Жемқорлық жайласа, жоғары білім жоғалады...
2014 ж. 30 қыркүйек
7705
0
Әрбір мектеп бітіруші түлек үшін жоғары оқу орнына түсу үлкен жетістік екені белгілі. Әйтсе де үлкен өмір жолына енді ғана қадам басқан жастардың сол университеттің табалдырығын аттай салысымен-ақ, жемқорлық деген жегі құртпен бетпе-бет кезігетіні өкінішті. Парақорлық дерті еліміздің барлық жоғары оқу орындарын жайлаған деп айтудан аулақпыз, әрине. Әйтсе де, 1-курсқа қабылданысымен-ақ бір айдан соң, сынақ тапсыратын студенттер қауымының бірқатары пара беруге мәжбүр екені осы күні ешкімге жасырын емес. Білім ошақтарындағы сыбайлас жемқорлықтың белең алуына көп жағдайда мұғалімдердің өзі мұрындық болып жатса, кейде оқу үлгерімі нашар студенттердің өзі бірінші болып пара беруге құлық танытатыны бар. Сессия тұрмақ студенттің өзіндік жұмысы, курстық жұмыс сияқты ізденіп дайындауға тиіс жұмыстары да пара беру арқылы шешілетін болғаннан кейін басқасы туралы не айтуға болады?
ЖАЛҒАН ДИПЛОМ ЖАРҒА ЖЫҒАР...
Жалпы білікті маман дайындау ісі сеніп тапсырылған ұстаздар қауымы білімі төмен студенттерді сынақтан өткізбей, қайта дайындалуға мүмкіндік берсе жөн болар еді. Мұндай мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, нәтиже шығара алмағандарын оқудан шығаратын болса, жастардың өзі де күні-түні ізденіп оқуға күш салар еді. Бірақ бізде бәрі керісінше. Мұғалімдер студенттерге «пара бер де, бара бер» деп тұрса, оқуға ынтасы жоқ студенттер «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп өткенді жөн көреді.
Диплом үшін ғана оқып жүрген кейбір жастарымызды көргенде жалған білімнің жарға жықпай қоймайтынын ойланса екен дейміз...
Жыл басында өткен Мәжілістің бірінде Дариға Назарбаева Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаевтан еліміздегі жоғары оқу орындарында сынақ тапсырудың құны қанша екендігін сұрағанда, білімнің тізгінін ұстаған басшы бұдан бейхабар болып шыққан. Сыбайлас жемқорлықпен күресеміз деген уәдесін үйіп-төгіп тағы да берген еді сол жолы. Бірақ әлі күнге дейін оң өзгеріс байқалатын түрі көрінбейді...
БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?
Білім шаңырақтарын жемқорлық жайлауы сол оқу орнын басқарып отырған ректордың бұл мәселеге салғырт қарауының салдары болса керек. Университеттердің жұмысына Білім және ғылым министрлігі тікелей жауапты болғандықтан, ондағы сыбайлас жемқорлықпен күресу де министрліктің міндетіне кіруі тиіс. Әйтсе де, жауапты мекеме тарапынан сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында жүйелі жұмыс жүргізілмегендіктен, жемқорлықтың зардабын қоғам тартып отыр.
Жақында ғана өткен Республикалық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің отырысында «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов біраз жайттың бетін ашты. «Нұр Отан» партиясының «STOP Қылмыс» жобасының аясында еліміз бойынша «Таза сессия» акциясы өтіп, оған 62 оқу орнының студенттері қатысқан. Сауалнама нәтижесіне үңілетін болсақ, бір университетте 12 000 теңгеге бір сынақтан «сүрінбей» өткізетін болса, басқа оқу орнында барлық сессияны жабу мүмкіндігіне ие болады екенсің.
Сондай-ақ, курстық жұмыстардың құны 13 000 теңгеге бағаланса, кейбір арзандарын 2 000 теңгеге де алуға болады екен. Ал, 60 000 теңгеңіз болса, дайын дипломдық жұмысты иеленесіз.
500 000 теңге қаржысы бар студенттер ақылы бөлімнен грантқа ауысса, дәл осы көлемдегі қаржымен әскери кафедраға оқуға түсе алады.
