынамастан, мемлекеттік білім грантын иеленуі тиіс халықаралық олимпиада жеңімпаздары да құралақан қалды. 11 жыл бойы төккен тер далаға кеткендей. Екінші уәде жыры бітпейтін оқулық мәселесіне қатысты. Білім министрі ағымдағы жылдың мамыр айында өткен Үкімет сағатында республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мектептердің барлығы 10-тамызға дейін мектеп оқулықтарымен түгел қамтамасыз етілетіндігін мәлімдеген. Бірақ, кітап тапшылығының салдарынан сарылып кезек күткен оқырмандарымыз министрге деген назын «Қазақ үні» порталында «Білім министрінің арқасында «Қожа» болдым» (http://www.qazaquni.kz/?p=40106) атты тақырыптағы мақалаларымен білдіріп жатты. Кітап тапшылығы турасында әңгіме қозғала қалса, қаржы тапшылығын алға тартатын министріміз Қазақ хандығы туралы компьютерлік ойын жасауға 72 млн. теңге бөлгенде, неге оқулыққа келгенде жоғары жаққа алақан жаяды? Осы жағы тағы түсініксіз... Ал, үшінші уәдесі мемлекеттік білім гранттарының үлестірілуіне қатысты болды. Бұл жолғы уәдені бас ұстаздың өзі емес, Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев берген еді. 2015-2016 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі жайында сөз қозғаған вице-министр биылғы жылдың ерекшелігі тілдік үлестірілуінде екендігін атап өткен еді. Яғни, қазақ бөліміндегі конкурсты есепке алудың негізінде мемлекеттік білім грантының 75 пайызы қазақ бөліміне ал, 25 пайызы ғана орыс бөліміндегілерге беріледі деген еді. Естеріңізде сала кетейік, мемлекеттік білім грантын бөлу барысында қазақтілді талапкерлерге басымдық берілу қажеттігі былтырғы жылы «Қазақ үні» газетінде «ҰБТ: Қазақтілді талапкерлердің құқығы қашанғы таптала береді?» (http://www.qazaquni.kz/?p=28125) деген тақырыпта мақала жарияланып, мәселе ретінде көтерілген-ді. Вице-министрдің осы мәлімдемесінен кейін ҰБТ-дағы ұлтымыздың ұпайы түгенделеді деп қатты қуанған едік. Өкінішке орай, білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланғанда жылдағы әдет бойынша қазақтілді және орыстілді талапкерлер арасында теңсіздіктің орын алғанына көз жеткіздік. Мәселен, «5B010100 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына жалпы конкурс бойынша қазақ бөліміне 89 балмен оқуға түссе, ал дәл осы мамандықтың орыс бөліміне 68 балмен де білім грантын иеленгендер бар. Бір ғана педагогикалық мамандық бойынша емес, басқа да мамандықтарда қазақ және орыс тіліндегі грант иегерлерінің арасындағы балл көрсеткішінің айырмашылығы жер мен көктей екендігі қынжылтады. Біздің мақсат – білім министрінің берген уәделерін жіпке тізу емес, ел болашағы үшін маңызды қадамдардың орындалмай жатқандығына ғана алаңдаулымыз. Білім саласында шешімін табуы тиіс өзекті мәселелер жетерлік. Оның барлығын бірдкендігі де түсінікті. Ол үшін біраз жылдар жүйелі жұмыс жүргізілуі керек-ақ. Біз, бұл тұрғыда бас ұстазды қаралауды мақсат тұтып отырған жоқпыз, әрине. Әйтсе де, «Биыл оқулық тапшылығы болмайды», «Білім грантын бөлу барысында қазақтілділерге басымдық беріледі» т.б. осындай уәделерді үйіп-төгіп бермесе екен. Әйтпесе, жалпақ жұртқа жария етілген нәре орындалмағасын, елдің де бас ұстазға деген сеніміне селкеу түсері анық қой. Айтпақшы, министр жақында ғана тағы да уәде берді. Бұл жолғысы ұстаздарды қуантатын сыңайлы. Яғни, 2016 жылдан бастап, мұғалімдердің жұмыс өтілі, категориясы, білім деңгейіне сәйкес олардың жалақысы 20-50 пайыз аралығында өспек. Бұл үшін бюджеттен 200 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп қойған көрінеді.
ЖАҢА РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІН ҚАШАН КӨРЕМІЗ?
