ҚазҰУ-дағы былыққа кім жауапты?!.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басшылығы зар илеп жүрген студенттердің өзін күдіктілерге балайды. Айтуларынша, білімгерлер қап қаражатты жымқырған есепшілерге сыбайлас болған.

казгу

Сондай-ақ университет өкілдері ешбір студентке ақша төленбей, дипломның берілмейтінін қадап айтты.

Әділдік іздеп, шырылдап жүрген студенттердің әрқайқысы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне миллиондап ақша қарыз. Бірінің 4 жыл бойы төлеген оқу ақысы жоғалып кетсе, енді бірінің карточкасына есепшілер алдап ақша құйып, артынша өздері сол қаражатты шешкендері үшін жауапқа тартылған.

«Менің жеке басымның қарызы деп 2 миллон 100 мың теңге деп шығарды. Бірнеше студент бар, соның бірі менмін. Яғни, біздің оқу төлейтін шотымызға жұмыскерлердің ақшасы деп ақша жіберген. Мен әкеліп бергенмін. Қазіргі есеп бойынша 1 миллион 400 мың теңге екен. 5 рет жіберді бес рет әкеп бердім, 3 есепшілер санап тұрып алған», – деді студент Әсел Қыдырбай.

Менің жеке басымның қарызы деп 2 миллон 100 мың теңге деп шығарды. Яғни, біздің оқу төлейтін шотымызға жұмыскерлердің ақшасы деп ақша жіберген

Оқу ордасы басшылығы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып, әуелде тілшілер мен студенттерден жасырынды. Олар кеңселерінің есігін іштен іліп, бұқпантайлады. Бірақ білімгер бой бермей, ақыры басшылықпен жүздесті.

Сөйтсе, қабағы қатулы университет ректорының орынбасары студенттердің өзін айыптады. Олар білімгерлерді тұтқындалған есепшілердің “сыбайласы” деуде.Сондай-ақ  ақшасы жоғалған білімгерлер 200 емес, бар-жоғы 10 екенін айтуда. Есепшілерге алдандық дегендерге ақшаларын қайтадан толық өтемей, диплом берілмейтін болды.

«Өкінішке қарай келісім-шарттағы шарттар орындалмайтын болса, біз өз тарапымыздан ешқандай диплом бере алмаймыз. Толыққанды төлеу керек», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу-ісі жөніндегі проректоры Дархан Ахмет-Заки.

Белшесінен қарызға батып, диплом түгіл жер сипап қалған борышкер студенттердің кейбірі оқу ордасы мойындарына ілген соманы төлеуге құлықсыз. Барлығы жағдайының жоқтығын айтып, зар жылап жүр. Ал кейбір түлектер ұстаздардың дегеніне көніп, оқу ақысын қайта төлеп, құжатын қолына алған көрінеді.

Келісім-шарттағы шарттар орындалмайтын болса, біз өз тарапымыздан ешқандай диплом бере алмаймыз

«Екінші курстан бастап 25 пайыз жеңілдік дегеннен кейін 360 мың теңгеден бастап 3 жыл құйдық. Оның сомасы 1 миллион 80 мың теңге», – деді алданған студенттің әпкесі Әсел Қожабекова.

Естеріңізге сала кетсек, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің ақылы бөлімде оқитын студенттері 4 жыл бойы оқуға төлеген қаржыларын есепшілер жымқырып кетіп, дипломсыз қалдық деп сұхбат берген еді.

Осы дауға қатысты қазір білім ордасында ішкі тексеріс басталған. Жәбірленушілердің сөзіне сүйенсек айлакер есепшілер  студенттердің ғана емес, ұлттық университеттің де қазынасына қол салып, 120 миллион теңгені қымқырып кетіпті.

Тәлімгерлердің сөзінше, 200-ге тарта алданған студенттер бірігіп қалалық ішкі істер департаментіне арыз жазған.

Сондай-ақ Ұлттық университеттің бұрынғы 3 есепшісінің үстінен Қылмысық Кодекстің 190-бабы 3- тармағы, яғни алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал, полицейлер тергеудің құпиялығына байланысты қандай да бір ақпарат бермей отыр.

Дереккөз: Алматы ТВ