Осылайша атқарушы хатшы Нұрлан Сыдықов оқу ордаларындағы кейбір студенттердің қалай білім алып жатқандығын әшкереледі. Сондай-ақ, бұл тығырықтан шығудың жолы ретінде қоғамдық айыптау құралы ретінде арнайы сайт ашу қажеттігін жеткізді. Сонымен бірге, бұл мәселе бойынша жұрттың барлығы қолдана алатын онлайн жүйенің құрылу керектігі айтылды.
Бұл ұсыныс орынды, әрине. Бірақ бұдан шығатын нәтиже шамалы. Неге десеңіз, еліміз бойынша парақорларды әшкерелеп отыратын www.vzyatochnik.info сайты жұмыс істейтінін жұрттың бәрі жақсы біледі. Осы сайтқа кіру арқылы жемқорлыққа жол берген оқытушылар туралы ақпарат қалдыруыңызға да, алуыңызға да болады. Яғни, бұл сайт арқылы «пара алушы оқытушылардың қара тізімімен» толық таныса аласыз. Бірақ осы жариялылықтан өзгеріп жатқан ешнәрсе жоқ. Егер де жоғары оқу орындарындағы парақорлықты жою үшін құзырлы орындар тарапынан қандай да бір онлайн жүйе құрылатын болса, сол арқылы келеңсіз әрекеті әшкере болған оқытушылардың барлығы түгелімен қызметімен қош айтысуы керек. Яғни, құрылатын онлайн жүйе тек парақор мұғалімдердің атын әшкерелеумен ғана шектелмей, қара тізімге енгендердің қызметінен босатылу мәселесін де қадағалап, үздіксіз ақпарат беріп отыруы керек. Сонда ғана, қандай да бір нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін.
Бұрындары университеттерде не болып жатқанынан бейхабар болып жүретін министрлік өкілдері ондағы парақорлық дерті әбден асқынғаннан кейін бе, әйтеуір осы мәселеге соңғы кездері бет бұратын болды. Сөйтіп, Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев жоғары оқу орындары ректорларының басын қосқан бір жиында көп жағдайда университет басшыларының жеке басының пайдасы үшін жемқорлық деректерін «жабулы қазан жабулы» күйінде ұстайтындығына қынжылыс білдірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттердің дені оң нәтиже бере қоймайтындығына ректорлардың да тікелей қатысы бар екендігін тілге тиек етті.
Бір ғана басқосумен ешнәрсе шешілмейтіні айдан анық. Осы тұста министрлік парақорлыққа жол берген жоғары оқу орындарының басшыларына қатаң шара қолданып, жемқорлықты жоюға бел шеше кіріспесе, онда ел болашағы бұлыңғыр тарта бермек...
ПАРАҚОРЛЫҚПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУІМІЗ КЕРЕК
Өкініштісі сол, білімгерлердің дені жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа еті үйреніп кеткен. Сондықтан болса керек, олардың 90 пайызы оқу орнындағы парақорлыққа қалыпты құбылыс ретінде қарайды. Мұның өзі алаңдатарлық нәрсе. Өйткені орын алған келеңіздікке көз жұма қарау – бұл құбылысты одан әрі ушықтырмаса, бәсеңсіте алмасы белгілі. Сондықтан да, білім шаңырақтарын жайлаған жемқорлықпен күресуді тек қана Білім және ғылым министрлігінің міндеті деп қарамай, қоғам болып атсалысуымыз керек.
Ал, оқу ордаларындағы жемқорлықпен күресудің бірден бір жолы – қоғамдық бақылауды күшейту. Сонымен қатар, БАҚ арқылы университеттерде белең алған сыбайлас жемқорлықты үздіксіз халыққа таратып отыру керек. Білім министрлігі кез келген ақпарға бей-жай қарамай, көтерілген мәселенің аясында тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шара қолдануы қажет.
Сонымен қатар, мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесін, жалақысын көтеру қажеттігін тағы да қайталауға тура келіп тұр. Өйткені қазіргі мұғалімдердің алатын айлық жалақысы министрлерден, депутаттардан 10 есе кем. Бұл дегеніңіз ұстаздар қауымының бүгінгі ахуалы сын көтермейтіндігін көрсетсе керек.