Өз қызметіне кірісімен-ақ, өзгерістер жасайтынын мәлімдеген министр білім саласына көптеген жаңашылдықты енгізгенді дұрыс санайды. Әрине, жаңа реформаның барлығы бірдей оң нәтиже беріп жатса, бөркімізді аспанға атып, қуанар едік. Биылғы жылдың басты жаңалығы – 2016 жылдан бастап, Қазақстан мектептерінде 5 күндік оқыту жүйесіне көшетіндігі. Қазіргі таңда еліміз бойынша жаңа жүйе тәжірибе ретінде енгізілді. Ал, 2016 жылдан бастап, 1-сынып оқушыларының барлығы жаңа жүйеге көшетін болады. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оқушылардың оқу көлеміндегі ауыртпалықтың өзгермейтіндігін, әрі бағдарлама одан әрі ауырламайтындығын мәлімдеген еді. Сонда, осы уақытқа дейін 6 күндік жүйемен оқып келген оқушылар 5 күндік жаңа стандартқа ауысқанда мектеп бағдарламасындағы ауыртпалық сақталса, оларға олардың санасына салмақ түспей ме? Осы жағын міндетті түрде саралау қажет-ау. Сондай-ақ, оқушылардың 5 күн оқып, 2 күн демалатынын ескере отырып, оларды түрлі үйірмелерге баулу жағы қарастырылса деген ой бар. Әйтпесе, мектеп оқушылары арасындағы қылмыстың көпшілігі жазғы демалыс кезінде орын алатыны мәлім. Сондықтан да, бұл тұрғыда оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізудің жолдары алдын ала жоспарланғаны жөн. Негізінен, қандай да бір жаңа жүйеге көшпес бұрын алдын ала жүйелі түрде дайындық жұмыстары жүргізілуі керек. Ал бізде барлығы керісінше секілденеті жоқ емес. Яғни, жаңа жүйені қолданысқа енгіземіз деп жұртқа жария етіп қойғаннан кейін барып, оған дайын еместігіміз еске түседі. Мәселен, осы 5 күндік оқыту жүйесіне көшудің қажеттігін мәлімдеген білім министрі Аслан Сәрінжіпов: «Оқушылары тым көп және үш ауысымда оқытатын мектептерде 6 күндік оқыту әлі сақтала бермек» деген еді. Мұның өзі, жаңа жүйеге көшуге жүз пайыз дайын емес екендігімізді көрсетеді. Алдымен осы олқылықтардың орнын толтырып барып, 5 күндік жүйеге көшу мәселесін қолға алсақ мұнымыз әлдеқайда дұрыс қадам болар еді. Біздің мектеп оқушылары көшкелі жатқан жаңа жүйе бір бұл емес. Биылғы 2015 жылы 1-сыныпқа қабылданған мектеп оқушылары бастауыш білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты бойынша оқиды деп жоспарлады. Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асып жатқан бұл тәжірибені жалпы білім беретін мектептерде кезең-кезеңімен іске асыру жағы көзделген еді. Бірақ, Білім министрі бұл жолы да ескі әдетімен жаңа оқу жылының бірінші күнінен бастап, жаңа оқу стандартын енгізуге мектептердің барлығы бірдей дайын еместігін айтты. Сөйтіп, аталмыш жүйені 2015 жылдың соңына дейін бекітетіндігін хабарлады. Біздің елдің білім саласында жаңа реформаны ойлап табу жағы жақсы үрдіске айналғанымен, әзірге жаңашылдықтың сарыны байқала қоймайды. Керісінше, сол «ауру қалса да, әдет қалмайдының» керімен, «дайын емеспіздің» әуеніне басуға бейімделіп кеткендейміз. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың «дайын емеспіз» дейтін кейпі құдды бір мұғалім сабақ сұраған кезде сабаққа дайын емес екендігін жеткізген оқушыға көбірек ұқсайтындығын жасыра алмаймыз.БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ ҰСЫНЫСЫ НЕГЕ ҚОЛДАУ ТАППАДЫ?
Қоғамның назарын өзіне аударғысы келді ме, жоқ әлде, шынымен де бас қаламыз – Астанадағы кептеліс мәселесіне алаңдады ма, әйтеуір бас ұстаздың бұл жолғы ұсынысы өзгешелеу болды. Яғни, Білім министрі Астана қаласындағы мектептердегі сабақтың басталуын таңғы сағат 7.40-қа ауыстыру қажеттігін айтып мәлімдеме жасады. «Сабақ кестесі жөніндегі мәселе жергілікті атқарушы билік органдарының құзырында. Сондықтан мұны Астана қаласының әкімдігі шешуі тиіс. Біз әкімдікке оқушылардың, олардың ата-аналарының және мұғалімдердің пікірін ескере отыра шешім қабылдауға ұсыныс жасадық», – деді А.Сәрінжіпов. Көп ұзамай, бұқаралық ақпарат құралдарында елордалық 17 мектептің ағымдағы жылдың 14-қыркүйегінен бастап бірінші ауысымда оқитын оқушылардың сабақты сағат 07:40-та бастайтындығы туралы ақпар таратылып кетті. Астана қаласындағы мектептер жаңа жұмыс режиміне көшіп кетер ме еді, кім білсін, бұл іске Астана қалалық прокуратурасы араласпағанда. Иә, бұл ақпарды естіген Астана қаласының прокуратурасы білім беру ұйымдарында оқу сабақтары сағат сегізден ерте басталмауы тиіс екендігін мәлімдеп, мектептердегі сабақ кестесінің бұлай өзгеруі қолданыстағы заңнамаға қайшы екендігін жеткізді. Бұл тұрғыда прокуратура органдары арнайы тексеріс те жүргізді. Нәтижесінде қалалық білім басқармасының нақты мұндай шешімді қабылдамағанын анықтап, заңды бұзуға болмайтыны туралы алдын ала ескерту енгізді. Осыдан кейін ғана Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Эльмира Суxанбердиева: «Оқу уақытын өзгерту үшін заңға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс, типтік бағдарламаларға да соған сәйкес өзгертулер жасалады. Барлығы заң аясында іске асырылады» деп мәлімдеді. Сонда осы ұсынысты жасаған бас ұстаз заңды ескермегені ме деген заңды сұрақ туындайды. P.S: Жаңашылдық деген жақсы-ақ. Бірақ, ең бірінші қандай да бір жаңа стандартқа көшпес бұрын, еліміздің білім беру жүйесі оған дайын ба, дайын емес пе соны саралап алғанымыз жөн шығар... Білім саласына өзгеріс керек екен деп беталды әр нәрсені тықпалағаннан ешнәрсе ұтпайтынымыз да анық. Сондықтан да, ең бірінші қандай да бір өзгерістің білім саласының ісін ілгерілетуге тигізер ықпалын бағамдап алғанымыз абзал-ау.Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні"