Төрегелді ШАРМАНОВ: Қашанда қазаққа пайдам тисін деп жүрген жанмын...
2015 ж. 18 наурыз
5644
1
Қоғамның дамуы үшін ұлт денсаулығы мықты болуға тиісті. Бұл қандай жүйеде болса да басты қағида, ең қажет талаптардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда біздің елімізде адам денсаулығын сақтау саласының жұмысы сол талаптарға сай ма? Басты байлығымыз – ұлт саулығы мен тұрғындарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуда қандай істер атқарылуы керек? Бүгінгі әңгімеміз осы бағытта өрбиді.
– Төрегелді аға, әңгімемізді халықтың бүгінгі саулығынан бастасақ...
–Дұрыс тамақтанудың қағидасын мен үнемі қайталап айтудан жалыққан емеспін. Өйткені, «Жаны саудың – тәні сау» демеуші ме еді дана халқымыз. Денсаулығы мықты адам ғана, өз елінің жай-күйіне алаңдай алады. Денсаулығы мықты маман ғана өз кәсібі бойынша елінің дамуына белгілі бір дәрежеде үлес қоса алады. Яғни, мұндағы айтпағым, ой саулығы жанның саулығына, жанның саулығы тәннің саулығына тікелей байланысты. Ал, тәніміз сау болуы үшін дұрыс тамақтану тәртібін ұстанғанымыз жөн.
Бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда, халықтың басым көпшілігі жұмысбастылықтың салдарынан тез тамақтана салуға құмбыл. Кейбіреулер сапалы тамақтану дегенді тоя тамақ жеу деп түсініп жатады. Мәселе, қарынның тоқтығында емес, не ішіп, не жегенімізде.
– Маман ретінде айтыңызшы, жалпы тамақтану мәселесінде халықтың басты ұстанымы қандай болуы керек?
– Біздің кемшілігіміз, тамақтану кезінде калорияға мән бермейтіндігіміз. Яғни, жеп отырған тағамымыздың құрамында ақуыз, май, көмірқышқылының қанша мөлшерде екендігіне жете көңіл бөлінуі қажет. Сапа деген санның бір-бірімен сәйкес келуіне тікелей байланысты. Мәселен, біз калорияны 100 пайыз деп алатын болсақ, ақуыз оның 11-12 пайызынан аспауы керек. 30 % май қышқылынан тұрса, 60 % көмірқышқылымен толығуы керек. Негізінен күнделікті тамақтану барысында осы мәселені басшылыққа алғанымыз жөн. Егер тамағымыз тек ақуыздан тұратын болса, онда оның денсаулыққа қауіптілігі жоғары. Ал, бірыңғай майдан тұратын тамақтар да зор қиындықтарға апарып соқтырады.
Біздің тұтынатын тағамымыздың мөлшері өркениетті елдерде пайдаланатын тағамның мөлшерімен сәйкес келуі керек. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бізде жаңа ғасырда тамақтанудың жаңа үрдісіне көшкеніміз жөн. Бүгінде күнделікті тіршілікте адам энергиясының шығыны аз болғандықтан, соған сәйкес тамақты да шектегеніміз жөн.
Дұрыс тамақтанбаудың салдары түрлі ауру-сырқаудың туындауына апарып соқтыратыны айтпаса да түсінікті. Дүниежүзі Денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, әлем елдері бойынша өлім-жітімнің 60 % дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болады екен. Қазіргі кезеңде өте асқынып кеткен жүрек, қан тамырлары, қант диабеті, қатерлі ісік ауруларына төтеп беру үшін майлы, тез қорытылатын ақуызға бай тағамдардың мөлшерін азайтып, көкөністерді көбірек тұтынуға дағдылануымыз керек. Өйткені көкөністердің құрамында басқа тағамдардың құрамында кездеспейтін дәрумендер бар. Осыны ескере отырып, тепе-теңдікті сақтауға талпынуымыз керек. Халық жаппай сапалы әрі қауіпсіз түрде тамақтануға ұмтылуы керек. Оған өз кезегінде белгілі бір дәрежеде мемлекет те ықпал етуі керек. Яғни, күнделікті тұтынатын тағамдардың сапасы жоғары, бағасы қарапайым халықтың қалтасы көтере алатындай шамада болуға тиісті. Халыққа өзіне қажеттісін таңдап алуға мүмкіншілік туғызуымыз керек.
– Қала тұрғындары ауылдағы ағайындар секілді табиғи өнімдерді қолдануға мүмкіндігі бола бермейтіндігі белгілі. Сонда бүгінгі жұрт нені тұтынып, неден бас тартуы керек? Бәрін тізбесеңіз де, көп тұтынатын тағамдарға аздап тоқталып өтсеңіз...
– Халықтың ең көп тұтынатын тағамдары ет пен сүт екені даусыз. Бұл мәселе төңірегінде осы уақытқа дейін де айттым. Әлі де айтуға тиіспін. Неге десеңіз, халық ақ-қараны ажыратуы тиіс.
Қазір дүкен сөрелерінде сүттің түр-түрін кездестіруге болады. Сүт өнімдерінің 40 пайызға жуығы бізге өзге мемлекеттерден жеткізіледі. Қазір көпшілігі ұзақ мерзімге сақталатын, әрі бағасы да тиімді сырттан келетін стирильденген сүтті пайдаланып жатады. Сүттің сақтау мерзімінің ұзақтығы да оның қауіптілігін одан әрі күшейте түспек. Өнімнің ұзақ сақталуы мақсатында түрлі ынталандырғыштар мен гармондар қолданылады. Бұл қоспалардың барлығы өндіріс барысында ақуыздың табиғатын бұзып, пайдалы қасиеттерінің жойылуына әкеліп соқтырады. Халық осындай өнімдерді тұтынғаннан кейін түрлі қатерлі дерттерге шалдығып, қайғылы оқиғалардың орын алуы жиілеп барады. Сондықтан да өзіміздің отандық өнім болып табылатын, әрі қауіпсіз пастерленген сүтті қолдануға шақырамын.
Ал, ет туралы сөз қозғағанда да өзге елдерден әкелінетін мұздатылған ет өнімдеріне қарағанда, қауіпсіз болып табылатын өз еліміздің салқындатылған етін пайдаланғанымыз жөн. Оның үстіне өзіміздің туған жеріміздің ауасын жұтып, суын ішіп, шөбін жеген төрт түлігіміздің етінің дәмі тіл үйіреді емес пе? Бірақ, ет жегеннің жөні осылай екен деп, қой, сиыр, жылқы деп талғамастан араластыра беруге де болмайды. Етті жұрт өзінің мүмкіншілігіне қарай тұтынатыны сөзсіз. Әйтсе де, төрт түліктің ішінде жылқының еті құнарлы әрі сіңімді, денсаулыққа да пайдасы зор екендігін баса айтқым келеді.
– Жоғары оқу орнының, министрліктің тізгінін ұстаған кезіңізде қазақ ұлтына қандай пайдаңыз тиді?
– Қай кезде де қазаққа пайдам тисін деп жүрген жанмын. Қайсыбір қызметті атқарсам да, ауылдағы ағайынның жай-күйін назардан тыс қалдырған емеспін. 1968 жылы, яғни Ақтөбе медицина институтына ректор болып барғанда байқағаным, оқу орнына түсетін студенттердің 37 пайызы ғана қазақтар екен. Ал, басым бөлігі өзге ұлттың балалары. Оқуға жалпылама қабылданатындықтан, жолдаманың басым көпшілігін өзге ұлттың балалары иеленетін. Ал, олар мұрнынан сүйресең де қазақтың ортасына барып қызмет етпесі анық. Оның үстіне, ол заманда ауылды жерлерге дәрігерлер тапшы болатын. Осы қажеттіліктің орнын толтыру үшін, әрі ауылдағы жұртшылықтың денсаулығына көңіл бөлу үшін білімді бағалаудың түрлі әдіс-тәсілдері арқылы ауылдан келген қарапайым қазақ балаларының жоғары медициналық білім алуына барынша мүмкіншілік жасадым.Соның арқасында өзім басшылық жасаған аталмыш оқу орнында қазақ балаларының жоғары білім алу көрсеткіші бірден 63 пайызға көтерілді. Демек, ұлттық маман кадрларды дайындауға көп күш жұмсадым деп айтуға болады.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін ұстап тұрған шағымда Шымкент қаласынан медицина институтының және басқа да ғылыми-зерттеу, акушер-гинекология, кардиология, Тағамтану институттары бой көтерді. Сонымен қатар, Қарағанды, Павлодар, Орал қалаларындағы жоғары оқу орындарында медицина факультеттерінің ашылуына ықпал еттім. Жалпы халыққа сапалы қызмет көрсететін түрлі медициналық орталықтар, ауруханалар, алыс жерде тұратын халыққа уақытында жәрдем көрсететін фельдшерлік қызметтер іске қосылды. Осы сияқты біраз шаруалар атқарылды.
– Төрегелді аға, сіздің әрбір ісіңізден ұлтқа деген шынайы жанашырлығыңыз көрініп тұрады. Ұлтшылдығыңыздан «таяқ жеген» кезіңіз болды ма?
–Өздеріңіз білетіндей, Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарып тұрған тұста яғни, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты Алматы конференциясы өтті. Конференция нәтижесінде арнайы Декларация қабылданды. Осы құжаттың негізінде бүкіл дүниежүзінің мемлекеттері адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқығына ие болды. Бұл медицина саласының әлем бойынша жеткен жетістігі еді. Сондықтан бұл Декларация адамзат тарихында медицина саласының «Ұлы хартиясы» аталды. Декларацияның маңыздылығы сол балалардың өлімі азайды, орта жастың деңгейі ұлғайды, жалпы халықтың денсаулығы жақсарды. Алғашында Ташкентте өткізіледі деп жоспарланған бұл конференцияны Алматыда өткізуге ықпал еттім.