Сондай-ақ, саяси-қоғамдық партиялардың өкілдері, жетекшілері қоғамдық қабылдау барысында сыбайлас жемқорлықтан зардап шеккен азаматтардың арыз-шағымына құлақ асып, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға атсалысуы керек. Бұл тұрғыда білек сыбана кірісіп жұмыс істеуге тиіс тұлғалар – халық қалаулылары. Олар өздерінің депутаттық сауалында сыбайлас жемқорлық бойынша орын алған мәселелерді көтеріп, олардың оң шешім табуына ықпал ететін болса, осы бір асқынған дертті ауыздықтау мүмкін болар ма еді?!.
БІЛІМ ТІЗГІНІН АРЫ ТАЗА АЗАМАТТАР ҰСТАСА...
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, профессор:
– Жоғары оқу орындарында жемқорлықтың жайлауы сол оқу орнын басқарып отырған басшыға тікелей байланысты. Білім шаңырақтарының тізгінін ары таза азаматтар ұстайтын болса, онда ол оқу орнында мұндай келеңсіз құбылыстар белең алмаған болар еді.
Қазіргі таңдағы біздің оқыту жүйеміз – Орта Европалық модельде. Бұл педагогикалық жүйе әбден ескірген. Осы үрдісті ұлттық шығыстық рельске салатын болсақ, біздің ұтатын тұстарымыз да көп болмақ.
Жоғары білім беретін оқу орындарындағы жемқорлықпен күресу үшін Абайдың «Толық адам» ілімін терең ұғынып, бүкіл адамзат баласын қаскөй мінезден арылтып, кісілік адамгершілік биігіне шығаруға болады. Қазіргі таңда бұл ілімнің қуатын сезген алдыңғы қатарлы университет ректорлары бүкіл факультеттерге тұтас оқытып, жасампаз жолға бет алуда.
Абайдың ілімін мектеп оқушыларының да бойына сіңіру арқылы оларды үлкен өмір жолына бейімдеуге болады. Бірақ, биліктің тізгінін ұстаған технократ мамандардың бұл мәселені түсінуге өресі жете бермейтіндігі өкінішті...
МИНИСТРЛІК ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ІСІНЕ АРАЛАСПАУЫ КЕРЕК
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Жоғары оқу орындарындағы жемқорлықты жоямыз десек, бұл іске министрліктің араласуын мүмкіндігінше шектеуіміз керек. Бұл әлемдік тәжірибеде қалыптасқан жағдай. Мәселен, білім беру саласында алға шыққан АҚШ, Батыс Европа сияқты елдерде өздерінің Оксфорд, Гарвард сынды университеттерінің ісіне араласпайды. Білім беру саласындағы қалыптасқан жүйе, ұстаздардың біліктілігі сынды мәселелермен шетелдерде министрлік айналыспайды. Өйткені шенеуніктер араласқан жердің оңбайтынын олар жақсы біледі.
Өкінішке орай, соңғы 23 жылда Қазақстан бойынша бірде бір университет әлемнің алғашқы 400 оқу орнының қатарына да енбепті. Осы дерекке қарап-ақ, Білім және ғылым министрлігіне бағынудың қандай жеміс беріп жатқандығын бағамдай беруге болады. Сондықтан да, Білім министрлігінің жоғары оқу орындарының ісіне араласуын шектеу бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі болуы керек.
Сонымен қатар, университеттерде өзін-өзі басқару жүйесін дамытуды қолға алу қажет. Ректорды тағайындау ісіне министрлік емес, студенттер мен ұстаздар қауымы және белгілі қоғам қайраткерлері араласса жөн болады. Өйткені министрлік тағайындаған ректорлардың дені жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол беріп, бүгін бар болса, ертең жоқ болып кетеді. Егер еліміздегі жоғары оқу орындарында өзін-өзі басқару жүйесін дамытатын болсақ, онда білім саласындағы бәсекелестік артады. Ал бәсекелестік сапаның көтерілуіне, университеттердің рейтингісінің өсуіне ықпал етпек.
Гүлмира САДЫҚ