Сауын сиырдың сарқылмас “жыры”...

biudjet siyr Қазақ топырағында совет үкіметінің зорлауымен 31 желтоқсанда аталынып келген Григориян күнтізбесі бойынша Жаңа жылдың бәтуәсы жыл өткен сайын сұйылып барады. Себебі, 1 қаңтарды Жаңа жылдың бірінші күні етіп мейрам етіп бекіткен біздің эрамызға дейінгі 46 жылы Ежелгі Римнің басшысы Юлий Цезарь болатын. Оның үстіне бұл мереке барлық нәрселердің басы, есігі, таңдауы саналатын Янус құдайын марапаттауға арналған. Сондықтан, ислам дінінің нағыз жанашырлары бұл күнді мүлдем ескермейтін де болды. Бірақ, “ауру қалса да, әдет қалмай”, қазақ билігі желтоқсанның басынан-ақ түлен түртіп, жасыл шыршаларды үптеп, туған әкесі тіріліп келетіндей абыр-сабырға түсуден арылмай келеді. Жыл бітіп, түн ауғанда мемлекет басшысы халықты құттықтайды. Биыл да солай болды. Жақсы сөз, жылы тілектер естідік. Адамзаттың арасындағы қауіпті түсінбеушіліктің ақыры қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсер ететіндігін бағамдадық. Әйткенмен, ұрыспаған ұлысы, ерегіспеген елі қалмаған құдайы қоңсымыз орыс-орманының жаһандық қысымға түскеніне де жанымыз ашыды. Мұндай мазасыздықтың шаптырым жердегі бізге еш қатысы жоқтай міз бақпадық. Сөйтсек, қателесіппіз...  ukimet    31 желтоқсанда жылы үміт үрлеген үкіметіміз арада он күн өтпей: “Мемлекет – сауын сиыр емес” деп шыға келді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі шұбалаңқы отырыста осындай  әңгіме  болды. Әлемдік мұнай бағасының арзандап кеткендігін “кінәладық”. Украинадағы жағдайға “жаптық”. Ресейге экономикалық қысым түскенінен де “көрдік”... Әйтеуір, он тәулік бұрын тәубә айтып, “”қой үстiне бозторғай жұмыртқалайтын” қайырымды қой жылы болады деген дәргейіміз дал-дал болды... ...Жыл ауысудың аз алдында ғана Еуропа асқан жазушымыз Мұхтар МАҒАУИН “Антиқазақ саясатқа тоқтау салғызуымыз қажет” деген сұқбатында: “...Мен Совет заманында да жағымсыз саналдым, әрқилы кедергi, бөгесiндер өз алдына, ежелгi мұраға арналған тұтас бiр жинақтар баспадан өтпей қалғаны, өткен соң да ойылып, кесiлiп, зорлыққа ұшырағаны, тiптi, әйгiлi бiр кiтаптың шыға салысымен кәмпескеге ұшырап, турауға түскенi бар. Ұлтшыл деген айып тағылды (қазiр “рушыл” дейдi). Мұның бәрi ештеңе емес, басың аман болған соң. Қазiр де ондай қатер жоқ сияқты. Бiрақ мен ендiгi, “тәуелсiз” аталатын елде бұрынғыша бұқпантайлап жүргiм келмеген...” – деп еді... Сірә, осындай ойран көңіл-күй көп қазақты қамтып барады... Parliament_Astana Әйтпесе, Григориян күнтізбесінің Жаңа жылын сылтауратып, мейрам алдындағы “көңілді” көңіл-күймен бір күнде 16 заң қабылдап тастайтын және мұнысына мақтанып-мекіренетін депутаттардан не күтуге болады?.. Халықтың шынайы жағдайы мен мұң-зарының белінен бір-ақ басқан сонау шикі заңдардың біреуінің ғана авторындықтар туралы баптың  зардабы қарапайым қарашаны теңселтіп жіберді. Дәл осы авторындық туралы бапты жеңілдетіп, 7 жасқа дейін шектеу туралы "Ақ жол" партиясының аз мандаттық ұсынысын нұротандық көпшілік басып тастап, өтпей қалды... Автоорындық іздеп босып кеткен ата-ана байғұс бала-шағасын үйден шығармай қамап қойды. Салығы көбейген таксистер айыппұл төлемес үшін аязда тоңған жасөспірімдерге тоқтамайтын болды.  Беташаршының қасында салықшы тіркеліп жүретіндіктен, асабалар еңбекақысын аспандатуға көшті. Ең ақыры, қазақ жеріндегі мүсәпір қайыршылардың күні қаратүнекке айналды... Иә, әлемдегі жағдай жетісіп тұрмаған шығар, бірақ, біз халықтың жағдайын өз қолымызбен сауатсыз заңдар қабылдап, неге әлсіретеміз? Осы бассыздыққа кім жауап береді? Ал, “Үнемдеуге көшуіміз керек”, “Бюджетті қайта қараймыз, аздап қысқартамыз” деген сөздерді біз ширек ғасырдан бері әр жыл сайын есітіп келеміз... Қазақ даналығы: “Алты аға бірігіп – әке болмас, Жеті жеңге бірігіп – ана болмас” дейді. Шындығында, “Мемлекеттің – сауын сиыр емес” екендігі түсінікті, әрбір адам өлместің қамын қылып, әрекет етуі керек; бірақ, бір үлкен ақиқатты да ұмытпайық: “Халық та сауын сиыр емес!..”

Тағы бір шындық: “Нұрлы жол”-ға түскен ел – сорлы көңіл-күймен алысқа шаппаса керек...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,

qazaquni.kz