Детектив дегенде депутаттар неге дүрлікті?

0   Мәжілісте жеке детективтердің қызметіне қатысты жаңа заң жобасын талқылау үлкен дау-дамайға айналды. Әділет министрлігі оларға жасырын бейнежазба, фото түсіріп, дауыс жазуға заңмен тыйым салмақ. Бұл шектеуді шенеуніктер ғана емес, халық қалаулылары да қолдап шыға келді. Себебі ешқайсысы соңдарынан тыңшының аңдығанын қаламайтындарын білдіріп, ойларын ашық айтты. Бұрындары депутаттар Әділет министрлігі әзірлеген заң жобасын талқыламай-ақ бірден қабылдап жіберетін. Бұл жолы Берік Имашевтың алып келген «Жеке детективтер» туралы құжаты мәжілісмендерді қызылкеңірдек етті. Әділет министрі Берік Имашев­тың айтуынша тыңшы­лардың жоғары заң білімі және құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың жедел немесе тергеу бөлімшелерінде істеген 15 жыл еңбек өтілінің болуы, оған қоса 35 жасқа толуы міндетті. Сондай-ақ, олар қылмыстық және әкімшілік істерге араласа аламайды. Детективтер тек адаммен сұхбаттасуға, ол туралы жеке ақпараттар мен құжаттарға сұрау жасай алады. Ал, бейне, аудио, фотожазбаға қатаң тыйым салынбақ. Осы ретте депутаттар детективтерді журналистермен де салыстырып көрді. – БАҚ өкілдеріне ақпаратты сұрауға, оны жариялауға, аудио, бейнетаспаға түсіруге рұқсат етілген және журналистердің жасына шектеу жоқ. Детектив суретке түсіру үшін аңдып жүрген адамнан рұқсат сұрау керек екен, сонда не болмақ? - деді әдеттегідей ашығын айтқан депутат Рауан Шаекин. Кейбір депутаттар детектив­терді отбасылық мәселеге араласпасын, біреудің күйеуінің немесе әйелінің соңына түспесін деді. Айтуларынша, тек жоғалған адам мен құжатты іздеу керек екен. Енді біреулер бизнес үшін алаңдаушылық білдірді. – Бұл жеке кәсіпкерлерге үлкен қауіп болайын деп тұр. Әр кәсіпкердің бәсекелесі болады. Сол бәсекелесті жеңіп шығу үшін түрлі қадамдарға, түрлі шараларға баруы мүмкін, - деді қашанда кәсіпкерлердің қамын алдымен ойлайтын Азат Перуашев. – Мен адамдарды қайда, не істеп жүргенін бақылауға, оның үстінен құжат жинау дегенге келісім бермеймін, - деді Зағипа Балиева Депутаттарды дүрліктірген детективтік қызмет қазірдің өзінде қызу жұмыс істеп жатыр. Олардың жасқа да, өзгеге де салынған тыйымдарға да қарайтын түрі жоқ. Мысалы, 27 жастағы Әлібек деген азамат үш жыл бұрын қасына отставкадағы 8 тергеушіні жинап, агенттік ашыпты. Содан бері ірі кәсіпкерлердің әйелін немесе күйеуін, баласының жүрген-тұрғанын аңдумен айналысады екен. Біркүндік қызметі 70 мың теңге. Детектив қызметтеріне кедергі жасайтын бұл заңның мүлдем керегі жоқ деп ашық айтып отыр. Екі сағаттан асқан тартыстан соң депутаттар бір емес бірнеше қайнауы ішінде кеткен шикі құжатты ақыры алғашқы отырыста-ақ «жұтып» жіберді. Ал, жеке бизнесі, өздері туралы ақпараттың жария болып кетуінен қауіптенген мәжілісмендерден Әділет министрі айтқан ескертпелеріңізді екінші оқылымда түзеп келем деп уәде беріп құтылды. Соған қарағанда бұл жаңа заң жобасы атышулы «Жол жүру ережелері туралы» заңның өзін орта жолда қалдыратын түрі бар. Шынында да осы шырмауы көп шикі құжат төңірегінде әлі де талай айтыс-тартыстар болары сөзсіз. «Бұл қызмет түрінің түрлі қылмыстарды ашуға үлкен септігін тигізетінін әлемдік тәжірибе әлдеқашан дәлелдеген. Олай болса біз неге бас тартып, шектеу жасауымыз керек? Қылмысты терең зерттеуге құлықсыз құқық қорғау орындарына да айтарлықтай көмек болар еді» - дейді кейбір заңгерлер. Мысалы, біреуді заңсыз аңдыса оған тапсырыс беруші неге жауап бермейді? Ал детектив сол тапсырысты орындаушы ғана, олар өздері ашқан «жаңалықты» құпия ұстауға міндетті дейді. Әйтеуір де бастаған екенбіз, енді кейбір оқырмандардың ойын да ортаға сала кетейік. «Депутаттарымыз бұл заңның өздеріне онша ұнамайтынын көрсетіп алды. Халық қалаулыларының көңіліне келмесін, қазақта «Сезікті секіреді» деген мәтел бар. Біздің депутаттарымызға қуыстанудың, сезіктенудің қажеті жоқ, олар қылмыскер емес қой. Көпшіліктің көз алдында халқына адал қызмет етіп жатқан бір қауым елсіздер, сондықтан заңды қабылдағанда өз жағдайларыңызды ғана ойламай, көпшіліктің мүддесін алдымен қарастырып, мәселені жан жақты, терең зерттеу қажет» дейді оқырмандар. Соңғы сөз өздеріңізде, құрметті халық қалаулылары. Сайлаушы­ла­рыңыз сіздерге ғана сенетінін ұмытпасаңыздар болғаны.

Зейнолла АБАЖАНОВ

"Қазақ үні" газеті