«БАЛЫҚ БАСЫНАН ШІРИДІ»
2014 ж. 19 қыркүйек
6589
9
Басынан бұлт, ісінен шикілік арылмаған білім министрлігі тағы да депутаттардың сын садағына ілінді. Бұл жолғы сынға бас себепші - осы саланың басшысы Аслан Сәрінжіповтің тура өзі болды. Мәжілісшілердің қытығына тиген «Түрік академиясын құру туралы» заңдағы «Егер академияның президенті мен орынбасарлары шетелдік азаматтар болса, ол қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктен және салықтан бір-ақ босатылады» деген жолдар еді.
Құжатты әзірлеген Аслан Сәрінжіпов ғылыми орталықтың басшылары мен қызметкерлерін ашықтан-ашық алалап отыр дейді депутаттар. Шетелдіктерге шексіз құқық беріп, орталықтағы отандық мамандарды жеңілдіктерден жұрдай еткен заң жобасы жиналғандардың жағасымен бірге жынын да ұстатты. Даулы құжат төңірегінде айтысып-тартысқан депутаттар министрге қатаң ескерту жасап, бәрібір бірінші оқылымда құжатты мақұлдап жіберді.
- Бізге не әкеліп тұрсыз? Сонда ертең кез-келген шетелдік қолсұғылмаушылық иммунитетін алады да, Қазақстан азаматы одан шет қалады. Сіздіңше бұл дұрыс па? Сонда бұл бассыздықты бекіте салуымыз керек пе?-деді ширыққан депутат Рауан Шаекин.
«Бұл ұйымға жұмысқа келетін адамдардың деңгейі өте жоғары. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген әңгіме мүлдем болмауы тиіс»- деді сенімді түрде, алған бетінен қайтпаған министр Сәрінжіпов.
Естеріңізге сала кетейік, Түрік академисы Елбасының ұсынысымен құрылған. Ғылыми орталық түркі мәдениеті мен тарихын зерттеуге және түрколог мамандарды дайындауға бағытталған. Ұйымға Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан мен Қазақстан елдері мүше. Біздің Білім министрлігі халықаралық конвенцияға сүйеніп, осы орталықтың шетелдік қызметкерлерін елшілердің деңгейімен теңестірмек болғанға ұқсайды. Бірақ ондай құқықты министрге кім берді екен? Жалпы халықаралық тәжірибеде қай елде болсаңыз, сол елдің заңын сыйлап, қатаң сақтауға тиістісіз. Ал, кәсіппен айналысу мен елшілік және дипломатиялық қызметті шатастыруы шенеуніктің шалалығы деп түсінуіміз керек. Осы жерде Шаекин айтқан иммунитет те үлкен мәселе болып отыр. Біздің ата заңымыз бойынша Қазақстанның әрбір азаматы тең құқылы. Мейлі ол министр, депутат, президент немесе аула сыпырушы болсын. Сонда неге біз депутат немесе дипломатия өкілдеріне ерекше еркіндік, жұртта жоқ жеңілдіктер беруіміз керек? Оларды біреу жаулап жатыр ма, әлде олар халықтан жоғары тұр ма? Әрі-беріден соң cолардың бәрі халықтың арқасында күн көріп отырған жоқ па? Сондықтан депутаттар өздері бас болып осындай жеңілдіктерден, қолдан жасалған «қалқаннан» бас тартулары керек. Сонда ғана олар нағыз халық қалаулылары деген атқа сай болар еді. Сонда ғана алдында айтылғандай, өзгелерге жағымпазданған, болашағынан бұрын күдігі мол заң жобаларын қабылдамақ түгіл, Мәжілістің маңына жақын жолатпайтын еді.
Министрдің айтқанын істесек, сол мақтаулы шетелдіктер аталмыш ғылыми орталықты ертең тонап, тақырға отырғызып кетсе де, біз үндемеуіміз керек екен. Өйткені Сәрінжіповтің ұсынуымен қабылданған заңымыз соны талап ететіні сөзсіз. Енді міне «Біздің заңымыз сондай, оларға не істей аламыз?» - деп алақанымызды жайып, кейін тағы да амалсыздық танытып отыратын түріміз бар. Әдеттегідей жау кеткен соң интерпол арқылы ит қосып іздейтін шығармыз оларды. Оның үстіне министрдің өзі айтқандай олардың шын мәнінде жоғары деңгейдегі адал, ала жіпті аттамайтынын ол қайдан біліп қойыпты? Әлде, Сәрінжіпов оларды алдын ала арнайы аппараттар арқылы саралаудан өткізіп пе? Шетел мамандарының білім деңгейіне талас тудырмай-ақ қоялық, ол өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, «алтын көрсе періште де жолдан таятынын» есте ұстаған жөн. Біздегі және шетелдердегі жоғары дәрежедегі, жоғары лауазымды адамдардың аяқтарын шалыс басып жатқандары аз ба? Алысқа бармай-ақ, өзі басқаратын саладағы вице-министрдің жемқорлыққа байланысты қылмысты ісі сотта қаралып жатқанын ұмытып қалғанға ұқсайды білім министрі. Білдей бір саланың басшысы ұрлыққа жол ашатын, күмәнді ұсыныс жасап жатса қатардағы білім ордаларынан не күтуге болады? Бабаларымыз «Балық басынан шіриді» дегенді осындайда айтқан болар. «Білім бұлағымыз бастауынан лайланып жатыр» демеске амалымыз жоқ.
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