Сол кездегі Денсаулық сақтау министрі ретінде республикамыздың атын әлемге танытқаным үшін, алғыс алудың орнына қатаң қудалауға ұшыраған болатынмын. Клиникамыздың мақсаты ұлттық тағамдарды зерттеу болғандықтан, маған «ұлтшыл» деген айып та тағылды. Тіпті менің клиникамда ем алған науқастардың өзіне Орталық Комитет сөгіс те жариялады. Осылайша, клиникамыздың жүргізіп отырған жұмысының аясы тарылып, тоқтатуға мәжбүр болдық. Сол замандағы солқылдақ саясаттың салдарынан туған елден сырт айналып, Мәскеуде еңбек еткен кездерім де болды.
– Ал, бүгінгі министрлікке көңіліңіз тола ма? Қазір кез келген саланы өз маманы басқарғаны дұрыс деген ұстаным бар...
– Әрине, қоғам болған соң, әртүрлі пікірдің болуы заңдылық қой. Оның үстіне министрлікті басқарудың жүгі жеңіл емес. Әйтсе де, өз кезегінде министр науқасқа дәрі жазып, егу жұмыстарын жүргізбейді ғой. Бұл тұрғыда, ең бастысы, ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жүргізілуі, басқару қабілетінің болуы емес пе?! Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі болып біріктірілген. Бұл жердегі тұжырым медицинаға жалаң қарамау керектігін көрсетіп тұр. Яғни, медицина мен әлеуметтік сала бір-бірімен біте қайнасып жатқан сала болғандықтан, мұндағы атқарылар шаруаны бір-бірімен байланыстыра отырып жүзеге асыру дұрыс нәтиже көрсетеді деген үміттемін.
– Бүгінгідей ел егемендігін алып, еңсемізді тіктеген тұста қолға алған шаруаңыз қалай жүзеге асып жатыр? Өзіңіз басқарып отырған Қазақ тағамтану академиясының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Өздеріңіз білетіндей, Қазақ тағамтану академиясының негізгі міндеті – халық тұтынатын өнімдердің құрамын жіті тексеріп, оның зиянды тұстарын ашып көрсету. Яғни, халық өзінің жеп отырған тағамының сапасы туралы мәліметтен хабардар болып отыруы керек. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.
Қазақ Тағамтану академиясы жуырда Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясымен бірлескен ғылыми-қолданбалы зерттеулер жобасын қолға алды. Бұл тұрғыда Елбасымыз Н.Назарбаевқа арнайы ұсыныс хат жазылды. Ел саулығы жолындағы игі іске ол кісі өзінің қолдауын білдірді. Осы жобаның аясында Қарағанды және Астана қалаларының ортасында 45 мың шаршы километр алаңда биенің құрғақ сүтін және балаларға арналған пайдалы тағам өнімдерін өндіретін зауыт салуды көздеп отырмыз. Бұл тұрғыда «Еуразия Инвест ЛТД» компаниясының басшысы Қадырбек Мейрамбековтың іскерлігінің арқасында жоспарлаған істеріміз жүзеге асады деген үміттеміз. Бұйыртса, биенің сүті бүгінгі заман талабына сай өнімділікті арттыру мақсатында автоматты түрде өндірілмек.
– Сіздер жоспарлап отырған бие сүтінен өндірілетін өнімдердің басты ерекшелігі неде?
– Өзге елдердің де біз сияқты бие сауатыны белгілі. Әйтсе де, біздің жылқыларымыздың шұрайлы жердегі шүйгін шөпте жайылатындығы, сауылған қымызды баптауымыздың өзі өзгелерден ерекше деп айтқан болар едім. Оның үстіне біздің жылқыларымыз жайылым жағдайында болғандықтан күніне бес рет саууға мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта зауыт шаруашылығында 300-ге тарта бие сауылады деп күтілуде. Ағымдағы жылдың қазан, қараша айларында Мемлекет басшысына осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың есебін береміз. Бүгінгі күні біз қазақтың жабы тұқымды жылқысының сүтінен алынатын «Ұлттық брендке» тән арнайы атауды қарастыру үстіндеміз. Бұйыртса, өнімнің атауынан да, зат таңбасынан да қазақтың иісі шығып тұруы тиіс.
Аталмыш жобаның жүзеге асырылуы барысында бие сүтінің негізінде жүрек қантамырлары жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасап, иммунитетті көтеруге ықпал етпек. Сонымен қатар, өкпе туберкулезіне қарсы, депрессия және ұйқысыздық секілді көптеген психикалық ауруларды кешенді емдеуде және қатерлі ісіктердің алдын алуға көмектесетін, қартаю үрдістерін тежейтін, адам организміне аса пайдалы өнімдерді жасауды қолға алмақпыз.
Тәуелсіздік алғаннан кейін осы уақытқа дейін қолдау таппай келе жатқан дәстүрлі тағам өнімдері өрісінің кеңеюіне жол ашылды. Елбасымыздың Ұлттық өнімдерімізге қолдау білдіруінің арқасында біз ұсынатын өнімдер халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде лайықты орын алады деген ойдамыз.
– Мәнді әңгімеңіз үшін рахмет!
Гүлмира САДЫҚОВА